Туған жердің батырларына мың алғыс!
Әйтеке би ауданы, Талдысай ЖОББ мектебі
Амангелдина Томирис
5 «а» класс оқушысы
Қазақ халқы өте ержүрек, қайсар халық. Туған жерді,өскен елді қорғауда аянып қалмайтын халық деп айтсам қателеспеген болар едім. Небір қиын – қыстау, ел басына күн туған заманда туған жерін жаудан қорғаған ержүрек батырлар аз болмаған. Олардың есімдері қазақ елінің тарихында алтын әріптермен жазылып, ұрпақтарына үлгі болып келеді.
Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан аталарымыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Атап айтсақ, Бауыржан Момышұлының зор тұлғасы ел қорғаған қайсар да қатал мінезі менің есіме оралады.
1941 жылы Мәскеу түбiндегi қанды шайқастарда теңдесi жоқ ерлiгiмен әлемдi дүр сiлкiндiрген қазақстандық 316-атқыштар дивизиясының батальон командирi ретiнде ерен ерлiгiмен аты әлемге аңыз болып, батыр қолбасшы атанды. Атақты партизан Қасым Қайсенов пен соғыстың аяқталуын Гитлердің кабинетінде қарсы алған Сағадат Нұрмағамбетовтың, жаудан қаймықпайтын қазақтың батыр ұлдары Мәлік Ғабдуллин мен Төлеген Тоқтаровтың ерліктері де ешқашан ұмытылмақ емес. Рехстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі де мәңгі ел есінде сақталмақ.
Сондай – ақ ел басына күн туып, қиын заман келгенде ерлерше ешкімнен тайсалмай, жауға қарсы оқ кезенген қазақтың арулары аз емес. Соғыс болмасын, дегенмен Отан үшін отқа да, суға да түсуге дайын батыр апаларымыз арамызда әлі де бар.
Осы ретте біздің Ақтөбе өңірінен шыққан, жастайынан қиындық көріп өссе де ел үшін жанын шүберекке түйіп, соғыс алаңына өз елі үшін сұранып барған Әлия Молдағұлованы үлкен мақтанышпен айта аламын. «Шығыстың қос шынары» атанып кеткен Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова қазақ халқының маңдайына біткен нағыз хас батырлары. Иә, сол сұрапыл соғыстың суық желі ешқашан ұмытылмасы анық. Қаншама жастың өмірін қыршыннан жалмаған бұл соғыс ешкімді де бейжай қалдырмады. Бұл соғыста батыр әпкелеріміз Әлия мен Мәншүк те ерлермен қатар ерлік көрсетіп, Отанын қасық қандары қалғанша қорғауға тырысты.Мейірімділік, елгезектік,табандылық, айтқанынан қайтпайтын қайсар мінез Әлияға туа белілген болса керек. Ал ерлік мен батылдық жауларға деген қатыгездік майданда қалыптасқан болса керек. Себебі, ол әрқашан «Жеңіске жету үшін жауды аяусыз құрту керек»деген өзіне берген антты ұстанған екен. Әрине, бастапқы кезде Әлия үшін адамға қарсы оқ ату оңай болған жоқ. Бірақ қасындағы майдандас құрбылары оққа ұшқанда жауды аяуға болмайтынын түсінді. Кеңес әскерлері қорғаныста болғанда Әлия мергендігі мен ептілігінің арқасында 85 – 91 фашисттердің көзін жойған. Оның мылтығында: «Комсомолдың Орталық комитетінен өте жақсы атыс үшін» деген метал пластинка болатын.
17 жасында қан майданға кірген Әлияның алғырлығы, тез шешім қабылдау қабілеті, ойының жүйріктігі мен елгезектігі шайқастың шешуші сәттерінде оны өзгелерден даралап тұрады. Өзі де байқай бермеген бойындағы қазаққа тән батырлық рух құдіреті Әлияны жауға қарсы талай шайқасқа көтерді. «Рота! Тыңда менің командамды!», «Қазақтар, бауырлар, алға!». Осы бұйрықтың екпінділігі, күштілігі сол, оны тыңдамау мүмкін болмаған екен.
Ерлермен тізе қосып,сұм соғыста жерлесіміз Әлия батыр қасық қаны қалғанша аянып қалмады. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қаршадай жүрегі Отаным деп соғып тұрды. Бірақ ешкімді аямаған сұм соғыста Әлия батыр 1944 жылы 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.
Мінекей 4 – 5 жылға созылған сұм соғыста біздің ата – бабаларымыз қайсарлығы мен табандылығының, ержүректілігі мен Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында Жеңіске жетті. Сол аяушылық дегенді білмейтін сұм соғыста қаншама батыр бабаларымыз ерлікпен қаза тапты, қаншама бабаларымыз аяқ – қолдарынан айырылды, елге қаншама батырларымыз ауыр жаралы боп оралды. Дегенмен олар елге оралған соң да аянып қалған жоқ. Соғыстан кейінгі елдің ауыр тірлігіне араласып, елде қалған шала – шаға мен қарт адамдарға көмекке асықты. Менің аталарым да осы Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралмаған. Ерен ерлігімен ел қорғаған ардақты батыр бабаларымыздың ерлігін үлгі тұтып, мақтаныш етемін. Ешкім де ұмытылмайды, ештеңе де ұмытылмайды. Туған жерді жаулардан қорғаған батырларымызға мың тағзым!!!
Достарыңызбен бөлісу: |