Қысқарған сөздер қолданысындағы кемшіліктер Еліміз тәуелсіздігін жариялап, егемен ел ретінде қалыптасу кезеңінде көптеген мемлекеттік құрылымдар, Ұлттық компаниялар мен мекемелер, жаңа жоғары оқу орындары ашылып, олардың толық және қысқарған атаулары пайда болды. Осы атаулардың жасалуы мен қолданысын бір ізге түсіру, жаңа пайда болып жатқандарын сараптан өткізіп, жаппай қолданысқа ұсынып отыру маңызды жұмыс. Жалпы қысқарған сөздер де уақытылы жинақталып, үнемі мамандар талқысынан өтіп отырмаса, оларды жасауда тілдік норма сақталмай, қолданысында ала-құлалық көбейіп кетеді.
Қысқарған атаулар тек қазақ тілінде жасалып қоймайды, олардың бірқатар бөлігі өзге тілдерден өзгеріссіз қабылданған қалпында қолданылады. Олардың өзге тілдерден қалай қабылданып, өз тілімізде қалай жасалып қолданыс тауып жатқандығын анықтап, бұл бағыттағы жақсы үрдістерді үлгі ретінде ұсынып, кемшіліктерді түзету жолдарын көрсету тіл мамандарының тікелей міндеті. Осы тұрғыдан қарағанда кейінгі жылдары тілшілер қауымы тарапынан қысқарған сөздер мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбегені байқалады. Соның салдары да анық аңғарылып отыр. Баспасөз беттерінде, ғылыми, танымдық, оқулық әдебиеттер мен салалық сөздіктерде кездесетін қысқарған атаулардың жасалуында, қолданысында көптеген кемшіліктер орын алып жүр.
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Хабар» арнасын «Тіл» деп аталатын бағдарламасында қысқарған сөздер жайы сөз болды. Сонда бір студент оқитын оқу орның тек КИМЭП деп атайтынын, ҚМЭБИ деген атауды ешқашан қолданбайтының айтып еді, оның бұл ісін құптамайтындар, сөккендер аз болған жоқ. Студенттің өз тілін құрметтемейтіндігі отаншылдық сезімінің төмендегі сынға алынды. Шындығында тек КИМЭП қана емес Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарының студенттерінің өз оқу орындарының қысқартылған қазақша атауларын қолданбайтынына күмән болмаса керек. Мұның себебін тек орыс тілінің үстемдігінен немесе шәкірттердің қазақ тіліне деген жанашырлығының жетіспейтіндігінен іздегеніміз дұрыс дей алмаймыз. Мәселенің бір ұшы осы қысқартылған атаулардың «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетіндей» ұтымды жасала бермейтіндігімен тікелей байланысты. ҚМЭБИ ғана емес ҚазБСҚА, ҚазМҚХӘТУ, МББҚБА және КДИ (Мемлекеттік және білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты) сияқты бірқатар іргелі оқу орындарының қазақша атауларының қанша ұлтжанды, қанша жерден тілдің жанашыры болсан да, айтуға құштар бола қоюың қиын-ақ.
Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болған соңғы жиырма жылдың көлемінде тілдің түрлі мәселелері үнемі сөз болып келеді. Талғамсыздық және кәсіби шеберліктің жетіспеуі салдарына туындаған термин сөздер, тұрақты тіркестердің, жекелеген сөздердің дұрыс қолданылмауы, орашолақ аудармалары мен дұрыс құрылмаған сөйлемдер төңірегінде тіл мамандар тарапынан түрлі денгейдегі конференциялар мен семинарларда, бұқаралық ақпарат құралдарында ас сөз болып жүрген жоқ. Тіл мандары тарапынан арнайы қарастырылып 1996 жылы Н.Алдашев «Қазіргі қазақ тіліндегі қысқарған сөздер» деген тақырыпта кондидаттық диссертация қорғағанымен ондай зерттеулер нәтижелерін қысқартып сөз жасаушылардың басым көпшілігі іс басында пайдалана бермейтіні байқалады.
Сөз қысқарту кезінде де тілдегі дыбыстар тіркесімділігі, дауысты-дауыссыз дыбыстардың бір-бірімен қатар тұру мүмкіндігі, олардың тарихи қалыптасқан орны ескерілмейді. Әйтпесе ҚӨТ (қаржы-өнеркәсіптік топтар), ОАӨАҮО (Орталық Азиядағы өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы), БӨҚжА (бақылау-өлшеу құралдары және автоматика), ҚҚХҚИ (Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институты), ӨОАӘ (Өлшемдердің орын алмастыру әдісі) сияқты көптеген сәтсіз қысқартылған атауларды оңды-солды қолданылып жүрмеген болар едік. Мысалға алынып отырған қысқарған сөздердің кемшілігі – әріптік қысқарту барысында қазақ тілінде дыбыстар тіркесі сақталмаған. Дыбыстар үндестігі бұзылғандықтан тіліңді қанша бұрасаң да айтуға келмейтін, құлаққа түрпідей тиетін, айтуға қолайсыз атаулар пайда болған. Қазір әр басылым, әр автор күрделі атауларды өз қалауынша, орныға бастаған нұсқасына назар аудармай қысқартуы жиілеп барады.
Әр басқа ұғымдарды білдіретін бірнеше күрделі атаулардың қысқар-тылған нұсқаларының бірдей болып шығуы, қысқарған сөздерді жасау жұмысының үйлестірілмей, стихиялы жүргізілуінің салдары. Бөлек-бөлек ұғымдарды бір ғана қысқарған сөзбен берілуін кең таралуына жол бермеген абзал. Көп мағыналы қысқарымдардың негізсіз молаюын да орын алып жүрген кемшіліктердің қатарына қосуға болады. Мысалы, Халықаралық кәсіпкерлер ұйымын да Халықаралық көші-қон жөніндегі ұйымды да ХҚҰ деп бір-ақ қысқарған сөзбен беріп жүрміз. Осы сияқты Еуропалық Кеңесте, Еуропалық комиссия да ЕК түрінде қолданылып келеді. Мұндай қысқартулар жұртты шатастырады әрі басқа-басқа ұйымдардың атаулары бірдей қысқартылғандықтан, бұл нұсқаларының бірінің тілде орнығуына екіншісі кедергі келдіреді. Мәселен, Еуропалық Кеңесті – қазіргі қалпында ЕК деп әріптік қысқарту үлгісімен, ал Еуропалық Комиссияны – ЕуКом түрінде буындық қысқарту жолымен алуға да болар еді. Жалпы, түрлі атаулардың бірдей қысқартылып алынып қолданыста жүруінің өзі мұндай атауларды жинақтап, оларды сұрыптап, ретке келтіру жұмыстарының тиісті дәрежеде қолға алынбай отырғанын көрсетеді.
Сонымен, қысқарған сөздердің жарыса қолданылуының бірнеше түрі кездеседі. Олардың негізгілері ретінде мыналарды көрсетуге болады:
1. Қазақшы нұсқасы мен орысшасы жарыса жұмсалып жүрген қысқарған атаулар. Мысалы, ТӘБ//БТА, ОББ//ЦРУ, ЖЭО//ТЭЦ, СЭГ//ГЭС, АҚТҚ//ВИЧ, ЖҚТБ//СПИД, ФБР//ҚІБ және т.б
2. Бірде орысша таңбалануы бойынша, кейде ағылшынша қысқартылуына сәйкес өзгеріссіз қолдынылып жүрген атаулар да едәуір. АIBA//АИБА, FIFA//ФИФА, ASEAN//АСЕАН, UNESCO//ЮНЕСКО, ISO//ИСО, NATO//НАТО және т.б.
3. Қысқарған атаулардың қолданысындағы кемшіліктің бірі – оларды қа-
зақша түрліше қысқартылып алынып, бірнеше нұсқада жарыса жұмсалуы. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі атауы-ның қысқарған нұсқасы орыс тілінде СВМДА түрінде бір ғана нұсқада қолданылып жүрсе, бізде бұл қысқарым – АӨСШК, АӨЫСШ, АӨСІШК болып үш түрлі нұсқада жарысып жұмсалып жүр. Осы қатарға ТКШ//ТҮКШ(тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы),ҚазАТУ//ҚАТУ(қазақ аг-ротехникалық университеті), ЕҚЫҰ//ЕҚЫК(Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақ келісімі), БСҰ// ДСҰ(Бүкіләлімдік сауда ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы), ЭСК//ЭСЖК(Экономикалық саясат жөніндегі кеңес)БДҰ//ДДҰ(Бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы),ІЖӨ//ЖІӨ(ішкі жалпы өнім, жалпы ішкі өнім) сияқты жарыса қолданылып жүрген атауларды да қосуға болады.
4. Түрлі мағынаны білдіретін күрделі атаулардың бірдей қысқартылып алынуы да оқырманды жаңылыстыруы, оның дәл ақпарат алуына кедергі келтіреді. Мысалы, қазір мына төмендегі секілді көптеген әр басқа күрделә атаулардың бірдей қысқартылып алынып жүргенін кездестіруге болады: 1. ҚХА – қалалардың халықаралық ассамблеясы, 2. ҚХА – Қазақстан халқы ассамблеясы; 1. СЭС – су электр стансасы, 2. СЭС – санитарлық эпидемио-логиялық станса.
Әрине, өзге тілдерден де мұндай бірдей қысқартылған әр түрлі ұғым атауларын кездестіруге болады. Орыс тілінде де олар аз емес. Бірақ мүмкіндігінше мұндай бірдей қысқартылған атаулар санының артуына жол бермеген абзал.
Қазіргі мерзімді басылым беттерінде кездесетін осындай деректер күрделі сөздерді қысқарту немесе орыс тілінен енген қысқарған сөздерді аударудың әркімнің қалауынша жүзеге асып, бұл істің жүйелі түрде жүргі-зілмей, тиісті жәрежеде үйлестірілмей отырғандыған аңғартады.