Тантай. Не деп ұрады?
Көбен. «Сонша асығып, өліп бара жатырсыңдар ма?»-деп ұрады.
Тантай. Ұрмайды. Біз қайта әкеме қыпшақтарға тізесін бір батырып қоюға жағдай жасап отырмыз. Менің әкем мұндайды қалт жібермейді.
Көбен.Айналайын би атам керемет адам ғой. Осыдан қара да тұр, қыпшақтарды апай-топай қылады.
Тантай (масайрап). Енді не қыл дейсің, бар. Айтқаным айтқан, Ақбөпені қатын қылып алмай қайтпан.
Көбен (жып етіп). Құдай соған жазсын.
Тантай (шалқайып). Жазады. Ноқаңның тұқымының ойға алғанын Құдекең еш ойланбастан орындайды.
Көбен (жағасын ұстап). Астапыралла! Тәке, Құдаймен ойнама!
Тантай.Құдай аспанда, алыста, әкем жерде, жақында. Құдай – бар-жоғы белгісіз, күмәнді құдірет, әкем – елдің көзі көріп, сөзін тыңдап отырған әмірші. Көз жетпейтін жердегі Құдайдың құдіретінен қол жететін жердегі әкемнің әмірі күшті.
Көбен (көне кетіп). Рас. Сен Ақбөпені алады екенсің.
Тантай. Енді қалай? Өйтпесем, Тантай боламын ба!
Алтыншы көрініс
Ақбөпенің әкесі Өтелбайдың үйі. Іргедегі төсек үстінде Ақбөпе жатыр. Өңі құп-қу, ауыру. Өтелбай мен әйелі Күнімбала үрпиісіп отыр. Күнімбала (күйініп, налып). Құдайым-ау, қайдан кезіктірдің бұл пәлелерге? Біз олардың қай теңі едік?!