ХІІІ-ХV ғасырлардағы Солтүстік Қазақстан және Батыс Сібір. -Сібірдің ұлан-байтақ жерін ежелден түрік тайпалар мекендеген. Батыс Сібір халқы Қазақстан аумағындағы халықтармен тұрақты қатынас жасап отырды. Шыңғысханның жорықтарына байланысты көптеген тайпалар бас сауғалап, Сібір жерін паналады. Олар жергілікті халықтармен араласып кетті.
-Батыс Сібір тайпаларымен көрші қонып, оларға елеулі ықпал еткен қазақ тайпаларының негізгі ұйытқысы қыпшақтар болды. Тобылдан Ұлытау мен Сырдарияға дейінгі жерлерді наймандар, керейіттер, меркіттер мен оңғыттар қоныстанды. Батыс Сібір жерінде туысқан түрік тілдес тайпалардың бірлестігі болды. Бірлестікте керейіттер басты рөл атқарды.
-Монғол шапқыншылығынан кейін Батыс Сібір Жошы ұлысы құрамына кіріп, Шайбани әулетінің жері саналғанмен, елді басқару Тайбұға заманындағы түрік шонжарлары әулетінің қолында болды. Тайбұға Шыңғысханның құрамына өзінің астанасы Тура қаласын Чимги-Тура деп атаған.
-1428 жылы Әбілқайыр хан Батыс Сібірге жорыққа шығып, Шайбани ұрпағы Махмұд-Қожаны жеңіп шыққаннан кейін Батыс Сібір Әбілқайыр ханның қарамағына өтеді.
-Әбілқайыр қаза болғаннан кейін Батыс Сібір жеріндегі саяси жағдай қайтадан өзгеріске ұшырайды. Енді Әбілқайырдың бақталасы болған Шайбанидың екінші бір ұрпағы Ибақ хан билікті өз қолына алады.
-Ибақ қазақ хандары Жәнібек, Кереймен одақтасып, Әбілқайырдың мирасқоры Шайх-Хайдарды өлтіреді. Оның баласы Мұхаммед Шайбани Астраханға қашып кетеді. Сөйтіп Чимги-Тура, Тобыл және Ертіске жақын жатқан жерлерге өз билігін жүргізеді.
-Ибақ хан 1481-1484 жылдары орыс мемлекетіне екі рет елшілік жібереді. Ибақ хан орыс патшасы ІІІ Иванмен өзара сауда орнату мақсатындағы достық одақ құруға шарт жасасып, келісімге келеді.
-Алайда Ибақтың тайбұғалықтарды биліктен шеттетуі жергілікті шонжарлар тобының наразылығын туғызып, олар тайбұғалық Мұхаммедтің басшылығымен 1495 жылы күтпеген жерден Чимги-Турада шабуыл жасап, Ибақ ханды өлтіреді.
-Батыс Сібірдің билеушісі болып Мұхаммед хан жарияланады. Ол өлген соң да билік тайбұғалықтардың қолдарында қалады.