1.3 Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқытудың негізгі әдістері және бірінші сыныпта қазақ тілін оқыту мазмұны
Бастауыш сынып оқушыларының қажетті білім негіздерімен қаруландырып, оқу материалдарының мазмұнын ойдағыдай меңгеру үшін оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін дұрыс таңдап алып, ұтымды қолдану талап етіледі.
Білім алуда оқушының оқуға деген талабы, ынтасы, қызығуымен және оқудың қажеттілігін сезіну үлкен роль атқарады. Бұл жайттарды ескермей, балаларды білім негіздерімен қаруландыру қиын. Сондықтан да ең алдымен оқушыларды білім алуға қызықтыруға, яғни олардың білімге деген ынтасын арттыруға айрықша көңіл бөлінеді.
«Білім алу ақыл-ой қызметі арқылы жүзеге асады. Олай болса, оқыту барысында мұғалім оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға баса назар аударып отыруға тиіс». [6,3 б.].
Білім беру сабақ барысына мұғалімнің тікелей басшылығымен жүзеге асырылады. Мұғалім оқу материалдарының мазмұнын сөзбен түсіндіреді. Ал мұғалім сөзі сабақта әр түрлі көрнекі құралдарды пайдаланумен толықтырып отырады. Алайда мұның бәрі оқушыларға мағлұмат, түсінік беру ғана. Өйткені түсіндіргенді, көрсеткенді оқушы естиді, көреді – сезініп, қабылдайды. Ал мұндай бідім, әдетте, тез ұмытылдаы. Сондықтан алған білімді тұрақтандырып бекіту, іс жүзінде пайдалана білу керек. Ол үшін оқушыны өздігінен жұмыс істей білуге үйрету қажет. Мысалы, «Сөйлем бас әріптен басталып, ондағы жеке сөздер бір-бірінен бөлек жазылады, сөйлем соңына нүкте (сұрау, леп белгілері) қойылады» деген ережені меңгеру үшін белгілі бір сөйлемді жазып, ереже талаптарын іс жүзінде қолма-қол орындау керек. Мұны өздігінен орындай білушілік деп атайды. Оның өзі де жаттығу мен қабілетке байланысты. Икемділік бірден тұрақтатылып, қалыптаспайды, жаттығулар жасау арқылы жетілдіріп, тұрақтайды. Басқаша айтқанда, машыққа айналады. Соның нәтижесінде оқушы алған білімін іс жүзінде еркін пайдалана алатын болады. оқытудың мақсаты да осы.
Оқыту әдіс-тәсілдері аталған мәселелерді толық шешуге тиіс. Алайда оқыту тәсілдері – қыр-сыры мол, күрделі, терең зерттеуді қажет ететін мәселе.
Оқыту әдіс-тәсілдерін топтау да әлі толық шешілген жоқ. Оның қиындығы – бір әдіс екінші әдіспен ұштасып жатады. Ара жігін ажырату қиын. Мәселен, мұғалім сөзінде оқытудың барлық әдістерді пайдаланады. Сондай-ақ бақылау, көрінекі құралдарды пайдалану, жаттығу орындату сияқты әдістер барлық оқыту методикасына қолданылды. Сабақ қандай тәсілмен өтсе де, онда байқау жасалып, көрнекі құрал пайдаланып, жаттығу жұргізіледі.
Қазақ тілінен сапалы білім беріп, оқушының икемі мен машықтануын қалыптастыру әрбір сабақ сайын алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жүзеге асады.[5,17 б.].
Бастауыш сыныптарда қазақ тілін (гарамматика мен емлені) оқытудың негізгі әдістері мыналар: мұғалімнің сөзі, әңгіме және оқушылардың өздігініен істейтін жұмыстары.
1. Мұғалімнің сөзі. Білім берудің ең негізгі бір әдісі – мұғалімнің сөзі. Мұғалім сөзі хабарлау, баяндау, және түсіндіру, сұрақ – жауап әдістері арқылы іске асады.
Хабарлау кезінде сабақтың тақырыбы, тақырыптың негізгі мазмұны, құрылымы, мақсаты, сабақта оқушылардың қандай мағұлұмат алатыны, ол мағлұматтардың өткен материалдармен байланысы сияқты мәселелер ескеріледі.
Баяндау барысы бейнелі сөзге құрылып, эмоциялық әсермен оқушылардың сезімін оятып, тақырыпты қызықты етіп түсіндіру үшін қолданылады.
Түсіндіру – білім беру әдісінің негізгі түрі. Түсіндіру нәтижесінде жаңа тақырып мазмұны жан-жақты талданып, оқушылар грамматикалық білім негіздері жөнінде түсінік алады. Оқу материалдарының тақырыптық басты ерекшеліктерін ашып көрсету, деректерді нақты фактілермен дәлелдеу – түсіндіру әдісіндегі алға қойылатын басты мақсат болып табылады. Түсіндіргенде грамматикалық ережелер мен анықтамаларды егжей-тегжейлі меңгерту көзделеді. Ережелер мен анықтамаларды талдау-жинақтау әдісімен түсіндіреді. Сабақ тақырыбының мазмұнын оқыту жағы дайын анықтама – ережелер арқылы түсіндіру уақыт үнемдеуге, түрлі жаттығу жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Мұғалім сөзі сабақ тақырыбына лайық көрнекі құралдарды орынды пайдалануына білгенде әсерлі болады.
Мұғалім жаңа материалдарды түсіндіріп қана қоймай, сонымен қатар оқушылардың өткен тақырып бойынша берген сұрақтарына да толық жауап, жан-жақты түсінік беріп отырады.
Мұғалім сөзіне мынандай талаптар қойылады:
Мұғалім сөзі нақты, дәлелді және оқушыларға мейлінше түсінікті болуға тиіс.
Өте тез, асығып сөйлеуге де, өте баяу, сылбыр сөйлеуге де болмайды. Мұғалім байсалды, салмақты сөйлеуі керек. Әсіресе дауыс ырғағына баса назар аударған жөн.
Уақытты үнемдей білуі керек. Мұғалім сөзі бастауыш сыныптарда көп уақытты алмауға тиіс. Түсіндіру немесе қайталау 4-5 минуттан асапағаны дұрыс.
2. Әңгіме әдісі. Бұл кейде сұрақ – жауап әдісі деп те аталады. Өйткені бұл әдістің басты ерекшелігі – мұғалім жаңа материалды түсіндіргенде оқушыларға бұрыннан таныс білім негіздері мен логикалық байымдауларын сүйенеді. Әңгіме барысында түсіндірілетін талқыланып мазмұнын ашу үшін қажет деректерге оқушылардың көздерін жеткізе, сендіре, мақұлдата отырып, мұғалім тұтас сыныпты осы тақырып бойынша жалпы қорытынды жасауға жетелейді. Бұл әдістің негізгі бір тиімділігі сонда – мұндай сабақ сыныптың белсенділігін арттырады.Өйткені әңгімеге сыныптың барлық оқушы ынта қоя қатысады, нашар оқиды деген балалар да түсінудің сұрақ-жауап әдісіне ықыласпен араласып отырады. Дәл осы арада әрбір оқушының білімді қабылдау дәрежесін, демек, жалпы қабілетін байқауға мүмкіндік туады. Сабақтың әңгімелесу кезінде балалардың ақыл-ой жұмысы жетіле түсседі. Әсіресе құбылыс ерекшеліктерін бір-бірімен салыстыру, бірін-біріне қарама-қарсы қойып, олардың арасындағы байланыс пен айырмашылықты оқушылардың өздеріне байқатуға, байқағандарынан тиісті қорытынды жасатуға көбірек көңіл бөлінді. Демек, бұл арада талдау-жинақтау әдісі баса жүргізіледі. Әңгіме әдісін өз дәрежесінде пайдалану үшін оқушылардың осы тақырыпқа байланысты белгілі дәрежеде білім қоры тиіс, оқыған грамматикалық тақырыптарды, олардың атауларын түсіну керек. Мұндай білім негіздері жетіспесе, әңіме тәсілін пайдалану қиын.
Әңгіме әдісі, оның ішінде сұрақ-жауап тәсілі алғашқы сабақтарда-ақ қолданылады. Мысалы:
Мынау не?
Бұл – ойыншық.
Ол кім?
Ол – бала.
Бала не істеп отыр?
Бала ойыншықпен ойнап отыр, - сияқты сұрақ- жауап тәсілі «Әліппені» оқытқан кезде-ақ кеңінен қолданылады.
Әңгіме мұғалімнің алдын ала жазбаша дайындап келген нақты сұрақтары бойынша белгілі жоспармен өткізіледі.Әңгіме әдістінде пайдаланылатын сұрақтар төмендегі талаптарға жауап беруі керек:
Сұрақ мазмұны толық және нақты болу керек.
Сұрақ тұжырымды, көңілге қонымды, сөйлем құрылысы оқушыға мейлінше түсінікті және жеңіл болуға тиіс.
Берілген сұрақтар логикалық тұрғыдан түсінікті, байланысты, тақырып мазмұнынан алшақтамауы керек.
«Әңгіме әдісінің күрделі бір түрі – эвристикалық әдіс (грекше «эфрико» - «таптым» деген сөзден алынған). Қазіргі уақытта мұны оқытудың проблемалы әдісі деп те атайды. Бұл әдіс бойынша сыныпқа терең ойлауды талап ететін тапсырмалар беріледі де, олардың жауабын оқушылар өз беттерінше табуға тырысады». [5,23 б.].
Қазіргі бастауыш мектептерде әңгіме әдісі өте жиі қолданылады. Кейбір мұғалімдер сабақты әңгіме әдісін қолданбай тіпті де өткізбейтін сияқты. Әрине, мұндай бірыңғай сүйену де аса пайдалы емес. Әңгіме әдісін үнемі қолдана беруге болмайды. өйткені бұл әдіске тән кемшіліктер де аз емес. Бұл әдіс, біріншіден, көп уақыт алады. Әдетте (оқыту тәжірибесінде), әңгімеге байланысты мұғалім сұрақтарды әзірлейді. Бұнда мұғалімнің сөзі оқушы жауаптарына қарағанда әлдеқайда көп уақытты керек етеді – сұрақ түсінікті болу үшін түрлендіріп беріледі. Ал оқушы жауабы көбінесе «иә», «жоқ» деген бір сөзбен ғана шектеледі. Екіншіден, берілген сұраққа қолма-қол жауап берудің өзі көп жағдайда оқушылардың еркін ойлауына мүмкіндік бермейді.
3. Оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары. Бастауыш сыныптарда қазақ тілі грамматикасы мен емілесін оқытудың басты бір әдісі – оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстары. өйткені әрбір оқушы өз бетінше сапалы жұмыс істесе ғана, тиянақты білім ала алады. Өздігінен жұмыс істеудің негізгі мақсаты – білім негіздерін сапалы меңгеру, икемділікті жетілдіру, тұрақты машықтарды қалыптастыру. Өздігінен істелінетін жұмыс – мұғалімнің тікелей басшылығымен жүргізілетін, белгілі мақсатты көздейтін, жоспарлы, творчестволық әрекет. Мұғалім оқушылардың өз бетімен істейтін жұмысының түрін, мақсатын, тақырыбын, орындау жолдарын көрсетіп, нәтижесін тексеріп, оған баға береді. Сондай-ақ жұмыс жекелеген оқушының ерекшеліктерін ескере отырып, жіктеледі. Өздігінен істеуге берілген оқу материалдарының мазмұны, негізінен, оқушыларға таныс, түсінікті болуы керек. Демек, оқушылардың өздігінен істейтін жұмыстарды оқу әдісі ретінде аса қажетті диалектикалық принциптерге (оқу материалының тәрбиелік мәні, ойлау қабілетін дамыту, көрнекілік пен техникалық құралдарды пайдалану, тапсырма мақсатының айқындығы, жеке оқушылардың өзіндік ерекшеліктерін ескеру, таңдай білу, жұмыстың орындалу жүйесі, оқу материалдарының ғылыми дәлдігі, білімді іс жүзінде пайдалану) негізделеді.
Оқушылардың өздігінен істейтін жұмысы, негізінен, мына төмендегілерден құралады:
1.Фонетикалық және грамматикалық анықтамаларды меңгеруге арналған жұмыс.
Бастауыш мектепте қазақ тілі пәні оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып оқытылады. Алайда ондай тәжірибе белгілі дәрежедегі грамматикалық теорияға негізделеді. Теориялық басшылықсыз қазақ тіл білімі негізінген практикалық жақтан машықтану мүмкін емес. Сондықтан бастауыш сыныптарға арналған оқулықтарда әрбір тақырыпқа байланысты оқушылар түсіне алатындай нақты анықтамалар мен жеңіл грамматикалық ережелер беріледі. Фонетика мен грамматикадан берілетін теориялық мағлұматтар алдымен қарапайым анықтамаларды түсіндіруден басталып, біртіндеп күрделене түседі. Ережеде тақырыптың негізгі мазмұны, ортақ белгілері қорытынды ретінде беріледі. Демек, ережені меңгеруге байланысты жүргізілетін жұмыстар ойдың талдау-жинақтау қызметін керек етеді. Сондықтан, әдетте, өз бетімен жұмыс бастамас бұрын, мұғалім талдау-жинақтау әдісі арқылы ережені сыныпқа түсіндіреді. Кейде оңай ережелерді оқушылардың өздігінен оқып түсінуіне тапсырма ретінде беруге болады. оқытудың бұл түрі арқылы мұғалім оқушылардың ережені меңгеруге дайындығын алдын ала ескереді, ол үшін ережені жинақтауға жетелейтін түрлі жаттығуларды күн ілгері орындатады.
Оқушылардың өздігінен орындайтын жұмысы мына түрде болады: анықтамалар мен ережелерді өз бетінше зейін қойып, ойланып оқу; оқығандарын мазмұн жағынан бөлу; мазмұндық бөлшектерлдің негізгі түйінін еске сақтай отырып,жазбаша жоспар жасау; өздігінен мысалдар келтіріп, дәлелдеу; жоспар бойынша ереже мазмұнын өз сөзімен кеңейтіп, түсіндіріп айтып беруге даярлану.
2. Оқулықтағы жаттығуларды өздігінен орындауға байланысты жүргізілетін жұмыстар. Бұл – қазақ тілі сабақтарында көбірек орындалатын жұмыстың түрі. Түрлі жаттығулар жүйесін үзбей жүргізу нәтижесінде оқушылардың қазақ тілінен алған білімі жетілдіріледі, өздігінен жұмыс істеудің тұрақты машықтары қалыптасады.
Бастауыш сынып оқушыларына жаттығудың төмендегі түрлерін орындатуға болады: фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және сөздік (лексикалық) жаттығулардың басты мақсаты – оқушылардың ой өрісін дамытып, дұрыс сөйлеуге, қатесіз жазуға баулу.
3. Байланыстырып жазуды (сөйлеуді) жетілдіруге байланысты жүргізілетін өзіндік жұмыс. Өз бетімен орындалатын жазу жұмысы ой түйінін жинақтап, тақырыптың негізгі мазмұнын таба білумен тығыз байланысты. Демек, ой түйінін жинақтап жазу - өзіндік жұмысының бір түрі.
Оқушылар өзіндік жұмыстарын орындаудан бұрын, жазбаша қысқаша жоспар жасауға машықтанады. Жоспар жасау – творчестволық жұмыстың алғашқы сатысының бірі. Жоспарды екі-үш сөйлемнен бастап, әрі қарай дамытып, күрделендіреді. Жоспардың, материал мазмұнына қарай, сөз тіркестері немесе хабарлы, сұраулы сөйлем ретінде жасалуы мүмкін.
Өзіндік жұмыстарын жазбаша орындаудың негізгі мақсаты – оқушыларды тақырып мазмұнын ауызша баяндай білуге машықтандыру. Жазбаша жұмыс оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, сөйлеу тілін қалыптастыруға зор мүмкіндік береді. Өзіндік жұмыстың бұл түрі кезінде жазу жылдамдығы мен техникасын жетілдіруге ерекше назар аударылады. Бастауыш сынып оқушыларынан жылдам оқи білу қалай талап етілсе, жылдам жаза білу де солай талап етіледі. Жылдам жазу дегенге қалыпты қарқынмен таза әрі көркем жазу да енеді. Әрине, тез жаздыруға машықтандырам деп оқушылардың көркем жазуға деген ынтасын (каллиграфиясын) төмендетіп алмау керек.
Байланыстырып жазуды (сөйлеуді) жетілдіруде оқушылар мынандай творчестволық жұмыстарды өз беттерімен орындайды:
- Жеңіл синтаксистік сөйлемдер үлгісі бойынша өзара байланысты шағын сөйлемдер құрастыру. Ондай сөйлемдер біртіндеп күрделене беру керек.
- Мазмұндама жазу. Мазмұндама қысқа әңгімелерді оқу, сурет бойынша жазылады.
- Шығарма жазу. Шығарма оқушының көрген-білгені, байқағаны, оқығаны, жасаған саяхаты, адамдар еңбегі жөнінде тағы басқа таныс тақырыптарға жазылады.
Мұның бәріне де қатесіз әрі көркем жазу, сөз таңдай білу, сөйлемдерді дұрыс құрастыру, логикалық жүйелікті сақтау, ойды дәл беру сияқты талаптар қойылады.
4.Көрнекі және техникалық құралдармен жұмыс істеу арқылы орындалатын өзіндік жұмыстары.
Мұндай жұмыстар жекелеген көрнекі құралдар мазмұны мен техникалық құралдар ерекшелігіне қарай, сабақ мақсатына лайықты жүргізіледі.Оқушылардың өз бетімен орындайтын жұмыстарына тікелей мұғалімнің өзі басшылық жасайды. Мұғалім жұмысының мақсатын, орындау әдіс –тәсілдерін көрсетіп, нақты тапсырмалар беріледі.
Оқушылардың өздігінен орындайтын жұмыстары кезінде берілетін тапсырмаларға мынандай талаптар қойылады:
тапсырма мақсатының анық болуы;
орындау реті мен әдіс-тәсілдерінің көрсетілуі;
орындалу реті мен жүйесін сақтау;
тапсырма көлемін, ауыр-жеңілдігін анықтау;
оқушылардың жеке-дара ерекшеліктерін ескеру, тапсырмаларды жіктеп-саралау;
қажетті оқу және көрнекі құралдармен, басқа да дидактикалық материалдармен қамтамасыз ету;
орындалу нәтижесін тексеріп, бағалау;
тапсырмалардың көп уақытты алмау жағын ескеру;
жұмысты кезең сайын түрлендіріп отыру көзделеді.
Кіші жастағы мектеп оқушыларының жан-жақты есейіп, жалпы дамуына, олардың ақыл –ойы мен рухани байлығының еселеп жетуіне ана тілі тікелей әсер етеді. Өйткені барша таным процесі сөйлеу арқылы жинақталып жалпыланады, яғни тіл арқылы түсіндіріледі.
Ана тілі қатынас құралы ретінде де мектепте жүйелі оқыту арқылы ғана оқушыларды дұрыс сөйлеуге, елмен дұрыс қарым-қатынас жасай білуге тәрбиелейді. Бұл тұрғыда қазақ тілін оқыту әдістемесінің атқаратын міндетінің аса зор екенін атап айтқан жөн. Қазақ тілін оқыту әдістемесі – педагогика ғылымының арнайы бір саласы. Ол Ана тілін оқытудың мазмұны мен принциптерін, әдістері мен тәсілдерін анықтайды. Қазақ тілін оқыту әдістемесі қолданбалы ғылым ретінде қарастырылады. Олай дейтініміз, оқыту әдістемесі оқушыларды тәрбиелеу мен оқытуда, сондай-ақ жас ұрпақтың ой-өрісін дамытуда, шын мәнінде, аса қажетті практикалық міндеттерді жүзеге асырады. Оның негізгі мақсаты оқыту нәтижесінде оқушыларға ана тілі негізін тиянақты меңгерту болып табылады.
Оқыту әдістемесі дербес ғылым ретінде басқа ғылымдармен, әсіресе, лингвистика, психология, логика және педагогика ғылымдарымен тығыз байланыста дамып отырады. Мұның өзі, ең алдымен, мұғалімнің аталған ғылым негізінен жан-жақты терең біліп, жете меңгеруін талап етеді. Өйткені мұғалім – білімнің қайнар бұлағы, оқытумен тәрбие берудегі басты тұлға.
Сабаққа қажетті оқыту әдістері мен тәсілдерін, дидактикалық оқу материалдарын және жаттығу түрлерін дұрыстап таңдап, сабақта шебер қолдана білу үшін мұғалім кіші жастағы оқушылардың, ең алдымен, психологиялық ерекшеліктерін (жас ерекшелігі, нақты фактілер негізінде ұғымдылық ерекшелігі т.б.) тікелей саналу керек. Сол сияқты, логикалық талаптарға да баса назар аударған жөн. Тіл ойлаумен тікелей байланысы, соныдықтан тілді ойдан бөліп алып дамыту мүмкін емес. Бала нақты ойланады, ол қоршаған өмірді көру, есту, иіс т.б. сезім мүшелері (анализаторлар) ақылы қабылдайды. Талдау мен жинақтау, нақтылау мен жалпылау т.б. ойлау түрлерін кіші жастағы оқушылар арнайы жүргізілетін логикалық жаттығулар негізінде біртіндеп үйрене бастайды.
Бұл айтылғандармен қатар, қазақ тілін оқытуда пәннің педагогикамен тікелей байланысы ешқашан да назардан тыс қалдырылмайды. Қазақ тілі сабақтарында, әсіресе, жалпы дидактикалық принциптер орынды пайдалануды қажет етеді.
Оқыту әдістемесі өз пәнінің мазмұнына тәуелді, соны ғана үйретеді. Әдістемелік ғылым алдында өз пәнін оқытудың тиімді әдістері мен тәсілдерін анықтау проблемасы ғана тұрады. Осыған орай, пән мазмұны жекелеп дамыса, оның оқыту әдістемесі де жетіліп дамиды, пән мазмұны көнерсе, әдістеме ескіреді. Демек қазақ тілін оқыту деген сөз – оның теориялық мазмұны жете меңгеру деген сөз.
Оқыту әдістемесінің басқа ғылымдарын ерекшеленетін негізгі бір ерекшелігі – ондағы барша оқыту процесі екі жақты бірліктегі қарым-қатынасты керек етеді. Атап айтқанда, бірі – мұғалім, екіншісі – оқушылар. Мұғалім оқытады, үйретеді, тәрбиелейді; оқушылар оқиды, үйренеді, тәрбиеленеді. Осыған орай, аталған жақтардың өзіндік міндеттері белгіленген. Ортақ мақсат – терең білім мен тәлімді тәрбиені қалыптастыру.
Қазіргі мектеп тәжірибесінде жиі қолданылатын оқыту әдістемелерінің негізі үш түрі қалыптасқан. Олар: мұғалім сөзі, әңгіме әдісі, өзіндік жұмыс.
Бірінші сыныпта қазақ тілін оқыту мазмұны: бірінші сыныпта қазақ тілінен берілетін білім мазмұны оқу бағдарламасында мына тұрғыда берілген:
Сөйлем, сөз, дыбыс және әріп.
Дауысты және дауыссыз дыбыстар мен әріптер.
Қазақ алфавиті.
Жуан және жіңішке дыбыстар мен әріптер.
Жуан және жіңішке айтылатын сөздер.
Жуан және жіңішке жұп дауыстар
Буын.
Тасымал.
Дауыссыз дыбыстардың жуан және жіңішке айтылуы.
Кім? Кімдер? Не? Нелер? сұрақтарына жауап беретін сөздер.
Бас әріппен жасылатын сөздер.
Не істейді? Не қылады? Қайтті? Сұрақтарына жауап беретін сөздер.
Қандай? Қай? Сұрақтарына жауап беретін сөздер.
Қанша? Неше? Нешінші? Сұрақтарына жауап беретін сөздер.
Сөйлем.
Сөйлемдегі сөздердің байланысы.
Мәтінмен жұмыс істеу.
Аталған бағдарламалық тақырыптар әдістемеде оқу мазмұнына қарай жүйеленіп, мынандай тармақтарға топталып қарастырылады:
Дыбыс пен әріп тақырыбын оқыту.
Сөз тақырыбын оқыту.
Сөйлем тақырыбын және сөйлемдегі сөздердің байланысын оқыту.
Бастауыш мектеп оқушыларының, әсіресе, 1-сынып оқушыларының жас ерекшеліктері мен логикалық ойлау деңгейіне қарай әрбір әдістеме тарауларында қазақ тілінен берілетін теориялық оқу материалдарының фонетикалық, грамматикалық ережелер арқылы емес, практикалық тұрғыда мейлінше ұғымды, жеңіл тілмен түсіндірілетінін мұғлім қазақ тілінің алғашқы сабағынан бастап-ақ ескереді.
Достарыңызбен бөлісу: |