Бірінші тарау


§3. Шаруалар соғысының аяғы



бет18/24
Дата05.02.2022
өлшемі2,59 Mb.
#1789
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24
§3. Шаруалар соғысының аяғы

Шаруалар қозғалысының өрістеуінен сескенген Жәңгір хан 1837 жылы қыркүйек, қазан айларында Орынбор, Астрахань әкімдеріне хат үстіне хат жазып, Ордадағы жағдайдың шиеленіскенін айта келіп, қарулы әскер жіберуін өтінді. Бұл қалаларға ол елшілерінде жіберді. Осы көтеріліс кезінде жасаған Бердібек ақын поэмасында:


“…Жіберді Орынборға хан молдасын
Нысанбай, Балқы деген жан жолдасын…”
дейді де одан әрі әскер сұратқан хан өтінішін айтып:
… Бұл сөзге губернатор қиналады,
Тастамай сөзін жерге түйіп алды,
Үйшікпен Орынбордың арасынан,
Бір күнде 500 солдат жиып алды, - деп оқиға желісін
дұрыс баяндайды.
Орынбор губернаторы Перовский оған бір күн ғана дайындалған жоқ. 1836-1837 ж.ж. Орынбор, Перьм губернияларында орыс шаруларының стихиялық қозғалысы басталып, мыңдаған шаруа қарулы патша әскеріне қарсы шықты. Николай бірінші бұл қозғалысты басуды генерал Перовскийге міндеттеген. Жазалаушы әскери күштің бес командасышы болған Перовский Кіші жүздегі қозғалысқа тиісті күш бөлуге мүмкіндігі болмаған. Орыс шаруаларының қарсылығын жойып, 1837 жылдың жазынан Перовский ішкі тараптағы қазақ шаруаларының көтерілісін басуға дайындалды. Ең алдымен Жайық бойындағы барлық қамалдар, бекіністер тексеріліп, күшейтілді. Оқ дәрі, зеңбірек әзірлігі қаралады. Әскер линиялары бойында қарауыл мұқиятталды. Қазақ әскерлерінің ат, көліктерінің, азығының, қару-құралдарының сыйлығы тексерілді. Төменгі Жайық линиясынан 600 солдат, Орта Жайық линиясынан 800 солдат дайындалды. 1837 жылы 18 қазанда соғыс губернаторы полковник К.Гекені жалаушы отрядтардың командасы етіп тағайындады. Сонымен патша әкімшілігі шаруалардың бірнеше хатын ала отырып, олардың өтінішін ескерусіз қалдырды да, күшпен бағындыруға шықты. Оған дайындық бірнеше ай бұрын басталған 1837ж. тамыз айында Орал әскеріне зеңбіректерді дайындау, қамал, бекіністерді даярлау туралы жарлық болған. Енді Орал әскерінің полктарының жауынгерлік дайындығын тексеріп, солдаттар іріктеуге бұйрық берілді. Үйшіктер /Гурьевтен/ Текеге /Уральскіге/ дейінгі әскер дайындалып, жинақтала келді, командирлері белгіленді. Губернатор патша үкіметімен көтерілісті басу жоспарын келісіпте алады.
Шаруалар соғысы қызу қарқын мен өрши келе ханның ордасына келеді. Үстем тап үшін дүниедегінің бәрін құртатын нашарлардың ызасы қайнай келе, емірене жетеді. Ашынған шаруалардың бір тобы ханның көп жылқыларын іздеп, Тарғын өзені өңірін шарлады. Екінші тобы көрші татар, қарақалпақ, қалмақ байларынан еңбегі мен өшін алуға кетті. Сөйтіп, бұл күрес тек қана қазақ үстем табына қарсы бағытталып қоймай, қазақ шаруаларын аяусыз қанап, озбырлық істеген басқа ұлт байларына бағытталған. Төменгі Жайық дисстанциясының командирі ротмистр Акутин өзінің 13 қазанда жазған рапортында “Исатай өз адамдарын бөлімдерге (қосымша) бөліп, бүкіл Самар даласын кезіп жүр , - деп мәлімдеді. (2:162) Бүкіл шаруалар көтеріліп, жиылып хан ордасын шабуға келеді. Қазанның 25-інде көтерілісшілер Жасқұстағы Жәңгір хан ордасын жағалай орнығады. Ордадағы жүзбасы Голубаевтің сасқанында Астрахань казак әскерінің атаманына жазған рапортында Исатай 3000 адамымен 28 қазан күні хан ордасына 6 км дейін жақындап келіп, қоршап алғанын және сыртпен ешбір қатынас жасатпайтынын мәлімдеген (3:312) Үстем тап әбден есі кетіп, шақырған әскер, көмек келмей сасады. Хан өз ордасынан қашуға жиналып, күймесін жектіріп, атын ерітіп қойған жерден Шыман Орманов деген сұлтанның ақыл берген хаты келіп, атынан түскен екен дейді ел аузындағы аңыз. Қалайды, Шыман, Шомбал т.б. ханға қашпа деп үгіттеп, Исатайды өтірік уәдемен алдарқатуды ұсынған. Архив деректері де бұл пікірді растайды. Шомбал Исатаймен келісім сөздер бастайды. Исатай Шомбалды хан ордасына тастап шығуға көңдірмек болады, ал, Шомбал сөзді көбейтіп, уақытты соза береді. Бұнымен қатар Жәңгір хан көтерілісшілерге елшісін жіберіп. “Халқымның не тілегі бар екен, айтсын, өкілдерін жіберсін, ойланайын, талқылайық” – деп мүләйімсиді. Ханның ұсынысы кен нандық көтерілісшілерге үлкен ой салады. Бір жағынан ханның қорыққандығы байқалады, екіншіден, Жәңгір әуелден екі жүзді кісі екендігі көтеріліс басшыларына аян, бұрын талай алдаған. Бірақ, патшаның қарулы күшіне сүйенген Николай 1-патшаның сенімді досы Жәңгір хан мен күш қолдануға езілген шаруаның санасына симайтын іс. Жәңгірді патша генералдары да ескерген, жаратпаса да басқа хан, сұлтандарға көрсетілмеген сыпайлық жасалған. Бұндай адамның өлімнің арты қарапайым, қарусыз шаруаларға не болары белгілі. Міне осындай көптеген жайлар көтеріліс басшыларын көп толғантса керек. Ел өмірінде аса бір жауапты кезең туады. Кәриялардың айтуынша Исатай, Мақамбеттің хан ордасын шабу ойы болмаған. Талай жылдан азуын қайрап жүрген шаруалар орданың быт-шытын шығарып, ханды өлтіруден тайынбайды – дейді Сейтім Тәкеев, - бірақ арты не болады. Хан патшаның кісісі, өлсе оның кегін алам деп елді қырады ғой” Сосын, - дейді Бірәлі Мергенов (Жаңақала) жер бөлу т.б. мәселені кім шешеді? Ал, Т.Шамшиденов кәрия, - Исатай, Мақамбет жұрттың ызғарын көз алдына көрсетіп, ханды ырайынан қайтару, көп алдында шарт қабылдатып, хаттау жөн деген. Мақамбет бұл тактиканы қолдаған, бірақ оны жүзеге асыру тәсілі өзге, тез жиылып түгел барып, хан сарайын қоршап, ханның өзімен көп алдында тілдесіп, өз талаптарын орындату, шарттасу. Ханның бір сөзіне сенуге болмайды, - деген Мақамбет, - ол жылпыс, зымиян, талай жұртты алдаған. Сондықтан бұқара тарамай тұрғанда, қызу басылмай, мақсатымызға жетейік, - десе керек дейді. Аманғали Құттықадалиев (Балқұдық, Атырау), Шыңғыс Көжеков (Қарабау). Бірақ саяси күрес тәсілін білмейтін Истай т.б. бұл мәселені “ұзын арқан, кең тұсау” стиліне салады. Мақамбет аламан қызуы, белсенділігі ұзаққа бармайтынын ескеріп, күні бүгін ханға барып көп күшін көрсетіп, қан төкпей бейбіт жолмен мақсатқа жетуді көздеп, шабар күнің бүгінді, бүгіннен қиынды. Хан қара шұбар жыланды, қайырылып шапса жаманды , - депті. Өйткені сыпайы сөзді хан түсінбейді деп есептеген. “Оқымысты” Жәңгірдің ақылы жетпеген мәселелерге сауатсыз Исатайдың ақылы жетіп тұр ғой. Бір тобы – ханның ұсынысын ескеріп, тілегімізді айтып хат жазайық, ескерер 10күн рұқсат берейік – десе, Мақамбет тобы – басталған күресті аяғына жеткізіп әуелде – талай бізді алдап, арбап, аяусыз қанап, зорлық жасап келген Жәңгірді, үкіметі мен жою үшін атқа міндік. Хан белгілі зымиян жауыз кісі: уақыт ұту үшін алдап отыр, сенбейік, күні бүгін шабу керек - деп шақырады. Мына жағдайда Мақамбет ханның тағы алдап отырғанын әшкерелеп. – Хан баласының сөзіне шануға болмайды. 25 рудан осынша адам Иса-еке Сізге еріп келді, бұл не болғаныңыз. Хан сасып, тізе бүкпек түгел тағынан түссе де сенбейміз. “Бірақ көтеріліс басшысы Исатай аса бір сақтық жасамай, ханға хат пен халық атынан тілек” – мұңын жазып, 10 күн мерзім беруге ыңғайланады. Мақамбет бұған көнбей, атына мініп көтерілісшілерді жинайды.
Кейін ол Исатай атынан:
“Жасқұста барып кіргенде,
Арыстандай ақырған
Айбатыма шыдамай
Хан баласы жылады-ай,
“Ай жанды қи” – деп сұрады-ай.
Хан тілегін бір жолға
Беремін деп мен тұрдым.
Аруағың ұстап арындап,
Көк бедеуді бауырлап,
Шамырқанып шарт кетіп,
Шабамын деп сен тұрдың, - деген жолдар сол кездегі арпалысты дұрыс көрсетеді. (4:68) Күн тәртібіне – хан ордасын шабу қойылады. Көп айтыстан кейін көтерілісшілер. Исатай басшы білсін, өз шешесін, - деп қаулы алады. Сонымен хан мен арада сөйлес (келіс сөз) басталады. Көтерілісшілердің бір тобы ханға хат жазуға отырып, өздерінің бастарынан өткен зорлықтарының бірқатарын тізеді. Сөйтіп қымбат уақытты өткізеді. Екінші тобы Исатайға риза болмай кетіп қалады. Олардың ішінде Қараторғай батыр Мәмбет ұлы /Алаша/, Науша батыр Қаржау ұлы /Байбақты/ т.б. болған. Екпіндері өршіп келген көтеріліс қарқыны сөйлес (келіссөз) кезінде бәсеңдеп, көтерілісшілердің қатары бытырай бастайды. Мақамбет толғауында сол кез былай суреттеледі.
“…Әй, Мақамбет сеніңде,
Сөзіңе құлақ салмадым…
Бұрала біткен емендей,
Қисық туған сорлы ағаң,
Хан сөзіне сенгенім,
Он күн мұрсат бергенім.
Әскерімді таратып,
Бекетай құмға кіргенім.
Он бір күнге қаратып.
“Бекетай құмға келгенім”, - дейді. (5:62)
Сөйтіп, көтерілісшілер қолы ыдырап, топ-топ болып хандықтың әр бөлігінде күресін жалғастыра береді. Бір тобы 500-дей адам Тарғын өзені, “Бөгде” тауы маңында, екінші тобы “Қаражар” жағында, үшіншісі – Солтүстікке Сары өзен өңірінде қимыл көрсетіп жүреді. Сөйтіп күрес тоқталмайды.
Енді Орынбор әскери губернаторы Ішкі тараптағы көтерілісті басуға мүмкіндік алады. Жайық әскерінен 400 солдат жасақталып, Кулагинге жиналады. Төменгі жайық дистанциясынан 600 дайындау Нарынға шығу бұйырылды. Жазалаушы әскер бөлімдерін басқару үшін Текеден қосымша 6 есаул, 5 жүзбасы, 7 хорунжий 12 урядник жіберіледі. (6:197) Ал, бұл әр жерден жиылған жазалаушы әскердің командашысы етіп губернатор өзінің көмекшісі, сол кездегі әскери сауаты толығырақ подполковник Гекені тағайындайды. Ол линияға келгенше жазалаушы отрядтарды басқару міндеттеледі. Ол полковник Меркуревке 400 солдатпен Кулагиннен Самарға одан Жаманқұмға қарай шығады. Хан әуелі Исатайдың т.б. басшылардың семьясын ұстауды өтінген. Сол үшін Исатай ауылын білетін. Семьясын танитын сенімді кісісін Меркурьевке жібереді. Горскийден тағы 235 солдат, зеленовтан 200 шығып ол да ішкі хандыққа бет алады. Төменгі Жайық дистанциясынан 150 солдат шығып, Өзен әскер линиясына /Глинянскийге/ қарай жүреді. Сөйтіп Жайықтан жазалаушы әскер үш колонна болып 24-31 қазаннан бастап он күндік азығымен шығады. Бұлардың артынан 40 солдатпен 2 зеңбірек қызметшілері мен шығады. Осы уақытта Астраханнан Қарабайлы, Басқұншақ арқылы 300 солдатпен полковник Алиевтің басқаруымен Хан ордасына бет алады. Орынбор әскери губернаторының бұйырығы бойынша бұларға қосымша 2-ші резерв күші және дайындалып, ол әзірге Жайық өзені бойында күзет, бақылау ісіне пайдаланылады. Қажет уақытында аттануға олар дайын тұруға бұйырылған. Бұның үстіне 200 казак Клмыков бекінісіне шығып Кіші жүздің Батыс бөлігінің билеуші - сұлтаны Баймағанбет Айшуақов қарауына беріледі. Ол да Исатайлықтарды Жайықтан өткізбеуге, өте қалса артынан осы отряд және өз адамдарымен қууға тиісті болады.
Сонымен көтерілісшілерге қарай патшаның арамза қара күші төніп келе жатты. Ал, көтерілісшілер болса бытырап, әр жерде өзінше қимыл жасап жүр. Нарын құмының шығысына жіберілген бақылау, барлау үшін жіберілген қосындар бейқам болды. Орданың айналасына мықты бақылау қойған мен үлкен жолдар бойына қатаң бақылау, немесе торауыл болмады. Жалпы, соғыс барысында барлау, торауыл, тосқауыл секілді әскери амалдар қолданды. Соның нәтижесінде Орал казак әскерінің, ханның талай тыңшыларын ұстапта алды. Қазанның басында Өзен әскер линиясының командирі Сумкин жіберген 2 казак әскерін исатайлықтар тұтқындап алған. Орал әскері көпке дейін көтерілісшілерге көп тыңшы жіберсе де, олардың мекені, күші, қимылы туралы нақты, толық мәлімет ала алмаған. Тек Нарында тұрған билер ғана оқтын-оқтын рапорт жіберіп тұрған. Бұл көтерілісшілерде аз да болса белгілі бір әскери тәртіп, тактика барлығын бақылауға күзет, тосқауыл болғанын көрсетеді. Көтеріліске татар, қарақалпақ, орыс солдаттарының қатысқанын айтады. Мысалы, татардан Исатайдың екі жәрдемшісі болғанын біледі. Поляк тұтқындары да болды. Бұған қарамастан көтерілісшілердің күші бытыраңқы еді. Содан келіп тәртібі нашарлап, күші әлсіреуі де. Көтерілісшілер Жасқұста, орда түбінде жатқанда Орынбордан шыққан подполковник Геке Кулагин қамалына келіп, жағдайымен сырттай танысып, 26 қазанда Өзен әскерінің Сары айдын қасындағы Глинянский бекінісіне келеді. Бұнда Геке Исатайдың Жәңгір ханмен келіссөз жүргізу әншейін уақыт өткізу, негізгі ойы – Жайық өзені қатқанша жиналып, жорыққа кесел болатын мал, дүниелердің бәрін жойғанын, тыққанын естиді. Көтерілісшілер тастап, киіз үйлерін тек шағын қостары бар, қойларын сойып алған, жылқыны да іріктеп жолға жарамдысын ғана қалдырған көрінеді. Су қатысымен Исатай жоспары хан ордасын талқандап, көтерілісшілер мен Жайық өтіп кетуге болады (7:203). Бұл ой сірә ханға да белгілі болар, бірақ ол өз басын аман алып қалу амалы мен әлек болды. Жәңгір Орынбор әскери губернаторына 27 қазанда /1837ж./ тағы да хат жазып, онда көтерілісшілер саны көбейіп бара жатқанын және олар хан ордасын барлық жағынан қоршап алғанын мәлімдеген. Сонымен, дейді хан қоршауда қалдым, мүмкіндігінше орданы айнала аралап, жеңіл қорғанмен бекітіп жатырмыз, ал, казак отряды мен тұрғындар бір аптаның үстінде күндіз-түні қатаң қарауыл жасауда, - деген. Көтерілісшілер саны азаюымен қатар, олардың қимылы тоқтамайды. Алаша руының Көшетер Құдайбеков басқарған шаруалары Өзен әскер линиясының орталығы Глиняньге шабуыл жасамақ болады, бірақ сәтсіз аяқталады.
Исатайдың оймен ханның жағдайынан азда болса хабар алдаған Геке, Жәңгір мен оның сыбайластарына қуат беру үшін негізгі отрядтың келуіне қарамай өзінің 2 казак қарауылы мен Ордаға шығады. Гүлденіп жүріп Геке ордаға барады. Келсе, хан мен сұлтандардың, билердің зәресі ұшып, естері кеткен, үміт үзген. Геке 1-қарашада Исатайға ұрысып хат жазайын дегенде Жәңгір қалшылдап: дөрекі, қатты сөз жазып, өршітіп алмаңыз, тіпті хат жазбай-ақ қойсаңызшы соған деп жалынды. Геке рапортынада екі жаққа кісілерін жіберіп, шарттарын айтысып сөйлесіп жүргенін айта келіп, өзіненде Исатайға хат жазғанын губернаторге мәлімдеген. Онда губернатордың бұйрығын беру үшін және сөйлесу үшін Исатайды ең басты адамдарымен Ордаға келіп, жолығуын талап еткенін мәлімдеді. Исатай 2 қараша күні Гекеге жазған жауабында оның Ордаға келуі өзі үшін қатерлі екенін, өйткені 31 қазанда 100 көтерілісшіге хан адамдары шабуыл жасап, бірталай шығын болғанын, 1 қарашада осындай шайқас болғанын жазған. Бұл шайқас барлаушылар мен сосқауылдық кездесуі болар. Ал, жалпы, тыныштықтың орнауы үшін, - деген Исатай одан әрі, көтерілісшілер ханға өздерінің өтінішін жіберді. Осыны орындау келісім, - дегенді аңғартады. Сонымен көтерілісшілер көп уақытын сөйлесу өтініш жазу мен босқа өткізеді.
Хан мен Геке көтерілісшілерді алдауратып сөйлесе жүріп уақыт оздыру мен қатар, өз қарауындағы әскерін соғысқа дайындай береді. Жан-жақтан ордаға қашып келген ханның сенімді адамдарынан Геке бөлек отряд құра бастады. Бұған сұлтандар, байлар, билер мен олардың адамдары кіреді. Бұл уақытта көтерілісшілерге қарсы ішкі тарапқа жан-жақтан патша әскері құйылады. Астраханның бірінші полк командирі полковник Алиевтің басқаруымен 300 солдат зеңбірегімен Жасқұсқа шығады. Полковник Меркульев Жаманқұмға барып, көтерілісшілердің 40 семьясын тұтқындайды. Бұл хабар орда түбіндегі көтерілісшілерге жеткенде олардың қатары қожырай бастады, Исатай ыдыратып алған өз қосындарын жиналмай, 300 ғана адаммен 5 қарашада Жасқұстан Жаманқұмға шұғыл кетеді. Сөйтіп, он күндей орданы қоршаудан, келіс сөзден нәтиже болмайды. Көтерілісшілер 8 қарашада Жиделіде Меркульев отрядын қоршап, айнала өрт қойып, жүргізбей, ақырында шабуыл жасап, екіге бөлу қауіпін төндіреді. Полковник әуелі келіс сөзбен алдарқатып, кетіп қалмақшы болады. Бірақ шаруалар: “Бізге не қыласыңыздар да мейліңіз, әйел, бала-шағаға, кемпір-шалға тимеңіз”, - деп шарт қояды. Амалы таусылған полковник, өз әскерін сақтау үшін тұтқындағы ауылдары малымен босатады.
Шала сауатты полковник Меркульевтің 9 қарашада Ақбалық мекенінен жазған рапортында көтерілісшілер үюлі шөпті өртеп басқаларына жиналуға белгі беріп, көп кісі жинап, біздің ізімізге түсті, қудалап бізді бөлшектеп жібере жаздады дейді. (9:305) Меркульевтің отрядын көтерілісшілер өкшелей, солдаты бар, зеңбірігі отряды қаша қорғануға мәжбүр етті. Гекенің губернаторға берген рапортында Меркульев көтерілісшілердің қысымынан амалсыз линияға қарай шегінді. Содан бағытын білініп, байланысып, өзіме отрядын қосып алдым деген.
Бұл кезде Астраханнан 300 әскер зеңбірегімен және шығып, жолшыбай көтерілісшілердің басқа тобымен кездесіп, Ордаға қарай асықты. Бытыраған көтерілісшілер топ-топ болып әр жаққа тарап, әркімнен өзінің кегін, өшін алуға кетті. Бұлардың ішінде Ахмеров, Аминов, Фатколла секілді Қарақалпақ шаруалары болған. Бірақ, қалмақ, татар, қарақалпақ, орыс байлары мен Астрахань басшылары бар кінәні көтерілісшілерге жауып, кейін қазақ шаруаларынан таланған малдарын өндіріп беруді талап етеді. Подполковник Геке 450 адамымен 7 қарашада Ордадан шығып, “Теректі” қонысына қарай жүреді. Жолшыбай ол линиядан келген 234 адамнан құралған бір отрядты, одан кейін 2 зеңбірекпен келген 40 солдатты қосып алады. Геке 12 қараша күні Теректі құмына жетіп, кешіне Меркульев отрядымен кездесті. Сөйтіп, ол 400-ден астам хан адамына 700 солдатты және көптеген хандық адамдарды жиып алады. Енді жазалаушы отрядтардың негізгі күші біріккен, олардың жалпы, саны 2 мыңнан асады. Геке ертеңіне Жаманқұмға жетіп, көтерілісшілерді іздестіріп, қолға түскендерден Исатай болмай шығады, ол 25 шақырым жердегі Тас төбеде /Тас оба деп те жазылған/ деген мәлімет алады. Түнгі 2-де Геке 2000 әскері мен Бекетайдан аттанып, 15 қараша күні таңда Тастөбеге келеді. Геке әскерімен Тастөбеге жақындағасын төрт шақырым жерде көтерілісшілердің қалың тобын көреді, олардың жалпы, саны 500 адамдай көрінеді. Ал, Гекеде қарулы 2 мыңдай адам, зеңбіректер. Бірақ көтерілісшілер өздерінен бірнеше есе басым күшті көріп саса қоймайды. Гекенің губернаторға жазған рапортында: - олар аттарына мініп, көлденең деп ойнақтатып, жазалаушылар мен күреске әзірлігін білдіргендей болады, - деген. Геке өз әскерін сапқа тұрғызып, екі зеңбірегін көрсетпей қалақайлап қояды. Көтерілісшілер шабуылды өздері бастайды, әуелі мергендер шығып қатарлана бірнеше рет мылтық атады. Патша әскері бұған қарсы зеңбірек атады, бірақ көтерілісшілер оған үркей қоймайды. Казактар, Гекенің айтуынша, тықыршып шыдамай, команданы тыңдамай алға ұмтылғыштап, шайқасуға асықты, - дейді. Зеңбіректен нәтиже болмағасын солдаттар командамен атакаға ұмтылады. Бірақ, - дейді бұдан әрі Геке, - атқа жақсы отыратын және найзаны шебер ұстайтын киргиздер (қазақтар И.К.) солдаттардың қатарын қаусата береді. Солдаттардың ә дегенше пысы басылып, қарқыны қайтып, сапы іри бастайды. “Біздің арамызда абдырау пайда болды”, - дейді одан әрі Геке. Кейін ол – біз күйреу алдында тұрдық” деп мойындады. Жазалаушыларға жеңілу қауіпі төне бастайды. Геке бұны сезген, күш алу үшін шапшаңдатып 2 зеңбіректі көрсетпей жақындатып бір дөңнің басына әкеліп алады да, жақыннан туралай картечь пен дөң басынан атып, тигізе алмай, сосын дәл көтерілісшілердің қалың тобына залппен 2-3 реттен дәл атады. Сол жерде көп адам шапқан жусандай жайрап қалады. Табанда көптеген көтерілісшілер қаза болады, жараланады. Исатайлықтардың аралары ажырап, қатары бұзылып, саптары сетінеп, реттері қожырай бастайды. Сол уақытта бұны көріп солдаттар есін жиып алады. Гекенің бұйырығымен олар тағы да атакаға шабады. Қатары селдіреген көтерілісшілер амалсыз кейін бұрылады. Исатайдың оң қолына оқ тиіп, аты жараланады. Ол атын ауыстырып, қайта ұмтылғанша көтерілісшілер шегініп баратады. Бұл соғыста 50-60 адам өледі, ішінде Исатайдың 20 жасар баласы Ақай да бар. Өзінің бір мақаласында А.Якунин оның аты Ақай деп жазған. Солдаттар кері шегінген көтерілісшілерін 7 шақырымдай қуып, шаршап, кері негізгі тобына қайтады. Геке бұл шайқасты толық жеңіс деп есептемейді. Орал әскерінің төменгі дистанциясының бастығы Акутинге жазған хатында Геке: біз күйреуге аз-ақ қалдық – деген. Көтерілісшілердің бұл ұрыстағы жан қиярлығына, батылдығына Геке өте таңқалады. Тас төбенің қасында 7 шақырым “Қос құлақ” деген жерден ол соғыс губернаторіне жазған рапортында – көтерілісшілер “өздері мен семьясын қорғаймын деп шамадан тыс іске, зеңбірекке қарсы батылы баруы, олардың соншама ашынғандығын көрсеткендей” – деп мойындайды.
Көтерілісшілер ыдыраған ақаттарын бұдан кейін де Исатай біріктіріп, қайта құрамақ болады. Бірақ шаруалар әр жерде өзінше күресіп жатады.
Патша мен хан адамдарының қудалауынан жасырынып, Исатайлар Жайық асамыз деп бірталай адамдарынан айырылады. Исатай борандатып Жайыққа жақын тұратын Құрақ Маябасов деген азаматтың үйіне келіп: “бізді Жайықтан өткіз жолын білесің?” – деп өтінеді. 1837ж., 13 жетоқсанда Құрақ бұларды Жаманқала қасындағы “Сарытоғай” жағасына келіп, көк мұз үстіне киіз төсеп Жайықтан өтеді. Бұлар 50 шақты адам, жолай Сүйін деген қосылған, ол түйесі жығылып кейін қалады. Сол арада жолды қарауылдап жүрген 2 казак келіп, мылтық атып отряд шақырды да, мытқып жүрген Сүйіндіні ұстап алады, қасындағы 2-3 адам тоғайға тығылады. Сүйін Текеге барғасын кімдер өткенін айтады. Исатай әккі Баймағанбет сұлтанның отрядын “із тастап” адастырып, екіге бөлінеді де, құтылады. Бірақ, Жақия бастаған топ, Шектінің Шонты Жамантаев ауылына барып, 12 кісі паналап еді оларды ұстап береді. Олардың ішінде Исатайдың әйелі Несібәлі, екі ұлы Жақия, Дінбаян, Есмайыл, Сүлеймен Өтеміс ұлдары, балдызы Бағлан, Еділ Сартұлының балалары Ерше, Нұрша, т.б. бар. (12:476) Жігіттерін Текеге жөнелтеді. Несібәлі мен Дінбаянды губернатор Баймағанбет қарауынан Нарынға Жәңгір ханға жібертеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет