4. Материяның өмір сүру тәсілдері мен формалары
Объективтік дүниеде үнемі қозғалыста болатын материядан басқа ештеңе де жоқ. Қозғалыс – материяның ажырамас, мәнді қасиеті, атрибуты, өмір сүру тәсілі. Ол да материя сияқты жоқтан бар болмайды, жоғалып кетпейді.
Сонда қозғалыс дегеніміз не? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мысалға жүгінейік: атомның құрамында ядро мен электрондар өзара байланысты болатыны белгілі. Оң зарядты ядроның төңірегінде түрлі энергетикалық деңгейлерде теріс зарядты электрондар қозғалыста болады. Атомдардан молекулалар, олардан түрлі заттар құралады. Тірі организмдер өз құрамындағы молекулалардың, клеткалардың және түрлі органдардың байланысы нәтижесінде өмір сүреді. Адамдар арасындағы өзара қатынастар, олардың іс-әрекеттері мен қызметі негізінде қоғамға тән процестер жүріп жатады. Сансыз көп түрлі заттардың, құбылыстар мен процестердің өзара байланысы нәтижесінде болмыстың біртұтастығы, тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Сонымен бірге кез келген заттардың, құбылыстар мен процестердің құрамында үнемі өзгерістер жүріп жатады. Құрамдас бір бөлшектер дәл сол күйіндегі өмір сүруін тоқтатып, басқа сипаттағы объектіге айналады, екінші біреулері жаңадан пайда болып жатады, т.б. Байқап отырғанымыздай, қозғалыс жай ғана заттар мен денелердің кеңістіктегі орын ауыстыруымен шектелмейтін кең ұғым. Қозғалыс дегеніміз – кез келген өзара әсер, өзара байланыс, кез келген өзгеріс. Материя өзін тек қозғалыс арқылы білдіріп, біздің санамызға, түйсік-сезімдерімізге әсер ете алады
Қозғалыстың ішкі өзіне қарама-қарсы бір сәті – тыныштық. Тыныштық қозғалыстан бөлек те, бірге де емес, ол- барболғаны қозғалыстың бір сәттік тұрақтылығы. Материя қозғалыстың бір түрінен екіншісіне ауысып отырады. Дамудың нәтижесінде жансыз материядан жанды материя пайда болады. Жанды материя жансыз материяға айналады. Осының бәрінде тыныштық сәті бар. Жер шары Күнді өзінің орбитасымен айналуда. Жердегі денелер, құбылыстар мен процестер, әрине, онымен бірге қозғалып отырады. Бірақ олар Жерге қатынасында тыныштық қалпында. Адам қозғалмай, тыныш отыр дегеннің өзінде оның ой жүйесі жұмыс істеп тұрады, тыныс алуы, қан айналымы, жүрек соғуы тынымсыз. Сондықтан да қозғалыс абсолютті, ал тыныштықтың өзі де – қозғалыс, оның бір сәті, бір сәттік тепе-теңдігі. Ендеше, тыныштық-салыстырмалы, өткінші. Тыныштық-бір жағдайда, бір қатынаста ғана тыныштық, басқа қатынастардың бәрінде ол да қозғалыс.
Қозғалыс туралы, оның материяның ажырамас қасиеті екені жөнінде ерте заманнан бергі ойшылдар құнды пікірлер қалдырған болатын. Алайда олардың бәрі дерлік қозғалысты кеңістіктегі механикалық орын ауыстыру деп түсінді. Олар материяның өздігінен қозғалуының ішкі қайнар көзін ашып, түсіндіріп бере алмады. Қозғалыс материяға сырттан берілетін, әсер туғызатын белсенді күш ретінде қаралады. Мұндай көзқарас дүниені о баста қозғалысқа келтірген алғашқы бір күштің болғаны рас деген тұжырымға тоқтайтыны сөзсіз еді. Ал шын мәнінде, материя бар жерде қозғалыс та болады, оның себебі, бастау-көзіматерияның өзінде.
Қозғалыстың табиғатын түсіну жолында философия тарихында алуан түрлі, тіпті қарама-қайшы көзқарастар қалыптасқан болатын. Мәселен немістің белгілі жаратылыстанушы ғалымы Освальд негізін қалаған энергетизм философиясы қозғалысты материядан бөліп алып қарауға, материяны энергияға айналып кетеді, ал энергия болса материя емес , ендеше материяғайып болады дегенді дәлелдеуге тырысқан болатын. Осы заманғы кейбір энергетизм философиясын қуаттағысы келетін ғалымдар да Е= формуласын өздерінше түсіндіргісі келді. Олардың пікірінше, жарықтың жылдамдығы тұрақты коэффициент болғандықтан, бұл формула материя мен энергияның өзара баламалылығын білдіреді. Немесе олар электрон мен протонның фотонға айналуын (>Ф) да материяның жойылып,ғайып болуы деп есептейді. Бұл жерде энергетизм өкілдері методологиялық қате жіберіп отыр. Біріншіден, энергия материядан бөлек, одан тыс болмайтын нәрсе, ол материяның қасиеті, қозғалыстың сан өлшемін білдіреді. Материя бар жерде қозғалыс та бар, ендеше энергия да бар. Екіншіден, бөлшектердің фотонға ауысуы бар болғаны материяның бір қалпынан, яғни заттық қалпынан – екінші, өрістік қалпына өзгеруін көрсетеді.Материяның өмір сүруінің көптеген қалыптары мен түрлері, оның жүйе есебінде ұйымдасуының әртүрлі материялықдеңгейлеріне сәйкес қозғалыстың да сапалық көп түрі болады. Бұл мәселені тереңірек зерттеп, бір арнаға түсірген неміс философы Ф. Энгельс болатын. Ол материя қозғалысының негізгі бес түрін жіктеді: механикалық (кеңістікте қозғалып, орын ауыстыру), физикалық (электромагнитизм, гравитация, жылу, т.б.), химиялық (атомдар мен молекулалардың затқа айналуы), биологиялық (тірі организмдегі зат алмасу) және әлеуметтік (қоғамдық өмірдегі өзгерістер және ақыл-ой) қозғалыстар. Бұл жіктеу өз маңызын әлі сақтап келеді, сақтай да бермек. Сондай-ақ ғылымның дамуы, адам практикасының жемісі материяның ұйымдасып, жүйеленуінің жаңа сапалық түрлерін аша беретіні сөзсіз. Олар жоғарыдағы жіктеуді толықтырып, тереңдетіп отырмақ.
Жалпы алғанда қозғалыстың түрлерін ғылым салалары зерттейді. Сондықтан оларға тоқталып жатпай, айта кететін бір нәрсе: философия тарихында жасалған ең терең әрі мәнді төңкеріс – материяның әлеуметтік, қоғамдық түрінің ашылуы, басқаша айтқанда, адамзат тарихын материалистік тұрғыдан түсіндіру. Қоғамның материалдық негізінің неде екенін ашу – материяны затпен парапар деп ойлаудан үзілді- кесілді бас тарту, оны материя туралы ғылыми көзқарастың пайда болуы деуге болады. Қоғамдық өмірдің негізі – адамдардың материалдық өндірісі, табиғатты, қоғамды, яғни адамдардың өздерін өзгерту қызметі. Сондай-ақ адамның санасы да оның болмысын бейнелеп, оның болашақ жобаларын идеалды түрде жасай отырып, адамдардың материалдық өмір процестерінде белсенді әрекет жасайды. Осы тұрғыдан алғанда адамның ақыл-ойы да қозғалыстың ерекше түріне жатады.
Қозғалыстың формалары өзара тығыз әрі күрделі байланыста болады. Физикалық қозғалыc өз құрамында механикалықм қозғалысты, химиялық қозғалысы-механикалық және физикалық қозғалысты қамтиды, т.б. Ең жоғары әлеуметтік қозғалыстың құрамында алдыңғы формалардың бәрі өз бейнесін табады. Басқаша айтқанда, материяның тарихи дамуы төменгі деңгейден жоғары деңгейге өткен сайын қозғалыстың түрлері де бір сападан екінші, жоғары да күрделі сапаға ауысып отырады. Сондықтан да қозғалыстың неғұрлым жоғары түрлерін оның төменгі түрлерінен әсте де бөліп алып қарастыруға болмайды. Оның үстіне жоғары түрлерді төменгі түрлері мен тепе-тең етіп қарастыру да қате. Мәселен, электронды есептеу машиналары қаншалықты жылдам әрі «қабілетті»болғанымен, оларды адам миымен теңестіруге болмайды. Электронды есептеу машиналарында механикалық-физикалық-химиялық процестер жүріп жатады, ал адам миының қызыметі ең жоғары қоғамдық қозғалыс түріне қатысты.
Достарыңызбен бөлісу: |