Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 19. Мәдениет философиясы. – Астана: Аударма, 2006; Мәдени-философиялық энциклопедия.
– Алматы, 2007.
БҰҚАР жырау (1693, бұрынғы Баянауыл, Далба тауы бойында – 1787, сол жерде) – әйгілі жырау, Абылай ханның ақылшы-биі, абыз. Жұрт оны
«Көмекей әулие» деп атаған. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай хан өтінішімен, «сәуегейлік айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен. Бұлары дәлме-дәл келіп отырған. Әкесі Қалқаман батыр болған. Бұхар жыраудың өзінен Ақербіс, Жарылғап, Жанта есімді үш ұл тараған. Жарылғап ұрпақтарынан Құреке ақын, ғалым Б. Аяпбергенов және т. б. белгілі адамдар шыққан. Бұхар жырау қазақ халқының Жоңғар бас- қыншылығы тұсында елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білді. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күреске біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап қалатын көсем тұрғысынан үлкен сенім артты. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет етті. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес ой бейнелерін жасады. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлады: «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай, Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай. Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам, Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай!». Осы бір шумақ жырда халық пен ханның байланыс-бірлігін қиыннан қиыстыра білген. Жыраудың «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады. Ал. «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларма»› деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз етеді. Бұхар жыраудың Абылай хан саясаты жөніндегі байламды пікір- лері де орнықты, әділ. Ол қасындағы Қытай мен Ресей туралы да ұстамды бағыт ұстанады. Соның арқасында ата жауы Жоңғарлардың іштей іріп, азып-тозуы үшін ұтымды саясат қолдана отырып тарих сахнасынан кетуіне қолайлы жағдай жасағанын мақтанышпен жырлайды.
Бұхар жырау толғауларында Ресей империясының отарлаушылық, бас- қыншылық саясаты, зұлымдық әрекеттері әшкереленеді. Мысалы, «Қилы заман» толғауындағы мына бір жайлар табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманды елестетеді: «Күнбатыстан бір дұшпан, Ақырында шығар сол тұстан. Өзі сары, көзі көк, Діндарының аты боп. Күншығысқа қарайды. Шашын алмай, тарайды, Құдайды білмес, діні жоқ, Жамандықта міні жоқ, Затсыз, тексіз бір көпір, Аузы-басы жүн кәпір, Жемқорларға жем беріп, Азды көпке теңгеріп, Ел қамын айтқан жақсыны. Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Қағазға жазар малыңды. Есен алар пұлыңмен, Солдат алар ұлыңнан. Күндердің күні, Абылай, Жаяулап келер жұртыңа, Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа, Есе тимес өзіңе, Есіктегі құлыңнан.» Қазақ қоғамының сәнінен, мәнінен айрылатынын, дінінің, тілінің, жерінің тозатынын, қабілетсіздер сұңғылаларды илеп билейтінін, дәрменсіздік жалайтынын, марқасқалар төбесінде бұлт үйірілетінін баяндаған. Бұл «Қилы заман» толғауының қалай туындағанын Мәшһүр Жүсіп Көпеев былайша түсіндіреді. Абылай хан бір салтанатты күнде ат үстінде Бұқардан сұраған: «Асан қайғының қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар дегені не тантық, суда жүрген шортан тауға біткен қарағайдың басына қайдан шығады. Миға қонбайт- ұғын сөз ғой» – депті. Сонда Бұқарекең қырын қарап тұрып, атының басын бұрып, қамшысын ерінің үстіне арта салып, көзіне жас алып; «Әй, хан! Бұл сөзді сен сұрамасаң керек еді, мен айтпасам керек!» деп, осы толғауды айтыпты.
Достарыңызбен бөлісу: |