5 Сабақтың соңғы анатомиялық құрылысы
Қосжарнақты өсімдіктердің жас сабағында өсу конусының меристемасы эпидерма, алғашқы қабық және орталық шеңберді қалыптастырады.
Алғашқы қабықтың сыртқы жағында колленхима болады және алғашқы қабық ассимиляциялық ұлпадан тұрады. Алғашқы қабықтың ішкі қабаты эндодерма крахмалды дәндері бар паренхималық клеткалардан тұрады және крахмалды қынапша деп аталады.
Орталық шеңбер перициклды шығу тегі бар склеренхимадан басталады. Орталық шеңбер паренхимадан тұрады, онда бір шеңбер бойымен өткізгіш шоқтар орналасады. Шоқта прокамбий қалдығынан алғашқы ксилема мен алғашқы флоэма арасында соңғы ксилема мен соңғы флоэманың элементтерін түзетін камбий пайда болады.
6 Сүректің құрылысы
Сүректі өсімдіктер сабағы құрылысының негізгі ерекшеліктері орталық шеңбердің жекелеген түтікті шоқтарға жіктелмеуі, сүректің жылдық сақинасын түзе отырып, камбийдің жыл сайын қызметі, перидерманың қалыптасуы және көп жылдардан соң жаңа жабындық ұлпа қыртыстың пайда болуы.
Сүректі өсімдіктердің көпжылдық сабақтарының құрылысында орталықтан периферияға қарай үш аймақты бөледі: өзек, сүректің жылдық сақиналары, қабық, ол перидермамен, ал кәрі ағаштарда қыртыспен қапталған.
Сүрек және өзек арасында камбий болады. Көктемде камбий белсенді қызмет жасап, соңғы ксилема мен соңғы флоэманың элементтерін түзеді. Күзде оның қызметі баяулайды. Бұтақтың алғашқы жылында эпидерма перидермамен алмасады да, кейінірек қыртыс пайда болады.
Ағаштың діңінде сүрек жақсы дамыған. Онда өткізгіш элементтер (түтіктер және трахеид) мен паренхимадан басқа, либриформ талшығы болады. Сүрек клеткаларының қабырғасы лигнинденіп, беріктік қасиет береді.
Бақылау сұрақтары:
1 Жапырақтың анатомиялық құрылысын бейнелеңіз.
2. Қылқанжапырақты өсімдіктер жапырағының анатомиялық құрылысын сызыңыз..
3. Сабаққа анықтама жалпы сипаттамасын беріңіз.
4. Сабақтың алғашқы анатомиялық құрылысын бейнелеңіз.
5. Сабақтың соңғы анатомиялық құрылысын бейнелеңіз.
6. Сүректің құрылысын сипаттаңыз.
Дәріс 15-16
Тақырыбы: Өсімдіктердің көбеюі және ұрпақ беруі
Өсімдіктердің көбеюі туралы жалпы сипаттама.
Өсімдіктердің вегетативтік көбеюі.
Өсімдіктерде спора түзілуі.
Өсімдіктердегі жыныс процесі. Ұрпақ беру циклдері.
Гүлдің құрылысы және оның қызметтері.
Гүл формуласы. Гүл диаграммасы.
Гүлді өсімдіктердің тозаңдануы. Өздігінен тозаңдану. Айқас тозаңдануы.
Жемістер анықтамасы. Құрғақ жемістер. Шырынды жемістер.
Жемістер мен тұқымдардың таралуы
1Өсімдіктердің көбею туралы жалпы сипаттама
Көбею – тірі организмнің жеке санының артуы, өзінен кейін ұрпақ қалдырып, түрдің сақталып, табиғатта таралуын қамтамасыз ету қасиеті. Көбею барысында өсімдіктердің кейбір түрлерінде особь сандарының артып, өз ортасында кең таралып, жаңа кеңістіктерді қамтиды. Бұл прогрессивті түрлерге тән. Ал кейбіреулерінде особь саны тұрақты, олардың таралу кеңістігі, ареалы көлемін ұлғайтпайды не кемітпейді. Өсімдіктердің келесі бір түрін особь сандары, соған сәйкес олардың таралу кеңістігі үнемі кеміп отырады. Бұл регрессивті түрлерге тән. Бұлар табиғи түрінде жойылып кетеді.
Көбею процесі жыныссыз және жынысты болып бөлінеді.
Вегетативтік мүшелер және споралар арқылы көбеюді жыныссыз көбею деп атайды.
Жыныссыз көбею дегеніміз – өсімдік денесінен бөлінген бір клеткадан немесе клеткалар тобынан жаңа өсімдіктердің пайда болуы.
2 Өсімдіктердің вегетативтік көбеюі
Вегетативтік көбеюдің ерекшеліктері – мұнда ұрпақтар аналық өсімдіктің барлық белгілерін, қасиеттерін толық сақтайды.
Вегетативтік денеден тіршілікке қабілетті бөліктер бөліну арқылы түрдің жеке санының артуы вегетативтік көбею деп аталады.
Вегетативтік көбею алуан түрлі және өсімдіктердің барлық топтарында кең таралған.
Бір клеткалы балдырлар мен бактерияларда вегетативтік көбею клеткаларының екіге бөлінуі арқылы жүзеге асады. Колониялы балдырларда, олардың клеткаларының вегетативтік көбеюінен жас колониялар пайда болады.
Көп клеткалы балдырларда вегетативтік көбею, оалрдың талломдарының кездейсоқ бөліктерге бөлінуі арқылы жүреді. Жіпшелі көкжасыл балдырлардың кейбір түрлері (носток, анабена) гетероцисталары арқылы көп клеткалы гормогонияларға бөлінеді. Көбеюдің мұндай қарапайым тәсілі тек төменгі сатыдағыларға ғана емес, суда тіршілік ететін кейбір гүлді өсімдіктерге де (сужапырақ, мүйіз жапырақ, егеушөп) тән. Осылай көбею нәтижесінде ХІХ ғасырда Еуропаға енген Канада сужапырағы су қоймаларында кең таралғандықтан, жергілікті тұрғындар «су чумасы» деп атаған.
Саңырауқұлақтарда вегетативтік көбеюдің қарапайым жолы – мицелийдің жеке учаскелерге бөлінуі, бүршіктенуі (ашытқылар) арқылы жүрсе, арнаулы маманданған түрі кондийлер, оидийлер және хламидоспоралар арқылы жүзеге асады.
Қыналар, денесінің арнаулы бөліктері – соредийлері, кейде сирек изидийлері, ал бауыр мүктері өнімтал бүршіктері арқылы көбейеді.
Өсімдіктердің вегетативтік көбеюі оның регенерациялық қабілетіне негізделген.
Вегетативтік көбею кезінде аналық өсімдіктен пайда болған жас особьтар жиынтығы клон деп аталады. Гүлді өсімдіктерде клонда тамырсабақтың бұтақталғанескі бөліктерінің біртіндеп бұзылуынан, каудекс, кіндік тамырдың партикулдануынан, сол сияқты жер беті және жер асты столондарының ұшындағы түйнектер мен жуаншықтардан жас өсімдіктер бастамасы ретінде жетіледі.
Вегетативтік көбею табиғатта өздігінен жүретін табиғи және адамның тікелей қатысуымен жүзеге асатын – жасанды деп екіге бөледі. Бұл екеуінің арасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Өйткені табиғи вегетативтік көбею өсімдіктердің регенерациялық қасиетіне, ал екіншісі түрлі әдістерді қолдану алқылы қолдан вегетативтік көбейтуге негізделген.
Жоғары сатыдағы сабақты-жапырақты өсімдіктер тамыр атпалары, тамыр сабақтары, мұртшалар, желілері (көген саюақтары), түйнектері, столондары, жуашықтары, өнімтал бүршіктері арқылы табиғи вегетативтік жолмен көбейеді.
Табиғи вегетативтік көбеюді адам өз мақсатында пайдаланып, вегетативтік көбейту жолымен мәдени өсімдіктерді өсіреді.
Қолдан вегетативтік өсіру. Қолдан вегетативтік көбейту ерте заманнан қолданылып келе жатқан әдіс. Қолдан вегетативтік көбейтудің бірнеше жолы бар. Соның бірі – телу әдісі.
Телу дегеніміз бір өсімдіктің бүршікті бөлігін екінші өсімдіктің денесіне ұлстыру. Телу кейде трансплантация деп те аталады. Өз тамырында өсіп тұрған өсімдікті телітуші (подвой) деп, ал оған әкеліп ұластырылатын бүршігі бар бөлікті телінуші деп атайды. Телу тәсілдері: жанастыра телу, кесінділеп телу, көзшелеп телу.
3 Өсімдіктерде спора түзілуі
Споралы көбеюдің ерекшеліктері – бір өсімдік мыңдаған және жүз мыңдаған споралар бере алады, сондықтан өсімдіктер тез көбейеді.
Барлық жаңа индивидтер аналық өсімдіктердің белгілерін және қасиеттерін қайталайды да, ұрпақтары біркелкі болады. Жыныссыз көбеюде аналық өсімдіктердің белгілері толық сақталады.
Жыныссыз көбею спорлары немесе зооспоралары арқылы жүзеге асады. Споралар (грекше spore - тұқым) құрылық өсімдіктеріне тән, олар өз бетінше қозғала алмайды, салмақтары өте жеңіл болғандықтан, ауа толқындары арқылы таралады. Зооспоралар (грекше «zoon» - жануар, «zoospore» қозғалатын спора) суда, ылғалға қаныққан топырақта өсетін өсімдіктерге тән, бұлар талшықтары арқылы қозғала алады. Споралар арқылы төменгі сатыдағы өсімдіктердің басым көпшілігі (балдырлар, саңырауқұлақтар), жоғары сатыдағы мүк тәрізділер мен папоротник тәрізділер көбейеді. Бұл кейінгілерін тұқым арқылы көбейетіндерден (жалаңаш тұқымдылар мен жабық тұқымдылар) ажырату үшін жоғары сатыдағы споралы өсімдіктер деп атайды.
Споралар – митоз немесе мейоз жолымен пайда болатын арнаулы клеткалар. Митоз жолымен пайда пайда болған спораларды митоспоралар, мейоз жолымен пайда болғандарын мейоспоралар деп атайды.
Пайда болу орнына қарай, эндоспоралар және экзоспоралар деп бөлінеді. Эндоспоралар арнаулы орындарда (мүшелерде, ал экзоспоралар өсімдік денесінің бетінде) жетіледі. Эндоспораларға сәйкес зооспоралар пайда болатын клеткалар немесе мүшелер спорангий және зооспорангий деп аталады. Экзогенді жолмен конидийлер пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |