Ми сыңарларының қызметі
Сол жақ
|
Оң жақ
|
Сөйлеу, түсіну, ойлау, тану, уақытты аңғару, ұқсастықты байқау, көріністі белгілеу, болжау, қабылдағанды талдау, білу, бағдарлау, оқиғалардың кезекті тәртібін аңғару, тұжырымдау, жоспарлау, абстрактылы ойлау (математика).
|
Есту, сөзсіз іс-қимыл, кеңістікті қабылдау, заттарды тұтас қабылдау, заттардың айырмасы, функциялық ұқсастықты байқау және т.б. (суретші, музыканттар)
|
Вегетативтік жүйке жүйесінің (ВЖЖ) маңызы
Шеткі жүйке жүйесі соматикалық және вегетативтік жүйкелерге бөлінеді. Соматикалық (лат-сома) жүйке жүйесі көлденең жолақты бұлшықеттің жұмысын реттеп, дененің сезімталдығын қамтамасыз етеді, ал вегетативтік жүйке жүйесі (ВЖЖ) ішкі ортаның тұрақтылығын, зат алмасу үрдісінің қарқынын, ішкі мүшелер қызметін сыртқы және ішкі орта әсеріне бейімдеп, реттеп отырады. ВЖЖ бөлімдері орталық мида орналасқан вегетативтік орталықтарға бағынады.
Симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелердің функционалдық ерекшеліктері:
Симпатикалық жүйке жүйесі ағзаның төтенше жағдайда қарқынды жұмыс істеуіне әкеледі: жүрек жұмысының ырғағын жиілетіп, артериялық қысымды жоғарылатады, бұлшық еттің қанмен жабдықталуын жақсартып, қандағы глюкоза деңгейін көтереді, ас қорыту мүшелері қызметін әлсіретеді. Оның әсерімен ағза күшін жұмылдырып, стрестен шығуға мүмкіндік алады.
Парасимпатикалық жүйке жүйесі жүрек жұмысын баяулатып, қан қысымын төмендетеді, ас қорыту мүшелерінің қызметін жандандырады. Оның әсерімен ағзада қор толықтыру, оны қалпына келтіру үрдістері жүреді. Сонымен, симпатикалық жүйе ағзаның жалпы белсенділігін жоғарылатса, парасимпатикалық жүйе шығынды жабуға, ағза қорын қайта толықтыруға жағдай туғызады.
Парасимпатикалық және симпатикалық жүйкелер мүшелер қызметіне әдетте қарама-қарсы әсер етеді. Симпатикалық жүйке жүректің соғуын жиілетіп, күшейтсе, парасимпатикалық жүйке, керісінше, оны сиретіп, әлсіретеді. Бірақ ВЖЖ екі бөлімі әрдайым қарсылас (антогонистік) әсер ете бермейді, кейде антогонизм – абсолюттік емес. Олардың катынасын қарама-қарсылықтың функционалдық бірлестігі ретінде қараған жөн: бірінің белсенділігінің жоғарылауы, екіншісінің қызметінің күшеюімен алмасып отырады. Мысалы, түнгі мерзімде парасимпатикалық реакциялар, ал күндіз– симпатикалық реакциялар басымырақ болады.
Кейде қарама-қарсылық бар сияқты болып көрінеді, бірақ әсер механизмінде бірлік байқалады. Мұнда абсолюттік антогонизм жоқ. Мысалы, ішек жиырылуы күшейіп кетсе, симпатикалық жүйке оны әлсіретеді не тоқтатады, ал ол әлсіреген сәтте әсер етсе, онда ішек қимылы жиілеп күшейе бастайды, басқаша айтқанда жүйке әсері ішектің бастапқы қызмет жағдайына байланысты. Мысалы, симпатикалық жүйке көздің қарашығын кеңейтеді, ал парасимпатикалық жүйке оны тарылтады. Сырттай қарағанда бұл қарама-қарсылық, бірақ парасимпатикалық жүйке де симпатикалық жүйке де көз қарашығының диаметрін өзгертетін еттерді жиырылтады. Бұл, механизмде антогонизмнің жоқтығын, керісінше, бірлік барын көрсетеді.
Көп жағдайда ВЖЖ бөлімдеріне – синергизм (қосарлас), яғни бірыңғай қимыл жасау тән. Мысалы, қолқа барорецепторлары тітіркенгенде қан қысымы бір жағынан парасимпатикалық жүйкелер белсенділігінің артуы, екінші жағынан жүректің симпатикалық жүйке талшықтары белсеңділігінің әлсіреуі нәтижесіңде төмендейді. Мысалы, сілекей бөлінуін симпатикалық жүйке де, парасимпатикалық жүйке де үдетеді, өйткені екеуі де секрециялық жүйке.
Дамуы: ВЖЖ дамуының алғашқы кезеңдерінде жетілуі, бірақ бала туар кезінде ВЖЖ бөлімдерінің қызметтері теңеспеген. Симпатикалық жүйке жүйесінің қызметі басым болғандықтан баланың жүрегі жиі соғады.
Вегетативтік және соматикалық жүйке бөлімдерінің айырмашылықтары:
1) Вегетативтік жүйкелер ОЖЖ-нің тек қана белгілі бір бөліктерінен ғана - ортанғы және сопақша мидан, жұлынның сегізкөз бөлігінен, басталады. Ал, соматикалық жүйкелер орталықтары мидың бағана бөлігі (тек аралық мида жоқ) мен бүкіл жұлын бойында орналасады.
2) Соматикалық жүйкелермен салыстырғаңда вегетативтік жүйкелердің қозғыштығы және қозуды өткізу жылдамдығы төмен болады. Вегетативтік жүйкелерге қозу толқыны секундына 1-30м жылдамдықпен, ал соматикалық жүйкелерде - 60-120 м жылдамдықпен тарайды.
3) Вегетативтік жүйке тамырларда миелин қабығы болмайды, олар үлпексіз жүйкелер, ал соматикалық жүйке тамырлар – үлпекті, миелинді құрылым.
4) Вегетативтік жүйке бөлімінің шеткей бөлігі 2 нейроннан құралса, соматикалық жүйке бөлімі жалғыз нейронды құрылым. Вегетативтік жүйке тамырлар өздері жүйкелендіретін мүшелерге жетпей арнаулы түйіндерде үзіледі. Сондықтан, олар түйін алды (преганглионарлық) және түйіннен соңғы (постганглионарлық) талшықтарға бөлінеді. Соматикалық жүйке тамырлар өздері жүйкелендіретін мүшелерге еш жерде үзілмей жетеді.
Вегетативтік жүйкелердің симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдерінің өздеріне тән құрылымдық ерекшеліктері:
1) Симпатикалық және парасимпатикалық жүйкелер орталығы жүйке жүйесінің әр түрлі деңгейінде орналасады. Симпатикалық жүйке орталықтары жұлын сұр затының 1-көкірек және 3-бел омыртқалық бөлімдерінің бүйір мүйіздерінде орналаса, парасимпатикалық орталықтар ортаңғы және аралық ми мен жұлынның сегізкөз бөлігінде орын тебеді.
2) Симпатикалық жүйке бөлімінің түйіңдері өздері жүйкелендіретін мүшелерден тыс орналаса, парасимпатикалық түйіндер мүшелердің өзінде орнығады.
3) Симпатикалық бөлім әмбебап келеді, барлық мүшелерді жүйкелеңдіреді. Парасимпатикалық бөлім әмбебап емес: тері тамырлары, тер бездері, бүйрек үсті бездері, зәр ағарлар, көк бауыр, қаңқа еттері парасимпатикалық жүйкелермен жүйкеленбейді.
4) Симпатикалық жүйкелерге мультипликация (көп тарамдалу) құбылысы тән: түйінен соңғы талшықтар саны түйін алды талшықтар санынан әлдеқайда көп болады. Парасимпатикалық жүйкелер айтарлықтай көп тарамдалмайды.
5) Симпатикалық жүйкелердің эфференттік талшықтары парасимпатикалық жүйке талшықтарынан ұзын келеді. Симпатикалык, жүйке ұштары эрготоксинмен, ал парасимпатикалық жүйке ұштары - атропинмен жансызданады.
6) Симпатикалық жүйкелер қозу толқынын симпатин, ал парасимпатикалық жүйкелер - ацетилхолин медиаторы арқылы таратады. Бірақ қазіргі кезде қозу барысында кейбір симпатикалық жүйке ұшының ацетилхолин, ал парасимпатикалық жүйке ұшының, керісінше, адреналин бөлетіні дәлелдеген. Осымен байланысты вегетативтік жүйкелер холинергиялық және адренергиялық болып екі топқа бөлінеді. Холинергиялық жүйкелер өз қызметін ацетилхолин ал адренергиялық жүйкелер - адреналин бөлу арқылы атқарады. Холинергиялық жүйкелер тобына: 1) парасимпатикалық және симпатикалық преганглийлік жүйкелер; 2) парасимпатикалық постганглийлік жүйкелер; 3) симпатикалық постганглийлік тер бездерінің жүйкелері жатады. Адренергиялық жүйкелер қатарында симпатикалық постганглийлік тер бездері жүйкелерімен қатар барлық постганглийлік симпатикалық жүйкелер болады. Сонымен холинергиялық жүйкелер саны адренергиялық жүйкелер санынан әлдеқайда басым. Кейбір жүйкелер үшынан мүлде басқа медиаторлар (серотонин, гистамин, АҮФ, ГАМҚ т. б.) бөлінуі мүмкін.
Вегетативтік жүйке жүйесі зат алмасуын реттейді. Симпатикалық жүйке диссимиляция (ыдырау), ал парасимпатикалық жүйке ассимиляция (түзілу) үрдістерін күшейтеді; симпатикалық жүйке зат алмасу қарқынын күшейтсе, парасимпатикалық жүйке, керісінше оны төмендетеді.
Симпатикалық жүйке трофикалық (нәрлендіру) әсер етеді. Мұны бірінші рет тәжірибе жүзінде И.П. Павлов дәлелдеп берді. Жүрек лүпілін күшейтетін жүйкені ол нәрлендіруші жүйке деп атады. Симпатикалық жүйке жүйесінің нәрлендіру әсерін кейін Л.А. Орбели, А.Д. Сперанский зерттеді. Жүйке жүйесінің нәрлендіру әсері әлсіресе, адам денесінде трофикалық жаралар пайда болуы мүмкін. ВЖЖ әрекеттерді, заттар алмасуы мен қоректенуді өзгерту арқылы да реттейді.
Жұлынның сегізкөз тұстас тармақтарында (сегменттерінде) тіршілік етуге қажет әрекеттерді қамтамасыз ететін зәр, нәжіс шығару және жыныс қатынасы орталықтары орналасқан.
Вегетативтік жүйке жүйесі орталықтағы басқа бөлімдермен бірлесіп, адамның көңіл-күйін (эмоция) қалыптастыруға қатысады. Симпатикалық жүйке жүйесі қозса, қанда эмоция гормоны - адреналин көбейеді.
Вегетативтік жүйке жүйесі атқаратын қызметтердің бірі – шеткі рефлекстер тууын қамтамасыз ету. Шеткі рефлекстердің 3 түрі бар:
1) Висцеро-висцеральдық (мүше-мүшелік) рефлекстер. Белгілі бір интероқабылдағышты тітіркендірсе, екінші бір мүшенің қызметі рефлекстік жолмен өзгереді. Мәселен, қуықтың кілегейлі қабығын тітіркендірсе жүрек соғуы рефлекстік жолмен өзгеруі мүмкін.
Висцеродермалық (мүше-тері) рефлекстер. Белгілі бір ішкі мүше қабылдағышын тітіркендірсе, терінің белгілі бір нүктесінің сезімталдығы шектен тыс күшейеді. Мәселен, асқазан кілегейлі кабығында жара болса, адамның 12-ші кеуде омыртқасының артқы өскіні тұсындағы тері өте сезімтал болады да басқан кезде қатты ауырады. Ауруды аиықтауда мұндай рефлекстердің үлкен маңызы бар.
3) Дермовисцеральдық (тері-мүше) рефлекстер. Әрбір ішкі мүшенің тері бетімен байланысқан жері бар. Сол жерге әсер етсе, онымен байланыскан мүшенің қызметі өзгереді. Мәселен, жылытса, мұз қойса, ол мүшенің қызметі рефлекстік жолмен өзгереді. Жатырдың жиырылуын күшейтіп, оның қан тамырларын тарылту үшін құрсақтың (іштің) төменгі жағына мұз қояды.
Вегетативтік шеткі рефлекстер жануардың жұлынын алып тастағанда да сақталады. Сондықтан бұлар вегетативтік түйіндердің қатысуымен орындалуы мүмкін. Кейбіреулердің пікірі бойынша, шеткі рефлекстер тек аксон тармақтары арқылы да орындалады.
Вегетативтік жүйке жүйесі бір кезде автономиялық жүйе деп аталатын. Өйткені ішкі мүшелердің қызметін адам өз еркімен өзгерте алмайды. Адамның еркі (қалауы) – ми қыртысының қызметі, сондықтан ми қыртысы вегетативтік әрекеттерге әсер етпейді деп есептелетін.
И.П. Павлов лабораториясында академик К.М. Быков басқарған ғалымдар ми қыртысының адам денесіндегі барлық мүшелерге, олардағы үрдістерге әсер ете алатынын шартты рефлекс әдісімен және гипноз қолдана отырып, дәлелдеп берді. Вегетативтік жүйке жүйесінің қызметін гипоталамус, ескі және жаңа ми қыртысының нейрондары бақылайды.
Вегетативтік жүйке жүйесі шеткі мүшелер қызметіне, зат алмасуына ішкі секрециялық (эндокриндік) бездер арқылы да әсер ете алады. Ішкі мүшелердегі вегетативтік ганглийлерді олардың орталық симпатикалық бөлімі деп атайды да ВЖЖ симпатикалық, парасимпатикалык және метасимпатикалық деп 3 бөлімге бөледі.
Достарыңызбен бөлісу: |