1-дәріс
Тақырыбы: Педаогикалық риторика пәні туралы түсінік
Дәрістің мақсаты: студенттерге педагогикалық риторика пәні бойынша жан-жақты мағлұмат бере отырып, олардың шешендік шеберліктерін жетілдіру аспектілерінің әдістемелік жағын қарастыру, шешен сөйлеуге баулу
Дәріс мазмұны:
Шешендіктанудың теориялық негіздері
Шешендіктанудың әдістемелік негіздері
Шешен діктанудың ғылым және оқу пәні ретінде дамуы мыңдаған жылдарды қамтиды. Әрбір кезеңге сәйкесті оның мазмұны да әрқилы. Ол әдебиеттің ерекше жанры есебінде де, сөйлеу шеберлігінің белгілі бір түрі (жазбаша және ауызша) есебінде де, ауызша сөйлеу ғылымы әрі өнері ретінде де қарастырылды. Қазіргі таңдағы зерттеу еңбектерінде шешендіктану кешенді пән ретінде қарастырылып, құрамына тілдік қарым-қатынастың ( тілдік коммуникация) логикалық, лингвистикалық, психологиялық, физиологиялық, көркем әдеби және тағы басқа аспектілерін қамтиды. Бұл ғылым саласының “шешендік өнер”, “шешендік”, “шаршы топ алдында ауызша сөйлеу шеберлігі”, “элоквенция” сияқты өзге де атаулары бар.
Өзін-өзі тексеретін сұрақтар:
дәрістің өз мақсатына жетуі
негізгі тұжырымдар
мәселенің теориялық маңызы
мәселенің практикалық маңызы
Пайдаланатын әдебиеттер:
- соңында беріледі
2-дәріс
Тақырыбы: Шешендіктанудың тарихи парақтары
Дәрістің мақсаты: студенттерге педагогикалық риторика пәні бойынша жан-жақты мағлұмат бере отырып, олардың шешендік шеберліктерін жетілдіру аспектілерінің әдістемелік жағын қарастыру, шешен сөйлеуге баулу
Дәріс мазмұны:
Ежелгі дәуірдегі шешендіктану ғылымы
Грек шешендерінің ерекшелігі
Шешендіктану /риторика/ - ежелгі ғылым салаларының бірі. Оның пайда болып, өмір сүруі мыңдаған жылдарды қамтиды. Әртүрлі кезеңдерде оның қоғамдық өмірдегі орны жоғары не төмнгі деңгейде бағаланады, бірақ өз дамуын тоқтатпады. Шешендік өнердің өркен жайып гүлденуі желгі грек және ежелгі рим республикаларының өркендеуімен, Ренесанс дәуірімен, ХҮІІІ ғасырдағы Франциядағы және ХХ ғасырдағы Ресейдегі революциялармен тұспа-тұс келді. Шешендік өнердің теориясы мен практикасы ретінде шешендіктану ғылымы біздің жыл санауымызға дейінгі Ү-ІҮ ғ.ғ Ежелгі Грецияда қалыптасты. Ежелгі Грецияда шешендік шындыққа жету құралы болып табылатындығы және бұл өнер ғана емес / эпос, лирика, музикамен қатар/, сондай-ақ адамды танып-білудегі филсофиямен жарысқа түсе алатын ғылым екендігі туралы сенім қалыптасты. Ежелгі герцияда шешендік өнерге оқытып-үйрететін, баулитын ақылы оқытушы –софистер пайда болды. Софистер сөзді ойната, құбылта қолдана білді, олар шешендік өнердің практикасына ғана емес, теориясына да үлкен мән берді. Шешендік өнер туралы ғылым ретінде шешендіктанудың /риторика/ негізін де осылар қалады.
Өзін-өзі тексеретін сұрақтар:
дәрістің өз мақсатына жетуі
негізгі тұжырымдар
мәселенің теориялық маңызы
мәселенің практикалық маңызы
Пайдаланатын әдебиеттер:
- соңында беріледі
3-дәріс
Тақырыбы: Шешендіктану теориясының орта ғасырда және жаңа дәуірде дамуы
Дәрістің мақсаты: студенттерге педагогикалық риторика пәні бойынша жан-жақты мағлұмат бере отырып, олардың шешендік шеберліктерін жетілдіру аспектілерінің әдістемелік жағын қарастыру, шешен сөйлеуге баулу
Дәріс мазмұны:
Орта ғасырлардағы шешендіктану ғылымы
Жаңа дәуірдегі шешендіктану ғылымы
Ү ғ. соңында құл иеленуші Рим империясының құлауы жаңа феодалдық формацияға өту кезеңнің бастау болды. Ерікті азаматтардың тең құқылы қатынасы сеньорлар мен вассалдардың иерархиялық субординанациясымен алмастырылды. Жаңа кезең әлеуметтік-экономикалық өмірдің барлық салаларында, соның ішінде шешендіктануға да елеулі өзгерістер әкелді. Насихатта ісі шешендік шеберліктің мейлінше жоғары деңгейде болуын талап етті. Үгіт-насихаттың негізінде антикалық шешендіктану мен формальды логиканың негізгі нормаларын, ежелгі шешендердің тәжірибесін қабылдаған орта ғасырлық шешендік өнер дами түсті. Діни тонмен көмкерілген орта ғасырлық шешендік өнер жаңа сапаға да ие болды.
Өзін-өзі тексеретін сұрақтар:
дәрістің өз мақсатына жетуі
негізгі тұжырымдар
мәселенің теориялық маңызы
мәселенің практикалық маңызы
Пайдаланатын әдебиеттер:
- соңында беріледі
4-5-дәріс
Тақырыбы:Педагогикалық риторика пәні туралы түсінік. Оның заманауи қажеттілігі
Дәрістің мақсаты: студенттерге педагогикалық риторика пәні бойынша жан-жақты мағлұмат бере отырып, олардың шешендік шеберліктерін жетілдіру аспектілерінің әдістемелік жағын қарастыру, шешен сөйлеуге баулу
Дәріс мазмұны:
Педагогикалық риториканың заманауи қажеттілігі
Пәннің мақсат-міндеттері
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың кезекті Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлемнің бәсекеге мейлінше қабілетті әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекеттерінің қатарына қарай қадам басуы жолындағы негізгі басымдықтардың сапында осы заманғы білім беруді дамыту, кадрлардың біліктілігі мен оларды қайта даярлауды ұдайы арттыруға баса мән берілуі тегін емес. Ел Президенті: "Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі", - деп түйіндейді.
Иә, қазіргі уақыт үздіксіз білім алудың қажеттігін айқындайды. Ал білім берудің, маман мұғалім кадрлардың біліктілігін арттырудың жолдары қайсысы? Біздіңше, бұл мәселенің шешімін таптырар бір қыры – қазіргі мектеп мұғалімнің педагогикалық шешендіктану ілімінен хабардар болуы.
Ал қазіргі мектеп мұғалімінің шешендіктануға (риторика) сұранысының молдығы турасында не айтуға болар еді? Өз тарапымыздан жүргізілген эксперимент нәтижелеріне сүйене, тарата таразыласақ , бұның себебі төмендегіше:
Біріншіден, шешендіктану ілімі мұғалімге өз сөзін дәл де нақты, логикалық тұрғыда иланымды ұйымдастыра айтуға мүмкіндік береді. Ал оқушылар тарапынан пікірлестер табуға, сабақтарды шығармашылық тұрғыда үйлестіре, дәстүрлі сабақтардағыдай емес, қызғылықты да тартымды өткізуге, ұсынылар ақпараттарды бұрынғыдан бірнеше есе мол беруге септеседі.
Екіншіден, шешендіктану мұғалімге өзара пікірлесу, сөйлесу мүмкін еместей көрінетін ең ауыр сыныптармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ мұғалім не оқушы тарапынан өзара тіл табысуға еш құлқы, ұмтылысы, мүмкіндігі жоқтай, тіпті қабілет – қарымы таяздау көрінетін алынбас қамал іспетті орталарда монологтық сөз сөйлеуге мүмкіндік туғызады.
Үшіншіден, кез келген педагогикалық тұрғыда әсер етудің сәттілігі мұғалімнің сөз сөйлеу үстінде өзін-өзі танытуы арқылы көрінбек. Мұғалім сөйлеген сөзі арқылы оқытады, тәрбиелейді, өзіндік көзқарасына иландыра жұмылдырады, пікір алмасады, оқушылардың санасында мейлінше тереңірек сыналап ене түсер әсері жоғары образдарды тудырады. Бұл ретте шешендіктану - көркемдік тұрғыда әсер ету амалдарының жүйесіне орай айтсақ, жоғары эстетикалық тұрғыда әсер ету арқылы ауызша сөйлеу туралы ғылым. Егер де мұғалім өз ойын жай айтып қана қоя салуға ұмтылмай, пікірлесуші оқушысына белгілі бір межелі әсерді (реакция) дарыту, алғы ортақ іске жұмылдыруға ұмтылдыру бағытын ұстанатын болса, онда мұғалімнің алғашқы сөзінен бастап осындай ұшқынды көруге тиіспіз. Яғни осы іспетті межеленген алғы мақсатқа нақты қол жеткізу үшін, сөйленер сөзді тура мағынасында жоспарлы түрде алдын – ала даярлау керек. Тап осы тұста шешендіктану қағидалары көмекке келіп, сөйленер сөзді лайықты тұрғыда әзірлеуге септеседі.
Демек, мұғалім болу - өнер. Бұл орайда оқушыға түсінікті болу үшін қабылдау психологиясын білу маңызды. Тіпті, қабылдау жөніндегі ғылымды – герменевтиканы шешендіктанудың бір қыры десек те болғандай. Себебі қабылдау адам санасының тұңғиығында өріліп отыратын, бақылау сәтінде есепке алуға қиынырақ соғатын жеке тұлғалық даму үдерісіне тән ерекше өнер де. Бұл үдеріс жеке индивидтің мәдени даярлығы мен өмірлік тәжірибесіне, сондай-ақ оның көңіл-күйі мен психологиялық қалпына байланысты. Ал оқытудың, мұғалім мен оқушының диалогын ұйымдастыруды өнер, шығармашылық іс тұрғысында түйіндесек, мұндай іс - әрекет ойсыз болмақ емес. Ойлау жоқ жерде нағыз шығармашылық та жоқ.
Төртіншіден, шешендіктану оқу үдерісі сәтінде туындап отыратын сандаған сауалдарға («Неге?» «Неліктен?» «Не себепті?») жауап береді. Бұлардың кейбірі төмендегіше:
1) Жан-жақты білімді, өз ісін жан-тәнімен сүйетін мұғалім неге көпшілік жағдайда оқушысына түсініксіз, яғни шәкірттерімен тіл табыса алмай жатады? Ал оның өткізген сабақтары мереке іспетті болудың орнына неге шыдамдылыққа жасалған ауыр экспериментке ұқсас болып келеді?
2) Әр түрлі аудиторияларда мұғалімнің айтқан сөзіне неге мүлдем қарсы реакция туындап жатады? Айтылған сөзге сәйкесті жоспарлы нақты істі қалай туындатуға болады? Мұғалімнің үнемі ойлағанындай болуы үшін не істеуіміз керек?
Сабақ басында қатты толғаныста болған мұғалім оқушыларының
қолдауына неге ие болмайды? Тіпті, кей жағдайда, оқушылардың мысқылдай, мазақтай қараған көзқарастарына кезігіп, ал кейде сабақ өткізуге кедергі келтіруге дейін неге барады?
Мұғалім оқушыларға қызғылықты мәліметтерді ұсына отырып,
неге аяқ астынан ара-тұра сыныпқа қарата жекуге мәжбүр? Бұндай жағдаят болмауы үшін не істеу қажет?
«Қанағаттарлықсыз» баға алған оқушыны жұбатамын деп жүріп,
мұғалім белгілі бір көздеген нәтижеге неге қол жеткізе алмайды? т.б.
Сондай-ақ мұғалім алдынан сабақ үстіндегі жағдаят ерекшелігінен туындар сауалдар да («Қалай?) шығып отырады. Солардың кейбірі төмендегіше:
1) Сыныптағы қай оқушымен көбірек пікір қайшылығы туындап қалудың ыңғайы барын қалай анықтауға болады? Яғни оқушылардың арасындағы сынып көңіл-күйін бұзып отыруға, ортақ мәселеден басқа жаққа тартуға бейім тұратын, тілдік қарым – қатынас жасауға қиындық келтіретін, тіпті мүмкіндік болғызбайтын оқушылармен қалай тіл табысуға болады?
2) Кейде мұғалімнің өзі де байқамай қалатын тұстың бірі – қарапайым ғана фраза арқылы оқушыларды ойлантуға, айтылғанға құлақ қоюға, шығармашылықпен ой түйіндеуге ұмтылдыруы. Осы бағыттас фразалардың сыры неде? Ең керекті тіркестерді қалай іріктеп алуға болады? Оқушыларға бірден-бір тиімдірек әсер ететін сөздерді іріктеудің жолын қалай білуге болады? Құр дидактикалық ақыл айту мен ескерту жасаудан қалай құтылуға болады? Әр түрлі сынып ерекшелігіне сәйкесті қажетті тетікті қалай іріктеуге, оның «кілтін» қалай табуға болар еді?
3) Оқушыны күлкілі нәрсеге күлуге, қызықты тұсқа қуануға, бұлжымас қағидаларды орнымен қабылдауға қалай ыңғайлауға болады? Мұғалімнің сөзі оқушылар үшін ғана айтылып жатқанына әрбіреуінің көзін қалай жеткіземіз?
4) «Ең қысқа сөз – мағыналы көзқарас» дегендей, бір ауыз сөз шығармай-ақ шулы сыныпты тәртіпке қалай шақыруға болады?
5) Өзіңнің және шәкірттеріңнің дикциялық ақаулықтарыңды қалай өңдеуге болады?
6) Қойылған бағаға келіспейтін әрі мұғалімді сабақтың негізгі мәселесінен ауытқытып әкетуге тырысушы, мейлінше өзімшіл оқушымен пікірталастыруда қалай жеңіске жетуге не оның көзін жеткізе басым тусуге болар еді?
7) Оқушының бұрын қажет емес деп білгісі де келмеген мәселесіне оның ынтызарын қалай оятуға, сұранысын қалай туғызуға болады? т. б.
Кейде мейлінше тез ойланып, орынды айтылған бір ауыз сөздің белгілі бір күрделі жағдаяттан шығуға септесер сәтіне тап боларымыз аян. Ал үздіксіз даму үстіндегі, сәйкесінше толқымалы қалыптағы оқушылар құрбылары алдындағы социометрикалық статусын көтеру үшін мұғалімдерімен сөзге келіп қалу, тілдік қағысуларға баруға бірден-бір ыңғайлы болып келеді. Осы жағдайда риторикалық амал -тәсілдер мен заңдылықтарды жан-жақты білген мұғалім көзі ештеңені көрместей, құлағы ештеңені естіместей, сөз ұқпастай ыңғайдағы еш нәрсемен келіспестей оппоненттері тарапынан өзін қолдайтын нағыз пікірлестерді көре алады. Ал кімде-кім шешендіктану ілімі туралы хабардар болмаса, оның заңдылықтарынан, қағидаларынан бейхабар болса, онда мұғалімге үнемі «Оқушылар тарапынан жоспарланған шабуыл қашан болуы мүмкін?» «Жалпы бұндай болуы мүмкін бе?» деген іспетті сауалдарға ойлануға тура келеді. Сабақ үдерісіндегі бұндай сауалдардың мұғалім ойына келуі бір жағынан қызғылықты секілді көрінгенімен, екінші жағынан қате де. Сондай-ақ осы бағыттас ойлар сабақ барысының қалыпты өтуін қиындатып, мұғалім мен оқушы арасындағы толыққанды дәрежедегі қарым – қатынастың орнауына кедергі келтіреді. Тіпті мұндай жағдаятта шығармашылық тұрғыдағы қарым – қатынас туралы ойлау да мүмкін емес.
Өзін-өзі тексеретін сұрақтар:
дәрістің өз мақсатына жетуі
негізгі тұжырымдар
мәселенің теориялық маңызы
мәселенің практикалық маңызы
Пайдаланатын әдебиеттер:
- соңында беріледі
6-7-дәріс
Тақырыбы: Шешендіктану тарихына қысқаша шолу
Дәрістің мақсаты: студенттерге педагогикалық риторика пәні бойынша жан-жақты мағлұмат бере отырып, олардың шешендік шеберліктерін жетілдіру аспектілерінің әдістемелік жағын қарастыру, шешен сөйлеуге баулу
Дәріс мазмұны:
Қазақ шешендіктану ғылымы
Қазақ шешендіктануының өзіндік ерекшелігі
Бүгінгі дидактикалық шешендіктану риторикалық ойлау кезеңімен бір тұтастықта пайда болған. Сократ, Платон, Аристотельдердің өздері оқыту үдерісін диалог тұрғысында, тіпті жиірек талас тұрғысында жүргізген. Онда өзара пікіралмасу үдерісі риторикалық іс-әрекет күйінде ұйымдастырылған. Бұнда әрбір реплика ойлау үдерісінің бірден-бір белгісін қамтыды, сондай-ақ бұл бір мезгілде әрбір дидарласушының нақтылы өзіндік көзқарасының танылуына бағытталады. Орта ғасырлық академиялық шешендік - шешендіктанудың осы кезеңдегі маңызды аспектісі. Ал риториканың өзі сол кезеңдегі барлық университеттерде оқылатын бірден-бір ғылыми пән болды. Оның басты өзегі – адамның өзін сөзі арқылы танытуы. Сәйкесінше орта ғасырлық ғалымдар да адамның осы тұрғыда өзіндік дамуының қалыптасуына, өзін-өзі танытуға баулыды.
Зерттеушілерге сүйенсек, антикалық дәуірде-ақ риториканың өзі бірегей «философия» ретінде танылды, ал орта ғасырлық дәуірде бұл зат атаулының мәні ғана емес, сөз мәнін ұғушы адамның қоршаған әлемді бейнелеуі болып танылады.
«Сөз мағынасының тұңғиығына терең бойлай білгейсіз, сонда сіз мына жарық дүниені адасудан жартылай құтқарасыз», - деп сипаттайды Р. Декарт. Демек, дидактикалық шешендіктанудың дамуының әр түрлі кезеңдерінде сөз мағынасын анықтауға және оның ойды білдіруге әрі жүзеге асыруға ешбір кедергі болмауы, қайта, керісінше, оның дәл жеткізілуіне, ұсынылуына бірден-бір себепкер болуына баса мән беріледі. Сөз – қоршаған әлемге қаратылған терезе, қоршаған ортаға бізді танытушы. Бірақ бұл терезенің бізге таныс әрі жақын не бейтаныс та сырт кеңістікті бөле-жара танытуға жасар қызметін ескермей жатамыз. Демек, шешендіктану – оқушылармен арадағы өзара түсіністіктің жоқтығына жиірек өкініш білдіретін мұғалімдерге бірден-бір аса қажетті өз ойын мейлінше түсінікті білдіру мен оны мейлінше дәл түсіну мүмкіндігі. Ал мұның себеп- салдары қос коммуникантқа да, олардың қолданар сөздеріне де, дәлірек айтсақ, сөздердің орналасу ретінде, әрқайсысының қилы сөздеріне байланысты қалыптасқан ассоциациясының жекелік жүйесіне де тірелуі мүмкін. Мәселен, бізге мәлімі жекелеген сөз атаулының адам көңіл-күйіне, қалпына белгілі бір деңгейде әсер ететіндігі. Ал қазіргі мектеп мұғалімі үшін мұның мәні әлдеқайда тереңірек, себебі ол әрдайым оқушымен өзара түсінісуге, жағдаятты тиімді қабылдауға ұмтылары даусыз. Сондай-ақ, тілдік қарым-қатынасқа қатысушыларды айырып көрсетерліктей, сөз айқындылығы, мағыналық анықтығы мезетте-ақ құбылып отыруы әбден заңды. Олар бір қарағанда бір-біріне түсінікті де қарапайым көрінетін ортақ мәселе туралы айтып отырғанмен, олардың әрқайсысы «өзіндік тілмен» көрініс бермек.
Қысқасы, мұғалім сөзі – оқыту мен тәрбиелеу құралы. Демек, мұғалімге сөз ойын сапырылыстырып айту үшін емес, шәкіртінің ойына қозғау салу үшін беріледі. Ал педагогикалық әңгіме өткізуге төселу үшін тіпті дарынды адамның өзіне де көп көмек керек.
Өзін-өзі тексеретін сұрақтар:
дәрістің өз мақсатына жетуі
негізгі тұжырымдар
мәселенің теориялық маңызы
мәселенің практикалық маңызы
Пайдаланатын әдебиеттер:
- соңында беріледі
8-9-дәріс
Тақырыбы: Педагогикалық риторика курсыныңқұрылымы, мақсат, міндеттері
Дәрістің мақсаты: студенттерге педагогикалық риторика пәні бойынша жан-жақты мағлұмат бере отырып, олардың шешендік шеберліктерін жетілдіру аспектілерінің әдістемелік жағын қарастыру, шешен сөйлеуге баулу
Дәріс мазмұны:
Пәннің негізгі нысаны
Пәннің құрылымдық ерекшелігі
«Педагогикалық шешендіктану» курсы келешек жоғары оқу орнын бітірушілерге сөйлеу өнері жөнінде білім қорын берумен бірге сөз сөйлеу білік-дағдыларын жинақтауға септеседі. Курстың басты мақсаты – кәсіби коммуникативтік компетенцияны мейлінше молырақ меңгерген коммуникативтік қатынас жағынан аса сауатты мұғалім даярлау.
«Педагогикалық шешендіктану» курсы айқын түрде екшелген кәсіби-практикалық бағытқа ие. Негізгі жұмыс формасы практикалық және лабороториялық сабақтардан құралады. Лекция саны факультеттердің оқу жоспарларының өзіндік ерекшеліктері мен оқытудың арнайы міндеттеріне сәйкес айқындалады. Семестр бойында ең кемі екі бақылау жұмысын жүргізу қарастырылады.
Курс мақсаты – студенттерге оқытудың, тәрбиелеудің және оқушыларды дамытудың маңызды амалы ретінде, педагогтің кәсіби іс- әрекетіндегі маңызды құрал ретінде сөйлей білуге көмектесу.
Курс міндеттері:
- студенттерді тілдік қатынас туралы, олардың түрлері, сөйлеу
сапалылығы (мәселен, сөз дұрыстығы, тазалығы, дәлдігі, дәлелдігі, байлығы, логикалығы, комуникативтік жағынан сәйкестілігі), қазіргі қазақ әдеби тілінің нормалары туралы білім көздерімен таныстыру; әдеби тілдің нормаларынан орынсыз ауытқуларды (бұл арада әдеби тілдік норманы бұзушылық туралы) тез аңғару дағдыларын қалыптастыру; өзіндік сөйлеген сөзіне талдау жасай білуге үйрету; сөз сөйлеу сәтіндегі кемшіліктерден құтыла білу дағдысын қалыптастыру;
- болашақ мұғалімдерді педагогикалық қарым-қатынас мейлінше тиімді болу үшін өзіндік дауысқа (дауыс тонына), сөйлеу аппаратына ие болуға үйрету;
- кәсіби тұрғыда аса мәнді сөз сөйлеу шығармашылығын туындатуға әзірлеу.
Өзін-өзі тексеретін сұрақтар:
дәрістің өз мақсатына жетуі
негізгі тұжырымдар
мәселенің теориялық маңызы
мәселенің практикалық маңызы
Пайдаланатын әдебиеттер:
- соңында беріледі
10-11-дәріс
Тақырыбы: ПЕДАГОГ МАМАННЫҢ ШЕШЕНДІК ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ШАРТТАРЫ
Дәрістің мақсаты: студенттерге педагогикалық риторика пәні бойынша жан-жақты мағлұмат бере отырып, олардың шешендік шеберліктерін жетілдіру аспектілерінің әдістемелік жағын қарастыру, шешен сөйлеуге баулу
Дәріс мазмұны:
Педагог маманның шешендік дағдысын қалыптастыру шарттары
Педагог маманның сөз тұжырымдары
Педагог маманның шешендік дағдыларын қалыптастыру шарттары қандай болмақ?
Қоғамда сөйлеу мәдениеті проблемасы бары анық. Ал маманның сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда ойланар тұстар да жеткілікті. Жалпы кез келген кәсіби маманның сөзі жұртты ұйытып, тыңдаушылардың айызын қандыруы тиіс. Ондай сөзді тыңдай беруден әсте ешкім жалықпасы да айқын. Өкініштісі – көп тұста мамандарымыздың сөзі әсерсіз, нәрсіз келіп, тыңдаушысын мезі етіп жіберетіндігі. Сәйкесінше мұның өзі сөздің коммуникативтік сапасы, қысқаша айтқанда, сөз сапасы деген аса күрделі ұғыммен тығыз бірлікте. Ал сөздің коммуникативтік сапасы сөз байлығы, сөз дәлдігі, сөз дұрыстығы, сөз тазалығы, сөз әдебі секілді белгілерімен танылмақ. Мәселен, кәсіби маманның оралымды тіліне қойылар талаптың бірі – сөз байлығының болуы. Сөзі жұтаңның ойы да таяз көрінбек. Соның салдарынан мақсатсыз қайталау да көп болмақ. Орынсыз қайталау тілдің коммуникативтік сапасын күрт төмендетіп, ойды дәл, мазмұнды жеткізуге кедергі болмақ, нәтижеде аз сөзбен көп мағына беру қағидаты бұзылары ақиқат.
Сөздің коммуникативтік сапасынан туындата өрсек, бүгінгі кәсіби маманның сөйлеу мәдениетін қалыптастыру бағытында не айтар едік. Әрине, тыңдар құлақ, ұғар ұғым болса, тереңнен таратып айтылар тұстар жеткілікті.
Ең алдымен мәлімделер түйінді тезис – бүгінгі зиялы қауым сапына енер кәсіби педагог мамандардың татымсыз, нашар сөйлеуі, яғни олардың бойында шешен сөйлеу дағдыларының болмауы – сауатсыз адамның оқи, жаза алмауымен бірдей екендігі.
Ал тарата таразылар болсақ, бүгінгі кәсіби педагог маман атаулыда қашан да тыңдаушы қауымға әсер ете сендіре білу дағдысының болуы абзал. Осы тұрғылас дағдыларды игеру үшін әр маманға шешендіктану қағидаларын білу міндетті. Жарқын да бейнелі, тартымды сөйлей білуге, өзіндік сөйлеу стилін қалыптастыруға, ішкі табиғи қалып, ерекшелік және икемділіктерді ескере келе, өзіндік сенімділікті қоюлатуға ұмтылу дұрыс. Белгілі бір ой ұшығын тыңдаушыларға жеткізе отырып, олардың бойында қажетті әсер қалдыру үшін ерік күші, темперамент және тер төге еңбек ету керек-ақ.
Тақырыпқа сай шаршы топ алдында сөйлеу кәсіби маманнан психологиялық әзірлік пен алдын-ала жаттығуды талап етері даусыз. Егер де кәсіби маман сөйлеуге тиісті тақырыбына қатыссыз барлық қам-қарекеттер мен қажетсіз ойлардан арыла білсе, алға қойған мақсатты межеге тез жетері анық. Тек осындай қалыпта ғана ол аудиторияға әсер етіп, көпшілікті өзіндік көзқарасының дұрыстығына иландыра алады. Өкінішке орай, көпшілік жағдайда кәсіби маман атаулы не айтарын жақсы біле тұрса да, өз ой-түйіндерін тыңдаушыларына дәл де дөп жеткізе білмейді. Басты себеп, сөйлеушінің іскери әдістемелік жағынан әзірлігінің кемшіндігі, тыңдаушылардың қабылдау ерекшеліктерімен таныс еместігі, аудиториямен қарым-қатынас дағдыларын игермегендігі.
Біздіңше, әрбір кәсіби педагог маманның сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда төмендегідей қағидалы түйіндерді ескеру тиімді болар еді:
І. Шешендік туралы әр кездегі тұжырымдардан өзіне қажеттісін елеп ала білу.
Шешендіктің кісі көркі, ақылмен билеу өнері; тіл өнері мен сөйлеу мәдениетінің ең жоғарғы сатысы; дидарласушымыздың жүрегі мен ақыл-ойын баурап алуға, оны не нәрсеге болса да сендіруге, иландыруға септесетін бізге берілген сый; кез келген нақтылы зат туралы шебер сөйлеу өнері және сонысымен өзгелерді өз ойына ойыстыра білу; біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туындай келе, білгірліктен кейін тұратындығы; сөз бен ойға негізделетіндігі; биік дүниетаныммен, ғылым-білімді терең меңгерумен, халықтың тұрмыс-тіршілігін, жөн-жосықтарын жүйрік танумен, жалпы айтқанда адамзаттың рухани мәдениетінен мол хабардар болуымен, ой өрісінің кеңдігімен тамырлас екендігін білуі жөн. Демек, танымал сот шешені, академик Анатолий Федорович Кониге (1844-1927) сүйене айтсақ, кәсіби маманға қажетті шешендік дегеніміз – тыңдаушылардың жан-сезім әлемін сөзінің әдемілігімен, образдарының жарқындылығымен, нақыл, ғибрат сөздердің ұшқырлығымен толқытатын, баурайтын өнер, өзгеше қабілет-қарым, тума қасиет, сондай-ақ өскен ортаның, үлгілі жандардың, ұлағатты кітаптардың тағылым-тәрбиесі, өз дүние-танымының нәтижесі.
ІІ. Шешен табиғаты туралы айқын түсінігінің болуы.
Шешен қашан да қарулы жауынгердей сақадай сай қалыпта мәнді де ұлы істерді үздік орындауға және әрдайым жеңіске ұмтылуы (Квинтилиан); онда диалектиктің тапқырлығы, философтың ойы, ақын тілі, заңгердің жады, трагиктің дауысы болуы (М.Т.Цицерон); дәл де нақты дәлелдермен иландыра білу, тыңдаушылардың жан дүниесіне өтімді де батымды сөзбен ой сала әсер ету, сондай-ақ судьяның көзін жеткізуден гөрі, оның көңілін көтере рухтандыру маңыздырақ екенін аңғару білігінің болуы (М.Т.Цицерон); шешеннің парызы – шындықты айту (Платон); ал ең ұлы қасиеті – қажет нәрсені ғана айту емес, сонымен бірге қажеті жоқ нәрсені айтпау екендігін (М.Т.Цицерон) білуі тиіс.
Иә, дарынды ділмар шешен әр нәрсенің мән-мәйегі мен әсемдігін өзіне қайтара алады. «Шешен сол – сөйлер сөзден қамалмаса»,- дейді Шал ақын. Шынтуайтына келгенде, шешендер айтқан сөзі арқылы адамның ақылына қону жағын ғана көздемейді, сөздің қанға, жанға әсер етіп, арбау сияқты адамның ойын да, бойын да балқытып, билеп алып кетуге ыждаһат етерін ескеру абзал (А.Байтұрсынұлы). Шешенге орасан сезімталдық, құбылыс атаулыны жанды қалыпта елестете білу ауадай қажетті. Ол өз тыңдаушыларының бойында шалқыған шабыт, дария сезім, атқарылар іске сәйкесті құштарлық ұялатқысы келсе, ең алдымен осыны өз бойынан өткізуі тиіс. Орайлы тұста М.Т.Цицерон шынайы шешен, тума таланттың халық өмірі мен әдет-ғұрпын, салт-сана дәстүрлеріне мейлінше жетік болуын баса атайды.
Шешен шаршы топты өрнекті ойларымен иландырады, оның ұлылығы асқан шабытпен, құлшыныспен, пафоспен өлшенбек. Демек, ол көпшілікті сөзінің оттылығымен, жарқылымен, күшімен, көріктілігімен баурап алмақ. Сондай-ақ, шешен елге түсінікті болуы үшін, бүкпесіз ашық болғаны жөн. Ұзын сөздің қысқасы, шешен – тыңдаушылардың рухани дүниесін байытушы, өмірдегі, қоғамдағы алуан түрлі құбылыстарды байыбына жетіп, талдап түсіндіруші, белгілі бір ой-пікірлерді, халықтық мәселелерді жеткізуші, жан сала насихаттайтын үгітші. Бұл орайда ол - әлеуметтік-саяси тұлға (С.Негимов).
ІІІ. Шаршы топта сөз бастаудың қиындығын аңғаруы.
Терлеп көрмеген тер қадірін қайдан білсін. Кәсіби маман әркез «Көш бастау қиын емес, қонатын жерде су бар; Қол бастау қиын емес, шабатын жерде жау бар; Шаршы топта сөз бастау қиын, шешімін таппас дау барлығын» (Бұхар жырау); сөйленер сөздің «бастамасы», «ұсынбасы», «мазмұндамасы», «қыздырмасы», «қорытпасы» боларын (А.Байтұрсынұлы) білуі тиіс. Данышпан Абай айтпай ма, «сөз танымайтынға сөз айтқанша, өзіңді танитын шошқаны баққан жақсы» деп. Демек, өзгеге қарата сөз сөйлеу, шаршы топта сөз бастау қайдан оңай болсын.
Сөз екшей білу өнері тыңдаушы қауымның жүрек лүпілі мен сана-сезімінің өз жеке ойымыз бен сөзіміз арасында байланыс орната білу білігінен құралмақ. Бұл арада біз адамзат жүрегінің түкпірін жете түсінуіміз, тіпті оның әрбір қалтарысты иірімдерін сезіне де аңғара білуіміз керек, тек сол жағдайда ғана айтылмақ сөзіміз өзгені иландырмақ. Мәселен, тыңдаушыларымыздың орнына өзімізді қоя отырып, таңдаған формамыздың тақырыппен үйлесімділігін, көпшілікті елекзітіп, еліте толғандыра аларлықтай сезім тудыратындығына көзімізді жеткізіп көрелікші. Бұл ретте мүмкіндігінше қарапайымдылық пен табиғилық қалып сақтай отырып, «түймедейді түйедей» етпеуге, мәндінің құнын түсірмеуге ұмтылған дұрыс. Таңдаған сөйлеу формамыз мейлінше айқын да жарқын болғаны, мазмұнға сәйкес келуі және құрамына тек аса қажеттілерді ғана кіріктіргені жөн (Б.Паскаль). Жалпы адам нені жан-тәнімен сезінсе, ұғынса, соны ғана ол жетер жеріне жеткізіп айта алмақ. Өзі жақсы білмейтін жайды уағыздағанда ғана кісі сөз таппай қалады. Адамды ой жетектей алса, ол анық сөйлемек, ал адам ойын жетектей алса, одан да анық сөйлері анық (В.Г.Белинский). Р.Эмирсонша түйіндесек, адам модадан шығып қалмайтындай етіп сөйлеп, жазуы үшін, қашан да ақ сөйлеп, адал жазу қажет-ақ. Бұл арада атақты Аристотельдің «Платон-менің досым, алайда ақиқат орны қымбат-ақ» дейтін сөзін естен шығармау жөн.
Десек те, шешендердің жүйрік ой толғауы тыңдаушылардың талғамына тәуелді. Демек, әрбір кәсіби маман не айтарын, қашан айтарын және қалай айтарын жете түсінуі керек. Бұл ретте тыңдаушылардың назарын аудару үшін, қысқалық, ширақ сөйлеу, көңілді сергітетін қысқа да нұсқа қайырым-шегіністердің болуы алғы межелі мақсатқа жетуге еселеп жәрдемдеспек. Алғыр шешен күні бұрын тыңдаушылардың ойлары мен көңіл-күйін өткір сезінеді. Ол аса сақтықпен сөйлейді, әбден өзіне бағындырып алған соң, олардың сезім-күйлерін билеп әкетпек (П.С.Пороховщиков). Сәйкесінше кәсіби маманның сөйлеу стилі тартымды да отты болуы тиіс. Ол тыңдаушылардың ынтасын біржола өзіне қаратуы тиіс. Маман әңгімесі оқтын-оқтын шымырқанған шабытпен айтылып, қадау-қадау ой-пікірлерді жаудырып, төгіп, төпелеп жіберуі де кейде артық емес. Себебі, Н.В.Гогольға сүйене ой өрсек, «шынында асқақтық қайда болса, қарапайымдылық та сонда».
Шешен қырағы, байқампаз болса, аудиторияның шын-шырғасын шығармай уысында ұстары даусыз. Егер де шешен сөзі аудиторияға ғаламат әсер ететін болса, онда тыңдаушылардың көздері от шашып, жүздері гүл-гүл жайнап, ықыластанып, жұмсақ жымиып, бастарын изеп, қоштағандай, қолдағандай ым-ишараттар жасайды. Ыстық ықыласын, ізет-ниетін дауыстап та білдіреді. Сөйтіп, шешен мен аудиторияның құлшынысы бірдей оянып, оттай маздап, бір-бірін жетелеп, қоян-қолтық араласып, туысып кетпек (С.Негимов). Қысқасы, кәсіби маман әрі шешен ретінде оны тыңдамау, түсінбеу, онымен келіспеу мүмкін емес болатындай тұрғыда сөйлеу дұрыс.
IV. Сөз сөйлеуге даярланудың қажеттігі туралы.
Кәсіби маман небір өнер я даналық шыңына оларды оқып-үйренбей жету әсте мүмкін еместігін (Демокрит); кімде-кім өз сөзін алдын-ала дайындаса, сол-халыққа нағыз берілген, шын мәнінде халық үшін қызмет ететін жан, ал көпшілік сөзімді қалай қабылдайды дегенге немқұрайлы қараушылық – сендіруді емес, күшпен көндіруді мақсат еткендік (Демосфен) екендігін есте ұстағаны жөн-ақ.
V. Сөйлеу мәдениеті туралы ойлануы.
Сократ айтады: «сөйлеп көріңіз, мен Сіздің кім екеніңізді айтайын» деп. Демек, кәсіби маман адамның хайуанаттан артықшылығы тілі, ал оны орынды қолдана алмаған адамның хайуаннан бетерлігін (Сағди) есте ұстап, кез келген сөйлеген сөз жанды құбылыс іспеттес, ол бас-аяғы бар дене секілді және де тұтас кеуде тұсы мен аяқ жағы бір-бірімен үйлесімді де сәйкесімді әрі біртұтастыққа өрілген болып келуі заңды (Платон); жақсы сөйлеу – жай ғана естіртіп жақсы ойлау (Э.Гекан) екенін ескеруі ауадай қажет.
VІ. Кәсіби маманның ұстамды да орынды сөйлей білуі ділмарлықтан көп артық.
Шынында да, ақылды ақырын сөйлер де, жауабын күтер (С.Сарайи); Бұл ретте А.П.Чеховтың: «Мен өзімді тежеуге үйрендім, өйткені парасатты кісі өзін бетімен жібермеуі тиіс»,-дегені бар.
VІІ. Жылы жүзді, жылы сөзді бола білуі.
Кәсіби маманның сөйлеу сәтіндегі жан-дүниесінің қозғалыстары дене қимылымен ұштасуы тиіс. Бұл реттегі «От сықылды жылы болсын жүзіңіз бен сөзіңіз»,- деген Шәкәрім сөзі ой салса керек.
VІІІ. Әрбір сөздің айтылуына қарай мың сан мағынасы барлығына үңілуі.
А.С.Пушкиннің өзі мағынасыздықтың екі түрін атайды: бірі - сезім мен ойдың жетімсіздігінен пайда болар сөздің көптігі, екіншісі – сезім мен ой асып-төгіліп жатса да, оны жеткізер сөздің кемдігі. Сондай-ақ шешен нәзік құбылыстарды қатқыл үнмен айтса, не болмаса ыңғайсыз әңгімелерді нәзік дауыспен жеткізсе, тыңдаушысын иландыра алар ма еді.
ІХ. Қысқа да нұсқа сөйлеуге төселуі.
Ж.Баласағұни: «Көп сөйлеме азбен келтір иінін, Бір сөзбен шеш түмен сөздің түйінін»,- демей ме. Шын сөз қашан да – нұсқа, жақсы сөз қашан да – қысқа болмақ. Көп сөйлеген мылжың шын сөзді аз айтады (Ы.Алтынсарин). Ақылы келте адамның әдетте тілі тым ұзын болады (Аристотель). Ойшыл адам, мүмкіндігіне қарай, көп ойды аз сөзге сыйғызуға тырысып, қысқа сөйлейді (У.Ирвинг). бүге-шүгесіне дейін түгін қалдырмай айтуға тырысу нәзік сезінуге қабілетті адамды жалықтырып, намысына тиеді (Д.Люксембург). Тілінде тиегі жоқтардың бәрі бөспелер ауылынан. Ең бергісі жалған жымиып, босқа даңғырлайды (Т.Карлейль). Қысқасы, «Аз сөйлер де, көп тыңдар, қас асылдың баласы», - деп Махамбет бабамыз айтқандай, кім-кімге де аз сөйлеп, көп тыңдаған жөн. Қашан да аз сөйлеген қателеспес, аз жеген ентікпес (Ә.Науаи). Кәсіби маман атаулы ең қысқа сөздің мағыналы көзқарас екендігіне назар аударуы артық болмас еді. Демек, қазақтың Қабдоловына сүйене ой түйсек, «көп біліп, дөп сөйлеген-шешен, аз біліп, көп сөйлеген-мылжың».
Х. Үндемей қалудың да үлкен күш екендігін сезінуі.
Исократқа сүйенсек, екі жағдайда ғана сөйлеуді қолдайды: бірі - өзінің сөйлер нәрсеңді айқын ойланып алғанда, екіншісі – бір нәрсе жайында айтудың аса қажеттілігі туындағанда. Тек осы жағдайларда ғана үндемегеннен сөйлеуді мақұл көрсе, қалған тұстарда сөйлегеннен сөйлемегенді анағұрлым артық санайды. Шал ақын айтпай ма: «Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық, Бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық» деп. Иә, көп сөйлеген көп сәтсіздікке де ұшырамақ, ендеше сөзге сақ болу шешендіктен де асқақ. А.Ф.Кони мәнді ештеңе айтпағаннан, үндемеуді артық көрсе, Боуви: «Ақылды сөйлеу-қиынның қиыны, ақыл безбеніне салып үндемей қалу одан да қиын», - деп тұжырымдады. Демек, өзінің тіліне күші жетпеген адамның сөзінде шынайы шындық болмасы анық. Ұлы ойшылдарымыздың бірі Анахарсис кейінгіге тіліңді, тәбетіңді, нәпсіңді тыйып ұстау турасында ұлағат қалдырған.
Қысқасы, кәсіби педагог маманға орнымен сұрауға, көңіл қойып тыңдауға, байсалды түрде жауап беруге және басқа айтар ештеңесі жоқ кезде сөйлеуді доғаруға үйренгені абзал. Бұл орайда: «Егер айтпағаныңа бір рет өкінер болсаң, үнсіз қалмағаныңа жүз рет өкінерсің», - деген Л.Н.Толстойдың бұған жалғастыра адамдар қалай сөйлеуді үйренумен әуре болып жүр, ең басты ғылым қалай және қашан үндемеу керектігін айтуы ескеруге тұрады. Десек те, есті адам қашан да тілін тияр-ау, ойымыз тиылмасын делік.
Достарыңызбен бөлісу: |