Эфир заңдылықтары
Эфирдің таралымы Мәскеуден 1-арна арқылы жүргізілетіндіктен олардың сапасына, таза техникалық және көркемдік жарақталуына қойылар талап та жоғары. Арнада ұсталуы міндетті стандарттар бар. Біздің филиалдардың шығармашылық командалары ОРТ-ні, Си-Эн-Энді қанағаттандыратын дәрежеге жетті деп ойлаймын ( осы арна үшін біздің филиалдар айына отызға жуық сюжет береді). Тағы бір ерекше қырымыз, біздің компания басқаларға (НТВ, РТР) қарағанда іссапарлардан едәуір қаражат үнемдейді. Сондықтан да тілшілеріміз басқаларға қарағанда шұғыл қимылдап, барар жерге өзгелерден бұрын жетеді. Оның үстіне тілшілер қосынының желісі соңғы уақытта соңғы жылдары ірі станциялардың өзінде айтарлықтай қысқарды. Ұшақтың, қонақ үйдің және тағы да басқаларының құны қазіргідей қымбат кезде іссапарлардың қалай өтелетінін түсіндірудің қажеті жоқ. Ал бізде проблемалар тек жаңалықтар форматына материалдарды салуға байланысты ғана туындайды.
Сондықтан да қазіргі кедейлігімізбен салыстырғанда, жеделдігіміз жақсы тұстарымыздың бірі. Сонымен бірге материал жеткізетін арнамыз бар: материалдың түсіргеннен кейін бірден спутник арқылы түсетініне сенімдіміз. Тәжікстандағы оқиғаға не Мәскеудегі оқиғаға жауап беру жылдамдығы бірдей. Оның үстіне «Мир» филиалдарының түсіру командалары жергілікті билік үшін халықаралық компания болса да, жат емес. Демек, аккредиттеуге, жергілікті оқиғаларға, ақпараттарға қол жетімділікке байланысты қиындықтар да туындамайды. Бұл Достастық елдерінің бірқатарында өкінішке орай орын алған, егемендігін алға тартып шетелдік телетоптардың қызмет ету аясына шек қою үрдісі белең алған кезде біз үшін жақсы болып отыр.
Телеэфир заңдылығы тілшілердің көптеген елдерде жұмыс істей білуін талап етеді. Жаңалықтардың қайдан және не туралы екендігі маңызды емес, ең бастысы таралу стилі бірдей болуы керек. Әр арнадан талантты әрі кәсіби деңгейде түсірілген сюжеттерді жинауға болғанымен, олар бәрібір бір қалыпқа түспейді.
Міндеттері бойынша біздікіне ұқсас «Евроньюста» да осындай жағдай орын алған. Еуропалық Достастық өз қаражатына Лионнан телеорталық құрып, бүкіл елден оған жиілік бөлу туралы қаулы етті; кейбір жерде бағдарламалар кабельмен таралады. Компания ұзақ уақыт бойы өзінің жаңалықтар бағдарламасын құра алмады. Нәтижесінде әр елдің ұлттық компанияларының тілшілері түсірген сюжеттерді біріктірудің айтарлықтай нәтиже бермейтіндігіне көздері жетті. Өйткені ол жаңалықтар бағдарламасына емес, мипалауға айналады екен. Сол себепті, , «Евроньюс» өзінің тілшілерін жинап осы мәселені шешті.
«Мирдің» бүкіл командасы компанияның іргетасын қалаған кездегі принциптерді әлі нық ұстануда. Бірлесіп жұмыс істеген жылдары өз қолтаңбасын қалыптастырып, тың кәсіби тәсілдерді жасап шығарды.
«Мир» оңайлықпен дамып жатқан жоқ, қаражат жетіспеуі, елдердің ішіндегі саяси ахуал, елдер арасындағы қайшылық сияқты проблемалар қылаң беруде. Осындай сәтте Достастық өз орнында қала ала ма? Басына төнген сынға төтеп бере алар ма екен? Молдавиялық бір газет: «Вместе» бағдарламасының жүргізушілері ғана Достастықтың бар екеніне сенеді» деген еді.
Иә, біз шынымен де Достастыққа сенеміз. Ол өсіп, сонымен бірге «Мирдің» де керегесі кеңіп, қанат жаярына сенімім мол. Ресейдегі басшылықтың ауысуына байланысты Достастықтағы қарым-қатынас та жаңа деңгейге көтеріледі. Олар өзара бәсекеге қабілетті, күш-қайратты талап ететін деңгейге көтерілсе, біздің компанияның да ісі оңға басары анық.
Екібасты қыран
Халық болашақ тарихына жол салар бұрын өзінің менталитетін түсінуі керек. Тұтас халықтың менталитетінің жойылып кетпейтіндігіне сенімдімін. Үндістан Британ империясынан бөлінгеннен кейін де бойында ағылшын менталитеті сақталды. Әр штаттың хинди, тамили, бенгали, малаелам, каннара сияқты өз тілдері болғанымен, кез-келген білімді үндіс ағылшынша оқып, сөйлей алады. Үндістан үшін ағылшын тілі зор мәдениет, біріктіруші фактор болған және бола да береді.
Бізде де солай. Егер бірлесіп, достасып тұрудың өркениетті шеңберіне кіре алса, мемлекеттік шекара бөле ме, жоқ па қандай айырмашылығы бар. Бұл кімнің шоқпары ауыр, кімнің найзасы ұзын деген жабайы адамдардың сөзі.
Ресей империясы найзаның ұшымен, білектің күшімен жартылай жабайы тайпаларға орыс тілін таратты. Айталық, Қырым қалайша орыс тілді елге айналды? Ресей Қырым хандығын жаулап алып, сол арқылы солдаттар орыс тілін әкелді. Бүгінгі таңда Қырым халқының көп бөлігін мәжбүрлі түрде депортациялаудан кейін оралу құқығына қол жеткізген қырым татарлары құрағанымен, халқының жүз пайызы орысша сөйлейтін Украинаның құрамында.
Қырымды ежелден мекендейтін халықтар тауларға, ағаштарға, аспанға сыйынды. Заман өте келе жаңа әміршілер келіп, жаңа құдайға сыйынуды бұйырды. Найза, қылыш қару ұстанғандықтан, оларға көнуге тура келді. Бүгінгі билік қара күшке сүйене ме, жоқ па? Сол Қырымды қарумен қорқытпай, мәдениет дәнін – Толстой мен Пушкинді сепсе орыс тілі өлкеде сақтала ма? Сонымен қатар қырым татарлары осы мәдениетке кіріккеннен кейін тағы да депортацияланбайтынына кім кепіл?
Қырым премьер-министрі Сергей Куницин Қырымның ұлттық проблемалары туралы, Автономиялық облыстың бүгінгі басшылары осы мәселелерді қалай шешкелі жатқаны туралы дәйекті, шынайы мақала жазды. Мені тек оның ойы ғана емес, осындай мақаланың пайда болуы фактісі қуантты. Ресейлік көшбасшылардың бірде-біреуі осы тақырыпқа қалам тартпаған еді. Олардың ешқайсысының халқы аз шағын ұлтпен сұхбат жүргізгісі келген жоқ, ал ұлттық проблемалар болса, тек сұхбат арқылы шешіледі.
«Мир» телерадиокомпаниясы — мемлекетаралық және ұлтаралық сұхбат құралы. Сұхбат баршаға түсінікті орыс тілінде жүргізіледі. Кейбір кеңестік елдерде егемендік алғаннан кейін орыс тілінен мемлекеттік, тұрмыстық, іскерлік тілі ретінде бас тарту үрдісі белең алған. Этникалық орыстар мекендеген аудандардың өзінде орыс мектептері жабылуда. Орыс тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасынан алып тасталуда. Бұдан кім ұтады, кім ұтылады? Біреу бірдеңе ұтады деп ойламаймын, бұдан бәрі де ұтылады. Әңгіме біртұтас болашақ үшін дербес тілдің жоғалуында емес. Әңгіме барлық халыққа ортақ қатынас құралы қажет екендігінде.
Достастықтың қайтадан біртұтас ел болатынына үміттенетіндер бар деп ойламаймын. Бірақ барлық елдің халықтарының басым көпшілігі оның экономикалық, әскери, мәдени тұрғыда анағұрлым бекем байланыста болғанын қалайды. Достастық елдерінің он екісіне, немесе Латвия, Литва және Эстонияны қосқанда он бес елге ортақ біртұтас мемлекеттік тіл туралы мәселе туындауы бек мүмкін.
Қай тіл мемлекеттік тілге айналады? Жауап өзінен өзі тіленіп тұр, әрине орыс тілі. Орыс тілінің құдыреттілігі мен қуаттылығы туралы айтқан Шыңғыс Айтматовтың пікірі орынды. Ол: «Орыс тілі – ұлттық тілдердің дамуына тұсау салмайтын, қайта олардың арасындағы көпір болатын ұлы тіл. Орыс тілі саяси конъюнктураға бағынбайды» деген болатын. ТМД кеңістігінде Орыс тілі мен мәдениетін сақтау қорын құру туралы идеяға Путин емес Назарбаевтың бастамашы болуы кездейсоқтық емес. Орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымындағы алты тілдің бірі. ТМД елдері үшін бұл әлемдік мәдениетке, саяси өмірге, техникалық ақпаратқа жол табудың бірден-бір көзі.
Дегенмен қаншалықты мықты болса да Достастықта неге орыс тілі мемлекеттік тіл болуы керек? Неге армян немесе украин тілі емес? Көрші ел экономикалық және мәдени тұрғыда қанша бай болса да өзінің туған тілін кем деуге кім келіседі? Айтпақшы, осы жерде Үндістанды мысалға алған орынды болар. Ұзақ жылдар бойы сондағы халықтардың біреуіне де тиесілі емес (колонизаторлар ұрпағы этникалық аз англоүндістер тобын қоспағанда) ағылшын тілі Үндістанда мемлекеттік тіл болып келді. Хинди тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беруге үндістердің өзі, соның ішінде өз тілін ең көне, бай әрі дамыған деп есептеген тамилдер қарсы тұрды. Қарсылық көрсетіп өзін-өзі өртеп жібергендер де болды.
Осы тәжірибені ескеріп, сабырлылықпен мемлекетаралық хабар таратуды ағылшын тіліне көшірсек қалай болар екен? Мұны әзіл үшін айтып отырған жоқпын, бұл ойды да саралап, таразыға тартқан жөн. Бай тіл, халықаралық қолданыстағы тіл, бүкіләлемдік үрдіс те осы тарапта: барлық құжаттар, ғылыми еңбектер, аудармалар, көркем аударма ағылшын тілінде жарық көруде. Экономикалық басымдық мәдени басымдықты ынталандырады. Оның үстіне барлық елге, ағылшынша сөйлейтін елдерге жол ашылады. Ойланарлық нәрсе.
Бірақ қатардағы қарапайым Ресей, Қырғызстан (мұнда орыс тілі екінші мемлекеттік тіл ретінде қабылданды) немесе Грузия азаматын өз орнымызға қояйық. Теориялық тұрғыдан ол ағылшын тіліне қарсы шыға алмайды. Өйткені ол тіл туралы ештеңе білмейді емес пе. Сондықтан да өмірдің ащы қажеттілігі тумайынша (ақшалы жұмысқа тұрам деген үміт, шетелдік серіктестермен тұрақты іс, ағылшын тілді жұбай және т.б.) тілді үйренуге отырмайды. Оған ағылшынша немесе ішінара ағылшынша бағдарламаны оқыту, оқушыны партаға зорлықпен отырғызғанмен бірдей. Жасы өткен. Көрермен де солай, егер бірдеңені түсінбесе басқа арнаға ауыстырады. Аянышты болғанымен, телевидение қанша уақыт көрсе, сонша өмір сүреді.
Басқа жол бар. Ол – синтетикалық тіл. Барлығына түсінікті эсперанто сияқты, барлығын дереу оқыту керек. Ешкім кемсітілмейді, қолдан жасалған тілдің алдында бәрі де тең болады. Осындай тіл жасау үшін кеткен материалдық шығынды қоспағанда, бұдан бір нәрсе шығары күмәнді. Расын айтсақ, шынайы тіл болып қолданыс таппай-ақ ақырын-ақырын өледі. Өйткені қолдан жасалған тілде, тірі тілге табиғатынан тән бояулар мен қанықтық, ғасырлармен бойына сіңген байлық жоқ.
Ресей қыранының екі басын еске алайық. Бірі – батысқа, бірі – шығысқа қарап тұрған славян және түркі тілі алып тұлғаның екі басы іспеттес. Еуразия жүрегіндегі олардың теңдігі мен теңқұқылығын ойланар кез келді.
Елдерді бірдейлендіру идеясы болмағанда Еуразия империясы құламас еді. Сырттан қарағанда бәрі қарапайым сияқты: бәрін бірдейлендіріп, достасып, бақытқа барар жолға түсеміз. Іске аспады. Керісінше ел біртұтастығын сақтаған шаңырағымыз шайқалды. Аттас зарядтар тебісіп, әр аттас зарядтар ғана тартылады емес пе.
Ресей жерлерін жинау идеясы қазір де өзекті. Бірақ осы тудың астына біріккендер оны қалай жүзеге асыратынын білмей ме деп қорқамын. Барлығын бірдейлендіру утопиясы жаңғырса ше?
Осы проблемаларды жанымызға жақын телевидение материясына көшірер болсақ, эфирдегі тілдік пропорцияны сақтау маңызы айтарлықтай өседі. Бұл салада маған австралиялық және канадалық әріптестеріміздің саясаты жақын: оларда телевидениенің екінші ұлттық арнасы этникалық топтардың тілдеріндегі бағдарламалар мен фильмдерге бөлінген. Канада, ондағы укриндықтардың үлесі он пайыз ғана болғанымен украин тілінде хабар таратады. Ал Австралиядан голливуд фильмін бірде ағылшынша, бірде қытайша дубляжбен көре аласыз. Барлық тіл бірдей.
Мен:
- Артық шығынның не керегі бар? Ағылшын тілінде таралса болмай ма? Барлығы біледі әрі үйренген ғой.
- Бәлкім укаин тілі украиндықтардың өзінен басқа өзгелерге де қызықты шығар? Біз азаматтардың құқықтарын шектей алмаймыз. Барлығы да осы мемлекетке салық төлейтін біздің азаматтарымыз.
- Ұлттық тілдегі хабарлардың рейтингі қандай? – дегенімде,
- Мұның бізге қажеті жоқ. Мемлекет зиян шекпейді. Әлеуметтік шиеленіс шешіледі. Әскер мен полицияға шығындалғанша телевидениеге шығындалған жақсы,- деп жауап берді. Айтпақшы, қауымдастықтар өз тілдеріндегі таралымның бір бөлігіне ақы төлегенімен, негізгі қаржыны мемлекет көтереді. Ең бастысы, жеке желілер арқылы емес, ұлттық желі арқылы таралады. Мемлекеттің тілдік саясаты осындай.
Ұлттық проблемалардың қаншалықты қауіпті екенін бәрі біледі. Кучма неге Президент жанынан Қырым-татар істері жөніндегі кеңесті құрды? Кучма – терең ойлайтын адам; мамандығы бойынша ғарыштық инженер-ракетчик, сондықтан да жүйелі ойлайды. Қырым-татар проблемасын ол бөтен халықтың мәселесі ретінде қарамайды. Ол да украиндықтардың ортақ генетикасының бір бөлігі: украин тілінде түркілік тамырдың болуы тегін емес.
Түркілердің дені бұрынғы КСРО-ның аумағында өмір сүреді,олар - әзірбайжандар, түркімендер, өзбектер, қазақтар, алтайлық түркілер, татарлар, башқұрлар, тувалар, хакастар, якуттер. Бұған фин-угор тобына туыстас халық – чуваштарды, молдавалықтарды, эрьзян, венгерлерді, эстондықтарды жатқызуға болады.
Саны аз болғанына қарамастан, славян халқы көне түркі тілін итеріп славян тілін қалайша таратты? Көне Русьті мекендеушілердің татар тілін емес, көне түркі тілін жақсы меңгергені тарихтан белгілі. Гумилев тарихтағы славян-түркі теңдігін орнатты. Еңбектері арқылы қыран бүркіттің екі басының теңдігін еске салды. Екі бас бір-бірімен күреспей, татулықта болуы керек. Оның үстіне, кеңес империясының жартысы – түркілер. Осы теңдікті шындыққа айналдырып, Еуразияда түркі тілінің дәрежесін орыс тілімен теңдестіру керек.
Кеңес одағы құлады. Қиындық артта қалды. Бұрынғы республикалардың арасындағы қатынасты соғыссыз шешуге болатын сияқты. Жеткілікті деңгейде өмір сүрген елдің орға құлағаны әрине сұмдық. Бірақ құлдыраудың артында даму тұр.
Көреген саясаткер проблеманы қудаламайды, алдын алып отырады. Путиннің президент ретінде жасаған алғашқы қадамдары, оның басты міндеті Ресейді нығайту екенін көрсете білгенінде жатыр. Жеті федеральдық округ туралы шешім де осыдан келіп шығады. Тиісінше, жеті жерде аймақтық астана пайда болады. Сонымен қатар Достастықты нығайту туралы міндет те алға қойылады. Егер Путин мықты стратег болса (солай екендігі байқалады), онда қыранның екі басын тең қалпына келтіріп, еңсесін көтеруі керек.
Екі тілді білу не үшін керек? Бірде Алматыда өткен Азия және Африка елдері жазушыларының конференциясында ақын әрі романист, Маяковскийді, Хикметті, Твардовскийді, Неруды, Олжас Сүлейменовты аударған үнділік Шубхаш Мукерджимен таныстым. Ол ағылшын тілінде және хинди тілінде жазады екен. Мен одан:
- Неліктен? Неге барлық шығармаларыңызды хинди тілінде жазбайсыз,- деп сұрағанымда, маған:
- Құдай адамға неге екі көз сыйлаған? Бір көзің ағып кетсе де бәрін көре аласың ғой. Екі құлақтың не керегі бар? Біреуімен де бәрі естіледі емес пе, - деп жауап берді.
Бұл жауап мені қатты таңғалдырды. Шынымен де солай ғой. Ести де аласың, көре де аласың. Бірақ басқаша естіп, басқаша көретін боласың. Әлем тарылғандай күй кешесің. Кеңістіктегі тепе-теңдігіңнен айрыласың. Параллель екінші тілдің болуын жоққа шығарып, бір тілді күштеп ұстанатын ел жалғыз көзді жандай.
Еуразия құрлығы үшін екі тіл – орыс тілі мен түркі тілі өмірлік кеңістікті толықтай көруге мүмкіндік беретін екі құлақ пен қос жанар бола алар еді. Бұл әр адамға әлемді кеңінен сезінуге мүмкіндік беріп, туындаған проблемаларды жеңіл, жылдам шешуге жағдай жасайды.
Мұны іске асыру оңай іс емес екенін түсінемін. Біртұтас түркі тілі жоқ, ол көптеген халықтар мен мемлекеттерге бөлшектенген. Татар, башқұр, өзбек тілдері бар... Әрқайсысы өзіндік тілдік дәлізді мекендеуде. Славян тілі де жалғыз емес, ол да тарам-тарамға бөлінгенімен, тарих орыс тілінің үстемдігіне жол ашты. Орыс мәдениеті ғасырлар бойы жинаған және игерген (көркем мәтіндер аудармасын қоса алғанда) зор байлығының және Ресей империясындағы, КСРО-дағы басым рөлінің арқасында тарихта басты рөлге шықты. Әзірбайжанға немесе қазаққа ортақ түркі тілін игергеннен гөрі бір-бірін орыс тілінде түсінген жеңіл болады. Оның үстінде орыс тіліндегі көптеген сөздердің түп-тамыры көне түркі тіліне тіреледі. Түркия өзінің заманауи тілін басты етіп бекіткісі келгенімен, түркі халықтары мұнымен келіспеді. Олардың ойынша өздерінің тілі көне түркі тілінің тамырын сақтап, тұрмысқа сәйкес келеді.
Ортақ түркі тілі жоқ, дегенмен, менің ойымша, көне түркі тілінің мәнін ұғып, қазіргі тілдік топтардағы олардың алар орнын түсініп, барлық түркі тілінен түсінікті тіл құрау керек. Утопия ма? Мүмкін. Бірақ «Мир» компаниясы да кезінде утопия болатын. Алайда ол қазір жұмыс істеп, дамуын жалғастыруда. Мүмкін компанияның болашақта тек орыс тілінде ғана емес, түркі тілінде де хабар тарататыны соншалықты утопия емес шығар.
Болашақ бағдарлар
Достастық елдерінің біртұтас ақпараттық кеңістігін техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуде біз көп функциялы спутниктік «Мир» жүйесін құрдық. Біз қазірдің өзінде мемлекетаралық қатынас жасау үшін өзімізге жауапкершілік жүктей аламыз. Бұл Достастық елдерінің барлығына еркін таралатын әрі олардың әрқайсысының ұлттық мүдделерін білдіретін арналар болуы тиіс. Бүгінгі таңда «Мир» ақпараттық таралымын мемлекетаралық радиотелевизиялық агенттікке қайта құруға алғышарттар бар. Оның үстіне бұл арна тек ТМД елдерін қамтып қана қоймай, елінің төрттен бірі орыс тілінде сөйлейтін Балтық пен Израиль елдері де қосыла алады. Бұрынғы кеңестік елдер Румыния, Венгрия, Чехия, Словакия, Болгария мемлекеттерінің де қосылу мүмкіндігі бар. Ал ақпарат қызметін болгарлық Стефан Тодоров басқаратын болады.
Ол ММУ журналистика факультетін бітірген, осы салады 30 жыл еңбек еткен, алғашқы еңбек жолын Шаболовкада бастап, Останкинода, кейіннен өзінің туған Софиясында жұмыс істеген. Әлеуметтік-саяси және жастар бағдарламасының бас редакторы қызметіне дейін көтерілген. 1984 жылы Мәскеуге Болгария телевидениесі мен радиосы бюросының директоры ретінде оралды, бұл бюро өз жұмысында КСРО-ны, Монғолияны, Қытайды және Финляндияны және осы елдердің таралымын, Болгарияға олар туралы ақпаратты қамтыды. Бұл Мәскеудегі ең үлкен шетелдік пункт болатын.
1991 жылдан кейін Ресей мен Болгария арасындағы байланыс күрт құрдымға кетті. Билікке келген демократиялық оппозиция Ресеймен қарқынды ақпарат алмасу қажеттілігі жоқ деп білді. Тодоровтың Бюросы жабылып, ол мемлекеттік телерадионың кеңесшісі ретінде Мәскеуде қалды. Мен оны компанияға «Мирдің» шеңберінде Достастық елдерінің ақпараттық агенттігін құру үшін тарттым. Алайда бұл мақсатқа жеткізетін жол тым ұзақ болып шықты, қазір ол болашақ агенттіктің елесі - компанияның ақпараттық қызметін басқаруда. Тодоров біздің филиалдарымыз бар барлық елдерді қамтитын тілшілік желі құрды. Алайда оның тілшілері тікелей ақпараттық қызметке емес өздерінің редакторларына бағынады. Бұл әзірше мүдделерді білдіретін клуб сияқты: сюжет қызықтырса түсіреді, қызықтырмаса түсірмейді. Әркімнің егемендігімен санасуға тура келеді. Бірақ жаңалықтар қызметінде егемендік деген болмайды. Мұндайда орталықтандырылған басқару қажет. Сондықтан да агенттік туралы мәселе бұрынғыдай шешілмеген күйінде қалады, компанияны холдинг ретінде қайта құрған кезде өз шешімін табар деген ойдамыз.
Агенттік қуатты, компьютерлендірілген, ең бастысы барлық бағыттарға достастық елдерінен сонғы ақпарат таратуға қабілетті болуы тиіс. Біздің тілшілеріміз жабайы аумақтарда жұмыс істемейді - ол жерден өздерінің тілшілер қосынынан басқа да телекомпаниялардың арналары бойынша ақпарат таратылады. Алайда біз компанияның мемлекетаралық сипатта болуының арқасында президенттік және үкіметтік құрылымға ең жақын бұқаралық ақпарат құралы болып табыламыз. Біз эксклюзивті ақпарат таратсақ, бұл ақпаратты сату, желіні ұстау және дамыту үшін негіз болар еді. Бірақ мұның ауылы әлі де алшақ. Мұндай сонғы ақпаратты бізге ешкім бермейді, өйткені біздің телевизиялық «мейджерлер» сияқты эфирлік мүмкіндіктеріміз жоқ.
Ақпараттың әртүрлі деңгейлері болады – интернеттік, радио, телевизия, электронды. Шұғыл ақпарат деңгейі, өзекті емес, бірақ та қызықтық ақпарат деңгейі болады. Интернетте бірнеше деректер базасын құрып, оны танымдық бағыттағы сюжеттермен, этнографиямен, халықтық ән-күймен, өлеңдермен, билермен, мұражайлар мен есте қаларлық жерлерге жасалған видеосаяхаттармен, саяхат атласымен толтыруға болар еді. Бұл интернеттік деңгей болып табылады. өзекті оқиғаларды тарататын шұғыл ақпарат мүлде басқа базаны қажет етеді. Ол үшін қуатты сервер, жаңа технологиялар бойынша жұмыс істей білетін кәсіби мамандар керек. Біз әзірге осыған жету жолындамыз...
Біздің ұлттық филиалдарымыз бен өкілдіктеріміз эфирде де өмірде де өз мемлекеттері мен «Мирдің» мүддесін білдіре отырып, тұтастай дербестікке ие. Сонымен бірге штаб-пәтерлерді қоса алғанда, олардың барлығы компанияға тікелей бағынады. Кім біледі, бәлкім бұл болашақ Достастық құрылымының елесі болар.
Біздің өкілдіктеріміздің кеңселерінде барлық құрылтайшы мемлекеттердің туы тұр. Бұл жай ғана идеологиялық немесе ұйымдастырушылық нышаны емес, тарату павильондарымен, барлық жабдықтарымен қоса осы кеңселердің бірлесіп тер төгу нәтижесінде қол жеткізілген барлығына тиесілі ортақ меншік екендігінің белгісі.
Мирдің бүкіл жүйесін қаржыландыру бірнеше бөліктен тұрады: бірінші – компанияның бюджетіне құрылтайшы мемлекеттердің жыл сайынғы үлестік жарналары есебінен бюджеттік қаржыландыру (егер бірінші жылдары осы салада өз міндеттемелерін тек Ресей ғана атқарса, қазір Қазақстан, Қырғызстан, Белоруссия және өзге де елдер өз төлемдерін төлеуде) және мемлекеттен алынған несие, екінші – жанама мемлекеттік қаржыландыру (сауда-коммерциялық қызметке мүмкіндік беретін жеңілдіктер мен преференциялар), үшінші – телекоммуникациялық бизнес, төртінші - өз эфирін коммерциялық мақсатта пайдалану, бесінші – инвестициялық қаржыландыру.
Бюджетті құрайтындар – жалпы сома емес. Айталық, Қазақ филиалы шамамен екі миллион доллар сомасына ғарыштық байланыс үшін жабдықтар, технологиялық жабдықтар мен көлік алды. Республика үкіметі бізге мұндай ақша бөлген жоқ. Ол барлық компанияның бірлескен коммерциялық қызметінің арқасында пайда болды. Негізінде, үкімет тиісті дәрежеде құқықтық және ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен кезде біз телекоммуникациялық бизнесті дамыту есебінен толықтай өзін-өзі өтеуге қол жеткізер едік.
Біздің компаниямыз көптеген мемлекеттердің кеңістігінде жұмыс істейді, әрқайсысының өз валютасы бар. Біздің қызметкерлеріміздің еңбегі қаншаға бағаланады? Бір сағаттық эфирді әзірлеуге қанша ақша кетеді? Фирманың табысты жұмыс істеуі үшін мұндай есепті жүргізбей болмайды. Оның үстіне, барлығын: еңбекақыны, көлікті, жанармайды, техниканың амортизациясын қоса алғанда біздің филиалдарымыздың әрбіріне эфирдің қаншаға шығатынын есептеу керек.
Филиалдар бойынша өзін-өзі ақтау құнындағы айырмашылық едәуір болып шықты. Есеп тұрақты стандарт доллармен жүргізілгеннің өзінде (рубльмен есептесек айырмашылық бұдан да асып түсер еді) осындай алшақтық байқалды. Ресейде ахуал анағұрлым түсінікті, бірақ Украина мен арадағы шекарадан өтсек-ақ айырмашылық білінеді. Былай қарасаң климаты да Мәскеумен бірдей, тіпті одан жақсы десек те болады. Қалай дегенмен де бұл Томск емес. Ақылға салсақ, ең қымбат минут Мәскеуде болуы керек, өйткені онда өмір сүру де қымбатқа түседі. Бірақ та олай емес болып шықты, Молдовада ол екі еседей қымбатқа түседі екен.
Біздегі өзін-өзі ақтау құнының кестесі бойынша мемлекеттік шекара факторының қаншалықты ықпал ететіні анық көрінеді. Ұлттық ерекшелікті бірінші орынға қою - өте қымбатқа түсетін рахат болып шықты. Жеке мемлекет, ұлттық тіл, жеке әскер, өзіндік саясат деген ұғымдар - құны қымбат ұғым екен. Сондықтан да Молдовада сол бір еңбектің екі есе қымбатқа түсетіні таңқаларлық құбылыс емес. Олардың өздерінің заңнамасы, өздерінің жеке қаржы балансы бар және сол бойынша ол ел өздерінің қалағанын істейді. Ту, белгілі бір аумақты қамтып, онда ерекше өмір жағдайын жасайды. Бұған реніш білдіріп, ашулануға болмайды – барлығын қалай бар солай қабылдап, санау қажет.
Империяның құлдырауы нәтижесінде болған тектоникалық күйреу өмір сүру деңгейінің аяқ астынан өзгеруіне әкеп соқты, кейбір елдер көтеріліп (Түркіменстан) аяғынан қаз тұрса, кейбірі (Украина, Молдова) құлдырап кетті. Бірақ бұл деңгей сол қалпында тұрақталып қалған жоқ, елдердің өмір сүру деңгейі әлі күнге дейін өзгеруде. Қазақтарға келер болсақ, олар бірде орыстарға қарағанда ауқаттырақ болса, бірде тағы да кедейленуде. Қазіргі күні Қазақстандағы орташа еңбекақы Ресейдегіге қарағанда үш есеге артық болып отыр. Бұл доллармен есептегендегі деңгей. Ал егер шынайы өмір сүру деңгейін салыстырар болсақ, бұл мәселе өз шешімін таппайды. Ресейдегі халық саны – 110 миллион болса, Қазақстанда – 15 миллион, екі елдің де бюджеті мұнай мен долларға негізделген. Қазақстанда ресурстар аз болғанымен, халықты қамтамасыз етуге мұнай бәрібір де жетіп отыр. Оның үстіне Назарбаев мұнай компанияларының тәбетін тізгіндеп, мұнайдан түскен ақшалар легімен мемлекет қазынасын толтыруға тырысуда, соның нәтижесінде мемлекеттің әрбір тұрғынына шаққандағы үлес артып отыр. Бұл жай ғана салыстыру үшін алынған мысал болып табылады.
Айталық тәжіктер еңбекақысын өздерінің ұлттық рубльмен алып отырады – бұл өте үлкен цифрлар. Бірақ та оларда ақша құнсыз болғандықтан, олардың тапқан табысы күніне бір тәрелке палау алуға ғана жететіндей деңгейде. Қалған қажеттіліктерін жерлері құнарлы, климаты ыстық болғандықтан бау-бақшадан алады. Ал Ресейде – барлығы дүкенде тұрады, ақшаң болса бар да ал, ал бағалары удай. Тұтынушылар қоржынының деңгейін қайткен кезде бір салаға түсіре аламыз? Компанияның қаражатын қалай басқаруға болады? Бізге бір жерде тәжік ақшасын, басқа жерде - әзірбайжан ақшасын, ал тағы бір жерде, армян, қырғыз ақшасын береді. Біздің қаржыгеріміз Инесса Конукованың басы қатса қататындай-ақ. Қашан көрсең де «Шаршадым! Кетем! Осы басқатырғыш мені қажытты» деп ашуланып жүргені.
Бір филиал көмек сұраса, бірі үнсіз жерге қарайды, ал Мәскеуге әдеттегідей ақша жетпейді. Не істесем екен? Сондай кездерде мен:
« Бүкіл нәрсеге философиялық тұрғыдан қарау керек. Не арқа сүйер Гусинскиіміз, не болмаса ақша толы қабымыз да жоқ болғандықтан, өндірісті өз күшімізбен қалай қамтамасыз етуге болатынын шешейік! Әйтпесе біздің компаниямызға бұрыннан көз тігіп жүрген Березовскийге бас иуімізге тура келеді. Сен екеуміздің қолымызға бірдеңе тисе тиер, бірақ қаншама адам далада қалады! Келісесің бе?», - деп сабырға шақыруға тырыссам, олар маған «Атай көрме, одан да осыған көніп жүрген артық» деп азар да безер болады.
Шыдаймыз. Бәрін бір арнаға салып, барлық ағзаның біртұтас жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тырысып бағудамыз. Оның үстіне валюта курсы да толқымалы, бір орнында тұрмайды. Делдал банктердің қызметін пайдаланудың өзі арзанға түспейді: әрбір операция үшін – ақша аударуға, валютаны санауға олар өз проценттерін ұстап қалып отырады.
Кеңестік дәуірдегі жүйе бойынша (қазірдің өзінде пайдаланылып жүрген) Ведомства кәсіпорнының қаражаты Мәскеуге, Ведомстваға жіберіледі, содан кейін ортақ қазаннан қай жерден келсе сол жерлерге бөлініп беріледі. Біз бұл олқылықтан қашуға тырысып, мәселені былайша шештік: «Мирді» қолдауға бөлген мемлекет үкіметі берген және біздің филиалдарымыздың өзі тапқан қаражат сол жерде өздерін көтеруге және дамытуға жұмсалатын болады. Бұл жүйе оның ортақ балансына енгізілетін болғандықтан, тұтастай алғанда компанияны нығайту үшін жұмыс істеп отыр.
Бұл мәселелерді шешу күн сайынғы бақылауды қажет етеді. Бақытымызға орай қолымызда спутник бар, сол арқылы бүкіл компанияның қаржысын бірыңғай жүргізіп, олардың қозғалысын кез келген қажетті сәтте айқын, ашық етуге мүмкіндік беретін компьютер желісі мен есептеу жүйесін қолданысқа енгізуге болады. Бірақ мұндай әрекет ету жүйесін біз әлі енгізген жоқпыз, директорлар беретін есеппен ғана шектеліп отырмыз. Бірақ болашақта міндетті түрде қолданысқа енгіземіз, сол кезде біздің Қазақстандағы, Армениядағы, Молдовадағы бухгалтериямыздың мән-жайларын біліп отыратын боламыз.
«Мирдің» Мәскеудегі штаб-пәтерінде 108 қызметкер болса, басқа қалаларда он – жиырма қызметкер бар (ТМД аумағында барлығы үш жүздей адам). Біреулері түсірсе, кейбірі кадрда қызмет етеді, ал енді бірі техникалық, шаруашылық істерімен айналысады, әрқайсысының өз жұмысы бар. Біз Мәскеуден қозғалыстың жалпы арнасын ғана көрсетеміз, бірақ әрбір директор өз ісін дербес басқарып, сол елдегі және Мирдегі ахуалға байланысты қай арнаны таңдайтынын өзі шешеді. Осы жылдар ішінде жұрт «Мирдің» жұмысына зор ықыласпен қарауда. Әрине олардың әрқайсысының бірінші орында тұрғысы келгенімен, бұл оңай шаруа емес. Алайда көбісі өз елдерінде сүбелі орындарды иеленуде.
Әдетте бізде өз мамандығымен қатар басқа да кәсіпті қоса иегерген әмбебап адамдар жұмыс істейді. Оператор жарық беруші, әрі дыбыс режиссеры болуы керек. Режиссер әрі продюссер, әрі администратор болуы керек. Қажеттілікке қарай бір адам бірнеше қызметті атқаруда. Ұжым шағын әрі ұйымшыл болса, жұмыстың өнімділігі мен сапасы осыған тікелей байланысты болады.
Дегенмен «Мир»-дегі барлық директорлар мен қатардағы қызметкерлер үшін компанияның жұмысы өмірлерінің негізгі нысанасы емес. Әйтпесе, олар ақшаны көбірек төлейтін жерлерге кетпес еді, мұндай жағдайлар өкінішке орай орын алып отырады. Бірақ оларды да кінәлаудың қажеті жоқ. Алайда біз олардың еңбекақысын уақтылы алып отыруына үнемі тырысамыз. Әрине НТВ-да немесе ОРТ-де жұмыс істейтін әріптестердікіндей қомақты болмағанымен, бюджеттен және өзіміз тапқан ақшадан шектеулі деңгейде болса да барлығына жеткізуге тырысамыз.
Қазір балды нарықтық принциптер басқаратын кезең болып отыр. Біз өзіміздің қызметкерлерімізге еткен еңбектеріне лайықты жалақы төлей алмаймыз, тіпті 2000 жылы Достастық елдері Үкімет басшыларының кеңесінің шешімі арқылы біздің штаттағы қызметкерлеріміздің еңбекақысын бір жарым есеге арттыру туралы қаулы шығарылған болатын. Алайда бұны коммерциялық арналардағы олардың әріптестерінің жалақысымен салыстыруға да келмейді. Осының салдарынан біз көптеген талантты, кәсіби адамдарымыздан айырылып қалдық. Олардың кейбіреулерін басқа компаниялардың бағдарламаларынан көруге болады.
Сонымен маңыздысы не: «біздікі» ме, әлде «менікі» ме? «Менікі» деген сөз менің құлағыма үнемі түрпідей тиеді. Қызметкерлерімнің кейбірінің аузынан «мінекей мынау менің шаруашылығым», «бұл жерде мен қожайынмын» деген сөздерді естігенде маған ол адам тұзаққа түскендей көрінеді. Ол адам іштей күйреген адам, ерте мен кеш пе бәрібір орға құлайды. Ұлттық нышанды желбіретіп, халық мүддесін алға тартып оны үйреншікті орнынан сырып тастайтын адамның табылатыны шүбәсіз.
Егер «менікі» деген мүдде басым болса, компанияны жекешелендіріп алуға әбден болады. Әркім өзіне тиесілі акциялар үлесін неге алмасқа? Бірақ бұлай етудің де кемшін тұстары бар. Егер компания жекешелендірілсе өзіміздің жеке мүддеміз үшін емес, Достастық елдері бізге артқан үлкен мақсатқа қол жеткізу үшін берілген артықшылықтардан айрылып қаламыз.
Басқа да компаниялардың тәжірибесі көрсетіп отырғандай «менікі» деген сөз жиі, тіпті үнемі десе де болады іске кедергі келтіреді. «Менікі» мен «біздікі» деген сөзді ақылға салып саралаған жөн болады. Сонымен «менікі» деген сөздің мәні не? Біріншіден, еңбекақыны тиісті дәрежеде алуы, екіншіден, жеке басының беделі, кәсіби сапасы мен кепілдік берілген болашағы. Менің және менің отбасымның қамтамасыз етілуіне қандай кепілдік беріледі? Осы кепілдіктерді беріп, оларды қамтамасыз ету – «Мирдің» барлық бөлімшелеріндегі басты кадрлық міндет болып табылады. Онсыз кәсіби, сапалы мамандарды сақтап қала, тіпті көбейте алмаймыз.
Біз олардың әрқайсысына тұрақты түрде еңбекақыны, сыйақыны қамтамасыз етіп, адал еңбектеріне қолдау көрсетіп, мемлекеттік қызметшіге қол жетімді орташа өмір сүру деңгейіне кепілдік беруге шамамыздың жететінін саналарына сіңіруге міндеттіміз. Әрине Душанбе мен Мәскеуде өмір сүру үшін көп шығын қажет болады, бірақ та амалын тауып, оларға мүмкіндігінше қолдау көрсетуге де тиіспіз ғой.
«Мир» жұмыс істеген осы жылдардың ішінде Югославиядағы, Шешенстандағы соғыстарға және т.б. оқиғаларға қарамастан қызметкерлеріміздің еңбекақысын бір рет те кешіктірмей бергенімізді мақтанышпен айта алам. Мемлекеттік думаның ғана жағдайы жақсы сияқты. 3-4 айлап ақша төлемейтін телеарналар да кездеседі. Мұндай жағдайлар адамдарды қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретіні анық. Иә, біз аз төлейміз, бірақ төлейміз ғой. Әрі мереке кездерінде сыйақы береміз. Адам өзін бір отбасының мүшесі ретінде сезінуі үшін бұл өте маңызды.
Кей кездері мен сондай ақылды екенмін, осының бәрін жалғыз өзім ойлап таптым деп ойлаймын. Бірақ та осы компанияда жұмыс істейтін үш жүз адам тың идеяларды дамытуға, жаңа көкжиектерге қол жеткізуге қол ұшын берді ме деген ой келеді? «Мирді» дамыту үшін осындағы өз орнында отырған адам не берді? Осындай сұрақтар кей кездері көкірегімді кернейді. Бұдан әрі шығармашылық, ұйымдастырушылық, техникалық және экономикалық тұрғыдан қалай дамитын боламыз? Жарғылық құжаттарымызға қандай да бір өзгерістер енгізетін кез келген жоқ па? Бұрынғылары инвесторларға тежеуіш болды емес пе. Бұдан әрі негізінен немен айналысқан жөн? Осы және өзге де сұрақтар директорлар кеңесінің отырыстарында туындап, талқыға салынып, үлкен пікірталас тудырып отырады.
Өзіміздің дамуымызды қаржылық тұрғыдан нығайту, бұрынғы қызметкерлерімізді ұстап тұрып, жаңа қызметкерлер тарту үшін нағыз ақша табу көзін ашуымыз қажет, яғни таралымды тауарға айналдыруымыз керек. Көріп отырғандай біз бұған спутник арқылы қол жеткізе аламыз. Біз бір жыл ішінде әртүрлі сюжеттердегі ондаған мың хабарлар, телекөпірлер, сюжеттік трансляциялар түсіруге болады. Сіздерге коммерциялық құпияны ашып берейін – 10 минуттық аралық 350 АҚШ долларын құрайды.
Президент Назарбаев мырзаның жарлығымен ратификацияланған үкіметаралық келісім бойынша салық төлем міндетті емес болғанымен, Алматыда Қазақстанның Көлік және Байланыс министрі Бүркітбаев мырза біздің тарелкелерімізге тиісіп, оларға салық төлемесек сөндіріп тастаймын деп қорқытқан еді. Қалыпты оқиға: меркантильдік ведомствалық мүдделерді ойлаған адам осы жердегі станциялар арқылы Қазақстан туралы, ондағы өмір, іс-әрекет, онда өмір сүретін адамдардың проблемалары туралы танымдылық мақсаттағы қаншама жүздеген сюжеттердің, репортаждардың, телекөпірлердің тарағанын, басқа елдерден де қаншама сюжеттердің келгенін ойламайды да. Айталық, қазақстандықтар үйлерінде отырып Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған сапарын, күн сайын оның не істегенін, кіммен кездескенін көріп отырады емес пе. Ресейлік көрермен үшін бұл қызықсыз болғанымен, қазақстандықтар үшін бұл қызықты емес пе! Осы сюжеттердің таралуын кім қамтамасыз етуі керек еді сонда? Айтпақшы Бүркітбаев мырза кейіннен қызметінен алынып тасталды.
Достарыңызбен бөлісу: |