Жүйке жүйесінің бөлімдерінің құрылысы, дамуы және функционалдық маңызы
ЖЖ 2 бөлімнен тұрады: ОЖЖ (ми мен жұлын) және ШЖЖ (ОЖЖ-нен тыс жатқан барлық жүйкелер мен жүйке түйіндері).
ОЖЖ: ЖҰЛЫН. Құрылысы: омыртқа жотасының өзегінде орналасқан. Ұзындығы 40-45см, салмағы 34-38г, диаметрі 1 см. Омыртқа жотасының құрылысына сәйкес келетін 31 сегменттерден тұрады: мойын, кеуде, бел және құйымшақ сегменттерін ажыратады (8 мойын, 12 кеуде, 5 бел, 5 сегізкөз, 1 құйымшақ). Әрбір сегмент алдыңғы және артқы жұлын түбірлері арқылы дененің оған сәйкес және көршілес сегментімен байланысады. Сондықтан жұлынның бір түбірі бұзылса, не кесілсе оған сәйкес дене сегментінде сезім және қозғалыс қызметтері толығынан жойылмайды. Оның қызметін көршілес сегменттің нейрондары орындайды.
Жұлынның ортасында – сұр зат (жүйке жасушаларының жиынтығы), сыртында – ақ зат (жүйке талшықтарынан түзілген) орналасқан.Ақ зат жүйке талшықтарынан, ал сұр зат нейрондар денесінен тұрады. Сұр зат жұлынның қақ ортасында ми түтігінің айналасында орналасқан. Жұлынды көлденең кескенде сұр заттың бейнесі көбелектің қос қанатына немесе “Н” әріпіне ұқсайды. Адамның жұлынында 13,5 млн-дай нейрондар болады. Олардың 97%-і сезгіш және аралық, 3%-і қозғалтқыш нейрондар. Сұр затта алдыңғы, артқы және бүйір (жұп) мүйіздері болады. Алдыңғы мүйізінде қозғалтқыш нейрондар орналасады, барлық төмен кететін жолдар осы мотонейрондарда аяқталады, яғни мотонейрон көптеген рефлекстердің “соңғы жалпы жолы” (Шеррингтон) болып саналады. Артқы мүйізінде сезгіш нейрондар және жоғары жататын орталықтарға, немесе алдыңғы мүйізіне, қарсы бетке импульстерді жіберетін нейрондар орналасады. Жұлынның кеуде сегменттерінің бүйір мүйізінде вегетативтік жүйке жүйесінің симпатикалық нейрондары орналасады, ал парасимпатикалық нейрондары – сегізкөз сегменттерінде орналасады. Сұр заттың алдыңғы және артқы мүйіздері ақ затты 4 бағанға (алдыңғы, артқы және екі бүйір) бөледі. Белла-Мажанди заны бойынша жұлынның артқы түбірлері афференттік (сезгіш) жүйкелерден (орталыққа тепкіш), ал алдыңғы түбірлер эфференттік (қозғалтқыш) талшықтардан (орталықтан тепкіш) тұрады.
Қызметі: 1) Рефлекторлық функция: қарапайым рефлекстік реакциялардың орталығы, оларда рефлекс доғасы тұйықталады (кеңістіктегі дене қалпын сақтау, зәр шығару және жыныс рефлекстерінің доғасы жұлынның қызметімен байланысты). 2) Өткізгіштік функция: жұлынының қызметі ОЖЖ-нің жоғарыда жатқан бөлімдерінің ықпалына тәуелді.
Дамуы: Жаңа туған сәби жұлынының ұзындығы 14-16см, 10 жаста 2 есе ұзарады, ал 20 жаста дамуы аяқталады. Осы кезеңде жұлынның салмағы 8 есеге артады. Мектеп жасындағы балаларда жұлын нейрондарының көлемінің арту процесі жүреді.
БАС МИЫ – ОЖЖ-нің ең маңызды бөлімі. Ол им сауытында орналасқан. Мидан 12 жұп жүйкелер тарап, миды көптеген ішкі мүшелермен, беттің, мойынның еттерімен, тілмен, көзбен байланыстырады және сезім мүшелерінен келген ақпаратты миға жеткізеді. Бұларға I - иіс, II - көру, III - көз қимылдатқыш, IV - шығыршық, V – үшкіл, VI – бұру, VII – бет, VIII – дыбыс, IX – тіл-жұтқыншақ, X – кезеген, XI – қосымша, XII – тіласты жүйкелері жатады.
Дамуы: Бала дүниеге келер сәтте бас миның жалпы массасы 400гр. Ересек адаммен салыстырғанда нәрестенің миының массасы оның дене массасынан едәуір артық болады. Мидың негізгі бөлімдері ұрықтық дамудың 3-айында басталса, ал 5-айда үлкен ми сыңарларының негізгі жүлгелері көрінеді. Ми постнаталдық дамудың алғашқы 2 жылында қарқында дамиды. Алғашқы жылы мидың салмағы 2 есе, 3 жаста 3 есе ұлғаяды. Бас миының дамуы 20 жасқа қарай аяқталады. Бұл жаста мидың массасы 4-5 есе артып, орта шамамен 1300-1400 гр болады. Ересек адамда мидың салмағы 1400-1450 г құрайды. Мидың абсолюттік массасы адамның ақыл-ой қабілеттілігін анықтамайтынын айта кеткен жөн. Дегенмен мидың физиологиялық қызмет атқару қабілеті оның салмағы 900 грамнан төмендегенде және 2100 грамнан асқанда бұзылады.
Достарыңызбен бөлісу: |