ОН ЕКІНШІ ТАРАУ ЕСІК ПЕН ТӨР 1 Димекең Бiрiншi хатшының қабылдауын ұзақ күттi сарылып. Іштей шиыршық атып байыз табар емес. Қолдарын арқасына айқастыра мамырлай басып кең бөлменiң iшiнде арлы-берлi теңселiп жүр. Жалаңаш сарғыш паркет ауыр ой басқан зор дененiң салмағына шыдай алмай табан астында бiр қалыпты ырғақпен тұншыға сықырлайды. Кейде терезе тұсына тоқтап, сыртқа қарайды. Буырқанған бұрқ-сарқ Алаң. Мың-сан инсанның күркiрей жаңғырыққан қаһарлы үнi қос қабат қалың шыныдан ұлы сарындай талықсып толассыз естiлiп тұр. Бiрде бәсең, кейде күшейе жаңғырып, үйдiң iшiн тiтiрентiп өтедi. Жалындаған жас ұрпағым деп көзi жасаурап мерейлене қарағанмен, ертең мұның аяғы нендей топалаңға ұласарын ойлағанда үрейленiп, жүрегi дүрсiлдей соғады... Белi талып шыдатпаған соң қапталдағы күрең былғары диванға тiзе бүгедi. Ұзақ отыра алмай сәлден соң қайта тұрады...
Раушан екi рет кофе демдеп әкелдi.
– Ыстық кофе iшiңiз, аға! – дейдi жалбырақтап. Қолынан бар келер жақсылығы осы болған соң қайтсiн. Үлкен кiсiнi өстiп пұшайман қылып қойғанға дәл бiр өзi кiнәлiдей жаутаң-жаутаң қағады. Бiресе оқи отырыңыз деп алдына газет-журнал әкелiп қояды, бiресе өрiк-мейiзiмен ыстық кофе әкеледi. Қайтсем көңiлiн аулаймын деп бар iлтифатымен бәйек.
Димекең Раушанға сыртынан көзiнiң қиығымен елжiрей қарады. Құлазыған күңгiрт көкiрегiн бiр жылы шуақ сипап өткендей. Қандай iзеттi, тәрбиелi жан десеңшi. Жасы үлкен аға деп елбiрек қағып тұр. Айнымайтын асыл мiнез. Дүние қырық толқыса да бар мен жоққа бiрдей таразы, кiсiлiк қалпын сақтап қалатын осындай бекзаттар некен-саяқ-ау. “Бұл шалдың не жақсылығы өтiп едi, дүние кезек деген осы, шоқ-шоқ, бiреудiң есiгiн бағып жаутаңдаған қандай болады екен көрсiн!” деп тасырайып отырып алса не iстер едiң? Расында оған не жақсылық жасады? Бас изеп сәлемдескенi болмаса, көз тоқтатып қараған да емес. Әйтеуiр үш жылдан берi қабылдау бөлмесiнде iстеп келе жатқанын бiледi. Жұмыс арасында ең болмаса, “қарағым, халiң қалай, тұрмыс жағдайың нешiк?” деп жай-күйiн сұрап көрмептi. Жақсылығын көрiп, саясы түспеген адамы. Сонда да мiне, ағалап жалбырақтап жатыр. Адамның адамдығы өзiңмен тең болып қатар тұрғанда көрiнедi екен ғой. Кеше күркiреп тұрғанда бәрiнiң ағасы, бәрiнiң төбесiне тұтқан асылы емес пе едi. Қайда солар? Шырқауға шарықтаған ұзақ ғұмырының мәнi де, мәңгiлiк байлығы да осынау қаршадай қыздың жүрегi елжiреп “аға!” деп айтқан бiр ауыз сөзi сияқты.
Димекең Раушанға көз тоқтата қарады. Аққұба өңдi, сүйiр иек, қыр мұрын сүйкiмдi бала. Кең ашылған қоңырқай жанары жұмсақ. Етегi қылтадан төмен түскен қара юбка, қынама бел, қара костюм талдырмаш денесiне бек жарасып тұр. Қимылы ширақ, жинақы.
– Рахмет, айналайын, бақытты бол! – дедi Димекең қолындағы шыны-аяқты столдың үстiне қойып жатып. – Раушан қарағым, көз алдымда жүрсең де, хал-жағдайыңды сұрап көрмеппiн ғой. Тұрмыс-күйiң қалай?
– Цэ Када iстеген адамның тұрмысы жаман болушы ма едi, аға! – Раушан тiсiнiң ағын көрсетiп, жадырай жымиды. – Аллаға шүкiр, тұрмыс та, бәрi де жақсы, аға!
– Дұрыс, айналайын. Кiшкентайларың бар ма?
– Екi қызым бар.
– Күйеу бала қайда iстейдi?
Келiншектiң доғаша иiлген жiңiшке қастары дiр етiп, қабақ астына көлеңке ұялады.
– Жолдасым қайтыс болған. Үш жыл болды.
– Иманды болсын!
– Айтсын.
Димекең көңiлсiз әңгiмеге түрткi болғанына ыңғайсыздана, сәл iркiлiп барып сөзiн жалғады.
– Үй-жайларың бар шығар?
– Микрорайонда пәтер жалдап тұрамыз.
– Қарағым-ау, тұрмысым жақсы дегенiң осы ма? – дедi Димекең таңырқап. – Екi баланы жалғыз асырап отырсаң, пәтерiң болмаса – несi жақсы?
– Атамыз қазақ “бұдан да жаман күнiмiзде тойға барғанбыз” дейдi емес пе! – Раушан қайтадан жадырай жымиды. – Осыған да шүкiр, аға. Бiрте-бiрте болады ғой бұйыртса.
Димекең келiншектiң мейiрiм, қанағат ұялаған сабырлы жүзiне сүйсiне қарап, басын изедi...
“Неткен пейiл, неткен шүкiршiлiк. Дәл иегiнiң астындағы адамның күнi осындай болғанда, басқаларға не жорық. Бұл неткен бiтпейтiн жоқшылық? Жылына Алматыда пәленбай миллион шаршы метр үй салынады, соның бәрi қайда кетiп жатыр?” Димекеңнiң оң жақ езуiн сәл болар-болмас мысқыл түрттi. Бәйбiшесiнiң дастархан басында айтқан бiр оспақ әңгiмесi есiне түскен. Бiр профессор: бұл үкiметтен не жақсылық көрдiм? Пәленше, түгленшелер он-он бiр реттен үй алды. Мен алты-ақ рет үй алдым. Қандай бақытсыз едiм деп күңiренетiн көрiнедi. Сонда қасында отырған аспиранты: “Ағаеке-ай, сiздiң осы бақытсыздығыңызды маған берсе ғой, шiркiн!” деп жылап жiберiптi дейдi. Естiген кезде: “елдiң шығармайтыны жоқ-ау!” – деп риясыз рахаттана күлген. Ендi оның мәнiн басқаша ұғып отыр. Көз алдында өзi осы уақытқа дейiн сезбеген сұмдықтың қара пердесi ашылғандай, жалпақ елге деп iстеген игiлiктерiнiң бәрi ат төбелiндей тойымсыз обырлардың өңешiнде кеткенi ме? Солар байыған, солар көркейген. Өмiрден бейхабар екен-ау. Қайда барса да жайнаған дүкендi, жарқыраған көшенi, қол соғып, уралаған қуанышты жүздердi көрдi. Айтуаровтардың көз алдына тосқан әлем-жәлем суреттерiн өмiр осы деп ойлады. Баяғыдан берi аспанда қалықтап жүрген екен, ендi ғана мiне, қара жерге табаны тидi.
Ауыз бөлмедегi өз орынында телефонмен сөйлесiп, қырын қарап отырған Раушанға көз қиығын қадай Димекең мұңая күрсiндi: “Қолымда барда, көзiм соқыр болыпты; көзiм ашылғанда қолымда түк жоқ. Кешiрiңдер, қарақтарым...”
Димекең сағатына қарады. Қабылдау күткенiне екi сағатқа таяп қалыпты. Аяғын созып креслоға шалқалай жайғасып, қарсыдағы сықырсыз ашылатын салмақты, қоңыр емен есiкке көз тастады. Кешегi өзiнен басқаның бәрi именiп кiрiп, иiлiп шығатын есiкке ендi мiне, өзi кiре алмай пұшайман болып отыр. “Бұл да бiр ғибрат, – дедi қария iшiнен күбiрлегендей. – Мәңгiлiк ештеңе жоқ деген осы!” Жаңа қожайынның бұлай ұзақ сарылтып қойғанына назаланған жоқ. “Мынандай қысыл-таяң сәтте есi шығып, мұршасы болмай жатқан шығар” деп, қашан да бiреудi айыптаудан гөрi ақтауға тырысатын сахилығымен өзiн-өзi жұбатқан.
2 Димекең арқасын кеңге салғанмен, үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Устюгов тыпыршып байыз таба алар емес. Үлкен кiсiнiң саясы түскен, шарафатын көрген көп шәкiрттерiнiң бiрi. Ізеттi, көшелi азамат. Кiруге бата алмай, анандайдан айналсоқтап, Димекеңнiң қабылдау күтiп отырғанын көрiп ызадан күйiп-пiстi. Бағана Миронин телефонмен бұйырып: “Тез машина жiберiп Қонаевты алдыр, Геннадий Васильевич шақырып жатыр” деген. Димекең келген бойда сырттан күтiп алып, Бiрiншiге хабарлаған. Тура қарамай, стол үстiндегi қағазға тұқырайған күйi: “Күте тұрсын!” деген болатын. Содан берi екi сағатқа таяды. Өзi шақырып алып, осынша сарылтқаны несi? Бұл қай қорлағаны. Республиканың кешегi Бiрiншi басшысы, Саяси Бюроның мүшесi, оны былай қойғанда, жасы үлкен қария адам емес пе! Устюгов осының бәрiне өзi кiнәлiдей ыңғайсызданып, Димекеңе көрiнуден жасқанды. Дәлiзде не iстерiн бiлмей арлы-берлi теңселiп бiраз жүрдi де, тәуекел деп Бiрiншiнiң кабинетiне кiрген. Бұл табалдырықтан озар-озбастан төр иесi:
– Иә, не айтасыз? – дедi қабағын қайшылап. Бағана кiргенде үрейi ұшып, үкi көзденiп отыр едi, қазiр жалын тiкiрейтiп алыпты. Дауысына iрiлiк кiрiп күркiреп отыр.
– Геннадий Васильевич, Қонаев жолдас Сiздiң қабылдауыңызды күтiп отыр, – дедi жоғары озбай жол ортадан iркiлiп.
– А-а? – Таңырқағандай бетiне тесiрейе қарады да тез көзiн тайдырып әкеттi.
Ол шалдың отырғаны есiнен шығып кетiптi ғой. Ойланып қалды. “Бұл шалды бүлiкшiлердiң алдына шығарудың қажетi бар ма? Бұзақылар мұның сөзiнен кейiн ақылға келiп, тарап кетсе ше? Шалдың абройы аспандап шыға келмей ме! Бұл дегенiң республиканың шын мәнiндегi қожайыны кiм екенiн айдай әлемге әйгiлеу деген сөз. Жо-жоқ, өйтуге болмайды. Ендi жалтақтайтын дәнеңе жоқ. Жарты сағат бұрынғыдан жағдай өзгердi. Бас хатшы өзi нұсқау берiп отыр. Мiндет айқын. Бүкiл елге масқара қылған жетесiз лаңкестердiң желкесiн қимай, “ә, бәлем, мықтап бiр тәубаларыңа түсiрдiк пе, жарайды, осы да жетер, кеттiк” дегенге, қалай жайбарақат жiбере салмақ! Ауыздарынан қара қандарын ағызып, күшпен жаншиды. Бұзақылар жазасын алуға тиiс. Совет үкiметiне қарсы шығудың қандай болатынын бiлiп қойсын!”
– Күтпей-ақ қойсын. Үйiне қайта берсiн! – дедi зiлденiп.
Устюгов үлкен, жасыл көздерiн жарқ еткiзiп, бастығының сазарған бетiне тiктеле қарады:
– Қалай? Өзiңiз шақырдыңыз емес пе?
– Иә, шақырдым. Ендi керек емес. Мәселенi өзiмiз-ақ шешемiз.
Устюгов шоқ басқандай тыпыршып:
– Бұл қалай болады, Геннадий Васильевич, ыңғайсыз ғой!.. – дей берiп едi, Бастық шарт ете түстi:
– Сiз маған ненiң ыңғайсыз, ненiң ыңғайсыз емес екенiн үйретпей-ақ қойыңыз. Осының бәрi соның былығы. Онымен мылжыңдасып отыруға уақытым жоқ. Барыңыз, кете берсiн деңiз!
Устюгов сөздi ары қарай созған жоқ. Жалт бұрылып, есiкке қарай беттедi. Қолы дiрiлдеп тұтқаны жасқана тартты. Көңiлi астан-кестен. Динмұхаммед Ахмедовичке қай бетiммен көрiнемiн деп ұяттан жерге кiрiп барады. Аядай ғана ауызғы бөлменiң есiк пен төрi жеткiзiп берер емес. Аяғына тас байланып, екi адым жер аттағанша, сан-сапалақ ойдың ұшқыны санасын шарпып өттi. Қонаевтың кiсiлiк заңғар тұлғасы одан сайын зорайып, асқақтай түскендей. Қандай сырбаз, дегдар жан! Жүзi нұрланып, қашан көрсең бiр қалыптан озбайды. Сүйiнсе де, күйiнсе де сыпайы, сылық. Бiреуге дауыс көтерiп, не күйiп-пысып сабырсызданғанын көрген емес. Ал, мынау шыжбалақтаған бiреу ғой! Сәттiң iшiнде от пен суға түсiп қырық құбылады. Өзi шақырып алып, өзi қабылдамағаны қай сасқаны? Кiсiлiк өресiнiң жеткен жерi осы ма?
Бетiмен жер басып, Димекеңнiң алдына әзер жеткен.
– Иә, Сергей Викторович, бастығың не дейдi? – дедi Димекең сабырлы дауыспен күлiмсiрей тiл қатып. – Қабылдайтын түрi бар ма? Бiраз күтiп қалдық қой?
– Кешiрiңiз, Динмұхамед Ахмедович! – Устюгов тура қарауға дәтi шыдамай, жүзiн бiр қырын салды. – Колбин жолдас Сiздi қабылдай алмайтын болды. Күтпей-ақ қойсын дедi.
Димекеңнiң ақ торғын жүзi лып күреңiтiп, жан толқыны жүгiрiп өттi. Бәрiн күтсе де, дәл мұндай күйкiлiктi күтпеген. Бақастықпен мазақ қылып қорлағанына күйiнiп тұр.
– Ендеше неге әуре қылды? – дедi сәл iркiлiп барып.
– Бiлмедiм... Динмұхаммед Ахмедович, жүрiңiз, үйiңiзге жеткiзiп салдырайын.
– Жоқ! – Димекең дүр сiлкiнген бүркiттей жанары шоқтанып, еңсесiн тiктедi. – Алаңға барамын. Жастардың алдына шығып сөйлеймiн!
Устюгов шар ете түстi:
– Ол не дегенiңiз, Динмұхамедов Ахмедович? Болмайды!
– Неге?
– Колбин жолдас рұхсат еткен жоқ.
– Маған ешкiмнiң рұхсатының керегi жоқ!
– Түсiнсеңiзшi, маған үйiңiзге жеткiзiп сал дедi.
– Мен алып барып, алып келетiн тұтқын емеспiн. Үйiмдi өзiм де тауып бара аламын.
– Іс насырға шауып кетуi мүмкiн ғой. Өзiңiздi аясаңызшы!
– Ана балалардан жаным аяулы емес. Бiрге болам солармен. Басалқы сөзiмдi айтамын. – Нық басып алға аттаған. Қарияның алған бетiнен қайтпасын бiлiп жаны қысылған Устюгов:
– Ең болмаса, Миронинге ескертейiн, тұра тұрыңызшы! – деп құлашын жайып, алдын кес-кестей берiп едi, Димекең қатты сiлкiп қолын қағып жiбердi. “Құдайым-ау, мына кiсi бiрдеңеге ұрынбаса игi едi” деп зәресi ұшқанмен қайта ұмтылып жолын бөгеуге батылы жеткен жоқ. Димекең алға түсiп жарқыраған кең дәлiздiң бойымен адымдай жөнелдi. Устюгов шырылдап оң жағына бiр, сол жағына бiр шығады:
– Динмұхаммед Ахмедович, өтiнемiн, олай етпеңiзшi... Тоқтай тұрыңызшы!.. Өтiнемiн!..
Димекең ол өтiнiштi құлағына да iлген жоқ. Түгi былқылдаған қызыл жолақ жолкiлемдi дыбыссыз басып бiрiншi қабатқа түстi. Фойеде қаптаған адам. Терезеден сыртқа қарайды анталап. Димекең iркiлместен Алаңға шығатын есiкке қарай беттедi. Күзетшi милиционер сымдай тартылып честь бердi де, лып етiп барып есiк ашқан. Сырттағы аяз буған шыңылтыр ауаны шытынатып бұрқ-сарқ буырқанған ұлы сарын лап етiп құлаққа ұрды. Көз көрiм айналаның бәрi қара құрым халық. Алаң кенерiне сыймай, жел шайқаған көл бетiндей теңселе толқып тұр. Димекең iркiлместен алға аттады. Жүрiсi нық, кеудесiн шалқақ тастап, сабырмен баяу адымдайды. Ізiнен өкшелеген Устюговтың өтiнiш-жалынышын естiп жатқан жоқ. Жол жиегiнде арлы-берлi жүргендердiң бас изеп сәлемдескендерiне де мән бермедi. Алаңға жақындаған сайын айғай-шу зорайып, айқындала түстi. Микрофондағы қарлығыңқы, тарғыл дауысты орай соққан жел үзiп-жұлып әкетiп жатыр:
–... Айтқан сөздi тыңдаңдар, әйтпесе жаман болады... Тiлек-талаптарыңды жоғары жаққа жеткiземiз... Бәрi ескерiледi... Тараңдар!..
– Жоқ, бiз тарамаймыз! – дедi бiреу рупормен айқайлап. – Талаптарыңды орындаймыз дегендерiң өтiрiк. Таңертеңнен берi қанша рет айттық, Қонаев неге алдымызға шықпайды? Сендер оны қамап тастадыңдар! Мән-жайды өз аузынан естiгiмiз келедi. Димаш аға алдымызға шықсын! Димаш аға!..
Сол-ақ екен мың сан дауыс күркiрей жаңғырып, iлiп ала жөнелдi:
– Ди-маш аға! Ди-маш аға!..
Бiр ырғақпен жаңғырыққан қуатты айғай Димекеңдi дауылдай шайқап жiбердi. Тiзесi бүгiлiп барып зор денесiн әзер биледi.
– Қарақтарым!.. Құлындарым менiң!.. – дедi сыбырлай көмейiне кептелген ыстық өксiктi қылғына жұтып. – Мiне, келе жатырмын. Қазiр шығамын алдарыңа!
Жүрегi өрекпiп алқына адымдаған. Бiрақ трибунаға жете алмай қор болды. Трибунаны қабат-қабат шеңберлеп солдаттар қоршаған. Желке тұстан кiретiн жол аузы ашық едi, жете бергенде алдынан тас жабылды. Шолақ ақ тон киiп күржиiп, желкесiн берiп дамыл-дамыл рациямен сөйлесiп тұрған жуан сары офицердiң жаңа: “Не пропускать, сомкните ряды!” деп сыбырлай айтқан бұйрығын Димекең естiген жоқ. Қарсы алды самсаған темiр қалпақ, жымдасқан сом иықтар. Кiсi бойы шомбал тастан тiк қалаған қабат-қабат қамал дерсiң. Димекең iшке өте алмай бiтеу шеңбердi арлы-берлi жағаттады:
– Балалар, жол берiңдершi. Трибунаға шығуым керек! –
дедi ерiксiз жалынып. Бiрақ оны тыңдап жатқан ешкiм жоқ. Қайда барса да мiз бақпай мелшиген тас мүсiн. Тауы шағылып әбден күйiндi. Тiптi болмаған соң, қорланса да шыдап, терiс қарап қалшиған солдаттардың бiрiнiң шынтағынан ақырын тартқан:
– Балам, менi жiбершi, трибунаға өтiп кетейiн.
Анау бiр тоң мойын тасырдың өзi екен.
– Убери лапу! – деп шынтағын серпе сiлкiп, қолын қағып жiбердi. – А то, щас получишь по харью!
Димекең төбесiне тоқпақпен ұрғандай сiлейiп тұрды да қалды.
– Өй, көргенсiз!.. – деуге ғана шамасы келдi. Көкiрегi ашу мен қорлықтан қақ айрылардай булығып тұр.
Мына секiлдi хайуанға дейiн кiсi құрлы көрмей басынған соң не жорық! Жүрегi оқыс бұлқынып, сол жақ қолтығының асты ып-ыстық боп сөгiле аши жөнелдi. Шайқалақтап бойын билей алар емес. Айқыш-ұйқыш шыр айналған шеңберлер көз нұрын суырып, түпсiз тұңғиыққа шым батып бара жатты. Әлдекiм шап берiп қолтығынан сүйегендей: “Дәрiгер... Дәрiгер шақырыңдар!..” деп жанұшырған Устюговтың дауысы ма екен, жырақтан талқысып жеткен үн құлағына емiс-емiс шалынды.