10.1 Кәсіптік оқыту құралдары
Оқу әдістері белгілі оқу (дидактика) құрал - жабдықтарымен іске асырылады. Оқу құрал-жабдықтары - бұл білім алу, ептіліктер қалыптастыру көздері. «Оқу құрал –жабдықтары» түсінігі кең және тар мағынада қолданылады. Тар мағынада бұл түсінік оқу және көрнекі құралдары, көрсетпе жабдықтар, техникалық саймандар және т.б. байланысты. Ал кең мағынада оқу құрал-жабдықтары деп білім мақсатын іске асыруға жәрдемші жағдаяттардың бәрін түсінеміз, яғни оқу әдісі, формасы, мазмұны, сонымен бірге оқудың арнайы бұйымдарының бәрі осы оқу жабдықтарын құрайды. Оқу құралдарының көмегімен дүниені тікелей де жанама тануды жеңілдетеміз. Олар, әдістер сияқты оқу, тәрбиелеу және дамыту қызметтерін атқарып, оқушыларды ынталандыруға, оқу-танымдық іс-әрекетті басқару мен бақылауға пайдаланылады. Дидактикалық құралдар төмендегідей тіркеледі:
көру (визуалды) құралдары -кестелер, карталар, табиғи объекттер ж.т.б.;
есіту(аудио)құралдары-радио, магнитафон, ән-күй аспаптары ж.т.б.;
есіту-көру құралдары-дыбысты фильмдер, теледидар ж.т.б.;
сөздік құралдар - оқулықтар, мәтіндер;
оқу процесін авмоматтастырушы құралдар – тіл кабинеттері, компьютерлер,
ақпараттық жүйелер, телебайланыс- қатынас тораптары;
сөз, сөйлеу, ым-ишара, дене қозғалыстары.
Оқушылардың іскерліктері мен дағдылары шикізат, материал, қондырғы, инструменттер, құралдар және басқа да еңбек заттарының қолданылуымен
байланысты оқу-өндірістік еңбегі арқасында құралады. Осылардың барлығы кәсіптік оқытудың материалдық-техникалық құралдарды құрайды.
Кәсіптік оқыту құралдарының басқа құрамдас бөлігі –оқу әдістемелік жабдықтау. Бұл оқу-тәрбиелік процестің педагогикалық жақтарын қамтамасыз етуші оқыту құралдары: оқулықтар, оқу және көрнекі құралдар, оқытудың техникалық құралдары, оқу-әдістемелік құжаттар және құралдар, анықтамалық, нормативтік, көрнекі материалдар және т.б.
Кәсіптік оқытудың материалдық – техникалық жабдықталуы. Кәсіптік оқыту процесінің өзіне тән ерекшелігі - оқушылардың арнайы жасақталған шарттарда (оқу шеберханаларында, оқу полигонында, оқу шаруашылықтары мен зертханаларда, оқу қондырғыларында және т.б.) және өндіріс шарттарында оқытуды үйлестіруінде.
Оқу шеберханалары – қажетті қондырғы, инструменттер, құралдар және басқа да өндірістік оқытуға арналған жабдықтармен жарақталған, кәсіптік оқу орнының арнайы бөлмесі, кәсіптік оқыту орнының құрылымдық бөлігі.
Бұл жерде оқушылар еңбекті және жұмыс орнын тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастырады, еңбек мәдениетін үйренеді, жұмыс уақытын тиімді пайдалануды үйренеді, қауіпсіздік талаптары мен нормаларын, санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарды, өндірістік және технологиялық пәндерталаптарын сақтауды үйренеді.
Оқу шеберханаларына арналған бөлменің жоспары және жабдықталуы, әртүрлі мамандыққа арналған оқу шеберханаларында оқу – өндірістік әрекетті ұйымдастыру ерекшеліктеріне сай әртүрлі.
Нақты конструктивтік нұсқалар да әртүрлі. Олар әдетте оқу орнының
материалдық-техникалық және қаржылық мүмкіндіктеріне, педагогикалық ұжымның тәжірибесі мен шеберлігіне және басқа да факторларға байланысты.
Оқу орнының оқу шеберханалар кешені, әдетте, оқу корпусының дыбыс тұншықтырғыш қабырғалары бар жағына салынады.
Оларды жеке ғимарат етіп те салады. Осылайша орналастырудың артықшылықтары: оқу кабинеттері мен зертханаларда отырған оқушыларды пайда болған өндірістік шуыл алаңдатпайды; шаң-тозаң, ыс, газдар оқу корпусындағы санитарлық-гигиеналық шарттарды бұзбайды; қосымша аудан көмекші қызметтер мен тұрмыстық бөлмелерді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Оқу шеберханасының жалпы ауданы әр оқушыға кәсіптік шеберлік пен дағды қалыптастыру үшін жеке жұмыс орнын қамтамасыз ету қажеттілігін ескере келе, жалпыға арналған қондырғы мен өндірістік әрекетке қажетті қосымша қондырғыларды орналастыруды ескере келе анықталады.
Кәсіптік оқытудың жайлылығы үшін оқу шеберханаларының жарықтандырылуы, қабырғаларының түсі, температуралық тәртібі, ауа алмастыруы, шаң сіңіргіштігі үлкен әсер етеді. Оқу шеберханалары еңбек қауіпсіздігі және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай болуы керек.
Оқу орнының оқу шеберханалары кешенінің негізі - белгілі бір мамандық бойынша өндірістік оқытуға арналған мамандандырылған шеберханалар.Әдетте, оқу шеберханалары толық оқу тобына (25-30 жұмыс орнына) арналып жасалады.
Кешен құрамына мамандандырылған оқу шеберханаларынан басқа өндірістік-қосалқы бөлмелер мен қызметтер де кіреді. Мамандандырылған оқу шеберханалары және өндірістік-қосалқы бөлмелер мен қызметтер көп бөлшекті типтік өнімді дайындау технологиялық процесінің біртекті болуы принципіне сәйкес орналастырылады.
Оқу шеберханалары ғимараттарында санитарлық-тұрмыстық бөлмелер және құрылғылар қарастырылады.
Оқу, тәрбие мәселелерін шешуде оқу шеберханаларын жабдықтаудың мәні өте зор.
Оқушының жұмыс орны – оқу шеберханасының (зерхананың) кәсіптік оқыту бағдарламасына сәйкес оқу-өндірістік жұмыстарды орындауға қажетті тиімді орналасқан қондырғылар, инструменттер, басқа да жабдықтардан тұратын белгілі бір бөлігі.
Оқушының жұмыс орны мамандыққа тән, заманауи конструкция, басқарудың қарапайымдылығы, салыстырмалы түрде аса үлкен емес өлшемдер, тиімді құны, қызмет көрсету қолайлылығы, жұмыс қауіпсіздігі секілді - негізгі оқу-техникалық талаптарға жауап бере алатын жеке қолданатын қондырғылармен жабдықталады.
Қондырғыдан басқа оқушының жұмыс орны басқа да жеке инструменттер
мен жабдықтармен жарақталады. Әдетте күнделікті қолданылатын инструменттер, приборлар және керек жарақтармен жарақталады да, ал басқа инструменттер мен приборларды оқушылар шеберден немесе инструменттер бөлімінен (қоймадан) алады.
Оқушының жұмыс орны сонымен қатар, материалдар және дайын бұйымдарды орналастыру мен сақтауға арналған құрылғылармен, қажет болған жағдайда көтеру-транспорттық құрылғылармен жарақтандырылады.
Оқушылардың жұмыс орнының орналасуы шеберге өз жұмыс орнынан топқа бірден ұжымдық инструктаж жасауға, әр оқушының жаттығу орындау барысын бақылауға, оқушыға қауіпсіз және қолайлы жұмыс жасауға, жұмыс барысында, қызмет көрсетуде қондырғыға барлық жағынан келу қолайлылығына мүмкіндік беруі керек.
Оқушылардың жұмыс орны табиғи жарық көздеріне қатысты жарық сол жақтан немсе алдынан және оң жағынан түсетіндей етіп орналастырылады.
Оқушының жұмыс орнын орналастыру нормативтері әр мамандық шеберханаларында әртүрлі.
Кәсіптік оқыту шеберінің жұмыс орны. Шебердің жұмыс орны дегеніміз – оқу шеберханасының шеберге кәсіптік оқыту процесін басқару бойынша оқу-тәрбиелік және ұйымдастыру функцияларын орындауға қалыпты жағдайларды қамтамасыз ететіндей жарақтандырылған белгілі бір бөлігі.
Оқу шеберханасы интерьерінде шебердің жұмыс орны орталық, басты орын болып табылады. Әдетте ол биіктігі 30-40 см, ауданы 7-12 м2 болатын подиум үстінде орналастырылады.
Оқушылар үшін шебердің жұмыс орны ғылыми ұйымның, жарақтандырылудың эталоны іспеттес болуы керек.
Шебердің жұмыс орнының жарақтандырылуы мамандық ерекшеліктеріне, оқу орнының оқу материалдық жабдықталуының жалпы стилі мен мүмкіндіктеріне байланысты.
Шебердің жұмыс орнының міндетті (тиімді) жарақтандырылуына:
жұмыс үстелі, орындық, сынып тақтасы;
оқытудың дидактикалық және техникалық жабдықтары;
еңбек ережелері мен оқу-өндірістік жұмыстарды орындау тәсілдерін демонстрациялауға арналған құрылғылар (ағаш ұсталарының ұзынша үстелі, станок, панель, электр құрастыру тақтасы, оқу кабинасы, пісіру посты және т.б.);
оқушылардың ұжымдық инструктаж тыңдау кезінде отыратын орындықтары;
инструменттер, құрылғылар, материалдар мен құжаттар, оқытудың дидактикалық және техникалық құралдарын сақтауға арналған орындар (шкафтар, жәшіктер, сөрелер және т.б.);
оқытудың дидактикалық және техникалық құралдарын қолдануға арналған құрылғы (демонстрацциялық тақта, экран және т.б.);
оқушылардың жұмыс орнына энергияны – электр тоғын, қысылған ауаны, жанатын газды және т.б. беріп - өшіруге арналған арнайы тақта;
оқушылардың орындалған оқу-өндірістік жұмыстарын қабылдауға арналған арнайы үстелі жатады.
Көптеген кәсіптік оқытудың тәжірибелі шеберлері оқу шеберханалары мүмкіндіктерін пайдаланып, өздерінің өзіндік қонструкциясын және өз жұмыс орнын жабдықтаудың түпнұсқасын жасауда үлкен жұмыстар атқарады. Алдыңғы қатарлы тәжірибелерді ескере келе шебердің жұмыс орнын жабдықтаудың қосымша объектерін ерекшелеуге болады:
оқытудың дидактикалық және техникалық жабдықтарын сақтауға, жүйелеуге және қолдануға арналған құрамдастырылған шкаф (көптеген оқу орындарында бұндай шкаф «әдістемелік» деп аталады);
оқытудың техникалық құрылғыларын, сигнал беру және барлық оқушыларға жалпы команда беруге арналған қашықтықтан бақылау пульттері;
оқушылардың жұмыс орнымен оперативті байланыс құралдары;
экрандық оқулықтарды демонстрациялауға арналған құрамдастырылған тақта-экран;
бақылаушы және «оқытушы» құрылғылар, электр щиттері және схемалар, интеграторлар және т.б.;
компьютер және оны басқаратын құрылғылар жинағы (емтихан алушы, консультант, информация беруші және т.б.).
Оқу шеберханасында бос орын болған жағдайда шебердің жұмыс орнына қосымша препаратор бөлмесін ұйымдастырады. Препаратор бөлмесінде техникалық құралдар, сабақты дидактикалық жабдықтауға қажетті шкафтар және
стеллаждар, көрнекі құралдарды жөндеуге және жасауға арналған қондырғы орнатылады.
Оқу полигоны. Полигон – оқушыларды мамандық бойынша кәсіптік оқыту үшін қажетті жағдайларды жасау мақсатында ұйымдастырылатын кәсіптік білім беру ұйымының оқу бөлімшесі. Оқу полигондарында, әдетте, ауыл шаруашылығы механизаторлары, түрлі көліктердің жүргізушілері, құрылыс, тау және шахта машиналары мен механизмдері машинистері, құрылысшы-монтажшылар, мұнай және газ өндіруші өнеркәсіпте және басқа да мазмұны және еңбек шарттары бойынша ұқсас мамандықтарға оқушылардың кәсіптік оқуының алғашқы этаптары өтеді.
Оқу шаруашылығы. Оқу шаруашылығы кәсіптік оқыту ұйымының оқу-өндірістік бөлімі, ол ауыл шаруашылығы өндіріс кадрларын дайындайды. Ол оқушыларды ауылшаруашылықөнімдерін өсіру технологияларына және мал шаруашылығындағы көп еңбек сіңіруді керек қылатын жұмыстарды механизациялау бойынша алғашқы өндірістік оқытуды ұйымдастыру мақсатында құрылады.
Оқу шаруашылығында барлық жұмыстарды оқу орнының студенттері өндірістік оқыту және практика кезінде орындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |