13
2. Оқушылардың ұжымдық жұмыстарын ұйымдастырудың эксперименталдық зерттеу жолдары
2.1. Ұжымдық іс-әрекетті ұйымдастыру және зерттеу жұмыстары
Бұл бөлімді ең алдымен зерттеу жұмыстарынан бастап, кейін ұжымдық жұмысты дұрыс ұйымдастыру шаралары бойынша зерттеуден түйген ойымызбен бөліссек.
Ұжым – белгілі бір ортақ мақсат пен мүддеге құрылған бірлестік дедік. Ал біздің зерттеу нысанамыздағы негізгі кейіпкерлеріміз – оқушылар қауымы. Зерттеу барысында кез-келген ұжым мүшелерінің әрқайсысы өз алдына жеке тұлға екендігін, олардың психологиялық ерекшеліктеріне қарай әртүрлі болатындығын ескере отырып, біз оқушылар ұжымына тән жалпы ортақ қасиеттер мен ерекшеліктерді анықтауға тырыстық. Себебі, ұжымдық жұмысты ұйымдастыруда әр оқушыға бақылау жүргізіп, оның іс-әрекетін ғана қадағалау жеткіліксіз. Керісінше, оқушылардың барлығын бір ұжым деп алып, сол ұжымның ортақ мәселелері мен міндеттерін терең қарастырған жөн.
Зерттеу жұмыстарының алғашқы қадамын оқушылармен топ құрып, оларға «ұжым» ұғымының мәнін түсіндіруден бастадық. Себебі, А.С.Макаренко айтқандай, әрбір ұжым – бұл топ, бірақ әрбір топ ұжым бола алмайды. Сондықтан, оқушылар қауымы өздеріне жүргізілетін ашық зерттеу барысында «топ» пен «ұжым» сөздерінің аражігін ажыратып, нәтижесінде жақсы «ұжым» құруға талпынуы қажет.
Екінші қадамда оқушыларға қарапайым тапсырма ұсынуды жөн көрдік. Яғни, өз тактикаларымызды қолданбас бұрын, олардың әдеттегі іс-әрекет көріністерін анықтауымыз керек болды. Мысал ретінде «22-наурыз – Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мейрамының» қысқаша сценариін және ұйымдастыру әрекеттерін жазуды ұсындық. Ондағы нәтиже: тапсырма әдеттегідей топ мүшелерінің арасындағы озат, белсенді оқушылардың арқасында ғана жүзеге асып, қалған оқушылар көлеңкеде қалып қойды. Ал мұндай қорытындының «ұжым» атауына сай келмейтіндігін біз жақсы білеміз.
Үшінші қадам. Оқушыларға ұсынған қарапайым тапсырманың орындалу барысын біз сырттай қадағалап, нәтиженің неге ойдағыдай болмағанын анықтаған болатынбыз.
1-себеп. Оқушылар арасында ұяңдық, ұялшақтық сезімдері басым. Белгілі бір затқа көзқарастарын айтып, жеткізу барысында бір-бірінен немесе ұстаздан қымсынып, өзін еркін сезіне алмайды. «Менің пікірім дұрыс па әлде бұрыс па?», «Жолдастарым менің пікіріме күлсе не істеймін?», «Ұстаз бұған қалай қарайды екен?» деген сияқты ойлар оқушының өзіне деген сенімсіздігін тудырады.
2-себеп. Оқушылар бойында еліктеушілік басым. Яғни, олардың жеке «мен-дік» пікірі болмағандықтан, жолдастарының көзқарасына қосылып, бір-бірінің ісін қайталауы жиі кездеседі. Бұл қасиет оқушы бойындағы өзіндік
14
көзқарастың қалыптасуына кері әсерін тигізіп, жеке ойлау, жұмыс жасау қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады. Сол себепті ұжымдық жұмыс барысында мұндай оқушылар өздігінен талаптанбай, белсенді оқушылар орындаған тапсырманың дайын нұсқасын көшіруге әзір тұрады.
3-себеп. Оқушылардың «ұжым», «ұжымдық жұмыс» ұғымдарын толыққанды түсінбеуі. Ұжым белгілі бір мақсатта бірігу ғана емес, ұжым мүшелерінен адамгершілік қасиеттерді, ашық-жарқын қарым-қатынасты, берілген жүкті жұмыла көтере білетін мықты бірлікті талап етеді.
Сол себепті, зерттеу жұмысының төртінші қадамында біз оқушылар арасындағы «ұжым» құру ісіне кедергі келтіретін мәселелерді жою мақсатында өз амал-тәсілдерімізді қолдануды бастадық.
Біздің шараларымыз 3 бағытта (адамгершілік, іскерлік, бірлік) тұрғысында жоспарланған болатын. Ендеше, қолданған тәсілдеріміздің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтсек.
1. Ұжымдық жұмысты құру үшін оқушылардан талап етілетін ең алғашқы қасиет іскерлік емес, адамгершілік екен. Себебі, оқушылар әрдайым бір-бірімен теңдей дәрежеде араласуы қажет. Мәселен өзін жолдастарынан тым артық не кем санайтын оқушының ұжымдық жұмыста сыйластыққа лайық болмайтыны даусыз. Ал ұжымдағы әр оқушының бойында жолдастарына деген сыйластық, жанашырлық, таңдауына деген құрмет, адамгершілік мәдениет болмаса, ол топ ұжым болып құрылмайды да. Адамгершілік болмаған соң ұжымдық жұмыс та өрге баспайтыны даусыз.
Міне, сондықтан, ең алдымен оқушылар арасындағы адамгершілік қасиеттерді дамыту үшін түрлі ойын-тренингтерді өткіздік. Оның ішінде «релаксациялық жаттығулар», «іштегі негативті сыртқа шығару» тренингтері мен оқушылар арасында сауалнама, яғни, анкета жүргіздік.
Релаксациялық жаттығу. Оқушылардың барлығы еденге өздері қалаған еркіндікте жайғасып, көздерін жұмып жатады. Денелерін бос ұстап, сыныпта жеке өзі қалғандай, ойларын да еркіндікке жіберулері қажет. Осындай тыныштықта жайлы музыка қосылады. Оқушылар музыка әлеміне енгеннен кейін, ұстаз біртіндеп мотивациялық, яғни оқушылардың өзін жайлы сезініп, еріксіз армандауына, ойша биіктерге қанат қағуына жетелейтін, күш-жігер, шабыт сыйлайтын сөздерін оқуы керек. Ал оқушылар ұстаз айтқан әр сөзді көзіне елестетіп, одан ләззат алады. Ұстаз алдын-ала дайындайтын бұл мәтін міндетті түрде оқушыларды ойландырып, олардың адамгершілік қасиеттерін оятатындай болуы керек.
Іштегі негативті сыртқа шығару. Релаксациялық жаттығудан соң, оқушыларға қағаз бен қалам ұсынамыз. Олар ақ параққа өздерінің жағымсыз әдеттерін, ойларын, қасиеттерін жазады. Барлығын тізбектеп болған соң, парақты әбден умаждап, ортадағы қоқыс жәшігіне бар пәрменімен лақтырады. Бұл кезде дауысты да қаттырақ шығарып, айғайлауға болады. Бұндай тәсіл оқушылардың ішіне жиналған жағымсыз дүниелерді, негативтерді сыртқа шығаруға көмектеседі.
15
Осы екі тренингтен соң, оқушыларға берілген сауалнама (1-кесте) арқылы олардың алған әсерлері мен пікірлерін анықтадық.
2. Іскерлік. Ұжым болған соң ондағы әрбір қатысушы іске епті, еңбекқор әрі жауапты болуға міндетті. Соның ішіндегі жауапкершілік – іскерлік қабілетті орнатудағы ең басты қағида. Сондықтан ұжымдық жұмыс барысындағы жауапкершілікті орнату мәселесінде, біз ортақ тапсырманы, мысал ретінде, бір мерекелік іс-шараны ұйымдастыру жұмыстарын ұжымдағы оқушылардың әрқайсысына теңдей етіп бөлдік. Яғни, іс-шараның сценариін жазудан бастап, ұйымдастыру, номерлерді реттеу, қатысушылардың костюмі, музыкалық апараттар, партитура, реквизиттер, сахна дизайны және жарыққа дейінгі жауапкершіліктің бәрін әрбір оқушыға үлестірдік. Демек, оқушылардың әрқайсысы бір-бір іске жауапты, ешкім тапсырмасыз қалған жоқ. Мұнымен қатар, осы орайда біз педагогика саласындағы әдіс-тәсілдердің бірі «мадақтау, жазалау» тәсілдерін де қолдандық. Яғни, әр оқушы өзіне жүктелген тапсырманы тыңғылықты орындап, соңына дейін атқаруы тиіс. Сол тапсырмалардың орындалуына қарай оқушылар мадақталып немесе жазаланып отырады. Міне осындай ережелерден кейін ғана әрбір оқушы өзіне міндеттелген істің жауапкершілігін сезініп, оны жүзеге асыруда өзі ізденіп, өзгелерден бірінші болып аяқтауға тырысып, мүлтіксіз орындауға талпынады екен. Ал ұжымдық жұмыстың сапасы өз деңгейіне көтеріліп, мерекелік іс-шараның сапасы өте жоғары болады. Сондай-ақ, іскерлік қабілет осы тұста айрықша дамуға ие болады.
3. Бірлік. Кез келген істе «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармай» жетістікке жету мүмкін емес. Сондықтан оқушыларды бірлікке шақыру тәсілдерін белгілі бір уақытта тренинг немесе ойын түрінде өткізгеннен гөрі, керісінше күнделікті ұжымдық жұмыс барысының әдетіне айналдыруды жөн санадық.
Барлық дүниенің кішігірім заттан жасалатыны сияқты, бірлік құру да ұсақ-түйектен басталады. Сол себепті біз оқушылар бойында мынадай кішігірім әдеттерді қалыптастырдық.
1. Ұжымдағы барлық оқушы бір-бірі туралы мәліметтерді жақсы біледі. Кімнің нені ұнататынын, не қалайтынын, бір-бірінің мінез-құлқын, т.б. Сондықтан да олар бір-бірінен жатсынбай, әбден сіңісіп, ашық-жарқын қарым-қатынас орнатқан.
2. Әрбір оқушы осы ұжымның, ортақ мүдденің патриоты. Әрқайсысы ұжымдық жұмысқа жаны ашып, ұжымның ілгері жылжуына өз үлестерін қосып тұрады.
3. Бір оқушының жетістігі үшін барлық сынып ұжым болып қуануады және қиындықты да бірге көтереді.
4. Бір-бірінің кемшіліктеріне күліп, қуанбайды, керісінше, жанашырлық танытып, оның дәрежесін көтеруге көмектеседі. Жақсысын асырып, жамандығын жасырады, т.б.
16
Міне, оқушылар қауымы арасында ұжымдық жұмысты ұйымдастыру барысында біздің қолданған зерттеу әдістеріміз осындай.
Соңғы бесінші қадамда өз зерттеуімізді қорытындылап, оқушылар арасындағы ұжымдық жұмысты ұйымдастыруда қолайсыз деп тапқан барлық құбылыстарға жеке-жеке сипаттама жаздық. Қолданған шараларымыздың нәтижесін тағы бір мәрте сараптап, оқушылар бойындағы бастапқы және зерттеуден кейінгі өзгешеліктерді анықтай алдық.
Ендігі кезекте, жүргізген зерттеу жұмыс барысында түйген ой-пікіріміз бен ғылыми талдауларды байланыстырсақ.
Оқушылардың ұжымдық іс-әрекеті – бұл нағыз өмір мектебі. Ұжымдық іс-әрекет арқылы оқушылардың қоғамдық өмірге қажетті білім, іскерлік дағдысы қалыптасады.
Ұжымдық шаралар неғұрлым көп ұйымдастырылса, ұжымның беріктігі соншалықты болады. Әрбір шара бір-біріне, қоршаған ортаға, достарына қамқор болуға үйретеді.
Ұжымдық шығармашылық іс-әрекетте оқушылар алдарына қойған мақсаттарды орындауда бірігіп ізденеді, жоспарлайды, ұйымдастырады. Шығармашылық іс тек көз алдау үшін жасалмайды, онда балалардың күш-жігері жаңа мүмкіндіктері, ұшқыр ойлары көрініс береді .
Шығармашылық іс жүргізу - зерттеу жұмысы барысында біз қарастырған оқушылар арасындағы адамгершілік, іскерлік, бірлік сынды негізгі ұжым принциптері өз шешімін тапқан соң ғана жүзеге асырылады. Әрбір шығармашылық іс өзінің сипатына қарай бір-бірінен ажыратылады.
1. Еңбекке баулитын шығармашылық іс. Оның негізгі мақсаты - айнала қоршаған орта туралы балалар білімін молайту, қуанышты өмір негізі еңбек екендігіне балалардың сенімін, көзқарасын қалыптастыру, еңбекті өз еркімен, шығармашылықпен істеуге үйрету.
2. Танымдық-қабілет пен білімді дамытатын шығармашылық іс. Танымдық шығармашылық іс өмірде әлі сыры ашылмаған, анықталмаған беймәлім нәрселерді, жұмбақтарды ұжымдық түрде береді. Танымдық шығармашылық іс оқушылардың білімге ұмтылуын, табандылығын, байқағыштығын шығармашылық ойлауын, рухани байлығын дамытады.
3. Көркем өнерге баулитын шығармашылық іс. Бұл шығармашылық іс мақсатты түрде балалардың эстетикалық талғамын дамытып, өнерге деген рухани мәдениетін көтеріп , жан дүниесін байытады.
4. Спорттық шығармашылық іс. Спорттық шығармашылық шаралардың басты тәрбиелік мәні балаларды спорттық сауықтыру шараларына, дене тәрбиесі сабақтарына шынайы көзқарастарын дамытып, қоғамның қуатты мүшесі болуға дайындау. Спорттық шығармашылық іс шапшаңдық, ептілік, шыдамдылық, батылдық ерлік қасиеттерінің қалыптасуына көмектеседі.
Шығармашылық шараларды ұйымдастырудың мынандай маңызды жақтары бар.
17
1. Балалардың өз өмірін өздері басқара білуге сенімін қалыптастыру.
2. Оқушылардың ойлауын, қиялын дамыту.
3. Оқушыларды өз беттерімен шешім қабылдауға үйрету.
4. Бала бойындағы қорқыныш, үрей сезімдерін жойып, өзіне деген
сенім туғызу.
5. Оқушыларды әртүрлі өнер саласына баулу.
6. Оқушылардың күлкі, әзіл-сықақ сезімдерін дамыту.
7. Бала бойындағы рухани күшінің басым жақтарын байқату.
Әрбір істе балаларға өз шығармашылығымен қатысуына, ізденуіне мүмкіндік беруіміз керек. Бала ойы таза шындықтан құралады. Бала тазалығы жай аңқаулық емес, тәжірбиесіздік, бағалылық. Кейде үлкендер бала жан дүниесіне өзіміздің ой жүйемізді күштеп ендіріп бала психикасына әсер етіп отырамыз. Ал баланың әрбір істегі шығармашылығы үлкен жетістік. Әрбір педагог өз тәжірбиесін бала күш-қуаты, шығармашылығымен біріктіруі қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |