Құрылысы. Бүйрек үсті безінің сыртынан дәнекер ұлпалық капсула қаптап жатады. Капсулада екі қабатты айыруға болады: сыртқы (тығыз) және ішкі (одан көрі бостау). Бездің қабықтық затын эпителийлік жасушалардың созындылары құрайды. Эпителиальды жасушалардың созындыларының арасы дәнекер ұлпамен біріктірілген. Қабықтық затында келесі аймақтарды ажыратады: шумақты, шоғырлы және торлы (12 сурет). Бұл аймақтардың бездің қыртысындағы үлестері төмендегідей бөлінеді: 15%, 78%, 7%.
Шоғырлы аймақ ең жалпақ аймақ және бұл жерде көлемі жағынан ірі жасушалар орналасады. Көлемі ең кіші жасушалар торлы аймақта анықталады. Қабықтық затта өсінді жасушалар орналасқан екі аймақ анықталады.
12 Сурет. Бүйрек үсті безінің жалпы көрінісі
1 – капсуласы
2 – шумақты аймағы
3 – өсінді жасушалар
4 –шоғырлы аймағы
5 – торлы аймағы
6 – милық заты
Ол капсуланың астында және шумақты аймақ пен шоғырлы аймақтың арасында орналасады. Капсуланың астында орын тепкен жасушалар шумақты жасушалар үшін камбиальдық элемент болып табылады. Ал шумақты аймақтан төмен орналасқан жасушалардан шоғырлы және торлы аймақтардың жасушалары пайда болады.
Капсуладан бездің ішіне қарай дәнекер тіндік жұқа тосқауылдар енеді. Бездің ішінде олар талшықтар шоғыры түрінде анықталады. Қабықтық эндокриноциттер сыртқы аймақта капсулаға перпендикулярлы бағытта орныққан. Шумақты аймақ кіші көлемді (12-15 мкм) қабықтық эндокриноциттерден тұрады. Олар иірімдер құрап орналасады (13 сурет).
13 сурет. Бүйрек үсті безінің шумақты аймағы
Жасушаларда жазық эндоплазмалық торлар жақсы дамыған. Митохондриялардың кристілері табақшалар және түтікшелер түрінде болады. Май қосындыларының тамшылары кіші көлемді және аз болады. Бұл аймақта минералокортикостероидтар (альдостерон) бөлінеді. Олар натрийдің алмасуын реттейді әрі қабыну процесіне қатысады.
Достарыңызбен бөлісу: |