1 Жаратылыстану-математикалық бағытта бейіндік-бағдарлы білім
берудің әдіснамалық негіздері
1.1 Орта мектепте бейіндік-бағдарлы білім беруді ұйымдастыру
жөніндегі шетелдік және отандық тәжірибелер
Алдыңғы
қатарлы дамыған елдердің
білім беру жүйесін
зерттеу
барысында соңғы он жылдың ішінде жалпы орта білім беру жүйесінің
құрылымында және оқыту мазмұнында: білім беру философиясы мен
әдіснамасының жаңаруы; білім беру жүйесінде жетілдірілген модельдердің
жасалуы; білім беруді басқарудың тиімді жолдарының қарастырылуы; оқыту-
тәрбиелеу үдерісіне жаңа технологиялардың енгізілуі; оқытудың дәстүрлі
әдіс-тәсілдерін ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік
ойлауын қамтамасыз ететін білім беру моделіне көшу; терең және белсенді
кәсіби бағдар берудің ерте жастан басталуы; оқушы жастарға азаматтық-
патриоттық, рухани-адамгершілік, көпмәдениеттілік, денсаулық сақтау және
экологиялық тәрбие беру рөлінің күшейтілуі; білім ұйымдарының оқушыны
әлеуметтендірудегі рөлінің артуы үрдістері жүзеге асырылуда [14, 15, 16].
12 жылдық оқыту моделін дүниежүзінің елдері, атап айтсақ, АҚШ,
Англия, Швейцария, Канада, Германия, Жапония, Швеция, Франция, Италия
(жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл) жедел дамушы және өзгермелі
заман талаптарына сай жастарға сапалы білім беру жүйесі ретінде танып отыр.
Бейінді оқытуды жүзеге асыру әр түрлі мемлекеттерде әр түрлі жолдармен
жүргізіледі, бірақ қызмет ететін формалардың барлығы да негізгі екі жолға
келіп тіреледі:
Бірінші жол бөлімдермен, секциямен көрсетілген (Франция, Италия,
Испания, Дания, Нидерланд). Сабақтар оқытудың
нақты бейіні үшін жасалған
жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес
жүргізіледі.
Екінші жол оқушылардың
өздігінен таңдаған
элективті курстары арқылы
жүзеге асырылады және олар кейбір міндетті пәндерге
қосымша
болып
саналады (АҚШ). Бірақ негізгі технологиялық форма ретінде сабақ өз орнында
қалады.
12 жылдық беру жүйесі бойынша әлемдік тәжірибені зерттеу және талдау
барысында мынадай бағыттар айқындалды:
– білім мазмұны оқушылардың қазіргі заманғы білім алу қажеттіліктерін
толығымен қанағаттандыруға бағытталған;
– білім берудің стандарттары мен оқу бағдарламалары өмірлік маңызды
дағдыларды дамытуға, оқушының
жеке басының қызығушылығы мен
талғамдарын ескеруге, дамытуға, олардың бойында жалпы оқу іскерліктерін
қалыптастыруға, сондай-ақ әрбір оқушының және қоғамның мүддесі мен
қажеттіліктерін ескеруге, жеке тұлғаны жоғары сапамен оқытуға, тәрбиелеуге
және дамытуға бағытталған [17];
– оқушының қабілетін отбасылық экономикалық-әлеуметтік жағдайына,
жынысына, қоғамдық мәртебесіне, ұлтына, дініне қарамастан барынша дамыту
7
көзделген;
жастардың
күнделікті
қоғамдық өмірдегі болып отыратын
өзгерістерге тез бейімделуіне жағдай жасалған;
– білімнің нәтижелері, ақпараттарды өздігінен табу мен өңдеу біліктілігін
қалыптастыру, ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, өздігінен даму
және
өзін-өзі
бағалау дағдыларын
қалыптастыру оқушылардың
жеке
мақсаттарымен байланыстырылған.
Бейіндік оқытуды ұйымдастыру бойынша шетелдік тәжірибеге сүйенсек,
негізгі мектептегі білім беру мазмұнын жоғары мектепте оның жіктелуін
үйлестіру; оқу пәндерінің (курстар) (6-7 пәндер) санын шақтау үрдістері
жүзеге асырылып, жаратылыстану ғылымдары, шетел тілдері, математика, ана
тілі, дене шынықтыру; бағыттың санын азайту: 2-ден 4-ке дейін міндетті
болып табылады (1-кесте).
1-кесте – Бейіндік оқытуды ұйымдастыру бойынша шетелдік тәжірибелер
Мемлекет
Ерекшеліктері
Америка
Құрама
Штаты
Жалпы орта білімнің құрылымы – 6+3+3 немесе 8+4 (мектептің қай штатта
орналасуына байланысты). Жоғары орта мектептің 10-12 сыныптарында
міндетті түрде 5 оқу пәні және тәжірибелік, академиялық бағыттағы бейіндік
пәндер оқытылады. Әрбір оқушыға арнайы оқу жоспары құрылып, одан кейін
оқушылар топтарға бөлінеді (әр түрлі бағыттарға байланысты): филологиялық,
қоғамдық, математикалық, жаратылыстану, ақпараттық. Академиялық емес
бағыттағы оқушылар міндетті пәндерді және тәжірибелік курстарды оқиды.
Барлық оқушылар үшін міндетті пәндер және таңдау пәндері бекітілген. Оқыту
бағыты бойынша саралау (дифференциация), яғни білім беру қызметінің
вариативтілігі әртүрлі таңдау пәндері бойынша оқу пәндерінің аймағын
кеңейту арқылы жүзеге асырылады. Барлық штаттарда ағылшын тілі (оқу),
математика, жаратылыстану ғылымдары және ғылыми әдістер, АҚШ тарихы,
бейнелеу өнері, музыка, денсаулық және тамақтану, тәжірибелік өнерлер
(дизайн), дене тәрбиесі және шетел тілдері оқытылады. Орта білім беру
жүйесінде 2 жыл математика, 2 жыл жаратылыстану ғылымдары, 4 жыл
ағылшын тілі және 3 жыл әлеуметтік пәндер оқытылады.
Англия
Орта білім жүйесінің құрылымы (бастауыш мектеп + негізгі + толықсыз орта
мектеп + толық орта мектеп): 6+5+2. Академиялық бөлімде оқитын оқушылар
тереңдетілген бағдарламалар бойынша оқып, 11-ші жылдың соңында толық
орта мектепке түсу
үшін емтихандар тапсырады. Міндетті мектепті
бітірушілердің кейбіреулері жұмыс істеуге немесе кәсіби мектептерде оқуға
барады. Англияның орта мектептерінде жоғары оқу орындарына түсуге
бағытталған тек академиялық оқыту жүзеге асырылады. Мұнда ғылыми-
жаратылыстану немесе гуманитарлық бағыттар; әрбір оқушы үшін жеке оқу
жоспары
құрылады.
Академиялық
бағыт
негізгі
және
мектептің
мүмкіндіктеріне байланысты пәндерді қамтиды. Негізгі пәндер (ағылшын тілі
және әдебиет, тарих, география, математика, физика, химия, биология, өнер,
шетел тілдері) жеке курстармен берілген. Олардың ішіндегі 3 пән (ағылшын
тілі, математика, жаратылыстану) орта білім үшін негізгі болып саналады.
Қалған жеті пән базалық болып табылады: технология (дизайн және
технология және ақпараттық технология), тарих, география, музыка, бейнелеу
өнері, дене тәрбиесі, қазіргі заманғы шетел тілдері.
8
1-кестенің жалғасы
Германия
Орта білім жүйесінің құрылымы (әртүрлі жерлерде): 4+5+4 және 6+4+3. 1-ші
саты – бастауыш мектеп, 2-ші – жоғарғы саты, ол міндетті кәсіби мектепті
қамтиды, оның типтері: жоғары оқу орындарына түсу үшін жалпы дайындыққа
бағытталған оқыту циклі, жоғары арнайы оқу орындарына түсу үшін
дайындыққа бағытталған оқыту циклі, кәсіп бойынша арнаулы оқыту циклі,
дуальды жүйе бойынша кәсіби оқыту (өндірістік оқыту және кәсіби мектеп).
Нақтылы мектепті бітірген оқушы орта және содан кейін арнайы жоғары
кәсіби-техникалық оқу орындарына түсе алады. Гимназия (5–13 немесе 7–13
сыныптар) толық орта білім меңгертіледі және университеттік үлгідегі ЖОО
түсу құқығын береді. Міндетті пәндер: неміс тілі мен әдебиеті, тарих,
география, математика, биология, дене тәрбиесі, музыка, дінтану болып
табылады.
Бейіндік білім беруге
байланысты
әртүрлі нұсқадағы оқу
бағдарламалары беріледі. Сынып жаратылыстану-ғылыми және техникалық–
математикалық, өндірістік-экономикалық, әлеуметтік-экономикалық бағыттар
бойынша бөлінеді. Бейіндік оқыту барысында пәндер блоктарға сәйкес
біріктіріледі:
«тіл-әдебиет-өнер»,
«әлеуметтік
білімдер»,
«әлеуметтік-
экономикалық», т.с.с. Тағы басқа тілдік, әдеби-көркем, қоғамдық-ғылыми,
математикалық немесе жаратылыстану-ғылыми пәндерін меңгере алады.
Франция
Орта білім жүйесінің құрылымы: 5+4+3, бірін-бірі ауыстырып отыратын үш
білім беру ұйымдарынан: бастауыш мектеп, колледж, лицейден тұрады.
Жоғары (бейінді) мектеп арнайы білім беру ұйымы – лицей болып табылады.
Лицейде оқуын жалғастыруға колледжді (біздің елде – негізгі орта білім)
бітірген азаматтар ғана құқылы. 3 жылдың ішінде бакалавриат беретін
лицейлер көп. Колледж түлектерінің бір бөлігі мамандық алып, кәсіби
лицейлерге (lycee professionell) барады. Онда олар таңдаған бағыт бойынша
білім алады. Басқалары жоғары оқу орындарына түсуге ұмтылады. Жалпы
білім беру филология, экономика немесе жаратылыстану
ғылымдары
бағыттарына орай құрылған. Жоғары мектепте төрт бөлім (бағыт) бар:
гуманитарлық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық, жаратылыстану-
ғылыми. Бағыттардың ішінде практикалық бағытта көптеген оқу бейіндері
ұйымдастырылған. Мамандандыруға сәйкес лицейліктер BAC-ES (экономика
және
әлеуметтік
ғылымдар),
BAC-L
(тіл
және
әдебиет),
BAC-S
(жаратылыстану
ғылымдары) игереді. Техникалық
бағыт төрт түрлі
мамандандыруды қарастырады: STI (ғылым және өндірістік технологиялар),
STT (қызмет көрсету аймағындағы технологиялар), STL (зертханалық зерттеу
технологиялары) SMS (медициналық-әлеуметтік ғылымдар).
Канада
Білім беру жүйесінің құрылымы: бастауыш (1-6 сыныптар), жалпы орта білім
(7-9 сыныптар), толық орта білім (10-12 сыныптар). Толық орта білімді жас
ерекшеліктеріне сәйкес оқушылардың 90%-ы меңгереді. Алғашқы кәсіби білім
беру орта мектептің жоғары сатысындағы 11-12 сыныптарында жүзеге
асырылады. Мектепте білім беру ағылшын және француз тілдерінде және тегін
жүргізіледі. Он жылдық оқу міндетті, кейін оқушылар өз білімдерін 11-12 (13)
сыныптарда жалғастыра алады немесе колледжге барып оқуға құқығы бар. Әр
провинциялық білім беру жүйесі өзінің дінін, тарихы мен мәдениетін оқыта
алады. Жоғары орта мектеп бағдарламасы 3-4 жылға (10-12 және кейде 13-ші
сыныпқа) арналған. Оған да төменгі орта мектептегідей көппрофильдік, яғни
әртүрлі
бейіндерге бөліну жүзеге асады: академиялық,
жалпы және
практикалық бағыттар.
9
1-кестенің жалғасы
Норвегия
Толық орта білімді меңгеру 13 жылға дейін ұзартылған (6 жастан 19 жасқа
дейін). Жоғары мектеп – білім беру ұйымының өзіндік түрі. Барлық
норвегиялық
жоғары мектептер бейіндік болып табылады және олар
оқушыларға академиялық немесе кәсіби бағытын таңдауға мүмкіндік береді.
Академиялық бағытта оқыту 3 жыл, ал кәсіптік оқыту 4 жыл (өндірістегі
практикасымен қоса алғанда). Әрбір жоғары мектеп жалпы білім беретін
профильдерді (физика-математикалық, ғылыми-жаратылыстану, әлеуметтік-
экономикалық, тілдік, қоғамтану) және 4-5 кәсіби профильдерді ұсынады.
Олардың қатарына: ағаш және темір өңдеу, электроника және компьютерлік
техникаға қызмет көрсету, құрылыс, аспаздық, ауыл шаруашылығы, сонымен
қатар бірнеше шығармашылық профильдер: музыка, би, театр, журналистика
негіздері және т.б.
Жапония
Орта білім беру 3 сатыдан тұрады (6+3+3): бастауыш мектеп (1-6 сыныптар) –
сегакко; төменгі орта мектеп (7-9 сыныптар) – тюгакко; жоғары орта мектеп
(10-12 сыныптар) – котогакко. Жоғары орта мектепте екі бөлім бар: жалпы
білім беретін және кәсіби бөлімдер. Жалпы білім беретін бөлім екіге бөлінеді:
жалпы
және
академиялық
(гуманитарлық
және
жаратылыстану-
математикалық). Жалпы бөлімде қолданбалы сипатты мазмұндағы пәндер
жүреді. Кәсіби бөлімде оқу мерзімінің жартысынан көбі кәсіби дайындыққа
кетеді. Мектептің жоғары сатысы (10-12 сыныптар) бес түрлі: техникалық,
сауда, ауылшаруашылық, флоттық, қосымша мектептер болып құрылған.
Қытай
Базалық білім жүйесіне мектепке дейінгі, бастауыш, толықсыз орта және
толық орта білім беру енеді. Жалпы орта білім беру 12 жылдықты құрайды,
бірақ бұл барлығына міндетті емес болып табылады. Қытайдағы орта білім
жалпы пәндер (3 жыл) және таңдау пәндері (1 жыл) бойынша дайындық
жүргізеді. Негізінен, кәсіби білім беру жүйесі қалыптасқан. Оған жоғары, орта
және бастауыш деңгейлері және кеңірек профильдер жатады. Жоғары
сыныптарда бейіндік бағытта оқыту жүзеге асырылады. Аптасына 40 сағаттық
оқу жүктемесі жоспарланған, оның 35-і нақты сыныптық білімдерге арналса, 3-
і қайталау мен емтихандарға, ал 2-і қоғамдық тәжірибеге (бұл әскери даярлық,
әрі өндірістік және ауылшаруашылық өндіріске) арналған. Жалпы толық орта
мектептік деңгейде 12 міндетті және 7 факультативтік пәндер енгізілген.
Базалық
білімді
нығайту;
білімді
қатаң
регламенттендірілген,
орталықтандырылған түрінен мазмұны мен әдістемесі вариативті, көп нұсқалы
жүйеге ауыстыру; оқу жоспарының оқшаулығын, шашыраңқылығын азайтып,
технология мен қоғам дамуының жаңа тенденцияларына үйлестіру; пәндік
білімдерді сабақтастырып, кешенділігін арттыру, оны практикалық іс-әрекетке,
өмірлік
тәжірибеге, шығармашылыққа бағыттау, ақпаратты, көкейкесті
мәселелерді талдауға және өз бетінше шешуге қабілеттілікті қалыптастыруды
шешу жүзеге асырылуда. Жоғары кәсіби мектепті аяқтаған оқушылар арнайы
бағдарламамен оқытылу негізінде көптеген білікті мамандарды даярлап, олар
өндіріске, әлеуметтік қызмет көрсетуге, ауылшаруашылыққа қажетті мамандар
болып шығады.
Ресей
Бейіндік оқыту жүйесінің дамуы әлемдік білім берудің даму үрдісімен сәйкес
келеді. Жоғары сыныптардағы бейіндік білім берудің мақсаты: оқушылардың
өздігінен даму және өзін-өзі ұйымдастыра алу, өз құқығын қорғай білу, өзгенің
пікірін қабылдай білу, айналасындағылармен қарым-қатынас жасай білу,
мәмлеге келе білу білігін қалыптастыру, оларды бірлестікте жұмыс істеуге
дайындау, шығармашылық іс-әрекетке деген қабілетін дамыту, жалпы орта
білім берудің базалық пәндерін тереңдетіп оқыту, оқушыларға жекелей оқу
бағдарламаларын құрастыру мүмкіндігімен, жоғары сынып оқыту мазмұнын
10
саралау, оқушыларды әлеуметтендіру мүмкіндіктерін кеңейту, жалпы және
кәсіби білім беру деңгейлері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету,
мектеп түлектерін жоғары оқу орындарының бағдарламаларын меңгеруге
тиімді даярлау. Мектептің жоғары сатысындағы бейіндік оқыту базалық
пәндер, бейіндік пәндер және элективтік курстар арқылы жүзеге асырылады.
Базалық пәндер барлық оқыту бағдары бойынша міндетті, ал бейіндік пәндер
оқытудың нақтылы бағытын анықтайтын, жоғары деңгейдегі пәндер болады.
Мысалы, физика, химия, биология – ғылыми-жаратылыстану бағдарының;
әдебиет, орыс және шетел тілдері – гуманитарлық бағдарының; тарих, құқық,
экономика – әлеуметтік-экономикалық бағдарының бейіндік пәндері.
Қазақстандағы бейіндік оқыту 11-жылдық білімнің МЖМБС сәйкес
қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша
жүзеге асырылады. Оның негізгі идеялары Қазақстан Республикасының жалпы
білім беретін мектептерін дамыту тұжырымдамасында (1996), жалпы орта білім
мазмұнының тұжырымдамасында (1996) көрсетілген.
Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басымды бағыттарының бірі ретінде
көрсетілген 12 жылдық оқыту моделіне көшу үдерісі қазақстандық білімнің
бәсекеге қабілеттілігін арттырудың келесі міндеттерін орындауы тиіс: сапалы
білім
алуы
үшін барлық
азаматтарға бірдей мүмкіндіктерді
ұсыну;
қазақстандық патриоттыққа, адам құқықтары мен бостандығына құрметпен
қарауға, азаматтық жауапкершілікке және құқықтық сана-сезімге тәрбиелеу;
ұлттық мәдениетке құрметпен қарауға, толеранттыққа тәрбиелеу; қоғамда
әлеуметтену қабілеттілігін қалыптастыру; оқушылардың оқу жүктемесін білім
беру
деңгейлеріндегі
жас
ерекшелік
мүмкіндіктерімен
және
психофизиологиялық даму заңдылықтарымен өзара байланыстыру; жеке білім
беру траекториясын қалыптастыру; жалпы орта білім беру деңгейінде оқытуды
бейіндендіру; тілдерді деңгейлеп оқытуды енгізу және оның негізінде көптілді
тұлғаны қалыптастыру [18, 19].
Орта білім мазмұнын бағдарлы жіктеу бойынша қазақстандық тәжірибені
талдау барысында, 12-жылдық білім беру жағдайында бейіндік оқытудың
моделін құрылымдау кезінде ескеру қажет болатын 11-жылдық білім берудегі
бейіндік оқытудың бірқатар мәселелері анықталды: материалдық-техникалық
базаның сәйкессіздігі; кадрмен жеткіліксіз қамтылуы; бейіналды даярлық
жүйесінің жетілмегендігі; бейіндік оқытудың екі бағытпен шектелгендігі;
бейіндік
оқытудағы
білім
мазмұнының
басқа
білім
деңгейлерімен
сабақтастығының жүзеге аспағандығы; бейіндік мектепте оқушылардың оқуын
жалғастыруға ынтасының төмендігі; бейіндік оқыту нәтижелерін бағалаудың
дұрыс жүйесінің болмауы; шағын жинақты мектептер жағдайында бейіндік
оқытуды ұйымдастырудағы қиыншылықтар [20].
12-жылдық білім беру жағдайында бейіндік оқыту моделін құрастыру
кезінде, әлеуметтік тәжірибені, қоғамдағы жаңа құндылықтардың бекуін және
11-жылдық білім берудегі бейіндік оқыту мәселелерін ескеру керек. 12-жылдық
білім берудегі бейіндік оқытудың мазмұны, ішкі бағдарымен екі бағыт
11
(жаратылыстану-математика,
қоғамдық-гуманитарлық)
бойынша
жүзеге
асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |