Ішкі ортаның ұлпалары. Ішкі ортаның ұлпаларының бәрі онтогенезде мезенхимадан дамиды. Мезенхима негізінде мезодермадан пайда болады. Ұлпалардың бұл тобының эпителийден айырмасы қабат құрамайды және клеткалар мен аралық заттан тұрады. Клеткаларының құрылысы гетераполярлы емес аполярлы. Ішкі орта ұлпаларының негізгі топтары дәнекер ұлпасының өзі, май ұлпасы, қан мен лимфа, шеміршек пен сүйек ұлпалары. Ішкі ортаның ұлпалары әртүрлі функция атқарады. Мысалы, қан мен лимфа және борпылдақ дәнекер ұлпасы, негізінде, бүкіл организм клеткаларының қоректенуін қамтамасыз етеді. Организмнің ішіне түскен инфекциямен немесе бөгде белоктармен күресуде де ерекше рөл атқарады. Ішкі орта ұлпаларының шеміршек, сүйек, сіңір, апоневроз, шандыр сияқты түрлері механикалық функцияны қамтамасыз етеді. Эволюция процесінде ішкі орта ұлпалары эпителий мен бір мезгілде және өте ерте пайда болған. Сонымен, ішкі орта ұлпалары жалпы алғанда мезенхимадан дамыған, клеткааралық затына бай организмнің ішінде орналасқан тіректік – трофикалық және қорғаныш функцияларын атқаратын ұлпалар болып сипатталады.
Достарыңызбен бөлісу: |