Қазақ халқы бала жанды. Қазақ халқының бала тәрбиелеудегі мұрасына көз жіберсек отбасына байланысты тұнып тұрған қаймағы бұзылмаған дәстүрлер бар екенін көреміз.
Ұлттық салттар мен дәстүрлердің, әдет-ғұрыптардың заманға сай ұрпақтарымыздың өркендетер өрнектерін халық жоғары бағалайды. «Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар» деп халық ең озық дәстүрлерді дәріптеп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыруда. Әдемі әдет , әсем әдеп, аталық дәстүр, рабайлы рәсім бәрі-бәрі ғасырлар бойы қалыптасқан халық педагогикасы, адамгершілікке толы үлгі – өнегелер.
Әрбір ұлттың әдептік қағидалары сол ұлттың тарихи, мәдени дәрежесін айқын көрсетіп, ұлттық ерекшеліктерін бейнелеп тұрады.
Қай халық болмасын өз ұрпағын биік белестерден көргісі келетіні түсінікті. Бүгінгі жеткіншектің азамат болып қалыптасуы оның туған ұясында, өскен ортасында, оқыған, көрген тәрбиесіне байланысты екені дәлелдеуді қажет етпесе керек.
Шыр етіп дүниеге келгеннен күннен бастап, ана тілінің әлден туған халқының өнегелі тәлім-тәрбиесін үлгілі салт-дәстүрін бойына сіңіріп өсіру керек. Салт-сананы бала бойына сіңіру көбіне аналарға байланысты. Ананың берген тәрбиесі үлгі өнегесі адам жүрегінде мәңгі жасайды. Халқымыздың болашағы аналарға байлынысты деуіміз де сондықтан. Мұсылман халқы қыз бала жайында: «Ырыс алды – қыз», «Қыз қонақ», «Қызы бар үйдің қызығы бар» – деп қызды әлдилеп, аялап күткен.
Ата-баба салтымызға көз жібертетін болсақ әйел ананың ролі өте жоғары болған. Орыс ғалымы В.Радлов және поляк ғалымы А. Янушкеевичтің еңбектерінде қазақ әйелдерінің мінез-құлқы оның, от басындағы орыны туралы жақсы естеліктер жазылып, мұра болып қалып отырған. Тәрбие бесіктен басталатыны белгілі.
Ал бесік иесі- АНА. Дәл қазіргі заманда қыз баланы, яғни болашақ бесік иесін тәрбиелеуге ерекеше көңіл бөлуіміз керек, өйткені қыз бала ертеңгі бойжеткен, ана, халқымыздың болашағы. Отбасының берекесі болмай, Отанның мықты болуы мүмкін емес. Яғни, Қазақстанның әлем мойындайтын мемлекет болуы әрбір отбасына, оның мүшесіне, әсіресе әйел затына көбірек байланысты. Баяғының білімпазы Ризаудин Ибн Фахрудин: “Әйелдері үнемшіл, тәрбиелі, пысық жігерлі, талантты болса,- халқы бай, ал жалқау, салақ немесе ысырапшыл болса, тақыр кедей болады,”- деп бекер айтпаса керек. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы дәрігер, антрополог ғалым Н.Л. Зеланд (1833-1902) өз еңбегінің қорытындысында қазақ ерлері мен әйелдерінің адамгершілік қасиеттерін сөз ете келіп ”Әйелдері иман жүзді, олар ақылдылығымен көзге түседі. Бұл – қазақ қыздарының тәрбиесінде отбасында ерекше көңіл бөлуге байланысты ” деп тұжырымдайды. Ал дат ғалымы Э.С. Вульсон өзінің “Қазақтар” очеркінде қазақтың балаларын кішкентайынан инабаттылыққа, ізеттілікке тәрбиелейітіне ғалым: “Қазақ өз баласына- егер қарттарды сыйласың құдай сені сыйлайды” деген нақыл сөзді миына құйып өсіреді, егер үйге ақсақал кіріп келсе, барлық жастар түргеліп бас иеді және әзіл- қалжың кілт тиылады”, деп жазады. Ғалым: “осы халықта қарттар-үлкен ұстаз”деп дұрыс қорытынды жасайды. А.И. Левшин қазақтардың ұлттық ерекшелігіне орай; “.. қайырымдылық, дамды аяу, қарттарға, ақсақалдарға құрмет көрсету- олардың ең жақсы қасиеті”,- деп адамгершілік қасиеттерімізді ерекше атап өтеді.
Кейбір көңілі сергек ел ағалары өзінің балаларын өнерлі жігіттердің қасына ертіп, одан тәлім-тәрбие алып көп нәрсеге көңлі ашық аңғара білуге мүмкіндік беретін «Тәуір болатын тай атқа үйір,тәуір болатын бала қонаққа үйір»-деп халықтың дана сөзінің тәрбиелік мәні зор болған.
Қазақ жанұясында ер баланы тәрбиелеуде әкені дәріптеген.Әке ұлына өзінің бар өнерін, естіп білгенін түгел үйретуге тырысқан. Ал әр ұл өз тарапынан ағаға,әкеге еліктеген. «Ата балаға сыншы»- дейді. Әр әке өз балаларының жеке ерекшеліктерін, қандай іске, өнерге бейімділігін ерте аңғарып шамасы келгенше баласының бойындағы табиғи қасиеттерін дамытуға тырысқан. Мәселен, сөз ұғарлық ойлы болса, есті адамы етуді көздеп жақсыларға жақындастыратын. Парасатты әке балаларына ата- бабаларының іс-әрекетінің үлгі боларлық өнерін айтып, ағайынның туыстық, жақындық қатынасын түсіндіріп ата- тегі туралы айтып отыруды өзінің парызы деп біледі.
Осылайша қазақ халқы ұл-қызы он үш –он бес жасқа толғанша өмірге дайындап білгенін үйретіп шығаруға тырысқан. Дені сау ақжарқын, сергек, жайдары жүзді, шыныққан ұрпақтарды тәрбиелеуді қазақ халқының әрбір жанұясы адамдық аталық парыз деп есептеген. Қазақ отбасы тәрбиесінде өзінің ғасырлар бойғы саяси, экономикалық, әлеуметтік, тарихи ерекшелігіне байанысты атап айтқанда кең байтақ жерін, шаруашылық дәстүрін әртүрлі шапқыншылық, жаугершіліктер және табиғаттың дүлей апатынан сақтап, қорғап қалу үшін жеткіншек ұрпағын ұлын да, қызын да бала жастан-ақ өмірге керекті іскерлікке,әдептілікке, батылдыққа, ептілікке тәрбиелей отырып, жаны мен тәнінің бірдей жетілуін дәстүрге айналдырған. Мәселен, «балаға беске дейін патшаңдай қара, он бес жасқа дейін қосшыңдай сана, он бес жастан асқан соң досыңдай бағала» -деген.
Бұдан бала тәрбиесінде жинақталған ой-пікірінен, дәстүрінен педагогикалық, психологиялық, философиялық қағидалардың өзегі бар екенін көреміз.Көптеген ұлы тұлғаларымыздың жан- жақты жетіліп, Абай сөзімен айтқанда “толық адам” болып қалыптасуына отбасындағы тәрбиенің күшті ықпалы болғанын өз еңбектерінен байқай аламыз. Қазақтар “Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле”,- дегендей халқымыздың бойына сіңген атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиесі өзге ұлттардан ерекшеленіп, өздеріне тән қасиеттерді көрсетіп тұратындығын жоққа шығара алмайды.
Ұлттық мейрімділікті анадан, әдептілікті данадан, қайсарлықты әкеден үйренген халықтыз. Біздің тәрбиеміздің бір ерекшелігі- шежірені білу, яғни “жеті атаны” жатқа білуге үйрету. Шежірені жатқа білу медицина тілімен айтқанда “генді” таза сақтау қалуға, туыс адамдар қанының араласпауына, ұрпақ саулығының мықты болуына әсерін тигізеді.
Тәрбиеміздің тағы бір ерекшелігі – бұл перзенттік парыз, яғни баланың ата-ана алдындағы борышын орындаудың жоғарғы дәрежесі. “Балаға үміт арту- әкенің парызы, ақтау – баланың парызы” демекші ата- ананың парызын орындау ұрпақ алдындағы маңызды міндет екенін қазіргі жастарымыздың бәрі бірдей ескере бермейтіні жанымызға қатты батады. Бала тәрбиесі бұрынғы қазақ ауылында бір үй адамдарының тілек-талабымен мүдделерінің деңгейінен асып түсіп, қоғамдық- әлеуметтік сипатқа ие болған.
Отбасы тәрбиесінің осы жақсы үлгісін бұл күнде қайта жандырумыз қажет. Өз ұрпағының тәрбиесі ерлі-зайыптыларға, ата-әжелерге ортақ іс, жауапты міндет.Ата-әжелердің, немере, шөбере тәрбиесінің игіліктеріне жататын құнды тәрбиесін ескере отырып, мүмкіндігінше үш ұрпақ өкілдерінен /ата-әже,әке-шеше,балалар/ құрылған отбасыларын қуаттау, көбейту бүгінгі күнде өте маңызды мәселе. Отбасы мүшелеріндегі үлкендердің балалалармен бірігіп әрекеттесуінің маңызы зор. Бірігіп істеген жұмыс балаларды қуантып, оларды ата-анасына жақандастырады. Отбасын біріктіре түседі. Баланы жастайынан еңбекке тәрбиелеу ойынан басталады. Өкінішке орай, осы дәстүр бүгінгі күнде қоғамдық орында сақтала бермейді. Әсіресе қалалы жерлерде транспортта қарттарға жастардың орын бермеуі, олардың ескертулеріне дәрекілік көрсетіп жауап беруі кейбір жастар тарапынан кездесіп қалып жүр. Бүгінгі жастарға халық айтқан жасы үлкенді сыйла, құрметте, одан үйрен, «Өзіңе дейінгіні сыйламасаң, өзіңнен кейінгі сені де сыйламайды», «Кәріге құрмет, жасқа жол» дегенді қайталамақпыз. Тәрбиенің де мұрагері, қоғамды байытушы күштің қайнар көзі -халық. Осыны сезіп, бала қадірін жіті бағалай білген қазақ халқы өз ойларын: «Артыңда байлық қалғанша бала қалсын», «Ер адамның алдында ашылатын есігі болсын, әйел адамның алдында тербелетін бесігі болсын» деген қанатты сөздермен білдірген. Шынында адам баласы артында қалып, аты мен сөзін, ісі мен мұратын ұластыратын өмірдің жалғасы – баладан артық байлық жоқ деп есептеген.
Біздер өздеріміздің зерттеу жұмысымыз барысында педагогикалық, психологиялық және көркем әдеби шығармаларды талдау барысында сонымен қатар халықтың дәстүрді бүгінгі күнге дейін сақтап келе жатқан бірнеше отбасымен таныстық. Жанұяда әжелермен сұхбаттасып көптеген мәліметтер жинадық.
Ата-бабадан келе жатқан халқымыздың асыл мұрасын, жанұялық тұрмыс-салтын, үлгі өнегесін ізгілік сан салтанатын парасаттылық қарым-қатынасын әрбір шаңырақтың сәби тәрбиесінде жауапкершілікті жүзеге асыру қажет деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |