Мен батырларын ұлықтаған ұлы елдің ұрпағымын!
Зейнолла Перизат
Ақтөбе қаласы, №19 ОМ КММ
6 «Ә» класс оқушысы
Ер есімі қашанда ел есінде. Қазақта ежелден жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғаған батырлар көп болған.Сонау заманда Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздан басталатын ерлік істер кешегі Желтоқсан оқиғасына дейін жалғасты. Ал бейбіт өмірді ғана таңдайтын, соғыс деген сөздің өзінен тітіркенетін менің халқым 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына да елеулі үлес қосты. Осы жолда көптеген ер азаматтар тер төгіп, өз жандарын құрбан етті. Аналарымыз жесір, сәбилеріміз жетім қалып, ақ жүздерін қайғы жасы жуып, ащы зары мен мұңлық мұңы дүниені күңірентті. Күрес жолында халқымыздың басынан өткерген небір қиындықтар мен қасіреттер, ерлеріміздің ерлігі тарихқа жазылып, халық есінде мәңгілік сақталып қалды.
«Туады ерлер ел үшін,
Өлмейді ісі мәңгілік.
Өшпейді абзал есімдер,
Ұрпаққа жетіп мәңгілік», - деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, батыр бабаларымыздың есімдері, ерліктері жас ұрпақ санасында мәңгілік сақталатыны сөзсіз.
Батыр баба Бауыржан Момышұлы өзінің журналистерге берген бір сұқпатында: «Соғысқа қатыспаған адамның соғыс туралы жазған шығармасына сенбе, майдан даласында болып, өліммен бетпе-бет келмеген адам соғыс туралы шынайы баяндай алмайды», - деген екен. Дей тұрғанмен менің дәу әжем соғыс кезіндегі оқиғаларды баяндағанда, еріксіз аузың ашылып, көзіңе жас келеді. Аяныш сезімі бойымды билеп, бір сәт сол кісілердің орнында болмағаныма шүкір етемін. Әжемнің айтуы бойынша өрімдей жастардың бәрі соғысқа алынып, елге тек бірең-сараңы ғана оралған екен. Әрбір азаматты майданға шығарып салу, ауыл адамдары үшін үлкен трагедия, жылап-сықтаумен өтетін болған. Соғыс туралы әңгіме сұрасақ, әжем: «Талай жас жеңгелерім жесір қалып, жастық шақтың қызығн көре алмады ғой», - деп езіле әңгімелейтін. Сол майданға аттанған әр азамат жас өмірін біздің жарқын болашағымыз үшін, Отанымыздың ұлтарақтай жерін неміс фашизміне бермеу үшін қиды.
Ер азаматтар майданға кеткенде тылдағы аналарымыз бен менің жасымдағы өрімдей балалар еңбекке араласты. Қарны тойып тамақ та ішкен жоқ, бірақ ашпын деп жыламастан «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» - деп тер төкті. Көкіректе тек бір арман, бір мақсат. Қалайда жеңіске жету болды. Әкемен аман-есен көрісу.
Дәу әжемнің әңгімесінен тағы бір есімде қалғаны, оның әкесі 9 ағайынды жігіт болған екен. Ұлы Отан соғысына сол ағайынды тоғыз түгел кеткен екен. Әжем көзінің жасын сығып отырып: «Сол тоғыз ағайындыдан елге тек ішіндегі аурушаң, нәмәнтайы ғана келді ғой. Әкелерімді бір көрсем арманым болмас еді», - деп көзінің жасын жаулығының ұшымен сүртетін. «Қырық жыл аштық болса да, ажалды өлер», - деген қазақ мақалы осыған дәлел. Көрер жарық, туған жердің топырағы, ел-халқының ықыласы тоғыз ағайындыдан сол бір түйір ұлы нағашыма бұйырған екен. Ал қаншама әулеттің жалғызы қыршын кетті, ұрпақ жалғаспай үзілді, қаншама әулеттен бір де бір адам оралмай ізсіз кетті. Ойласам бойымды қорқыныш пен аяныш сезімі қатар билейді.
Дәу әжем соғыс кезінде ауыл баласы болып ойнау былай тұрсын, қаршадай қыз еңбекке араласқан екен. Кейде: «Немістің ылаңынан да ауылсоветтің ызасы елді шаршатып кетті ғой» ,- деп күңіренетін. Бала көңілім әжемнің сөз астарын түсінбесем де, сол кездегі ел ішіндегі кей адамдардың соқыр билігі халыққа соғыстан да жаман әсер еткенін түйсінемін. Түйсінемін де, енді ешқашан соғыс болмаса екен деп, шын жүрегімнен тілеймін.
Қазіргі таңда біз, Тәуелсіз елдің жас өрендері үлкен күрес жолымен келген Тәуелсіздігімізді, елдігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін өнегелі тәрбие, терең білім алып, аянбай еңбектенуіміз қажет. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз ұшан-теңіз. Әлем жұрты мойындаған іргелі ел болдық. Осының бәрі елді жаудан қорғаған батыр бабаларымның арқасы. Олардың ерлігі мәңгілік! Ұрпақ ешқашан олардың еңбегі мен ерлігін ұмытауы керек! Қандай елдің ұрпағымыз, қайдан шықтық, тарихым қандай екенін білсек қана қайда баратынымызды, кім болатынымызды білеміз!
Дәл осы сәтте де әлемде соғыс болып жатыр. Қарусыз, атыссыз, әлемде қаншама адам өлуде. Біз ҚАЗАҚ бұдан да аман өтеміз. Себебі – біз батыр елдің ұрпағымыз! Біз біргеміз. Сондықтан үйде отырып, күресудеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |