1.3. Басқару психологиясы туралы түсінік, оның мазмұны Басқару өте ертеден белгілі қызмет болғанымен жаңа ғылым болып есептелінеді. Өйткені, басқару ғылымы үнемі жинақталатын білім мен әдістер және оларды алу тәсілдерінің жиынтығынан тұрады. Басқару психологиясы бір адамның екінші адамға, топқа немесе тұтас қоғамға ықпалының табиғатын және оны жетілдіру тетігі туралы жаңа мәліметтерді үнемі іздестіріп, зерттеп отырады. Басқару психологиясының өзіне тән зерттеу пәні бар. Ол басқару процесін ұйымдастыру және сол процесс кезіндегі адамдардың қарым-қатынасының заңдылықтарын зерделеп, зерттеу объектісінің ерекшеліктеріне сәйкес әдіснамалық негізін анықтап, басқару объектісіне белсенді ықпал ететін әдістер мен жүйелерді жасау және зерттелетін процесті болжап, алдын алу әдістерін анықтау.
Басқару ғылымының басты мақсаты - тәжірибелік қорытындылар мен ұсыныстар жасауға қажет психологиялық құбылыстарды сипаттап, жүйелеу және олардың арасындағы байланыстар мен себептерін анықтау. Сонымен қатар басқару процесі басшының мынадай негізгі іс-әрекеттері арқылы іске асады, олар: басқару ұйымының жеке құрылымдарын, жағдайын және өзгерістерін диагностикалау және болжау, бағыныштылар іс-әрекетінің бағдарламасын қалыптастыру, басшының өз жұмысының тиімді болуын қарастыруы.
Басқару психологиясы басшының жеке тұлғасының психологиялық ерекшеліктерін: оның басқарушылыққа талпынысын және қабілетін, өз міндеті мен оны көре білуін қамтитын басқару тұжырымдамасын, басқару ниетін, сондай - ақ басқару ережесі мен ұстанымдары туралы ішкі шешімдерін зерттейді.
Адамзат өз дамуының мүлде жаңа дәуіріне - жаһандануға қарқынды көшуіне байланысты өткен дәуірлерге қарағанда, бүгінде келешектің мәселелері адам өміріне қарыштап енуде.
Жаһандану - бүкіл дүниежүзілік экономикалық, саяси және мәдени кірігу процесі, оның негізгі сипаттары капитализмнің бүкіл әлемге жайылуы, еңбектің әлемдік тұрғыдан бөлісі, ақша, адам және өндіріс ресурстарының жер шары ауқымында көшіп-қонуы, сондай - ақ экономикалық және технологиялық процестерді стандарттау, әр түрлі елдер мәдениеттерінің жақындасуы болып табылады. Бұл тұлға өмірінің түрлі саласындағы мәселелерді терең талдап, саралай білуді талап ететін күшті фактор. Ол, алдымен, басқару ісінен бастау алады.
Басқару жұмысында жеке тұлғаның өзін-өзі ұйымдастыра білуі және түрлі ұйымдардың белгілі бір мақсаттарын шешу - ерекше зерттеу объектісі болып есептелінеді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайсыз қоғамның дамуы мүмкін емес, сол күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды реттеу елімізде түрлі басқару міндеттерін шешуді қажет етеді. Қазіргі басқару туралы көптеген зерттеулер, соңғы кездері жарык көрген, әсіресе, шетелдік еңбектер қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық процестерді іс жүзінде басқару мүмкіндігі күрделі мәселелерді талдауға жағдай туғызды. Барлық басқару қызметін іске асыру процесінде басқару шешімдерін қабылдайтын негізгі субъект бір-бірімен тығыз байланысты міндеттерді шешеді.
Мазмұнына қарай басқару әрекеті сан қырлы және адамның көп күш қуатын, уакытын алатындықтан басқару адамның іс-әрекеттің түрі болып есептелінеді. Басқару психологиясы ғылым ретінде қалыптасып, екі ғылыми пән - басқару теориясы мен психологияның түйісуінде дамып келеді. Басқару психологиясы ғылымында психологиялық білімдер: ұйымдастыру жүйелерінің қызмет етуі мен құрылысының ерекшеліктерін ашып көрсететін жалпы ғылыми түсініктермен ұштасқан.
Қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдай басқарушының (менеджерге) өзіне, яғни басқару субъектісі ретінде және басқару объектісі әрі субъектісі ретінде тұлғаға, топқа, сондай-ақ тұтас ұйымға көптеген талаптар жүктейді. Басшы мен оған бағыныштылар (орындаушылар) арасындағы байланыстың күрделілігі басқару іс-әрекетін бір жақты қарауға болмайтынын көрсетеді. Басқару психологиясын зерттеу «адам-адам» байланыс жүйесі бойынша түрлі деңгейдегі ықпал ету мен басқарудың диалектикалық сипатын көруге және оны практикада қолдануға жағдай жасады.
Басқаруда әлеуметтік технологияның көмегімен қоғамдағы әр түрлі мәселелерді (экономикалық, саяси, әлеуметтік,басқару, ақпараттық және тағы басқа) олардың мәніне, сипатына және көлеміне қарай шешуге болатынын әлемдік практика көрсетіп отыр. Білім беру саласында практикалық психологияның кеңінен дамуымен қатар ол басқару саласында да маңызды. Ұйымда және өндіріс орындарында кадр таңдау мен орналастыру немесе кадрлық менеджмент үдерісі - практикалық психология міндеттерінің бірі. Оның шешімі басқарушылық жұмыс орындауға қабілетті немесе оған үміткер адамдарды ұзақ уақыт бойы құзіретті зерттеуді талап етеді. Өндіріс орындарында кадр таңдау мен орналастыру, эмоциялық бағалау мен импульсті пікірден бас сауғалауда да басшылықтың қалыптасқан стерео типі мен қондырмасынан еркін психологтың диагностикалық- психологиялық сараптамасының қорытынды нәтижесіне негізделген, психологиялық тұрғыдан тексеруге сәйкес іске асырылуы қажет. Ұйымда немесе өндірісте кадр ротациясымен байланысты практикалық психолог жұмысы осындай негізде маңызды. Оның негізіне кәсіби сапаға, білім деңгейіне және т.б. қойылатын күрделі талаптар динамикасында тұлғаның психологиялық сәйкестігі немесе сәйкессіздігі алынады. Практикалық психолог өндіріс орнында кадр таңдау мен орналастыруда психиканың жеке парциальды сипаттамасынан гөрі, тұлғаның қасиеттеріне біртұтас білім ретінде, оның жүйелік қасиеті ретінде бағдарлауға бейім болуын талап етеді. Кәсіпті игеру қиын болған сайын, кәсіби қажеттілігінің негізі ретінде қабылданатын тұлғалық қасиетінің блоктары ірілене түседі. Ұйымда кадр мәселелерін шешудің маңызды ұстанымына өтемелеу ұстанымы жатады. Оны іске асыра отырып психолог әртүрлі кәсіби қасиетке ие және тұлғалық сипаттамасы толық қызметкерлерді таңдай алады. Кадрларды осындай таңдау шешілетін кәсіби міндетке, әмбебап сапа дарынды басшыға қарағанда сәйкес келуі мүмкін.
Басқару қарым-қатынастарының жүйесі екі әлеуметтік-психологиялық феноменге бөлінеді:
a) дербес басқару, яғни белгілі бір объектіге нысананы көздейтiн әсері;
б) бағыну, яғни субъектінің нысананы көздейтiн әсеріне қабылдағыштық және ұшырағандық әсері. Ол адамдардың өзіндік бағыну сезіміне байланысты болып келеді.
Зерттеушілер бағынудың үш түрін ерекше бөліп көрсетеді:
• асауы (строптивое): қызметкер бағынуды мәжбүр етілген және сырттай байқалған қатынас сияқты қабылдайды; ол үшін бағыну және парыз түсінігі аса маңызды емес болып келеді;
• селқостық (равнодушное): қызметкер өз жағдайымен қанағаттанған, себебі маңызды шешім қабылдауға керек емес. “Басқарушы ойлансын” қағидасын қолданады.
• әрекеттік (инициативное): қызметкер бағынудың керектігін сезінеді және парыз сезімі әдетке айналып кетеді, бірақ әрекетті басып тастамайды.
Басқару психологиясының өзінің пайда болуының және дамуының екі басты көзі бар:
* тәжірибенің қажеттілігі. Қазіргі заманғы қоғамдық даму келесімен сипатталады: адам басқарудың объектісі де субъектісі де ретінде бола алады. Ол дегеніміз, осы екі көзқарастардан адам туралы психикалық мәліметтерді есептеуді және зерттеуді талап етеді:
* психологиялық ғылымның даму қажеттілігі. Бұл жерде басты мақсат ол психикалық үрдістерді басқару, күйлерді, қасиеттерді және толығымен қызметті және адам мінезін басқара білу.
Қазіргі уақытта басқару психологиясының объектісіне екі көзқарас қалыптасты:
• объект болып келетін жүйелер «адам – техника» және «адам – адам», бұл жүйелер көмегімен басқаруды ықшамдау мақсатында қарастырылған болатын. Басқарушының психологиясын және басқарушы мен бағынушы арасындағы қарым-қатынастарды зерттеу.
• Объект болып келетін тек қана «адам – адам» жүйесі, бұл жерде де сол бұл жүйемен басқаруды ықшамдау мақсатында қарастырылған. Аталған жүйемен бірге келесі кіші жүйелер қарастырылған: «тұлға – топ», «тұлға – ұйым», «топ – топ», «топ – ұйым», «ұйым – ұйым».
Басқару психологиясының пәні деп, ұйымдардағы өзіндік тіл табысу және әртүрлі біріккен қызметтерді басқару үрдісінің психологиялық аспектілері яғни басқарушылық қарым-қатынастардың психологиялық аспектілері болып табылады.
Басқарушы қызметінің психологиялық аспектілері:
• Жалпы басқарушылық еңбектің психологиялық ерекшеліктері, оның әртүрлі салалардағы өзгешелігі:
• Басқарушы жеке тұлғасының психологиялық анализі, басқарушының жеке тұлғалық қасиеттеріне психологиялық талаптар.
• Басқарушылық шешім қабылдаудың психологиялық аспектілері.
• Басқарушының дара басқару стилі және оны өзгерту мәселелері.
Сонымен басқару психологиясы дегеніміз – бұл психологиялық ғылымның саласы, әртүрлі ғылымдардың жетістіктерін басқару үрдісінің психологиялық акспектілерін зерттеу саласында біріктіретін және үрдістің тиімділігін арттыру және ықшамдау бағыттарын қарастырады.
Басқару психологиясының мақсаты – ұйымдық жүйелердің өмірлік іс-әрекетінің сапасы мен тиімділігінің жоғарлату жолдарының жетілдірілуі.
Басқарудың негізгі жолдарына тоқталсақ, ең алғаш басқарудың психологиялық аспектілеріне анализ жасаған Фредерик Тэйлор болатын. Ол өндірістің ең төменгі деңгейіндегі техникалық операциялар мен процедуралардың орындалуына көптеген зерттеуілер жасаған. Осы негізде Тэйлоризм концепциясы пайда болады. Бұл концепцияны «үнемді адам концепциясы» деп те атайды. Осы зерттеулердің негізінде Фредерик Тэйлор төмендегідей қағидаларды ұсынған:
1. Орындалуға тиісті жұмыстың көлемі арнайы әдістерді қолдану арқылы талдау жасау және жүзеге асыру.
2. Белгіленген стандарттардан ауытқымау.
3. Қызметкерлерді таңдау, оқыту, үйрету және жұмыс орнына орналастыру.
4. Еңбек нәтижесіне байланысты жалақы төлеу.
5. Функционалдық менеджерлердің еңбегін тиімді пайдалану.
6. Басқарушы мен бағынушы арасындағы достық қарым-қатынасты орнату.
Ғылыми менеджменттің европалық мектептерінің ішіндегі ең жарық бейнесі Анри Файоль болған. Ол объектіні басқарудың кешендік көзқарасын ұсынған. Яғни оған қатысты құрылымдық бөлімшелердің барлық қызметін тиімді пайдалана білу, осы жағдайда объект жақсы нәтиже алу үшін құрылған жүйе ретінде қызмет жасайды. Осы негізде Анри Файоль кез келген ұйымға тән және оған қажетті функцияларды ұсынған:
1. Техникалық функциясы – яғни өндіріс.
2. Коммерциялық функциясы – яғни сату, сатып алу және айырбас.
3. Қаржылық функциясы – яғни капиталды тиімді пайдалану.
4. Қауіпсіздік функциясы – яғни адам меншігін қорғау.
5. Экканутинг функциясы – бұл функция бухгалтерлік есеп және талдау, аудит және статистика бағытындағы қызметтерді сипаттайды.
6. Басқару функциясы – яғни жоспарлау, ұйымдастыру, мотивация, бақылау ретінде көрсетіледі.
Ұйым дегеніміз – басқарушы еркімен құрылған, қызметтері саналы түрде көздеген мақсатқа жету үшін үйлестірілген екі немесе одан да көп адамдардың жиынтығы.
Ұйымның үш сипаттамасы бар:
1. Ресурстардың болуы.
2. Сыртқы ортаға тәуелділігі.
3. Еңбек бөлінісі. Оның екі түрі бар:
1. Көлденең еңбек бөлінісі.
2. Тік еңбек бөлінісі.
Көлденең еңбек бөлінісі – нәтижесінде функционалдық сипатына байланысты атқаратын жұмысына байланысты бөлімшелер пайда болады. Тік еңбек бөлінісі – нәтижесінде басқарудың иерархиясы қалыптасады. Соның нәтижесінде басқару деңгейлері пайда болады.
Кез-келген ұйымға тән басқарудың үш деңгейі бар:
1. Техникалық – өндірістік операциялар мен процедуралардың дұрыс орындалуын қамтамасыз етеді. Яғни төменгі буын ретінде қарастырылады.
2. Басқарушылық – ол көлденең еңбек бөлінісі нәтижесінде пайда болады, бөлімшелердің қызметін үйлестіреді. Бұл деңгей ортаңғы буын арқылы сипатталады.
3. Институционалдық – ол ұйым көлеміндегі қабылданған шешімдерді жүзеге асырумен сол шараларға байланысты стратегиялар мен басымдылықтарды анықтау мүмкіндіктерін бейнелейді. Бұл деңгей жоғарғы буын арқылы сипатталады.
Жеке тұлғаның қызметкерлер арасындағы мәртебесі жоғары болу үшін оның атқаратын рөліне жеткілікті көңіл бөлуіміз қажет. Осы салада жан-жақты зерттеулер жүргізген Генри Минцберг басқарушы рөліне келесідей анықтама берген:
Яғни басқарушы рөлі – белгілі бір мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін адамға қажетті қасиеттер қабілеттіліктер және мінез-құлық ережелерінің жиынтығы.
Генри Минцберг – кез-келген басқарушыға және кез-келген қызметтерге тән 10 рөлді атап көрсеткен. Осы рөлді 3 категорияға бөліп жіктеген:
1. Жеке адамаралық рөлдер категориясы:
1. Жетекшілер
2. Лидерлер
3. Байланыстырушы буын
2. Информациялық рөлдер категориясы:
1. Информация жіберуші
2. Информация қабылдаушы
3. Информация өкілі
3. Шешім қабылдау рөлдер категориясы:
1. Кәсіпкерлер
2. Ресурстарды бөлуші рөлдер
3. Келіссөз жүргізуші рөлдер
4. Қателікті жоюшы рөлдер
Басқарудың және басқару қызметінің негізгі элементі ретінде басқарушы рөлі осылайша қарастырылады.