Қонысбаева Д.Т., Қостанай мемлекеттiк педагогикалық институтының биология кафедрасының меңгерушісі, б.ғ.к.
Жарылғасова Г.Д., экология кафедрасының доценті, б.ғ.к.
Оразбаев К.Ш., агрономия кафедрасының профессоры, а.-ш.ғ.к.
Сұлтанғазина Г.Ж.
С 89 Биология (Ботаника). Оқу - әдістемелік құралы. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттiк университеті, 2010. - 98 бет.
Оқу - әдістемелік құрал Биология (Ботаника) пәнінің бағдарламасы негізінде шығарылған. Теориялық материалдар, практикалық тапсырмалар және бақылау сұрақтар осы ғылымның маңызды тарауларын толық қамтиды.
050801- Агрономия мамандығының студенттеріне арналған.
Кіріспе
Жоғары оқу орындарында қазақ топтары мен бөлімдерінің ашылуына байланысты, қазақ тіліндегі арнаулы оқу құралдары аз болғандықтан студенттер көп қиындықтар көріп жүр. Ұлттық тілді, мәдениетті, ғылымды дамытуда, жастарды өз тілінде оқыту мақсатында, жоғары сапалы білімді мамандар дайындауда осы оқу құралдың маңызы зор. Осы себепті «Биология (Ботаника)» пәніне арналған оқу-әдістемелік құрал шығарылды.
Студенттерге арналған бүл оқу құралындағы зертхана сабақтарының мазмұны ботаника пәні бағдарламасына сәйкес қүрастырылған.
Зертхана сабактарына арналған оқу құралдың мақсаты: студенттер әр жұмысты орындай отырып, өз алдына практикалық, дағды алуына, зерттегендерінің суретін салу, көргендерінің құрамды бөліктерін тауып, белгілерін қоюға үйренеді. Өз беттерімен дайындалуға арналған сұрақтарға жауап бере отырып, салған суреттерін талдау барысында оқыту жүйесін іске асыруға көмектеседі. Әр тақырыптың соңында бақылау өткізіледі.
Оқу қүралында ботаника пәнінің мынадай тақыпыптары қарастырылған: «Өсімдік жасушасының құрылысы», «Ұлпалар», «Вегетативтік және генеративтік мүшелер», «Өсімдіктер систематикасы».
Бұл оқу құралда студенттерге арналған өзіндік жұмыстар мен тапсырмалар берілген. Теория және практика материалдарын реттеу үшін, бөлім басында бақылау сұрақтары орналасқан. Бұл жұмыс коллоквиум, бақылау жұмыстары мен емтихан кезінде пайдалануға тұралық көмекші құрал.
Материал мына оқулықтардан іріктелініп алынып берілген:
1 Мәкенова М. Ботаника курсының практикумы. Алматы. 2000ж.,236 бет;
2 Хржановский В.Г., Пономаренко С.Ф. Практикум по курсу общей ботаники.-М.: Агропромиздат,1989.-416с.
Студенттердің ізденісін дамыту, терең білім беру үшін осы оқу құралы жақсы көмекші деп есептейміз.
Зертханалық сабақтың әдістемелік нұсқаулары
1 тақырып Өсімдіктер жасушасының құрылысы
Мақсаты:
- микроскоп құрылысымен танысып, жұмыс істеу ережелерін меңгеріп, препарат дайындауды үйрену
Жалпы түсінік
Зертханалық сабақтарда өсімдіктердің анатомиясы және морфологиясымен танысу үшін ең алдымен микроскоп түрлерімен танысу қажет.
Микроскоп - көзге көрінбейтін өте ұсақ заттарды үлкейтіп көрсететін күрделі құрал. Сабақта биологиялық және оқу микроскоптары қолданылады.
Микроскоп негізінен 2 бөлімнен тұрады: оптикалық және механикалық /1 сурет/. Оптикалық бөліміне жататындар: окуляр, объектив, жарық түсіру жүйесі - конденсор және айна. Окуляр - темір цилиндрде құрастырылған 2-3 линзадан тұрады. Окулярдың ұлғайтуы 7х, 10хэ 15х, 20х болады. Объектив -микроскоптың негізгі бөлігі болып табылады. Объективте темір цилиндрден құрастырылған линзалардан тұрады, линзалар саны әр түрлі. Зертханалық сабақтарда әдетте 8,40, сирек жағдайда 90 есе үлкейтетін объективтер пайдаланылады, бұл сандар объективтің бүйір жағында жазылады, Көретін затты микроскоптың неше есе үлкейтетінін білу үшін окуляр мен объективте жазылған сандарды бір-біріне көбейту керек.
Жарық түсіру жүйесіне жататын конденсор (10) - цилиндр пішінді металмен немесе пластмассамен көмкерілген екі линзадан тұрады. Конденсордың басты қызметі жарықты реттеу.
Зерттелетін препаратты көру барысыңда, студент конденсорды оның бүйірлік (12) винтімен көтеріп немесе түсіру арқылы жарық мөлшерін реттейді. Конденсордағы диафрагма (11) арқылы ондағы саңлауды үлкейтіп, кішірейтуге яғни жарық мөлшерін қажетінше өзгертуге болады. Конденсордың астыңғы жағында препаратқа керекті жарық беретін дөңгелек айна (15) болады. Айнаның бір беті ойыс, екінші беті жазық. Айна беттерінің пайдаланылуы лаборатория бөлмесіне жарықтың түсу қарқынына байланысты.
Микроскоптың механикалық бөліміне - окуляр (17), орналасқан тубус (1), револьвер (5), мойны (2), зат үстелшесі (7), оның клеммалары (8), микро (14), макрометрлік (13) винттері және микроскоп табаны (16) жатады. Тубус - іші қуыс цилиндр. Ол микроскоптың мойнына стопорлы бұранда (3) арқылы бүралған. Револьвердің ұяларына объективтер (6) бұралған, револьверді бұрау арқылы көруге қажетті объективті қойып алуға болады. Зат үстелшесін үстіне көретін препаратты клеммалар арқылы бекітіп алып қарауға болады. Зат үстелшесінің пішіні дөңгелек немесе төрт бұрышты болып келеді. Оны бүйір жағындағы винтті бұрау арқылы оңға және солға жылжытуға болады.
Микроскопты пайдалану тәртібі. Микроскоп өте нақты және күрделі де нәзік оптикалық, прибор, сондықтан онымен жұмыс істеу барысында мына ережелерді сақтау керек:
1.Микроскоппен отырып қана жұмыс істейді және үстелдің шетінен 5-8 см қашықтықта орнықты етіп қойып, жұмыс істеп болғанша қозғамайды.
2. Микроскопты бір орыннан екінші орынға апарғанда бір қолмен мойнынан, екінші колмен табанынан ұстайды.
3. Микроскоптың оптикалық бөлімдерін жұмсақ матамен сүртіп тазалайды.
4. Препаратты қарау - объекгивтің ең кішісінен басталады, объектив көрсеткіштері объектив цилиндрінің бүйір жағында көрсетілген. Объективтің орнында тұрғанын тырс еткен дыбыстан білуге болады. Үлкен ұлғайткышқа көшу барысы оқытушының нұсқауымен жүргізіледі.
5. Айнаны қозғалту арқылы зат қоятын үстелшеге жарық түсіріп, окулярға қарап отырып, ең колайлы жарықты таңдап алу қажет.
6. Препаратты объектив пен үстелшенің саңылауына сәйкес келетіндей етіп үстелшенің үстіне койып, клеммаларын бекіту қажет болады. Зат үстелшесінің астындағы конденсорды барынша жоғары көтеру керек. Конденсордағы диафрагманы ашып немесе жабу арқылы жарық деңгейін реттеуте болады. Осыдан кейін зат үстелшесінің бүйір жағындағы микрометрлік винтті сағат тілінің бағытында бұрау арқылы объективтің фронтальды линзасы мен препараттың арасындағы кашықтық 4-5 мм қалғанша төмен түсіріледі. Окуляр арқылы қарап отырып тубусты төмен түсіруге болмайды. Мұндай жағдайда фронтальды линза зат әйнегін сындырып, линзада сызықтар пайда болып, істен шығады.
1-сурет. Микроскоптың кұрылысы: I - тубус, 2 - мойын, 3 - стопорлы бұранда, 4 - микроскоп мойнынын басы, 5 - револьвер, 6 - объективтер, 7 - зат үстелшесі, 8 - клемма, 9 - зат үстелшесінің винті, 10 - конденсор, 11 - диаграмма, 12 -конденсорды қозғайтын винт, 13 - микрометрлік винт, 14 - макрометрлік винт, 15 - айна, 16 - табан, 17 - окуляр.
7. Окулярға сол көзбен карап отырып, макрометрлік винтті сағат тіліне қарсы бағытта бұрап объективті зат бейнесі анық көрінгенше көтереді. Препарат зат үстелшесінің жиегіндегі немесе қолмен жылжытылып, заттың керекті жерін көру аймағының ортасына нақты көрінетіндей етіп қойылады. Окулярдан қараған кезде сол көз ғана емес, оң көзде ашық болуы керек.
8. Затты үлкен объективте қарау үшін сол қолмен микроскоптың мойнынан ұстап салмақ түсіруге болмайды, оң қолмен револьверді бұрап, кіші объективті үлкен объективке ауыстырады. Объектив орнына түссе, сырт еткен дыбыс естіледі. Енді микрометрлік винтті ілгері, кейін, бір қалыпты баяу бұрап, заттың бейнесін анық көруге болады. Микрометрлік винтті бір жағына қарай жарты айналымнан артық бұрауға болмайтынын есте сақтау керек.
9. Жұмысты бітіргенше микроскопты тұрған орнынан козғауға болмайды..
10. Жұмысты аяқтағаннан соң микроскопты қайтадан кіші объективке ауыстырып, содан кейін ғана препаратты зат үстелшесінен алады. Микроскоп бөлімдерінің тұтастығын тексеріп, тазалап сүртіп, өзінің тұрақты орнына апарып қою керек.
11. Ескерту: сабақ кезінде әрбір жұмыс орнында микросокоп және уақытша препарат дайындауға керекті құрал жабдықтар болу керек, атап айтқанда: зат және жабын шынылар, сапты инелер, шыны, таяқша, пипетка, ұстара, сорғыш қағаздар, стакандағы таза су, глицерин, айнаны сүртетін арнаулы жұмсақ мата, пинцет, арнайы шымшуыр, тақырыпқа сай кестелер.
Препараттар жасау әдістері
Өсімдік мүшесінің анатомиялық құрылысын зерттеген кезде, алдымен препарат жасап алу қажет. Препарат дегеніміз - зат шынысы мен жабын шынысының екі арасына қойылған, микроскоп арқылы көруге арналған зат - объект. Препарат екі түрлі болады: уақытша және тұрақты, мұндай препараттарды жасаудың өзінше әдістері бар.
Препаратты жасауға керекті құрал - жабдықтар жоғарыда 11 бөлімде көрсетілген. Препарат жасамас бұрын әрбір студент оған керекті заттарды түгендеп, оларды тазалап алғаннан соң препарат дайындауға кірісуі керек. Ол үшін зат шынысын алып, үстіне суы бар тамызғыштан су тамызып немесе пипеткамен глицериннің 1-2 тамшысын тамызу керек, содан кейін қатпарлы жуаның кабығынан өте жұқа етіп алып, судың немесе глицериннің үстіне арнайы шымшуырмен дайындалған затты (объектіні) орналастыру керек, қабатталған, бүктелген жерлері
болса иненің ұшымен жазып, шет жағынан таза жабын әйнегімен жабылады. Жабын әйнекті оң колымыздың екі саусағымен ұстап, зат әйнегіндегі тамшыға әуелі бір жиегімен жанастырамыз, содан кейін біртіндеп төмендетіп барып жабамыз, Затты көруге ауа көпіршіктері кедергі болмау үшін сол қолмен зат әйнегін ұстап тұрып, оң қолмен иненін ұшымен жабын шынының үстінен жайлап соғамыз. Сонда ауа көпіршіктері ығысады және препараттағы сұйықтық біркелкі жайылып, зат толық батырылады. Егер препараттағы сұйықтық жабын әйнектің жиегінен сыртқа шығып тұрса, оның артық мөлшерін сорғыш қағазбен сорғыту керек. Керісінше сұйыктық жабын әйнектен кеңістікті толық жаппай тұрса, оның жиегіне тағы бір тамшы сұйықтық тамызып, толықтырамыз. Осылай жасалған препараттағы су буланып кететін болғандықтан мұндай препаратты ұзақ сақтауға келмейді. Ал глицеринге жасалған препаратты бірнеше күндер бойы қайталап көруге болады.
2-сурет. Пияздың шырынды қабыршақ өңінің жасушалық құрылысы. А -пияз жуашығы; Б - өң жасушасы; 1 - жасуша қабықшасы, 2 - цитоплазма, 3 - ядро, 4 - ядрошық, 5 - вакуоль.
Сондықтан олар уақытша препарат деп аталады. Бұл - препарат жасаудың бір түрі. Препарат жасаудың екінші бір түрі - затты ұзақ сақтауға келетін тұрақты препарат жасау. Тұрақты препарат жасау үшін судың, глицериннің орнына зат жылытылған глицерин-желатиннің зат әйнегіндегі бір тамшысына салынып, жабын әйнекпен жабылады. Жабын әйнекгің жиегі вазелин, лак иемесе олифпен көмкеріліп, препараттың оң бұрышына заттың аты жазылған этикетка жабыстырылады.