1.Психологиялық эксперимент – сыналушы пен экспериментатордың бірлескен іс-әрекеті ретінде және оның ерекшеліктері. Іс-әрекет тұрғысынан алғанда эксперимент сыналушының психикасын зерттеп анықтау мақсатында жүргізілетін іс-әрекет. Эксперимент жүргізуде экспериментатор белсенді болуы керек, мұнда ол сыналушыға зерттеуді ұйымдастырып оған тапсырма береді, сыналушының жүріс-тұрысын жазып, нәтижесін бағалайды және қорытынды шығарады.
Әлуметтік-психологиялық тұрғыдан алғанда экспериментатор жетекшінің мұғалімнің, ойында басқарушының ролін атқарады, ал сыналушы болса орындалушының, оқушының, ойынға қатысушының және бағынушының ролін атқарады. Экспериментті экспериментатордың іс-әрекеті ретінде қарастыратын болсақ, экспериментатор сыналушыға тапсырма береді, сыналушы тапсырманы орындайды. Егер экспериментатор өзінің болжамына қызығушылығы жоғары болса, онда ол экспериментке бейсаналы түрде субъективті пікірін қосып нәтижесіне өзгеріс енгізуі мүмкін, яғни сыналушының болжамы бойынша жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Бұл экспериментатордың іс-әрекетін американ психологы Р. Розенталь “Пигмалион” эффектісі деп атаған. Бұл атау грек мифінің негізінде туған. Пигмалион деген мүсінші керемет сұлу Галатея деген қыздың мүсінін жасайды, ол өте әдемі шыққандықтан Пигмалион оған ғашық болып қалады. Содан кейін Құдайдан мүсіннің тірілуін тілейді. Құдайлар оның тілегін қабыл етіп, қыз тіріледі.
Сол сияқты зерттеуші өз болжамының расталуын қалайтын болса, онда ырықсыз түрде оның орындалуына жағдай жасайды. Мұндай жағдайды бақылауға алуға болады, ол үшін зерттеу жүргізуге экспериментатор-ассистенттер қатыстырылады, олар зерттеудің мақсаты мен болжамын білмеуі керек. Н.Фридман экспериментаторлар барлығы бірдей біліктілігі жоғары және объективті емес, мұнда басты мәселе – экспериментаторлар мотивациясының айырмашылықтары. Олар жаңаны тануға тырысқанымен де, олардың танымы, мақсаты, құралдары мен жолдары әр түрлі.