Газет мәтінінде жекелеген қысқарамдардың қолданылуы.
Мақала тақырыбында ғана емес газет мәтініндегі сөйлемдер құрамында да қысқарған сөздер жекелеп те, қос-қосынан қолданылып жатады. Қазақ газеттерінен алынған мына сөйлемдер солардың қатарынан. Мысалы: Сөй-тіп ПИК пен ЖҮК-тер арасындағы жарыста І орынды – Жетісу ауданы, ІІ орынды – Әуезов ауданы, ІІІ орынды – Медеу ауданы иеленді. («Алматы ықшамы», 17 қазан 2009 жыл №121); АИТВ инфекциясын жұқтырғандарға және ЖИТС-пен ауыратын науқастарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету. («Егемен Қазақстан», 29 қыркүйек, 2009 жыл); Саудабаев – АҚШ-та. («Айқын», 26 қыркүйек 2009 жыл.№179 (1360); АҚШ АЭС салады. («Егемен Қазақстан», 23 ақпан 2010 жыл. №66-68); ЕҚЫҰ БҰҰ-мен бәсекелес пе? («Айқын», 10 желтоқсан 2010 жыл №230) және т.б.
Сөйлем ішінде құрамында үш және одан да көп сыңарлары бар күрделі атауларды тиісінше 3-5 әріптен немесе буыннан тұратын қысқарған сөзбен беру әлдеқайда ұтымды. Газет оқырманына да жеңіл. Бұл жердегі басты мәселе – қысқарған сөздің оқырманға мағынасы таныс, қолданысы орныққан, көпшілікке танымал болуы.
Қысқарған сөздердің газет мәтінінде тізбектеле қолданылуы.
Қазақ газеттерінен әр жылдары жинақталған мына төмендегі сөйлемдер қысқарған сөздер тізбегінен тұрады: Қазақстанның сыртқы саясатының көп арналылығы және оның Ресеймен де, сол секілді Батыспен де жақсы қарым-қатынасы тұрғысынан осы негізде барынша әрқилы халықаралық бірлестіктер – ЕО, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, НАТО және ҰҚШҰ ынтымақтаса алар еді.
(«Егемен Қазақстан» 11 қараша 2009 жыл №371-372); Ал жуырдағы Алматы қаласы Әкімінің тапсырмасына сейкес Түрксіб ауданының әкімі В.Юстюговтың 59 өкілімен өкілетті орындар АЖИ, МСҚББ, АІІД, АСҚБ және аталған учаскеден 3 ықпалды адамадардан құралған комиссия құрылып, құжаттарды қабылдап, Алматы қалалық әкімшіліктің Жер комиссиясына өткізу жұмыстарын жүргізді. («Алматы ықшамы», 13 наурыз 2010 жыл, №31); Бақылаушы ретінде ЕҚЫҰ, ДИАҚБ, ЕКЫҰ, ПА, ТМД, ПАА, ШЫҰ, ТүркПа және басқа ұйымдардан өкілдер келмекші. («Егемен Қазақстан» 24 қыркүйек, 2010 жыл № 386-387); Бұл басқосуға БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, АӨШСК, ЮНЕСКО, ЯСЖТКҰ сында халықаралық ұйымдар басшылары мен өкілдері, әлемдік саяси топтар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, белгілі срапшылар мен ғалымдар жиылды. («Алматы ақшамы» 15 қазан, 2011жыл, №118).
Жоғарыда берілген мысалдарда әр сөйлемде кемінде 4-тен 9-ға дейін қысқарған сөз кездеседі. Газет мәтініндегі түрлі халықаралық ұйымдар атаулары мен өзге де күрделі атаулар толығымен берілгенде сөйлемдердің ұзындығы екі-үш есе артып, қаншама орында алған болар еді. Мәселен, соңғы сөйлемдегі халықаралық ұйымдар атауларын толық жазғанда 41 сөз жазылуы керек болса, оның орнына 9-ақ қысқарған сөз қолданылған. Айырмашылық өте үлкен. Үнемделген 32 сөздің газеттің қанша жолын алатынын, оны оқуға кететін оқырман уақытын есептесек, қысқарған сөздерді қолданудың пайдалы коэффициенті шығады. Күрделі атаулардың толық жазылуы газет тілін ауырлатып, оқырманның да ақпарат алуын қиындатары сөзсіз. Қазіргі оқырман қалың-қалың романдар мен газеттің сала құлаш, айқара бетті алып жатқан көлемді мақалаларын оқудан гөрі қысқа да нұсқа, нақты ақпараттар сығымдалып берілген мәтіндерді оқуға бейім. Мәселенің мәніне бірден көшпей, алыстан орағытып, ұзақ тарихи шолу жасаудан басталған, жалпы сипаттауы мен бейнелілігі басым, көпсөзділік орын алған мәтінді оқуға бүгінгі оқырман уақытын жоғалтқысы келмейді.Сондықтан баспасөз тілінде қысқарған сөздердің көп қолданылуы бүгінгі ақпарат ғасырында ақпаратты тез, ұтымды жеткізу мен оны алудың қажеттілігіне байланысты туындап отырған құбылыс деп тануға негіз жеткілікті.
Сондай-ақ баспасөз беттерінде сынға алып отырған нысанының атауын мақсатты түрде қысқартып қолдану арқылы оқырманға әсер етіп, қоғамдық пікір туғызуды көздейтін жағдайлар да кездесіп жатады. Мәселен, тестілеу жүйесі алғаш енгізіле бастаған жылдары ол «Бірыңғай ұлттық тестілеу» деп аталды. Осы күрделі атауды «БҰТ» деп қысқартып алып, сын мақала ретінде («БҰТ-ымыз айырылып кетпесін») газеттің бірінші бетінде айғайлатып үлкен тақырып берген басылымдарда болды. Көп ұзамай бұл құрылымның атауы « Ұлттық бірыңғай тестілеу» деп өзгертіліп алынып, соған сәйкес ҰБТ түріндегі қысқартылған ата қолданысқа енді. Қысқарған сөздерді де оқырман назарын аудару үшін мақсатты түрде қолданылатын жағдайлар едәуір жиілеп келеді.
Жалпы біздегі қысқарған сөздердің басым көпшілігі олардың орыс ті-ліндегі нұсқасын үлгі ете отырп жасалып жататындығын қадам басқан сайын көруге болады. Кейінгі жылдары қазақ баспасөзінде де кісі есімдерін, көбінесе елге белгілі лауазымды тұлғалардың, саясаткерлердің аты-жөнін немесе есімдерін қысқартып қолдану құбылысы да көрініс бере бастады. Мәселен, «Нұр Астана» (29 сәуір 2012 жыл №13) газетінің бірінші бетінде «ГГГ-лер кімнің мүддесін көздейді?» деген мақала басылды. Бұл ГГГ-лер бас банкир Григорий МАрченко, мәжіліс депутаты Гүлжан Қарақұсова және сол кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған Гүлшара Әбдіхалықова есімдерінің бірінші әріптерін алу арқылы жасалған қысқарған сөз. Қазақ баспасөзіндегі қысқарған сөздің бұл түрінің жасалуына да, қолданысына да орыс тілінің әсері бар. Ресей баспасөзінде де, бізде шығатын орыстілді басылымдарда да Владимир Владимиррович Путинді – ВВП деп қысқарта қолдану жиі қолданылады. Біздің «Время»газеті ( 21.04
2012 №59) де «ВВП вычеркнули из списка» деген және « ВВП:год с правом передачи» (5.03.2013 №133) деген тақырыппен мақалалар жарияланады. Жалқы есімдердің, оның ішінде кісі есімдерінің, белгілі тұлғалардың қысқартылып алынуы кейінгі жылдары жиі көрініс бере бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |