Ертедегі адамдар немесе палеантроптар. Ертедегі адамдарға бұдан 200-100 мың жыл бұрын өмір сүрген неандертальдықтар жатады. Олар казіргі адамдардың тікелей арғы тегі болып саналады. Жалпы алғанда олардың тіршілік әрекеті, ақыл-ойы және әлеуметтік өмір сүру жағдайлары кәзіргі адамдарға ұқсас. Олардың сүйектерінің қалдығы 1848 жылы Еуропада табылды. Ал 1856 жылы батыс Алмания территориясындағы Неандер өзенінің аңғарынан ертедегі адамдардың қаңқа қалдықтары табылды. Олардың бойының ұзындығы 155-165 см, ал миының көлемі 1 400 текше см, архантроптармен салыстырғанда көп белгілері едәуір жетілген, әсіресе сөйлеуге байланысты үлкен ми сыңарларының самай бөлігі жақсы дамыған және астыңғы жақсүйегінің көлемі кішірейген. Олардың маңдайы тайқы, қабақ үстіндегі білеуленген сүйегі жақсы жетілген, астыңғы жақ сүйегі немесе алға қарай шығыңқы. Миының көлемі адам миының көлеміндей болғанмен, бірақ ми иірімдері аз болған. Олардың ойлау қабілеті дамыған. Қоғамдық сана қалыптасып, тасқа, сүйекке ойып сурет салу және өлген адамды жерлеу салты болған,.
Олар мұз басқан ауыр жағдайларда үңгірлерде өмір сүріп, онда үнемі отты пайдаланған. Олар 50-100 адамнан топтасып өмір сүрген. Ер адамдар бірігіп аң ауласа, әйелдер жемістер мен тағы басқа өсімдіктердің жеуге жарайтын бөліктерін жинаған, ал қарт адамдар құрал-саймандар дайындаған. Олар өздері аулаған жануарлардың терісін өңдеп, киім жасап киген.
Олар жер шарының көп аймақтарында қоныстаған Африканың солтүстік өңірінен табылған ертедегі адамның сүйектерінің қалдықтары Еуропадан табылған қаңқа қалдықтарына өте ұқсас, сондықтан да олар бір мезгілде өмір сүрген деген пікірлер бар. 1938 жылы атақты ғалым А.П.Окладников Өзбекстандағы тесіктас үңгірінен осы кезеңдерде өмір сүрген адамның сүйек қаңқаларын тапты, бұл ғылымда дүниежүзілік мәні бар үлкен жаңалық болды.