М.Қашқари түркі тілдерінің лексикалық ұқсастықтарын айта отырып, олардың дыбысталу жүйесіндегі кейбір айырмашылықтарды ашып көрсетті. Қыпшақ тілінің мынадай басты фонетикалық ерекшеліктерін назарға ұсынды:
й дыбысының орнына дж(ж) дыбысын қолданады: йанджу емес
джанджу (шуда).
ш дыбысының орнына с дыбысын айту:
талыс, қысыр.
д дыбысының орнына т дыбысын қолдану: дәуә емес тәуә (түйе),
бүгде емес бүкте (қанжар).
д дыбысының орнына й дыбысын қолдану: қадық емес қайық.
ғ дыбысының айтылмай түсіп қалуы: чумғақ емес чумуқ (шымшық торғай, қара торғай), тамғақ емес тамақ.
Демек, ХІ ғасырдың ортасында қолданылған қыпшақ тілінің фонетикалық негізгі көрсеткіші – дж(ж), с, т, й дыбыстарының қолданылуы мен ғ(г) дыбысының айтылмай түсіп қалуы болып отыр.
Осы фонетикалық ерекшеліктер бүгінгі қазақ тілінің бойында сақталған.
|
Белгілі түрколог ескі қыпшақ жазба ескерткіштері қатарына түркілердің ұлы өзендерінің бірі - Ертістен Еуропаға дейінгі ұланғайыр аймақты мекендеген қыпшақ ру-тайпалары мен сол тайпалық одақтарға біріккен басқа да түркі халықтарының тілінде ХІ-ХҮІ ғасырларда жазылған шығармаларды жатқызады. Зерттеуші ескі қыпшақ жазба ескерткіштерін соларда қолданылған әліпбилерінің жазба нұсқаларына қарай 4 түрге бөледі:
1) ескі араб жазулы қыпшақ жазба ескерткіштері;
2) ескі армян жазулы қыпшақ жазба ескерткіштері;
3) ескі орыс жазулы қыпшақ жазба ескерткіштері;
4) ескі латын готикалық әліпбиімен жазылған қыпшақ жазба ескерткіштері. Осы топтаудың ішінде ескі орыс жазулы қыпшақ жазба ескерткіштеріне қатысты зерттеулер жүргізген түркологтар жоқтың қасы екендігін атап өткен орынды деп ойлаймыз.
|