Адамгершілік. Адам бойындағы қоғамдық талапқа сай ізгілікті, инабаттылықты білдіретін ахлақ ұғымы. Аймалап жатса, ашынып барған баласын, Айығып, сергіп, басылып бір сәт қаласың. Ағытып қойып, адамгершілік жағасын, Ағасың тынбай, ағасың , Жайық, ағасың («Ата Жайық»). Адамгершілік: 127.
Адамдай. Адам сияқты, адам тәрізді. Тереңнен тартып нәр алмай, Теңізде жүру жөн бе екен? Қайығы батқан адамдай, Қармаған талды мен бе екем?! («Шабындықта»). Адамдай: 92.
Адамзат. Бүкіл адам баласы. Адамзаттың ғұмырларын ойрандауға қол қойған, Қиян-кескі қатал соғыс, қиян-кескі қан майдан («Бөз орамал»). Адамзаттың: 96.
Адас. 1. Жол таба алмай сенделу. Содан бері күн өтті, айлар өтті, Айлар өтті, арман боп ойлар өтті. Алатаудың төсінде сайрандаған Ақмаралым адасып қайда кетті? («Ақмарал»). Адассақ: 39; адасып: 34, 134; адасыпты: 67; адасқан:86; адасармыз: 39 (2); адаспа: 80 . 2. Ауыс. Теріс бағытқа түсу, қателесу, жаңылысу, шатасу. Сабай берме тайыңды, қара қасқа, Мерт боларсың мына бір жағалатса. Алды-артың алай-түлей шақ адаспа, "Абай бол" деп бітеді сана басқа. Тізгініңді тарта тұр, қара қасқа, Байқап-байқап жүргейсің, бала, жаста! («Шүу, жануар»). Адасып: 85(3), 124; адаспа: 47; адаспаса: 64.
Адастыр. Басқа бір жаққа, жолсызға бағыттау, бағдарынан айыру. Айналамда дүрлікті ауыл болып, Адастырдың басыңа бағың қонып.Құйын болып жылғадан бастадың да, Сардалаға жоғалдың сағым болып («Ат суара барғанда жылғаға мен...»). Адастырдың: 104.
Адуын. Ешкімді бетіне қаратпайтын өр мінезді, өр көкірек, шайпау. Адуын жүрдім қашанда, Адымым алшақ, бекем бой. Арындап кеткен асауға, Ауыздық керек екен ғой («(Л-ға)»). Адуын: 42, 55, 86.
Адуын жүрді. Окказ. Тартынбай, асқақ жүрді. Адуын жүрдім қашанда, Адымым алшақ, бекем бой. Арындап кеткен асауға, Ауыздық керек екен ғой («(Л-ға)»). Адуын жүрдім: 42.
Адым. 1. Жүру кезіңді екі аяқтың ара қашықтығы, қадам. Адуын жүрдім қашанда, Адымым алшақ, бекем бой. Арындап кеткен асауға, Ауыздық керек екен ғой («(Л-ға)»). Адымым: 42. 2. Ауыс. Іс-әрекет, ұмтылыс, қарқын. Шашымның санап әр ағын, Таңырқай берме, қарағым. Санаулы басқан әр адым, Отыздан асып барамын («Отыздан асып барамын»). Адым: 14.
Адым жер. Тым жақын, қол созым, онша алыс емес, қысқа қашықтық. Шаңқай түс. Бала үрейлі, таңданады. Соқыр деуге қимайды, арланады, Екі қолы ербеңдеп, қайран кеуде, Аттай алмай адым жер қарманады («Масақ»). Адым жер: 110.
Адымым алшақ. Окказ. Алшаңдап, емін-еркін жүру мағынасында. Адуын жүрдім қашанда, Адымым алшақ, бекем бой. Арындап кеткен асауға, Ауыздық керек екен ғой («(Л-ға)»). Адымым алшақ: 42.
Адыр. Бір-біріне ұласып, тұтасып жатқан биік қырқа, дөңес жер. Адырлар, жонжар, шатқалдар, Аспанды тіреп жатқандар, Айтылды нелер мақтаулар, Арманың бар ма, ақ таулар? («Арманың бар ма?»). Адырлар: 135.
Ажал. Өлім, қаза. Сексенде селкілдеген Ахметті, Ажал келіп ақыры бақыл етті. Бұйырғаны қартыңа бұл өмірден Айналасы алты кез ақырет-ті («Күй қалса ғой»). Ажал: 75, 76, 93, 95.
Достарыңызбен бөлісу: |