§ 53.Бірінші орыс революциясы жылдарындағы Қазақстан
(1905-1907 жж.)
Бірінші орыс революциясы - Ресей империясында экономикалық және саяси дағдарыстың салдарынан 1905-1907 жылдары болған революция. 1905 жылы 9 қаңтарда Санкт-Петербургтегі «Қанды жексенбі» оқиғасынан бастау алған Бірінші орыс революциясы кезінде елде демократиялық республика орнату, помещиктердің жерін тәркілеу, 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу, ұлттық теңсіздікті қамтамасыз ету туралы ұрандар көтерілді. Революция жылдарында 24 мыңнан аса жұмысшылар ереуілдері, 18 мыңға жуық шаруалар көтерілісі болды.
1905 жылы 1 мамырда Қазақстанның көптеген қалаларында да шерулер мен жиналыстар болды. Осы жылы мамырда Қостанайда, Верный мен Перовскіде халықаралық еңбекшілер күнінде ереуілдер өтті. 1905 жылы жазда жалақыны көбейту және тұрмыс жағдайын жақсартуды талап етіп Қазалы мен Шалқар теміржолшылары көтерілді. Ресейдегі қазан ереуілі әсерінен Перовск, Орал, Торғайда ірі саяси ереуілдер болды. Революцияның өрши түсуі 1905 жылы 17 қазанда манифест жариялауға мәжбүр етті. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Дулатов сияқты қазақ зиялы қауымының өкілдері революциялық қозғалыстарға белсене қатысты. Олар 1905 жылғы 17 қазандағы патша манифесін қолдамады. «Бостандық манифесі» атанған бұл құжат конституциялық монархияны заңды түрде бекітті, соның нәтижесінде біршама демократиялық бостандық негіздері жүзеге асырылды. 1905 жылғы 17 қазандағы Манифест бойынша Мемлекеттік Дума құрылып, онда «ешқандай заң Мемлекеттік Думаның мақұлдауынсыз күшіне енбейді» делінді. Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік Думаға тоғыз депутат сайланды. Саны төрт миллион қазақтан небәрі төрт депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов және Б.Құлманов, ал орыс тұрғындардан бес депутат сайлады: В.И.Ишерский, И.П.Лаптев, В.В.Недоносков, Н.Ч.Дахнич, Н.Я. Коншин. Бұқара халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін құрылған патшаның бірінші Мемлекеттік Думасы оның үмітін ақтай алмады. Оны партиялар өз мақсаттарына пайдаланды. Елдегі революциялық толқудың бәсеңдеуіне байланысты патша 1905 жылы 8 шілдеде Думаны тарқатты. екінші Мемлекеттік Думаға Қазақстаннан он төрт депутат сайланды. Оның ішінде қазақ тұрғындарынан алты депутат болды: Ш.Қосшығұлов, Х.Нүрекенов, Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Т.Алдабергенов, М.Тынышпаев. Ал орыс тұрғындарынан бұл Думаға сегіз депутат ұсынылды: А.Виноградов, И.Голованов, И.Космодамианский, Н.Коншин, Ф.Еремин, Я.Егошин, М.Гаврилов, И.Лаптев. Екінші Мемлекеттік Думаның депутат-қазақтары патшаның қоныс аудару саясатына табанды түрде қарсы шықты. 1907 жылы 3 маусымда патша Думаны қайта тарқатып, социал-демократиялық фракция қамауға алынып, Сібірге жер аударылды. Екінші Мемлекеттік Думаны таратуға қарсы наразылық білдірген жергілікті жерлерде митинглер, демонстрациялар ұйымдастырылды, мұндай шаралар Ақтөбеде, Петропавлда, Қостанайда және тағы басқа жерледе өтті.
Бірінші орыс революциясы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының өрлеу, жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді, ал саяси күрес болса, ең алдымен патшаға, отарлық билікке құзырхат (арыз-тілек) жазып тапсыру түрінде көрінді. Отарлық тәуелділіктегі Қазақ елінің мұқтажын білдірген арыз-тілектер Оралдан, Қарқаралыдан, Жетісудан тағы басқа жерлерден келіп түсті.
Қазақ зиялыларының тікелей араласуы нәтижесінде жазылған бұл құзырхаттарда сол кездегі қазақ қоғамының өмірлік мүддесінен туындаған жалпы демократиялық сипаттағы талап-тілектер баяндалды; қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының идеологиясы тұңғыш рет тұжырымдалды. Осы жылдары қазақ зиялылары патша үкіметіне оппозициясы болған кадеттер партиясының тұғырнамасын жақтап, 1905 жылы желтоқсанда Орал қаласында «Қазақ конституциялық демократиялық партиясын» құрды. Бірінші орыс революциясы тұсында Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев, С.Жантөрин кадеттер партиясы құрамына кірді. Сондай-ақ, осы кезеңде «Автономияшылдар одағы» және «Ресей мұсылмандары одағы» атты ұйымдар құрылған болатын. Бұл ұйымдардың да қызметіне қазақ зиялылары атсалысты.
Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкедегі отаршылдық езгіге, әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшылар мен шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше серпін алуына, әрине, патшалық Ресейдегі 1905-1907 жылдарда өткен тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революцияның ықпалы зор болды.
- Біріншіден, өлкенің экономикалық және саяси дамуы дәрежесінің салдарынан жұмысшы қозғалысы өрістеді.
- Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала жұмысшылары қатысты.
- Үшіншіден, аграрлық қозғалыстар, негізінен, қазақ ауылдарының, қоныс аударған деревнялардың, еңбеккерлер топтарының іс-әрекеттерінен көрінді.
- Төртіншіден, ұлт зиялылары қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалысты жаңа сатыға көтерді. Сөйтіп, 1905-1907 жылдарда өткен Қазақстандағы жұмысшы қозғалысы өзінің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты.
Революциялық жылдардағы ең ірі орыс, қазақ жұмысшыларының біріккен ереуілі Успен кенішінде өтті. Мұнда 300-ден аса жұмысшы еңбек етіп, оның 265-і қазақтар еді. Жалпы Спасск акционерлік қоғамында 5 мыңнан аса қазақ жұмысшылары еңбек етті. Ереуілдің негізгі талаптары жұмыс уақытын азайту, ауырып жатқандарға өтемақы төлеу, жалақыны көбейту, әйелдер мен балалар құқығын қорғау тағы басқалар болды.
Жалпы, 1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалыстар қазақ жұмысшы табының толық қалыптаспауы, жұмысшылардың біріге алмауы, қозғалысты басқаратын демократиялық топтардың әлсіз болуы себептерінен жеңілді. Революция Қазақстанның саяси дамуына зор әсер етті. Революцияның тарихи маңызына тоқталатын болсақ, отаршыл саясатқа қарсы тәжірибе жинақталды. Ереуілдерді ұйымдастырудағы кемшіліктер кейін түзетілді. Қазақ еңбекшілерін «ғасырлық ұйқыдан» оятып, революциялық күреске шақырды.
Қазақстан халқы 1905-1907 жылдардағы төңкерістен ұлттық және әлеуметтік азаттық күрес жолында саяси тәжірибе алды.
Достарыңызбен бөлісу: |