Бекен. Дұрыс.
Әшірбек. Әбден дұрыс.
Шаншар атай (балаларға). Әп-бәрекелді. Бәсе? (Санатбайға). Сен бізді шал деп менсінбейді екенсің ғой. Жөн, жасы ұлғайып қартайған кісіні сыртқа сүйреп тастау керек шығар онда. Бір жақсы жері оның заманы өткен. Айналайын өкіметім бізді өмірден өгейсіретіп отырған жоқ, қайта бойыңдағы қайратыңды орнымен жұмсап, жастарға білгеніңді үйрет, қартым, деп отыр.
Мен – өкіметтің адамымын. Керек екен, біз басқармаға да ақыл айтамыз. Жөн екен, тыңдайды ол бізді. Қане, тұр былай жұрт қатарына жаныңның барында. (Атай қаһарланып бір ұмтылып қалады. Санатбай балалардың арасына сүңгіп кетеді. Балалар ду күледі).
Санатбай. Күліңдер, күліңдер. Енді біраздан соң мен де күлетін болам сендерге. Менің күлкім жарқын шығып жүрмесін сонда.
Шаншар атай. Е, бәсе, міне, жігіт деген өстімей ме екен. Намысқа тырысу керек қой адам деген. Адамға дос – ақыл мен намыс. Оқыған баласыңдар ғой бәрің. Абай да осылай деген емес пе еді өзі?
Бекен. Жоқ.
«Ұш-ақ нәрсе адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»,
– деген Абай.
Шаншар атай. Ай, айналайын-ай, Абай-ай, десеңші. Данышпаным-ай, қалай тауып айтқан, шіркін-ай. Бұл үшеуіне намысты да қосып қойса, артық болмайды. Мұны ұмытып кеткен шығар тегі жарықтық.
Әшірбек (күліп). Атам Абайға да ақыл қосады енді...
Шаншар атай. Қосса несі бар екен? Абайдың айтпағаны аз деймісің? Адам қанша бір шешен, көсем болмасын, ол – жалғыз. Жалғыздың назарына бұл жаһандағы құбылыстың күллісі қалайша түгел іліге бермек? Ал, халықтан еш нәрсе қаға беріс қалып көрген емес. «Халық айтса – қалт айтпайды», – деген, міне, осыдан барып шыққан. Сол халық мына сендер, мына мен. Біз де бір ақылды сөз айтсақ, онымыз ешкімнің егініне түсе қойғандық бола қоймас, сірә. Абайдың әруағы да өкпелемес оған.
Достарыңызбен бөлісу: |