Жалпыұлттық және жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар Шерқала тауы Орналасқан жері



бет17/19
Дата26.06.2018
өлшемі2,57 Mb.
#44231
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19
Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу селосынан 18 км оңтүстік-батыс бағытта, Көне Бейнеудегі Бекет ата мешітінің солтүстігінде 2 км қашықтықта орналасқан.

Зерттелуі: 1994 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынған. Дәрігер-ғалым, қоғам қайраткері Х.Досмұхамбетұлы өзінің “Аламан” атты жинағында оның есімін қазақтың атақты билері қатарында атайды.

Қысқаша анықтамасы: Жоспарда тас қоршау шала өңделген тастардан төртбұрышты орташа биіктікте, құлпытас тұтас тастан жоғарғы бөлігі доға тәріздес, 4 қырлы етіп қашалып шығарылған. Кейінгі жылдары тас қоршаудың сыртынан қоршай орнатқан жаңа сағанатамды қайта бұздыртып, тарихи ескерткішті сол қалпында қалдырған. Қазіргі таңда, Атақозы батырдың басына биіктігі аласа болып келетін, өңделген ақбор тастан қаланған қима-там орнатқан. Жаңа үлгідегі темір қоршаумен қоршалып, жан-жақтарына жасыл-желек ағаштар отырғызылған. Сонымен қатар, қара түсті гранит тастан мемориалдық ескерткіш орнатылып, алдыңғы бетінде: «Тәуелсіздік үшін қалмақтармен күресте қол бастаған батыр, 1785 жылы орыс патшайымы Екатерина ханымға халқының талап-тілегін жеткізген белгілі би, Жайық бойы шаруаларының 1773 жылғы Ақ патшаға қарсы көтерілісі мен Сырым Датұлы басқарған 1783 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі» деген жазулар жазылған.

Аңыз-әңгіме: Атақозы Айтқұлұлы (1704-1794) – Кіші жүзде аты аңызға айналған батыр. 40 мыңдай қазақ, қарақалпақ жасақтарының 1723 жылы қалмақтармен соғысында ерлігімен аты шыққан. 1726 жылы қалмақ ханы Сэрен Дондукке қарсы жорықтарда ерекше көзге түскен. Еділ, Жем, Үстірт, Маңғыстау қалмақтарымен соғысып, жеңіске жеткен. Ол сонымен қатар белгілі би, шешен кісі болған. Халық аузында батыр туралы және батыр айтты деген көптеген қанатты сөздер сақталған. Атағозы Айтқұлұлы 1783-1797 жылдары болған Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне де белсене араласқан. Бұл көтеріліс негізінен Кіші жүз халқының Әбілқайырұлы Нұралы ханға деген ашу-ызасының кемерден асып-төгілуі салдарынан болған. 1785 жылы шілде айында жиналып бас қосқан Кіші Жүз қазақтарының игі-жақсылары Нұралы ханның екіжүзділігін айыптап, сол кездегі Ресей патшайымы ІІ – Екатеринаға хат жазады. Сол талапхатқа Кіші Жүздің 29 руынан 21 рудың өкілдері – барлығы 55 адамның қатарында Адай халқының еркін білдірген Атағозы Айтқұлұлы, Өмір Сүйікұлы, Шотан Назарұлы батырлармен бірге Асан би де қолдарын қойған тарихи құжат сақталған.

Атағозы кейінгі ұрпақтарға тек қана батырлығымен емес, әділ билігімен де танылып, артына сөз мұрасын қалдырған шешен адам болыпты. Ол Маңғыстау аймағындағы қазақтарды басқарып, сол кезеңдегі Кіші Жүздің ханы Нұралының қарауында қызмет атқарған. Елден ханның түрлі салығын жинап тапсыруды бақылаған, сонымен бірге хан алдында елдің талап-тілектерін де жеткізіп отырған. Бұл турасында, яғни Атағозының әділ де тура би, шешен адам болғанын айғақтайтын үлкендерден жеткен әңгімелердің кейбіріне тоқтала кетейік.

...Нұралы ханның заманында Байұлының құрамына кіретін Алаша руының белді байы Байсал Байбақты руының әрі биі, әрі батыры Сырым Датұлымен құда болып, баласына Сырымның қызын айттырыпты. Ата-баба дәстүрімен қалыңмалын да алдын-ала беріп қойған екен. Байсалдың баласы бір-екі жыл Сырымның ауылына ұрын келіп, қалыңдық ойнап жүріп, енді тойын жасар кезде «қызды алмаймын» деп айнып шығады. Ерке ұлына айтқанын тыңдата алмаған Байсал Сырымға сәлем айтып араға кісі салады: «Балам айтқаныма көнбеді, қалыңдығын менсінбейді. Сондықтан құдалықты бұзбасқа шарам қалмады. Қалыңға берген малымды кейін қайтарсын» дейді.

Сонда Сырым: «Менің уәдем – уәде. Бүгін келіп алса да қызым дайын, ал алмаса да ауылым еру, бірақ малы кейін қайтарылмайды» деп, келген адамға кесімді жауабын береді. Болашақ құдасы Сырымның жауабына қанағаттанбай, берен малын қайтарып алмақ болады. Екеуі айтысып Нұралы ханға барып жүгінбекке жолға шығады. Жолда келе жатып Сырым Байсалға: «Екеуіміз ханның алдына барып дауласып жүргеніміз келіспес. Хан сарайы келім-кетімі көп, сонысына орай өсек-аяңның ордасы ғой. Арамыздағы әңгімені елге дабыра қылып қайтеміз? Одан да әділ билігін, тура кесімін ел мойындаған Адай Атағозы биге барып жүгінейік. Ара-ағайын ғой, саған да, маған да бірдей және әділдігіне өзіңнің көзің жетер» дейді. Байсал бұл сөзге келіседі. Сөйтіп, екеуі жолдан бұрылып Маңғыстаудағы Атағозының ауылына келіп ат басын тірейді. Атағозы батыр бұларды күтіп алып, қонағасы үстінде екеуінен жүріс жайын сұрайды. Екеуі өзіне жүгіне келген жайларын айтады. Екі жақты да тыңдап болаған Атағозы мынадай билік айтыпты: «Шырағым, Байсал, балаң үш жылдай қалыңдық ойнаған болса, онда саған мал қайтарылмайды. Қаласаң, келініңді аласың, қаламасаң, жөніңді табасың» депті. Жүгіне келген екеуі Атағозының кесіміне риза болып, ауылдарына аттанып кетіпті.



Заманында бүкіл Маңғыстау өңірінің, қалың Адай елінің көреген көсемі, сөз ұстаған шешені атанған Айтқұлұлы Атағозы батыр: «Қайткенде топтан торай шалдырмаймын, елімді бөтен жауға алдырмаймын?» -деп артына ұлағатты сөз қалдырған, жаугершілік заманда туып, талай-талай қиян-кескі ұрыстарды басынан өткерген, талай рет шыбын жанды шүберекке түйіп, ел шетіне жау келгенде бойына бес қаруын асынып қол бастаған хас батыр, Адай елінде: «Маңғыстаудың қара ойынан Айладыр жұртын бостырған Айтқұл Атағозы батырдың сұсы, Жары Шотан батырдың мысы, Құнанорыс Ылабақ палуанның күші, Ескелді Саназар байдың тіл таңбалы күрең атының тұяғының ұшы» деген қанатты сөз мәтелге айналған. Осы сөз тарихи шындық мағынаға иелік ететіндігіме ұрпақтан ұрпаққа желі тартып бүгінгі күндерге сол күйінде жеткен.

Дерек көзі:

  1. Жетібай Жылқышыұлы «Адай шежіресі» 1 том Алматы 2014 ж.;

  2. Маңғыстау МТМҚ ММ мұрағат материалдары.


Бердалы батыр жерленген жер
Орналасқан жері: Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жармыш селосынан 36 км шығыс бағытта орналасқан. Шығыс Қаратау жотасының ең шығыс шеті болып есептелетін Үшкөз-Тамды жеріндегі Қызыладыр биігінде.

Зерттелуі: Ескерткішті 1984 ж. «Манғышлақреставрация» СНРПМ экспедициясы О.Рягузова жетекшілік етуімен зерттеген. Алғаш рет 24.10.1987 жылы Халық депутаттарының Маңғышлақ облыстық кеңесі атқару комитетінің №496 шешімімен мемлекеттік қорғауға алынған. Кейін Маңғыстау облысы әкімдігінің 2010 жылғы 28 шілдедегі №279 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Қысқаша анықтамасы: Шетпе-Өтес тас жолының оңтүстік-шығыс жағында биік қырат үстінде орналасқан. Кең ауқымдағы қорымда жүзден астам әртүрлі уақыт кезеңінің түрлі бейіт ескерткіштері бар. Мұндағы ең ертедегі қабірүсті құр лыстар шала өңделген тастардан тас қоршаулар түрінде қаланған. Бердалы батыр жерленген жер шала өңделген тастардан сопақша пішінде, орташа биіктікте қаланып, алдында сырық ағашы шаншылған.



Аңыз-әңгіме: Бердалы Отарұлы шамамен 1727 жылы дүниеге келіп, 1770 жылы 43 жасында елі үшін қаза тапқан. Аңыз бойынша ескелді Бердалы Маңғыстауға алғашқы келген адайлардың елшісі болған және опасыздықпен өлтірілгеннен кейін Маңғыстау түбегіне алғаш жерленген адай баласы. Елшіні өлтіру көшпелілер танымында ауыр қылмыс саналған, аңыз-әңгімеде түрікпендердің Маңғыстаудан ығысуы да - осы Бердалының алғашқы (нақақтан нақақ құрбан) болып қаза табуына байланысты делінеді. Жем бойында тұрған Саназар байға 1 жылдан кейін, Бердалы түсіне еніп аян берген. Саназар (Атақозы, Кейкі, т.б. кісілермен бірге) Маңғыстауға келгесін сол аян-аманат бойынша Бердалының қабірін ашып, Үшкөздің жарқабағынан, тамдының теріс жағындағы Қызыладыр биігіне қайта жерлепті. Қабірді ашқанда Бердалының мүрдесі еш бұзылмаған күйі жатыр екен дейді.

Дерек көзі:

  1. Серікбол Қондыбай «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» кітабы 2007 ж.;

  2. «Маңғышлақреставрация» СНРПМ экспедициясының 1984 ж. материалдары.


Құлбарақ батыр кесенесі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет