Азықтың ішекте қорытылуы
Ішектегі ас қорыту ішек сөлі, ұйқы безінің сөлі және өттің әсерінен жүреді. Бұл сөлдердің құрамында белоктарды амин қышқылдарына дейін, полисахаридтерді моносахаридтерге, майларды глицерин мен май қышқылдарына дейін ыдырататын ферменттер болады.
Ішек сөлі оның қабырғасында орналасқан бездерде түзіледі. Ішектің кілегей асты қабығында бруннер, ал кілегей қабығында – либеркюн бездері орналасады. Ұлтабар ұшының алдыңғы бөлігінде бруннер, ащы ішектің қалған бөліктерінде либеркюн бездері орналасады.
Өт пен ұйқы безінің өзектері ұлтабар ұшында пилорус жапқышынан едәуір алшақ жерде ашылады.
Өт бауыр гепатоциттерінің лизосомасында түзіліп, бауырдан өт жолдары арқылы (өт капиллярлары, өт өзектері, жарнақ аралық өзектер) шығады да, жалпы бауыр және өт қабының өзектерімен өт қабына жиналады. Өт қабынан немесе тікелей бауырдан арнаулы өзек арқылы өт ұлтабар ұшына құйылады. Өт өзегі ішек қуысына ұйқы безі өзегімен қатар (шошқа мен сиырдан басқа жануарларда) ашылады. Жылқы, түйе, бұғы, кептер, егеуқұйрықта өт қабы болмайды, Оның қызметін бауыр өзегінің кеңейген жері - өт цистернасы атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |