12-бап. Заңды тұлғаны, филиалды (өкiлдiктi) мемлекеттiк (есептiк) тiркеуді (қайта тіркеуді) растайтын құжат Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нысан бойынша тіркеуші орган
беретін анықтама заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенін (қайта тіркелгенін), филиалдың
(өкiлдiктiң) есептiк тiркелгенін (қайта тiркелгенін) растайтын құжат болып табылады.
Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы анықтамада оның берілген
жылы, айы, күні, тiркеушi орган, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, мемлекеттiк тiркеу (қайта
тiркеу) жылы, айы, күні, заңды тұлғаның атауы мен орналасқан жері туралы мәлiметтер
қамтылады.
Филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамада оның берілген
жылы, айы, күні, тiркеушi орган, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi, есептік тiркеу (қайта
тiркеу) жылы, айы, күні, филиалдың (өкiлдiктiң) атауы мен орналасқан жері, филиалды
(өкiлдiктi) құрған заңды тұлғаның атауы туралы мәлiметтер қамтылады.
Заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы немесе филиалды (өкілдікті)
есептік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама ұсынылған кезде ғана банкте шот ашылуы
мүмкін.
Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін (қайта тіркелгенін) растайтын құжаттың
болуы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензия алуды талап ететiн
қызметтi бастау үшiн негiз болып табылмайды. Заңды тұлғаның лицензияланатын қызмет
саласындағы құқықтық қабiлетi тиiстi лицензияны алған кезден бастап пайда болады және
Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен лицензияның
қолданысы тоқтатылған немесе ол жарамсыз деп танылған кезден бастап тоқтатылады.