Торлы аймақта эпителиальды жасушалардың созындылары тармақталып, гемокапиллярлармен араласа орналасуы арқылы тор құрап жатады. Жасушалардың көлемдері кіші, пішіндері текшелі, көпқырлы, кейде сопақша болады, күңгірт жасушалардың үлесі артады. Жасушалардың цитоплазмасында май тамшылары азаяды, митохондриялардың кристілері түтікшелі. Жасушаларда Гольджи кешені жақсы дамыған, бос рибосомалары мол, эндоплазмалық тордың цистерналары кең, вакуольденген. Бұл аймақта андрогенстероидты гормон бөлінеді.
Оны Х-аймақ деп атайды, ацидофильді жасушалардан тұрады.
Бүйрек үсті безінің милық заты қабықтық заттан жұқа дәнекер ұлпамен бөлінеді. Милық заттың жасушалары қабықтық заттың жасушаларына қарағанда ірілеу, цтоплазмасы базофильді, пішіні сопақша болып келеді. Олар созындылар немесе жиынтықтар құрап орналасады (15 сурет). Созындылардың араларында көптеген синусоидты гемокапиллярлар, ірілеу венулалар анықталады. Милық заттың жасушаларын ашық (эпинефроциттер немесе А-жасушалар – адреналин бөлушілер) және күңгірт (норэпинефроциттер немесе Н-жасушалар – норадреналин бөлушілер) деп екіге жіктейді. Жасушалардың цитоплазмасында сыртынан мембранамен қоршалған, көлемі 100-500 нм-ге жететін электронды-тығыз түйіршіктер бар. Түйіршіктің ортасы катехоламиндерді жинақтаушы ақуызбен толтырылған. Бүйрек үсті безін калийдің бихроматымен өңдеген кезде секрет өндіретін жасушаларда хромның тотығының шөгіндісі анықталады. Бұл жасушалар осьмийдің және күмістің шөгінділерін де осылайша қабылдайды. Осыған байланысты жасушаларды хромаффинді немесе осмиофильді деп те атайды. Хромаффинді жасушалар ганглиоздық табақшаның туындылары, олар симпатикалық эффекторлық нейрондардың тобына жатады. Өндірілген катехоламиндер медиатор емес гормонның қызметін атқарады. Жасушалардың әрқайсысына симпатикалық преганглионарлық талшық келеді, бұл стресс жағдайында бөлінетін гормонның мөлшерін реттеуге мүмкіндік береді.
Бүйрек үсті безінің ашық және күңгірт жасушалары катехоламиндерден басқа нейропептидтерді де өндіреді. Осы қасиетіне орай бұл жасушалар APUD жүйенің құрамына жатқызылады. Мүшенің құрамында бұл жасушалардан басқа жүйкелік жүйенің мультиполярлық нейрондары болады. Оларды ганглиоздық жасушалар деп те атайды. Ганглиоздық жасушалардың арасында тіректік глиоциттердің бір түрі болады.
15 сурет. Бүйрек үсті безінің милық заты
Бүйрек үсті безінің қабықтық затының шоғырлы және торлы аймақтарының жұмысы АКТГ гормонына тәуелді. Шумақтық аймағының жұмысының реттелуі күрделі болады. Бастапқы сатысында ол адренокортикотропинге, ал кейін ренин гормонына бағынышты, өйткені альдостерон кортикостероннан пайда болады. Кортикостеронның түзілуі АКТГ-ге тәуелді болғанымен, оның альдостеронға айналуы рениннің қатысуымен ғана жүреді. Бездің қабықтық және милық затының қан айналым жүйесі біріккен. Бездің қабықтық затына кірген артерия артериолаларға тармақталып супкапсулярлық тор түзейді. Олардан басталған фенестрленген капиллярлар торлы аймақтан өтіп синусоидтерге айналады. Венулалар веноздық өрімге жиналады. Сонымен қатар субкапсулярлық тордан медуллярлық артериялар шығып тіке милық затқа кіреді. Олар милық заттың ішіне фенестрленген синусоидтар түрінде енеді. Милық затта веноздық өрімдер құралады, олардың біразы астыңғы қуыс венаға, біразы қақпалық венаға құяды. Қабықтық заттың бөлетін ферменттері норадреналиннен адреналиннің құралуын да қадағалайды.
Достарыңызбен бөлісу: |