Айнал. 1. Айнала жүру, төңіректеу, айналсоқтау, орағыту. Айналғанда аядай қалашықты, Алдымыздан кішкентай Ана шықты, Қырда отырған ауылға апаратын, Жалғызаяқ соқпақпен адасыпты («Сәби Ана»). Айналып: 80; айналған: 70; айналғанда: 67. 2. Бір күйден екінші күйге ауысу, ауу. Биікті нағыз көргенде, Жүрегің лобып айналсын. Биіктен қарап дөңдерге, Даңғаза басың ойлансын. («Жүр...»). Айналсын: 65. 3. Қайтып оралу, қайта келу. Ұшар ма ең қанат байланып? Қалар ма ең, әлде, ойланып? Келер ме ең менің қасыма, Періштем болып, айналып? («Тымырсық күндей тамызда жаңбыр көксеген»). Айналып: 134. 4. Жақсы көру, емірену. Сақалыңнан айналдым, қарт-бабалар, Ұрпағыңа не айтасың артта қалар? О, тірі шежірелер қалдырыңдар, Қанеки, нелерің бар салтқа жарар? («Мен қарапайым қарттарды сүйемін»). Айналдым: 65, 70, 102.
Аруағыңнан айналдым! Окказ. Аруақты құрметтеу, сыйлау, қадірлеп, пір тұту мағынсында. Алматының жерінде атам жатыр, Жалғыз бейіт құлазып жапанда тұр. Қайтсем сені қоршаймын қыш дуалмен, Аруағыңнан айналдым, атам батыр! («Алматының жерінде...»). Аруағыңнан айналдым: 35.
Айнала. Төңірек, маңай. Белгісіз қыр аса ма, сай бара ма, Асығады осы өмір қайда ғана?! Көшін тартып барады шіркін жастық, Оянғасын қарасам айналама («Заулап өткен»). Айналам: 88; айналама: 55; айналамда: 94, 103; айналаң: 96.
Айнала. Төңіректете, маңайлата, айналдыра. Бір тал масақ мүсінін салмақ болған, Тас ағашпен айнала шарбақталған. Жұдырықтай қарт зергер құлан ұрып, Құлын мүше оралып, саңлақтанған («Масақ»). Айнала: 109.
Айналайын. Еркелету, көңіл-күйін білдіретін «қарағым», «қалқам» мәніндегі қаратпа атауыш. Мен бақыттымын, Бақытты жерде туылдым. Айналайын Қарасаз, Қасиетінен суыңның («Қарасаз»). Айналайын: 100, 121.
Айналасы. Бар болғаны, не бары, бар-жоғы. Сексенде селкілдеген Ахметті, Ажал келіп ақыры бақыл етті. Бұйырғаны қартыңа бұл өмірден Айналасы алты кез ақырет-ті («Күй қалса ғой»). Айналасы: 76.
Айналысу. Айналыс етістігінің қимыл атауы. Шұғылдану, әрекеттену. Шаруаның баласы болғасын ба, Шаруамен айналдым он жасымда. Майдандағы әкеме оқ жібердім, Айырбастап күлшемді қорғасынға («Отыз бесінші көктемім»). Айналдым: 52.
Достарыңызбен бөлісу: |