Қалас жамалов философия


VІІ тарау. ХҮІІІ – ХІХ ғ. НЕМІС ФИЛОСОФИЯСЫ



бет41/62
Дата03.10.2022
өлшемі417,48 Kb.
#151479
түріОқулық
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   62
Байланысты:
филос.учебн.
КИС 2-курс ОМ каз-конвертирован, Реферат на тему Разговорный стиль речи , Срсп9.Педзерттеу.М.Адилям
VІІ тарау. ХҮІІІ – ХІХ ғ. НЕМІС ФИЛОСОФИЯСЫ
Жаңа дәуірден бастап қарқынды дамыған капиталистік өндіріс Батыс Еуропа елдерінде жоғары дәрежеге жетті. Капиталистік қарым-қатынас XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басында Германияда да өз көрінісін тауып, дами бастайды. Бұл тарихи дәуірде Германия үш жүзге тарта ұсақ мемлекеттен тұратын бытыраңқы ел болғандықтан, оның экономикасы мен саяси дамуы шиеленіскен қайшылықтарға толы еді. Сондықтан неміс философиясы классиктері неміс буржуазиясы өкілдерін қолдаушы, насихатшы, идеологтар болды.
Қайшылықты дамуды басынан кешіре отырып, ағылшын және француз ғылымымен сусындаған, оны бойына сіңірген неміс классикалық философиясы алдыңғы қатарлы ойдың жоғары үлгісін берді. Тарихи дәуірде Германияда мәдениет пен ғылым, әсіресе философия өз дамуының шарықтау шыңына жетті. Мұнда Жаңа дәуірдің алдыңғы қатарлы философиялық идеялары - парасаттың құдіретіне сену, гуманизм, адамның құқығы т.б. өзінің жалғасын тапты. Дегенмен, диалектикалық тәсілдің жете зерттелуі, дамудың әмбебап заңдарының негізделуі оның басты жеңісі болды.
Канттың философиялық жүйесі. Неміс классикалық философиясының іргетасы И. Кант (1724–1804 ж.ж.) еңбектерінде қаланды. Оның шығармашылық жұмыстары жаңа дәуірдің таным теориясы мен көзқарастарында орын алған қайшылықты шешуге бағытталды. Философия тарихының бай мұраларын меңгерген ол жаңа теориялық жаңашылдықты тудырды. И. Канттың шығармашылық қызметі «сынға дейінгі» және «сыншыл» деп екі кезеңге бөлінеді.
«Сынға дейінгі» кезеңде ол жаратылыстану ғылымдарымен айналысып, математика, физика, география, астрономия ғылымдары салаларына айтарлықтай үлес қосты. Бұл кезде И. Ньютон, Вольфтың жаратылыстану ғылымдарындағы кейбір көзқарастарымен келіспеген ол уақыт пен кеңістіктің диалектикатық байланысын, табиғаттың өзіндік дамуының жолдары бар екені туралы идеяларын жарыққа шығарады. Коперник, Галилей, Ньютон ашқан жаңалықтарға сүйене отырып, «Жалпыға ортақ жаратылыс тарихи және аспан теориясы» кітабында алғашқы тұмандықтан Күн жүйесінің жаратылыстық жолмен пайда болғаны туралы ұлы гипотезасын ұсынды. Кант ғаламдық денелердің пайда болуы мен жойылуының тоқтаусыз үдеріс болатыны және олардың көптігі туралы қорытындыға жақын келеді.
Философ табиғаттың шексіз құнарлылығына, жануарлар мен өсімдіктер күнделікті өзгеріске ұшырайтын, олардың жоғалатын шексіз санына және басқа бір жерде осыдан аз емес мөлшерде дүниеге келудің болатынына сілтеме жасап, аналогия жүргізеді. Осылайша, әлемдер жоғалып, әлемдік құрылымдар да түпсіз мәңгілікке жұтылып жатады. Десек те, жасампаздық ешқашан тоқтамайды; ғаламның басқа бір жерінде жаңа құрылымдар пайда болып, шығынның орны молшылықпен толықтырылады. Осыдан жарты ғасыр өткеннен кейін француз ғалымы Лаплас Канттан бөлек, өз бетінше, ғаламның жаратылыстық жолмен пайда болғаны туралы дәйекті дәлелдемесінің математикалық түсінігін берді.
Мұхиттардың тасуы мен қайтуы әсерінен Жер айналысының баяулайтыны туралы космогониялық теория - Канттың еңбегі. Жаратылыстануға тарихи, диалектикалық тәсілді қолдану сол уакытта үстемдік жүргізген метафизикалық дүниетанымдық көзқарасқа айтарлықтай соққы берді. Дегенмен, біз философтың екіжақты, қайшылықты пікірінен аттап өте алмаймыз. Бір жағынан ол материяның дамуы заңдарының әсері негізінде Күн жүйесінің пайда болуының ғылыми картинасын беруге ұмтылды. «Маған материяны беріңдерші, мен одан әлемді тұрғызамын»,-деп мәлімдейді. Құдайдың алғашқы түрткісінің қажеттігі туралы Ньютон ұстанымын, пікірін Кант «аянышты» деп атайды. Бірақ, екіншіден ол әлемнің ең бастапқы себебін бәрібір Құдаймен байланысты қарастырады.
Кант өзінің шығармашылық кезеңінің «сыншыл» кезеңінде көптеген теориялық және практикалық мәселелерді ашып берді. «Таза парасат сыны», «Практикалық парасат сыны», «Пайымдау қабілетінің сыны» т.б. негізгі еңбектері сол тарихи дәуірдің практикалық дамуынан туындаған мәселелерді қарастырды десек те, Кант оларды идеалистік тұрғыдан түсіндірді. Канттың «Таза парасат сыны» еңбегінде таным теориясы, логика және диалектика қарастырылса, «Практикалық парасат сыны» еңбегінде мораль, адамгершілік мәселелері көтеріледі.
Кант өзіне дейінгі ойшылдар пікірлеріндегі эмпиристік және раионалистік ағымдардың сыңаржақтылығын қатты сынға алды. Оған дейінгі философтар ғалам, табиғатты зерттей отырып болмысты, материяны таным объектілеріне айналдырса, Кант керісінше, философиялық талдауды ойға, идеяға, ақыл-парасатқа, субъектіге бағыттап бұрды. Яғни, оның таным теориясының жаңашылдық мәні - таным үдерісіндегі субъектінің белсенділігін көрсетуіне байланысты, жаңа философиялық ағым негізін қалады.
Кант «Таза парасатқа сын» еңбегінде таным үдерісіне ерекше көңіл бөліп, оның қайшылықтарын ашып, адамның таным қабілетін үшке бөлді: сезімдік, пайымдаушылық, парасаттылық. Философия тарихында таным үдерісін бұлай бөлу Н. Казанский философиясында орын алғаны белгілі. Бірақ, Кант өзіне дейін таным үдерісінде орын алып келген эмпиризм мен рационализмнің тар өрістілігінен шығуға тырысты. Сондықтан Кант априорлы (априорлы - тәжірибеден тыс пайда болатын ұғым, ой, идея) жинақтау әдісінің, пікірдің жаратылыстану саласында алатын орнын көрсету үшін келесі білімдердің: математиканың сезімдікке, жаратылыстанудың пайымдаушылыққа, метафизиканың парасатқа қатысты түрлерін алады.
Кант ерекшелеген адамның таным қабілетінің түрлері философия тарихында ерекше орын алды. Бұл бір жағынан танымды біртұтас, бірақ ішкі қайшылықтарға толы деп қараса, екінші жағынан, философияны жаратылыстану ғылымдарымен байланыстыруға жасалған әрекет болды.
Канттың сезім қалыптарына арналған ілімі «Таза парасатқа сын» еңбегінің «трансцендентальді эстетика» деген бөлімінде көрініс тапқан. Сезімдіктің тәжірибеден тыс, яғни априорлы қалыптар - уақыт пен кеңістік, математикалық таныммен тығыз байланысты. Кеңістіктің тәжірибеден тыс танымдылығы сезімдіктің сыртқы қалпы, ал уақыт сезімдіктің ішкі қалпы. Кант өзіне дейінгі философтардың кеңістік пен уақытты антологиялық түрде, яғни оларды заттардың өмір сүру қалыптары ретінде ғана қарағанына қарсы шықты. Философия тарихында бірінші рет Кант бұл ұғымдардың тек жаратылыстану саласында қолданылатын ұғымдар емес, дүние танымның сезімдік қалыптары да екендігін ашып берді.
Белгіленген зертту объектісінің танылымы кеңістік пен уақыт арқылы қарастырылады. Кеңістік Кант философиясында сезімдіктің сыртқы қалпы ретінде анықталып, математиканың геометрия саласына сүйенеді. Кеңістіктің математикалық жағын зерттеу үшін сезім мүшелерінің атқаратын ролі зор. Кант математикалық сандар, тұжырымдар арқылы сезімдіктің сыртқы қалпын объективті дүниеден бөледі. Мысалы, геометриялық фигуралар: үш бұрыш, төрт бұрыш, квадрат, ромб және т.б. ұғымдардың табиғатта кездеспейтіні сияқты. Анығына келгенде, бұл ұғымдардың барлығы адамзаттың практикалық, өндірістік қызметімен тығыз байланысты болып келеді. Сондықтан Канттың кеңістікті жаратылыстану ғылымдарымен шектемей, сезімдіктің қалпы деп қарауы оның қоғамдық мәнін анықтауға да жол ашты.
Сезімдіктің ішкі қалпы - уақыт. Уақыт тек математикалық өлшем ғана емес, ол сезімдік арқылы адамның ішкі рухани дүниесімен де астасып жатады. Уақыт, еңбек адамының практикалық, қызметінің өлшемі. Сондықтан адамның ішкі рухани өмірі байлықтарын анықтайтын уақыт тарихи дамумен де тығыз байланысты болады. Мысалы әр түрлі тарихи дәуірлерде уақыт әртүрлі белгіленді, пайымдалды: құлдық қоғамда ол өткінші ретінде қаралса, феодалдық қоғамда адам оған, болашақ ретінде сенімімен байланысты, яғни уақыт біздің өміріміздің негізгі мәнін ашты.
Сыртқы дүниенің сезім мүшелеріне өз әсерін тигізетініне байланысты көптеген түйсіктік деректер жинақталды. Бұл мәліметтерді танып білу - адамның ойлау қызметінің жемісі, таным, ойлау туралы ғылым - логика.
«Таза парасатқа сынның» негізгі бөлігі «Трансцендентальді логика» категорияларының пайда болуын қарастырады (трансцендентальді - латын тілінен аударғанда аттап өту деген мағына береді. Бұл философияда білім, сана, ұғым, идея тәжірибе арқылы пайда болмайды, одан тыс қалыптасады, ал тәжірибе білімдер жиынтығынан пайда болатынын көрсететін ілім). Трансцендентальді логика «Таза жаратылыстану қалай пайда болады?» және «Метафизика қалай болуы мүмкін?» деген сұрақтарға жауап береді.
Сезімдік қабылдау арқылы жинақталған материалдар мен деректер белгілі бір ұғымдар арқылы анықталады. Заттар мен құбылыстар табиғатын ой елегінен өткізу категорияларды тудырады. Пайымдау бірінші кезекте категориялар мазмұнын ашып, жүйеге келтіреді. Кант Аристотельден кейін логика категорияларына мән беріп зерттеді. Аристотель логика категорияларын бірнеше топқа бөліп, анықтамаларын берумен шектелсе, Кант категориялар жүйесін (системасын) жасауға ұмтылды. Ол категориялар арасындағы терең байланыстарды анықтап, бірінен бірінің туындайтынын дәлелдейді. Бұл жаңалық болашақта пайда болған философиялық ағымдарға үлкен әсерін тигізді. Мысалы, Канттың ілімін жалғастырушы неміс классикалық философиясының ірі өкілі - Гегель идеалистік негізде категориялар және олардың жүйесі туралы құнды пікірлер айтты.
Философияда, пайымдау, біріншіден, ойлау туралы ілім, логиканы дамытты; екіншіден, таным үдерісін жаратылыстану ғылымдарымен байланыстырып, оның ұғымдары философиялық мәнге ие болды; үшіншіден, ұғымдарды, категорияларды белгілі бір құрылымға келтіруге мүмкіндік жасады; төртіншіден, адамның таным қабілетінің ерекшелігін, қалыптасқан пікір қабілетін айқындайды. Канттың айтуынша, өзіндік пікірі қалыптаспаған адам – ақымақ. Мұндай аурудан адамды ештеңе де құтқара алмайды. ІІікір қабілеті жоқ адам ғылым салаларын қанша игергенімен, барлық жағдайда өз ойының шектілігін көрсетеді.
Осымен қатар, пайымдаудың тар өрісті жақтары бар. Ол бәрін шектеп, белгілі бір қатып қалған құрылымға енгізіп, ойдың жан-жақты кең өрісін тарылтып, күні өткен ескі әдет-ғұрыппен байланысты болып, догматизм тудыруға; бір дағдыға үйренген, одан жаза баспайтын «тауықтың пайымдауына» әкелуі мүмкін. Адамдар үйренген дәстүрден арыла алмай, ескі әдет-ғұрыптың құрбаны болып, жаңаға, өмір өзгерістеріне түсінбей, оған қарсы шығады.
Дегенмен, пайымдау әлеуметтік дамуға байланысты тар шеңберде қалып қоя алмайды. Қалайда дүниені, «өзіндік заттарды» тануға талпынған пайымдау парасатқа айналады. Парасат – пайымдаудың жоғары формасы. Категориялармен емес, принциптермен көзге түсетін оны Кант даму теориясының жоғарғы сатысы – теориялық оймен байланыстырады.
Парасаттың қарастыратын негізгі ұғымдары – адам, әлем және құдай мәселелері. Бұл идеяларды тануда, негізін ашуда ол шешілмейтін қайшылықтарға кездеседі. Шешілмейтін қайшылықтарды Кант «парасаттың антиномиялары» деп атады.
Кант атап көрсеткен парасаттың бірнеше антиномиясы бар. Мысалы, бірінші антиномия – «Дүние уақыт пен кеңістік жағынан шексіз және шетсіз. Дүние уақыт пен кеңістік жағынан шектеулі, шекті». Бұл антиномия – формальді қисын тарапынан ешбір дәлелденбейтін, шешімін таппайтын пікір. Канттың ойынша, бүкіл әлемді білу және оны тану мүмкін емес. Сондықтан парасат өзінің әлемді тануға ұмтылысында дәрменсіз.
Канттың тұжырымдауында парасаттың даму тарихы үш кезеңнен тұрады: алғашқыда ол бүкіл әлемге әмірі жүрген құдіретті болды. Оның қағидалары өзгермейтін, мәңгілік деп есептелді. Кант бұл жерде философияның бір кезде басқа ғалымдар үшін негіз саналып, атасы болғанын меңзеп отыр. Екінші, парасаттың негізгі идеялары мен принциптері бірте-бірте күмән тудырып, ол абсолютті роль атқарудан қалады. Кант бұл жерде философиядан басқа ғылымдардың бөлініп шыға бастағанын, оның ролінің төмендегенін, жалпы дүниетанымдық ілімдігінен айрыла бастағанын көрсетеді. Үшінші, Кант философиясынан басталатын сыншыл кезеңде парасат айтарлықтай сынға алынып, оның әлемді толық тануға әрекетінің бос қиял екендігі көрсетіледі. Кант парасатты шектеп, сенімге жол ашуға ұмтылады. Десек те, ол «Діни парасаттың шектелуі» деген еңбегінде парасаттың дінге шек қойып отырғанын да айқын көрсетеді.
Сайып келгенде, Кант философиясы идеализмнің «дүниедегі заттарды толық тануға болмайды» деген агностиктік бағытын тудырды. Ол танып-білуге болмайтын «өзіндік заттар» бар, олар объективті, біздің санамыздан тыс өмір сүреді деп, бір жағынан материализмді қолдай отырып, екіншіден, біз тек құбылыстардың сырт көрінісін ғана тани аламыз, білеміз деп, идеалистік агностицизм бағытына бет бұрады.
Осыған байланысты, Канттың философиясы екіжақты сынға ұшырады. Оны «өзіндік заттары» үшін идеалистер, екінші жағынан, «өзіндік заттарды» тануға болмайды дегені үшін материалистер сынға алды. Қорыта айтқанда, Кант – философия тарихында үлкен орын алған тұлға. Оның этикасы алдыңғы қатарлы адамгершілік принциптерінің қалыптасуына жол ашты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   62




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет