Апатты оқиға кезінде микроорганизм дақылдары мен залалды материалмен және қышқылмен жұмыс жүргізуге арналған шаралар. Микроорганизм дақылдарымен немесе залалды сұйық материалмен жұмыс жүргізілетін зертхана бөлімшелерінде апаттың зардаптарын жоюға арналған қордағы заттар жиынтығы (апат орнын жұқпасыздандыратын, қол мен аяқ киімді жуатын, залалды затты жиыстыратын жабдықтар: бак, эмальды шылапшын, пинцет, гигроскопиялық мақта, хлораминның 5% - тік ерітіндісі, резеңке қолғап, галош) жеке орында болуы және сақталуы қажет.
Апат кезінде қышқыл мен сілтіні нейтралдау үшін қосарлы көмірқышқыл соданың 2% - тік ерітіндісі, аммиактың 1% - тік ерітіндісі, лимон немесе сірке қышқылының 1% - тік ерітіндісі, бор қышқылының қаныққан ерітіндісі, сондай - ақ, мақта - дәке тампоны мен дәкелі бинт корда ұсталуы шарт.
Егер жұмыс үстінде залалды материал (дақыл, эмульсия, қан) құйылған ыдыс сынса немесе залалды сұйық материал төгілсе, онда осы оқиғаға кезіккен жұмыскер қол - денесінің былғанған жерін, дақыл (сұйық зат) төгілген орынды шұғыл арада хлораминның 5% - тік ерітіндісімен өндеуге тиісті. Жұмыскер бұл сәтте орнында қалады да, апат орнын жұқпасыздандыруға және залалды материалды жиыстыруға қажетті құрал - жабдықтарды әкелетін зертханашыны шақырады. Апат орнын жұқпасыздандыру кезінде, міндетті түрде резеңке қолғап және галош кию қажет.
Залалды материалдың сұйығын пинцеттің көмегі арқылы гигроскопиялық мақтамен жинап алып, эмальды шылапшынға салады. Ыдыстың сынықтарын да пинцет пен қалақшамен жаңағы шылапшынға жинайды да, жиылып алынған залалды затпен бірге су өтпейтін ыдысқа (бакқа) салады. Кейін автоклавтауға өткізеді. Апат болған орынды сақтықпен күйдіреді.
Қышқыл немесе сілті теріге тиіп кетсе, шұғыл арада зақымдалған орынды мұқият жуып алу керек: әуелі шүмекпен келетін ағын сумен, кейін, егер қышқыл тисе - қосарлы көмірқышқыл соданың 2% - тік ерітіндісімен немесе аммиактың 1% - тік ерітіндісімен; егер сілті тисе - лимон немесе сірке қышқылының 1% - тік ерітіндісімен жуады да, сол жерге құрғақ дәке жабады.
Қышқыл немесе сілті көзге тиген жағдайда, егер қышқыл тисе - оны шұғыл арада сумен, содан кейін қосарлы көмірқышқыл сода ерітіндісімен; егер сілті тисе - бор қышқылының қаныққан ерітіндісімен шаяды [88].