МӘШҺҮр-жүсіп шығармаларының этномәдени аспектісі 5 Том



бет10/15
Дата15.09.2017
өлшемі4,49 Mb.
#32803
түріМонография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

«Бұхарай Шәриф» – қаланың атауы. Мәшһүр-Жүсіп 29 жасында 1887 жылы білім алған қаласы. Бұл деректерді ақын 1914 жылы 58 жасында жазған сияқты. Бұхар – Орта Азиядағы діни оқу орны болған қаланың аты. Шәриф – мұсылман дүниесінде аса дәріптелетін төрт қалаға Шәриф атауы қосылып аталады. Мысалы, Құдыс Шәриф (Иерусалим), Шам-Шәриф, Бағдат-Шәриф, Бұхара-Шәриф. Мәшһүр-Жүсіп рухани білім алған мұсылман қаласы осы – Бұхара-Шәриф. Бұхара-Шәрифте оқып қайтқан да молда Нәжмеддин хазірет Мәшһүр-Жүсіптің 5 жасында «Шар» кітабын оқытқан.

Бұхара сөзін Е.М. Поспелов үнді тіліндегі «вихр» сөзінен ауысып келген будда монастыры дегенмен байланыстырады. Орта Азияға бұл сөз монғол тілі арқылы енген дейді. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде іргесі қаланып, бастапқы кезде сағды тілінде «Нумижкат» деп аталған. Бұхара атауы алғаш рет жазба деректе V ғасырдағы Қытай жылнамасында кездеседі. 709 жылы арабтар басып алған кезде, ол орталық Азиядағы ірі сауда және мәдениет орталығы болған. 8-10 ғ. Самани әулеті мемлекетінің құрамына кірді, оның астанасы болды. 10 ғасырдың аяғында Қарахан әулетіне 12 ғ. Қарақытайларға бағынды 13 ғ. Басында Хорезмшары Мұхаммедтің иелігіне айналды. 1220 ж. Шыңғыс хан әскерлері жаулап алды. Бұхарада оларға қарсы Махмұт Тараби бастаған көтеріліс болды (1228), 1370 ж. Темір, ал 16 ғ. Шайбани әулеті мемлекеттерінің құрамына кірді. 16 ғ. ортасынан 1920 жылға дейін Бұхар хандығының, 1920-24 ж. Бұхар халық Кеңес Республикасының астанасы болды. Қазір Өзбекстан Республикасындағы қала. Бұхара облысының орталығы. Қызылқұм шөлінің оңтүстік шетінде, Зарафшан өзенінің аңғарының батысында, Бұхар шұратының орт. бөлігінде, Шахруд каналының бойында, теңіз деңгейінен 226 м. биіктікте орналасқан. Темір жол станциясы. Халқы 237, 6 мың адам (1995) [57, б.532, 58, б.474-475, 59, б.41, 60, б.146, 61, б.225, 62, б.208, 31, б.280-286] .

«Аққошқар» – жүйрік данышпан деп баға берген еді Мәшһүр-Жүсіп. 29 жасында аға сұлтан болған Мұса Шорман қайтқанда Мәшһүр-Жүсіп жоқтау өлеңін 1885 жылы жазғаны мәлім. Демек, «Мәшһүр-Жүсіптің Мұса Шормановты оның келіні атынан жоқтауы» да осы жылы жазылған деп топшылаймыз. Оған себеп, «Мұса Шорманұлының асы» – деген өлеңде осы жылы жазылыпты. Жоқтауды Мәшһүр-Жүсіп шығарып, Мұса Шорманның келінінің атынан айтқызады. Ауыз әдебиетінің үлгісі жоқтау түрімен жазылған. Лирикалық жанр. Жоқтау шұбыртпалы ұйқасқа құрылған. Көтерген тақырыбы негізінен Мұса Шорман болғанымен оның сенімді достары Аққошқар, Шыңғыс, Ыбырай т.б. туралы айтылады. Мысалы:

Аққошқар, Шыңғыс, Ыбырай –

Бәрі де өңшең данышпан,

Тәттімбет пенен Секербай

Бірге ілесіп барысқан.

Бәрінің болып көсемі,

Тоқталмас тілге шешені

Асқан бір жері сол еді.


– дейді. 1855 жылы Мұса Шорманды Ресей патшасы шақырып «Россияның ұлығы Көруге жүзін сағынған» – деп жырға қосады. Сол уақытта Мұса Шорманның қасына ылғи ақылы кемеңгер ізгі жандар еріп барған екен. Солардың бірі – Аққошқар еді. Мәшһүр-Жүсіп Аққошқарды мына адамдармен тең қояды: Бидан, Жанайдар, Жайықбай ұғлы Ыбырай, Жанайұғылы Жантөре, Нөкербек, Нөке-Момыннан, Әлібек, Мұса-Атығай, Уәлихан ұғлы хан Шыңғыс – Шыққан бір тегі Абылай – деп қазақтың маңдай алды жайсаңдарын тізіп шығады, олардың қазақ халқына деген қамқорлығын, екі оттың ортасында жүрсе де, ел қамын ойлап, елдің болашағын ойлаған қамқор жандар санатына қосады [29, б.42, 46].

«Аламан», Сахабаның он төртінші ұрпағы. Мәшһүр-Жүсіп 10 мәтін «Қазақ қажылары» жазғанда 70 жаста, 1928 жыл деп көрсетіпті. Демек, Сахаба ұрпағының 7 үлгісін жазып алғаны осы жылдың ары-берісі болар. 1925-1930 жылдар деп шамалаймыз. Тарихи-эпикалық жәдігер. Көтерген тақырыбы Сахаба ұрпағының таралу тарихы. Ауызша жеткен шежіре «Аламанды» таратқанда жетеуі жеті түрлі таратады. 1 үлгі: Хазірет Ғакашадан жетінші ұрпағы Сейіл ұлы Ақшолпан («Ақша хан») он екінші үшінші атасы Майқы би – Аламан. 2 үлгі: - тоғыз атадан кейін – Аламан. Мысалы; Ақкөсе-Мәлік-Әнес-Жабал-Мағаз-Бұхарбай-Сейіл-Ақшолпан-Аққурай-Аламан. 3 үлгі: Әнес-Жабал-Мағаз-Шұһайіл-Ақшолпан-Аламан. Бұл арада мынаны ескеру қажет сияқты, Сейілханнан екі ұл Ақшолпан илан (және – А.Қ.) Аққурай. Сол сияқты, Шұһайілден Ақшолпан илан Қорай. 4 үлгі: Адам атадан таратады. Нәзірұлының Құлнәзірінен-Мәлік-Әнес-Мағадан-Ақшолпан, Ақурай-Аламан. 5 үлгі: он екі атадан кейін Аламан тарайды. 6 үлгі: қазақ түбін Мұғылдан таратады, Аламан айтылмайды. 7 үлгі: он атадан кейін Аламан аталады. Жеті нұсқаның ішіндегі ықтималы Аламанды Майқы биден таратқан тарауы болып табылады. Шежіре Майқы биден кейінгісін бұлдыр араластырып алып тарқатады. Бұл дегенміз ауызша жеткен үлгінің ХV ғасырдан арғысы бұлдыр болғаны байқалады. Шежіре синкретті өзінің бойында бірнеше жанрдың түрін сақтаған. Сондықтан, тарихи-эпикалық жәдігерге жатқыздық. Аламан шежіресінің жеті үлгісінің де тілі көркем, өте көп тілдік деректер алуға болады. Мысалы: Түгел сөдің түбі бір, түп атасы Майқы би, бас екеу болмай, мал екеу болмайды – мақал, он екі ұранды Алаш, он санлы Орманбет, толыбай ұранды Қанжығалы, Маябоз ұранды тобықты – тұрақты тіркес. Шежіренің тілінде шағатайлық үлгі де ұшырасады: илан (және), дағуат, ұғлы, ыхдым, яжұм, мынахожым, нақллият бин ғабрахин, ұйынсыл, сақафа, ұшбулар (осы-бұл) һәм, рауаят, атырафында, ханлар, тауариқлар, тариқан, ұлбат, ұтаслм, широп т.б. Қосымша осы томның 418-419 беттерін қараңыз [34, б. 74, 75, 76, 77, 78, 79, 80, 81, 82, 83, 84, 418, 419].

«Алаш», он үшінші атасы. Мәшһүр-Жүсіп «Қазақ қажылары» оныншы мәтінді жазғанда 70 жаста, соңында 1928 жыл деп көрсетіпті. Демек, Сахаба ұрпағының 7 үлгісін жазып алғаны осы жылдың ары-берісі болар. Сондықтан 1925-1930 жылдар деп шамалаймыз. Тарихи-эпикалық жәдігер. Көтерген тақырыбы Сахаба ұрпағынан тараған Алаш ұрпағының тарихы. «Алаш» тарихы Сахаба ұрпағының 7 үлгісінде жазылған. Аламаннан – Алашты шығарады. «Алаш алаш болғанда керегеміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда», «Алты Алаштың арыстары» – деген сөз бекерге айтылмаса керек. Қазақ зиялылары да «Алаш» партиясын құрып, Семей қаласын «Алаштың» астанасы деген еді. Мәшһүр-Жүсіп Алаштың арғы түп атасын былай таратады. Хазірет Ғакаша Ан хазіретіміздің 17 ұранды туын көтеріп еді. Ғакашаның баласы Зайрмардан бірде Зайрымдан, бірде Найрым. Зайрмарданнан Мәлік. Мәліктен-Әніс (Әнес-Анас)-Мағаз-Жабал (бірде Жыл)-Сейілден екі бала Ақшолпан және Аққурай бірде Қоралы. Аққурайдан Сейілхан, Жайылхан туған. Сейілханды сегіз арыс Түрікпен дейді. Жайылханнан-Ақкелімбет-Майқы-Аламан-Алаш туады. Алшатан-Өзбек пен Сыбан. Сыбаннан-Айырқалпақ, Өзбектен-Қарақалпақ. Айырқалпақтан-Қазақ. Қарақалпақтан-Созақ туады. Ал, енді бірде Алаштан Сейілхан мен Жайылхан туады. Майқыдан-Өзбек, Сыбанды таратады. Кейде Алаштан үш ұлдың қатарына Елханды қосады. Елханнан түрік жұрты Қондыкерді таратады. Алаш туралы да түрлі аңыздар бар. Соның бірін Мәшһүр-Жүсіп жазып кетті. Қырық ханның бірі болған Арыстаннан бала болмай, Қызылаяқ деген елді шауып, бір қызға хан аяқ салып, ол қатын бір ала бала тауыпты, ол баланы Сырдариядан әрі асырып жіберіпті. Сол баланы Майқы би алып келіп, ақ киізге орап хан көтеріпті. Атын «Алашахан» деп атапты. «Жүз» деген атты ру жауға шапқанда «Алаш» деп ұрандап шабады екен. Кеше «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деп айтылған сөз сонан қалды деп жазады [34, б.74, 75, 76, 77, 78, 79, 80, 81, 82, 83, 84, 418, 419], [53, 62-63].

«Жаныс» – ру аты. Шежіре. Мәшһүр-Жүсіп «Есте болатын ескі сөздер» – деген әңгімесінде бұрынғылар: «Арғын болсаң, Алтай бол. Алшын болсаң, Адай бол. Үйсін болсаң, Сиқым, Жаныс, Тұтбай (Топай) бол. Найман болсаң, Қаракерей-Матай бол. Өзгең қалай болсаң, солай бол!» – деген екен. Үйсін оның ішінде Жаныс елге тапқырлығымен танымал, көзге жастайынан түскен ата болса керек. Жаныс Ұлы жүздің Үйсін Төле би мен аталас рудың бірінен тараған сияқты. Үйсін ұраны – «Бақтияр» екен [37, б.207].



«Жаппас» – кіші жүздің руларының бірі. Тарихи-эпикалық жанр. Көтерген тақырыбы Жаппас ру атауының таралу тарихы. Мәшһүр-Жүсіп ел аралап жүріп, естігенін ұмытпай «Мес» кітабына жаза берген. Бұл бірінші рет зерттеліп отыр. Кіші жүздің ішіндегі Жаппас руы жөнінде мәліметтер өте аз. Жаппас ұраны «Баймұрат». Кіші жүз үш бөлімге бөлінеді: Әлім, Әлімұлы, Байұлы. Бұлардың үшеуі бірігіп, «Алшын» – деп аталады. «Үш Алшын» – деп сөйленеді. Байұлы он екі атаға бөлінеді: Шеркес, Сыйық, Тана, Байбақты, Масқар, Қызылқұрт, Алаша, Адай, Беріш, Таз, Жаппас, Есентемір. Байұлының ішінде «Алтын» деген бір ру бар. Алтын қатынның аты. Алтыннан өрбіген тұқым Алшын Жаппасқа кіреді. – «Алтын Жаппас» деседі. Енді бірде Алшын, Жаппас, Адай, Біршіт, Нәзір, Жолан, Жағалбайлы, Күдері, Керейіт, Тама, Табын, Тілеу – кіші жүздің тарауларына жатады. Тағы бір Кіші жүзге Алшынды қойып, Жаппасы зарнаядашы қылмақ-ды – деген сөз бар. Кіші жүз: Алшын, Жаппас, бес Жаппас, төрт Шөмекей: Кенесары ханға қараймыз бізге зекетші жіберсін деген екен Наурызбай келіп біраз жатып, өзі Ташкент, Қоқанға кеткенде жігіттері ойына келгенді істеп, қыз-келіншектерге қырғидай тиген екен. Төлегенұлы Жанғабыл үстінен түсіп, әлгі жігіттерді өлтіре бастаған екен. Жаппаста Төленбайдың жеті баласы бар екен. Үлкенінің аты – Маңкүшік, кішісінің аты – Көтібар сол Көтібар Наурызбай жігіттерімен алыса жүріп өліп кетіпті. Төрт Шөмекей, бес Жаппастың біреуі Достияр. Достиярдан – Алтыбай, Алтыбайды Кенесары маған қарамайсың, бағынбадың деп өртеп жіберіпті. Оның немере інісі Төлегенұлы Жанқабыл соқыр, Наурызбайдан кек алып, тоғыз жігітпен Наурызбай әрең қашып құтылыпты. Бес Жаппастың қыздары да өжет, алған бетінен қайтпайтын қайсар болыпты. Наурызбай тоғыз жігітімен әрең қашып құтылғанда әлгі Жаппастың қыздары:
Не болды жасауылдар мұнша қанап,

10 қойды 20 деп артық санап.

Сарт ер мен жекей тымақ киген ерлер,

Сай-сайда жатырмысың шекең қанап?!


– деген екен. Қысқаша Жаппас туралы қолда бар дерек осындай [34, б.163-165, 31, б.167-184].

«Жарылқап, Абылай хан үйіне түстенген байлық, бектік, ұрлық – үшеуі тұқымына сіңген Тілеукенің баласы» – тарихи әңгіме. Көтерген тақырыбы: Жарылғап батырдың кеңдігі, халыққа деген ықыласы Абылай ханды сыйлап шығарып салғаны сөз болады. Әңгіменің қысқаша мәні мен мазмұны мынадай: Абылай жол-жөнекей алпыс кісісімен Қаракесек Жарылғаптікіне тоқтапты. Жарылғаптың Маңқан деген бәйбішесі Қаз дауысты Қазбектің ұлы үйленіп сонда кетіпті. Жарылғаптың Жоламан, Тастемір, Атыбай, Кенжебай деген төрт ұлы бер екен. Жарылғаптың өзі денесі толық жуан адам болса керек. Абылайдың еріп келген алпыс кісісіне отызына бір сабадан, отызына екінші сабадан қымыз құйып берген екен. Сол кезде бәйбішесі Маңқан екі бала қолынан тартып, екі бала артынан итеріп үйге әрең кіріпті. Келе сала: «– Жүктің артында сүйретпеде байдың сыбаға асы – түнемелі тұр құйыңдар тағы қонаққа!» – деп мырзалық танытыпты. Абылайға мінуге жылқы, союға сойыс жылқы беріп риза – қош аттандырыпты. Сонда Абылай, Менің «Қай Жарылғап?» дегенім. Қаракесекте-Қарсұн-Керней-Жарылғап болушы еді. Оны жұрт: Ер Жарылғап, батыр Жарылғап, би Жарылғап деп атайтын. Ал мына Жарылғапты: Тілеуке-Бертістің Тілеукесінің баласы-Шақабай-Жарылғаптың Жарылғабы, ұры – Жарылғап деуші еді. Халық қаңғып сөйлей береді. Бұл ұры болса, жылқы, түйе, қой, сиырды ұрлап алған шығар. Ал, ана бәйбішені, мына төрт баланы ешкімнен ұрлап алмаған шығар. Ұрлап алса жанды кісі бұған сіңіртіп қоя ма? Сондықтан, «Құдайдың өзі жарылқап қойған шын Жарылғап екен» – деп баға берген екен. Риза болғандығы соншалықты, Жарылғаптың Жоламаннан кейінгі екінші баласын Тастемірді өзіне қияметтік бала қылыпты. Абылайдың дуа тигендігі соншалықты, Жарылғаптың тұңғышы Жоламан «он алты ұлды Жоламан» атаныпты. Олардың жылқысы мыңнан, қой мыңнан асыпты. Шетінен бай, малға – басқа толы ұрпақ болып өсіп-өніпті. Сондықтан да: «Қазақта байлық, бектік, ұрлық – үшеуі бір тұқымға сыйған емес. Жалғыз-ақ осы үшеуі Жарылғапқа сыйған. Не үшін бұған дуа кеткен? «Абылай хандай аруақты ерден дуа алған!» – деген сөз қалған. Қаракесек Жарлығаптан Балта ақын шыққан. Балта ақын өзінің немере қарындасын алып қашып, Құнанбай елін паналаған [31, б.71-74].

«Жүсіп мырза» – Құнанбай Алшынбайдың Жүсіп дейтұғын баласының қызын тұңғышы Ыбырайға алып берген. Жүсіп мырзаға қатысты мына бір деректің де тарихи маңызы бар. Жүсіптің бәйбішесі пәуескеге мініп, Құнанбай аулына қызының амандығын білуге шығады. Бұлармен бірге Модашбай деген ақсақ, Қалдыбай қожа өзі ақсақ, Жүсіптің бәйбішесі ақсақ, тағы бір ит пен ат оларда ақсақ ере шығыпты. Сонда Қалдыбай қожа:
Бес ақсақтың біреуі – Қалдыбай-ды,

Молдашбайдың басқаны маңдымайды.

Байы болыс бір қатын арбада отыр,

Ақсақ-сауын ше адам аңдамайды


– деген екен. Бұл сөз күні бүгінге дейін ел аузында сақталған. Шаншардың асында Шөже Тәттімбетпен келіп, Жолшарамен айтысады. Алшынбай Әйтеке, Шаншар елінің басты адамы. Арғын ішінде Қаракесек. Қаз дауысты Қазыбектің шөбересі. Алшынбайдан-Қақабай, Бану, Бәпи, Шәпи, Қосық, Жанығұлы, Жүсіп тарайды. Шөженің өлеңге қосқан мырза Жүсіп осы – Алшынбайдың ең кенже ұлы Жүсіп. Абайдың бәйбішесі Ділдә осы Жүсіптің қызы. Шөже ақын Қаржаубайұлы тегі қырғыз екен, Арғын ішіндегі Қуандық ішінде өсіп-өнген екен. Екі баласы шешектен өліп қалған уақыты екен. Шаншардың асына тобықты Құнанбайда Қарқаралыда аға сұлтандық уақытында келген екен. Шөже Алшынбайға өлердей тиісіпті содан болмаған соң Жолшара бұған қайыр беру жарамайды деп қайыр бергізбей қойған екен.

Шөже өзінің сөзінде:


Алшекем туған ұл мырза Жүсіп,

Шөже келді алдыңа құстай ұшып.

Асаубайдың баласы Әбен болыс,

Қара шұға шекпенін берді шешіп


– деген екен. Алшынбайдың ұлы Жүсіп ел ішінде жақсы атанған, мырза жігіт болса керек. Қолы ашық, елге жайлы мырза Жүсіп туралы қалың ел де құлақтанған болуы керек, Шөже соны айтып, қайтсе де бір ат мініп кетпекке бел байлайды. Тіпті, Тәттімбеттің өзі бір ат берген еді дегенді де өлеңге қосады. Құнанбайдың құдасы Алшынбай осал адам болмаса керек, ақылымен, парасатымен ел билеген кемел адам екен. 1826 жылы 46 жасында Айбике – Шаншар болсын басқарған. Патша үкіметінің старшина, поручик шенін алған. Анна лентасына тағылған алтын медаль алған.

Шөже:
Шөгіп жатқан Алшекем нар сықылды,

Жүсіп жанның ақылы бар сықылды.

Тоқсанбайдың баласы өңшең шобыр,

Жаңбыр жауып құлаған жар сықылды
– депті. Мәшһүр-Жүсіп: Баласына қызын алып берді. Құнанбай-Алшынбаймен замандас болды. Құнанбай әкесі – Өскенбай-Тіленшімен замандас болды. Кеңгірбай-Өскенбай әкесі болса, Тіленшімен замандас деуге сыяды. Болмаса, Дадан Тобықты-Қараменде бимен замандас болған Қабекеңіз-Тіленшімен бас қосуға тіріліп келген болады – деп жазды [37, б.258-261, 53, б.132-133, 31, б. 241-242].

«Мұқыш Жұпарұлы» – Мәшһүр-Жүсіптің 1921 жылы, 63 жасында шығарған ұзақ өлеңі. 4 тармақты, 115 шумақтан тұратын, лирикалық жанрға жатады. Айшықтау тәсілімен, оның ішінде арнау түріне (жарлай арнау) үлгісінде жазылған. Көбіне 3 бунақты, егіз ұйқас, аралас ұйқас түрінде келіп отырады. Қазақ елінің маңдай алды азаматтарын суреттеу. Алаш азаматы Боштаев Жұпарұлы Мұқыш арқылы сол уақыттың ауыр кезеңін көрсету. 1917-1921 жылдар аралығындағы тарихи уақиғаны өлеңіне арқау еткен. С. Торайғыровтың «Таныстыру» поэмасымен үндес. Мұқыштың арғы атасы, шыққан тегін Мәшһүр-Жүсіп Арғын-Қуандық-Сүйіндік руынан тараған Төлеубай-Едіге-Еламан-Тұрсынбай-Бәзіл-Боштай-Жұпар-Мұқыш – деп айқындайды. Боштай дуанбасы болған 37 жасында өмірден өткен. Әкесі Жұпар ерте қаза болған. Мұқыш Хұсайынның немересі. Павлодарға 13-14 жасында оқуға берген. Одан Семейде оқып, Петербургте заң білімін алған. Семейде алаш азаматтары Шәкәрім, Ақаев, Нармамбет, Торайғыров, Есмахан Бөкейханов, Жанахмет Сарсенов, Ғаббас Халел, Теміржан Субеков т.б. бәрі бірге жүрген Колчактың келтірген залалын да, құқайын да бірге көрген. Семейдегі кеңес өкіметінің келеңсіз істеріне іштей қарсы болған. Жалпы, кеңес дәуірі кезеңіндегі қазақ елінің ауыр халін де суреттеген. Сол уақыттағы Мұқыштың ерліктерін, еліне жасаған жақсылықтарын жан-жақты ашқан. Мәшһүр-Жүсіптің осы өлеңінің идеясына қарап, ақынның саясатқа жүйрік болғанын алаш азамттарымен байланыс жасап тұрғанының куәсі боламыз. Сөз соңында ақын:
Мұқыштың өлгеніне Алаш күйді,

Мақал бар: «Халық сүйгенді Құдай сүйді!».

Шуларсың, күңіренерсің, күнелтерсің:

Бір жазда Жанқозыға екі оқ тиді


– дейді [29, б.61-74, 350].

«Елетан» – Өскенбайдың шешесі. Тарихи-эпикалық әңгіме. Ауызша тарих арқылы жеткен дүниелерді қағаз бетіне түсірген Мәшһүр-Жүсіп. Шежіренің негізгі арқауы Өскенбайдың шешесі Елетан бәйбіше туралы. Шежіре Өскенбайдың шешесінің тарихымен құнды. Тобықты Құнанбайдың бір шешелері «Елетан (Елти) қатын» – атанған. Ақындылық, өлеңшілік – сонан үзілмейді деседі. Бұл Елетан (Елти) қатын – Өскенбайдың шешесі. Ақын Мәшһүрдің әкесі Көпей, оның әкесі Сермұхаммедтің әкесі – Ақжігіт абыз. Ақжігітті тапқан қатын Бөктік бәйбіше Қыпшақ: Қатықұлақ мергеннің қызы. Бұл бәйбішеде «Елти қатын» – атанған. Сексенбайдың шешесі, Елти қатын – Ырғызбайдың қатыны. Ырғызбай, Жігітек, Боқкөт үшеуі – Олжабайдың балалары! Сондықтан, оны «Үш Олжай» дейді. Бірі – Өскенбай, тұқымы-Құнанбайлар. Бұл Ырғызбайдан. Бірі – Жігітек тұқымы. Мұнан он бір жыл бұрын Құнанбаймен қағаздасқан Бөжей шыққан, Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопандар шыққан. Бірі – Боқкөт тұқымы, мұнан: «Соқыр» Оразбай шыққан. Біз естіп едік: «Ырғызбайдың қатыны «Елти қатын» атанған. Ол қатын – Өскенбайдың шешесі екен», – деп. Бұл сөздің қайдан шыққандығы Қаракесек-Балта ақын Құнанбаймен құрдас екен. Сонда Елти қатын жөнінде сөз айтылып қалыпты. Балта ақын отын шауып жатқан Өскенбайдың басын шауып тастайын деп барған Құнанбайдың әркетін сынға алып, Құнанбайға:


Әуеде ұшып жүрген қара құрлар,

Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.

Баласы әкесіне балта жұмсап,

Жынды қатын тұқымы бәдік мұндар!


– депті. Ш. Уәлиханов: «Елті – өзінің сиқырлық өнерімен адамдарды еліту, ұйыту, бар сана-сезімін билеп алушы, өзіне бағындырушы. Елті сөзінің тегі қазіргі тіліміздегі еліту» – дейді. Балта ақынның айтқанымен азда болса байланыс бар сияқты. Мәшһүр-Жүсіп Тобықтының аты – таупықты (тауфиқты) екен – дегені өтірік. «Тафиқ» – араб тілі. Қазақ оны білмейтін күні балаларының атын «Боқбасар», «Итаяқ», «Құтаяқ» – қойып жүрген күндері деп, Шәкәрімге дау айтады [34, б.59-60, 31, б.241-242, 32, б.36, 160, 191, 294, 53, б.73-75, 47, б.158, 30, б.10-11, 44-45].

«Жолшара», қазы аты. Жолшара өзі қазы болған. Әкесі Анай. Шаншардың асы болып, бұл асқа соқыр Шөжені Тәттімбет ертіп әкеледі. Тәттімбет Шөжеге Алшынбай мен қазы Жолшараға өлең айт дейді. Ат-тон айып бергенше орнынан тұрғызба, тіліңді тартпа, өзіңді сабағанша айта бер өліп қалмассың депті. Өлең айтқанда алатыныңды мен-ақ қайтарайын депті. Сол уақытта Алшынбай сені сабап, әлі құрып ақыры болмаған соң Балта ақынмен екеуін айтыстырып тыналық дейді. Алшынбай Құсбек пен Жаманай дуанбасына таласқанда, Алшынбай Құсбекті сайлаймын деп, параға төрт ат алып, өтірік айтып сайламай кетіпті. Шөже соның бәрін өлеңге қосып, Алшынбайды тұқыртыпты. Шыдамай кеткен қазы Жолшара: «Соқырға берген қайыр тимейді, бұған беру жарамайды» – депті. Шөже:


Өзің қазы Жолшара, әкең Анай,

Қазылықпен параны жедің талай.

Өлең айтқан күнә деп кемітесің,

Ат пен түйе парадан алған қалай?


– деген екен. Жолшараның садақа бермеңдер дегеніне намыстанып Шөже өлеңін үдете түсіп былай деген екен:
Өзің қазы, Жолшара, әкең Анай,

Қазылықпен параны жедің талай.

Сегіз ұжмақ алдында, жеті тамұқ,

Қайсысына кірерің екі талай.

«Аят хадис» дейтұғын шар кітапта,

Мұндай сөзді айтады әр кітапта.


Мұны естіген сол астағы жақсы мен жайсаңдар «Балта ақынмен айтыстыралық егер жеңіп кетсе, Алшынбай мен Жолшараға ат-тон айып төлетелік» – деп келісіпті. Бұл айтыста Балта жеңіледі, Шөже жеңеді [37, б.258-266, 53, б.131-134, 36, б.44].

«Жангел» – қарақалпақ ақыны. Жангел Қарақалпақтан шыққан ақын, қарақасқа кедей, ел көшкенде мінер аты жоқ. Әкесі – Дуа өзі де жаяу-жалпы жүреді екен. Бір күні Жанкелдінің аулы көшіп келе жатса, Көкөзек деген жерде Ұлбикенің де аулы көшіп, түйеге жүк қомдап артып жатыр екен. Жангел жаяу көшінен бұрылып: «Ұлбикемен айтысып кетейін!» – деп, жүк артып жатқанда, өлеңді қоя берді дейді:


Сайқамыс, сай-сайқамыс сайда болар,

Көп жылқы көк алалы байда болар.

Жүк артқан ауыл көшіп, қыз бен қатын,

Кешуі Көкөзектің қайда болар?


– депті. Айтыста қыз жеңіп, Жангел жеңіліп қалыпты. Енді бірде Жангелді екі бұзаулы сиырын арбаға салып, жаяу айдап келе жатыр екен.

Ұлбике:
Қорқыт пен су аяғы теңіз қалды,

Байлардың арығы өлді, семіз қалды.

Биыл қыс талай жанды ұлытты ғой,

Жангелжан, неңіз өлді, неңіз қалды?
– деген екен.

Жангел:
Өлді де Байтөбетім, Басра қалды,

Байлар өкшіп құтылды, нашар қалды.

Бар еді төрт сиырым, түгел өлді,

Жалғыз-ақ қызылала қашар қалды
– деп жауап беріпті. Сөйтіп, Жангелді Ұлбике бастырмалатып жеңе береді екен [37, б.255-258, 53, б.122-123].

«Жұмабай» – ақын. Мәшһүр-Жүсіптің қазақ фольклорынан жинаған үлгі сөздері – қазақтың ежелгі өнері болған. Діни айтыс. Оның ішінде жұмбақ айтысқа ұқсайды. Жұмабай ақын Мұстафамен айтысады. Негізгі тақырыптары ислам мәдениеті туралы. Жұмабай қойсары ұрпағынан. Жұмабай Мұстафадан жасы үлкен аға есебінде келеді. Мұстафа:


Бес намаз күнінде бес оқылады,

Ораза жылды бір ай тұтылады.

Құранда неше аят бар, неше тыныс,

Неше аят мансұм сәжде оқылады?


– дегенде, Жұмабай қолма-қол жауап береді:
Алты жүз мың және де

Алпыс алты мың Құранда аят.

Жүз төрт сүре, он төрт сәжделі аят.

Білетін тыныс жарып мағыналарын

Ғалымдар білер оны бүн заһаят.
Айтыста Жұмабай үнемі тапқырлық танытады. Себебі, сұрақты үнемі Мұстафа қояды. Жұмабайдың да жауабы өте дұрыс. Соңында Мұстафа: Жұмеке, сол Құранның әріпі нешеу? – дегенде Жұмабай: Ақша емес шотқа қағып есептейтін, Есептеп Құран әрпін не қыламыз? – дейді. Мұстафа сөзі түсініксіз болып қалды. Мысалы ол: Тақ-жұпсыз, есеп-сансыз нәрсе бар ма, Есеп білмес, Жұмеке, болдың есек – деп өзі жауабын айтады. Негізінде егер Құранда неше әріп барын Мұстафа өзі айтып берген болса, Мұстафаның жеңгені айқын еді. Ал, былай екеуі де шешендік, тапқырлық жағынан тең түскен сияқты [37, б.215-216].

«Боштай» – Ақжігіт. Атақты алаш азаматына Мәшһүр-Жүсіп «Мұқыш Жұпарұлы» – деген өлеңін арнағаны тегіннен тегін емес болар. Мұқыш осы – Боштайдың ұрпақтары. Мұқыштың арғы атасы, шыққан тегін Мәшһүр-Жүсіп Арғын-Қуандық-Сүйіндік руынан тараған Төлеубай-Едіге-Еламан-Тұрсынбай-Бәзіл-Боштай-Жұпар-Мұқыш – деп айқындайды. Боштай дуанбасы болған, 37 жасында өмірден өткен. Әкесі Жұпар ерте қаза болған. Мұқыш Хұсайынның немересі. Павлодарға 13-14 жасында оқуға берген. Өлең шумағында Боштай туралы былай:


Бабасы Төлебай бақ қараған,

Туыпты Едіге, Елеман бір анадан.

Тұрсынбай: онан –Бәзіл, Боштай туып,

Уақытында асып өткен хан қарадан


– дейді. Аға сұлтан дуан күнінде Боштай туралы әңгіме ел ішінде көп тараған. Соның бірі – «Ізден абыз бен Боштай әңгімелері». Боштай сөзге шешен, аузы дуалы адам болған көрінеді. Мысалы, «Боштай өлді!» – дегенде, «Дау өлді десейші» – деген жұрт. Сірә, Боштай тірісінде жұртқа ауызын ашытқан бұрыштай тисе керек. Бұрынғы заманда Боштай туралы айтылған бір сөз қалыпты:
Қырда Боштай он үй болмайды,

Шорман он үй болмайды,

Ойда Қазанғап он үй болмайды
– деген. Бір Қалдыбай деген бірде қатты төбелесте Боштайды отта жатқан шаламен басқа періп жіберіпті, қан бұрқ ете түсіпті. Өзінің істеген қылығына Қалдыбай қатты өкініпті. Көп ұзамай қыршын жас кезінде өмірден өткен екен. Сонда: «Боштайға қолы тигендер бір де – бірі оңбады», – деп аңыз қылысады екен деген сөз қалыпты. Боштай Тұрсынбайұлы туралы: «Орта жүз қазақтары үшін қабылданған 1822 жарғыда үй салып, егін еккен қазақтарға несие берілетіні мен салық салынбайтынын естісімен Боштай бірнеше ру басшыларының Жаманаула, Егіндібұлақ, Атанбұлақ деген жерлерінде дихандықпен шұғылданатынын айтып, Баянауылда мешіт пен медресе салуды да сұрап, хат жазып, облыс бастығының Төртұлы билерінің жайлауына жақын Петропавл қамалына келген сәтті пайдаланып, тапсырған екен» – деп жазды Қалмұқан Исабаев [9, б.212-214, 250, 29, б.61-74, 31, б.267-274, 63].

«Боштай» – балалары. Боштай дуанбасы болып тұрған уақытта еліне сыйлы азамат болған екен. Бар жоғы 37 жеті жасында мүшелінде өмірден кетіпті. Одан кейін Хұсайын деген баласы 17 жасында болыстыққа түскен. Мәшһүр-Жүсіп оны өлеңінде:


Баласы Хұсайынға кезек келген,

Болыс боп он жетіде кеңеске енген.

Аяғы өмірінде бір таймаған,

Тигізген атқан оғын – болған мерген!


– дейді. Хұсайын өмір бойы болыс болып ел басқарған. 70 жастан асып қаза тапқан. Мұқыштың әкесі Жұпар да ерте уақытта өлген екен. Содан Хұсайынның тәрбиесін көп көрген. Мысалы,
Асылдың жұрнағындай кенересі,

Көп болған аталас пен енелесі.

Әкесі Жұпар ерте жастай өлген:

Бұл Мұқыш – Хұсайынның немересі!


– дейді Мәшһүр-Жүсіп. Және де «Хұсайын Боштайұлы» – деген өлеңін де арнаған. Мына бір ауыз шумақта Хұсайының қандай адам болғанын көре аламыз:
Хұсекең онан туған бала емес пе,

Данышпан, дария көлдей дана емес пе?!

«Жалғыз-ақ қожа тумас бұлардан!» – деп,

Айтқаны Мұса мырза бар емес пе?!


Ал, Мұқыш Жұпарұлы Боштаев Алаштың маңдай алды азаматы болды. Ол жөнінде Мәшһүр-Жүсіп былай:
Еді ғой есіл Мұқыш ердің ері!

Қазақтың қасқа жайсаң кемеңгері?

Бір жүрген жанына ерген жолдастарға

Бар еді көкейкесті талай жері!


– деп асыл ерді жоқтайды [9, б.212-214, 250, 29, б.61-74, 350, 37, б. 190, 31, б.267-274].

«Жаңабатыр» – би. Күлік Шобалайдан – Жаңабатыр би шыққан екен. Жаңабатыр бәйбішесінің тұңғышы Таңсыққожа мен бір Шөкек деген баласын қосып, Найман төресі Досан төреге ел бітіміне жіберген екен. Сонда Досан төре: – Би баласы сөйле дегенде Таңсыққожа: «Өсетін елге с..іс кіреді, өспейтін елге сыбыс кіреді» – депті. Досан Жаңабатыр ұрпағы Татан-Шөкектің Шөкегіне сен сөйле десе ол: «Медеттің шешесі, Хангелдінің қатынының өлгенін жасырамыз, көмгенін қайтеміз?» – деген екен. Сонда Күнту баласы Жанайдар келелі жауап қайтарыпты. Бірде Жаңабатыр бидің бес көкала бас атаны жоғалыпты. Содан Айдаболдан шыққан Олжабай батыр Жаңабатырға келіп, мен жоқшы болайын деп келісімін алыпты. Қаракесек: Қарсұн-Кернейден Жылқысын қуып әкетіпті. Сөйтсе олардың ортасында атақты бай Жарылқап, би Жарылқап, батыр Жарылқап бар екен. Екеуі де Едіге бидің бітіміне тоқтапты. Ақбура Есен тентек, әкесінің аты – Жетібай, шешесі ақ маңдай Жаңабатыр бидің қойынына кіріп барыпты. Жаңабатыр сонда: «Ат туатұғын бие айғыры келіспеген соң немене?» – деп, бердім саған бір тентекті атын Есен қой деген екен. Сол сотқар Есен осы Жаңабатырдың өзін сабаған екен [37, б.137, 155, 200].

«Жанайдар» – Биғаш батырдың немересі. Күлік баласы – Тілеуімбет, мұнан туған Күнту, мұнан туған Жанайдар. Бұл Жанайдар Абылай заманында жас бала, бар жоғы 14 жаста жұрт аузына ілігіп «Жақсы Жанайдар» атанған. Со заманда Инжарәй Шәріп ханы арқадағы Абылай ханға елші жіберіп: – Май қатығын тауып бергін – деп қолқа салыпты. Сонда, Абылай ел ішінде жөні түзу сөз сөйлейтін кісі тауып бер деп Жәнке батырға сөз салған екен. Жәнке батыр он төрт жастағы Жанайдарды жіберіпті. Өзінің тапқырлығы мен ақылдылығы, даналығы арқасында жалпақ елге танылыпты. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» – деген сөз содан қалыпты дейді. Жақсы Жанайдардың баласының аты Өтеміс екен. Бір де Қуандықтан шыққан Байдалы би Жанайдардан мін таба алмаған соң кемітіп: Осы неменің әкесінің аты – Күнту ма еді, Қиту ма еді – депті. Сонда Жанайдар:
Ерім бар-ды ыңыршақ,

Атым бар-ды тобышақ.

Әкем аты Күнту болсын,

Қиту болсын,

Оның маған не керегі бар?

Ақылым бар бір құшақ


– деген екен [37, б.155, 31, б.107-109, 30, б.63-65].

Каталог: fulltext -> buuk
buuk -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі жүсіпов нартай қуандықҰЛЫ
buuk -> Мамандыққа кіріспе «Музыкалық білім»
buuk -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
buuk -> Кітаптану және кітап тарихы 050418 «Кітапханатану және библиография»
buuk -> Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
buuk -> Психотерапия технологиялары
buuk -> ДӘСТҮР – ДӘріс қазақ тілі пәнінен студенттерге арналған оқу құралы Павлодар Кереку 2010 Т. Х. Сматаев ДӘСТҮР – ДӘріс
buuk -> Ашимбетова Р. Д. Журналистің тіл мәдениеті Оқу құралы 050504 «Журналистика» мамандығының студенттеріне арналған Павлодар


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет