Лекция жоспары: 1.Бос уақыттың әлеуметтік табиғаты.
2.Бос уақытты ұйымдастыру іс-әрекетінің негізгі бағыттары мен әдістемесі
Лекция мәтіні: 1.Бос уақыттың әлеуметтік табиғаты. Бос уақыт - адамның физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру, рухани және материалдық қызығушылықтарын өз қалауына сәйкес жүзеге асыруға қолданылатын, оқу және еңбек әрекеттерін орындаудан тыс қалған жалпы уақыт көлемінің бөлігі. Әлеуметтанушы Г.П.Орлов: «Бос уақыт бұл- адамның еркін әрекет аймағы мен дамуы болып табылатын әлеуметтік уақыттың бір бөлігі. Ол әр адамның рухани даму деңгейі мен барлық әлеуметтік қатынастар жиынтығымен қамтамасыз етілген». Орлов педагогикаға қатысты мынадай пікір білдірген: « … бос уақыт-бұл ең алдымен өсіп келе жатқан жас ұрпақтың мектептегі, одан тыс отбасындағы тәрбиелеу мәселесі». Қазіргі таңда жоғарғы сынып оқушыларының психологиялық мәселелері педагогтарды ерекше алаңдатуда. Зерттеушілердің пікірі бойынша оқушылардың тұлғалық деңгейінің негізгі бағыттарына мыналар жатады: 1) танымдық қызығушылықтары мен қабілеттерінің дамуы; дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуы (В.Б.Бондаревский, В.С.Шевченко және т.б ); 2) кәсіби бағдар, дербес еңбек етуге даярлық (А.А.Давыденко, Е.М.Бабосов және т.б ); 3) шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыру, қабілеттерді өзіндік жүзеге асыру (Н.Ф.Маслова, Б.С.Кобзарь және т.б ); 4) әлеуметтік адамгершілік ұстанымдары және құндылық бағдарларын қалыптастыру (Е.В.Бондаревская, Л.Ю.Иванова, С.А.Конюх-Синида және т.б); 5) өмірлік жолды таңдау (К.В.Бербова, Л.М.Николаева, В.Г.Гурова және т.б ). Бос уақытты тиімді пайдалану мәдениеті оқудан тыс әрекеттерін ұйымдастырудан ғана емес, күнделікті осы әрекеттің мазмұнын, формаларын дұрыс таңдаудан, танып, білуге деген қатынасынан тұрады.
Жоғарғы сынып оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану мәдениетінің төмендегідей деңгейлерін атап өтуге болады:
1.Пайдалы әрекеттік. Оқушы өзінің оқудан тыс әрекеттерін жоспарлау дағдысын меңгергендігін көрсетеді; қандайда бір әрекет түрін жүзеге асыруды бастамас бұрын алдына мақсат қояды. Олар үшін оқудан тыс ұжымның жұмыстарға қатысу ғана емес, меңгерген рухани құндылықтарын тәжірибеде жүзеге асырып көруге талпыныс болып табылады. Бұл типтегі қатысушылар мәдени қажеттіліктерді дамытудың жоғары деңгейіне ие, сондай-ақ оқудан тыс және жалпы мектептік іс-шаралардың ұйымдастырушылары немесе жетекшілері бола алады.
2.Танымдық қажеттілік. Бос уақытты пайдаланудың бұл деңгейі көп жағдайда оқушылардың жекелік қызығушылықтары және қабілеттіліктері негізінде анықталады. Оқудан тыс ұжымдық жұмыстарға қатысу олар үшін қажеттілік болып табылмайды. Мұндай оқушылар ұйымдастырушылық қабілетке ие емес, көбіне уақытша тікелей берілген тапсырмаларды ғана орындайды. Олардың әртүрлі сыныптан тыс тәрбиелік іс-шараларға қатысуға ынталандыру, педагогтардың оларды қажетті және қызықты жұмыстарға қызықтыруы мен қандайда бір әрекеттерді орындауға талпындыруға байланысты.
3.Енжар-пайымдаушы. Бос уақытты пайдалану мәдениетінің бұл деңгейіндегі оқушылар өз тынығу уақытын тиімді ұйымдастыру жайлы еш ойланбайды, оны жоспарлаудың қарапайым дағдыларын да меңгермеген. Олар телебағдарламалар көру, қыдыру, көңіл-көтеру, би кешіне бару сияқты ойын-сауықтық сипаттағы әрекет түрлеріне баруды жөн санайды. Оларда мәдени игіліктерді пайдалану өте төмен, мұндай оқушылар сыныптық ұжымда енжарлық танытады. Оқудан тыс және жалпы мектеп ішілік іс-шараларға аз қатысады.
4.Тиімсіз. Мұндай деңгейде оқушыларда рекреациалық қызмет тіпті деструктивті мінез басым болады, әлеуметтік маңызы бар бағыттағы бос уақытты тиімді пайдаланудың барлық формаларына жағымсыз қатынас білдіреді. Өзіндік талпынысы ұйымдастырылмаған, жоспарланбаған қарым-қатынас немесе ауладағы топтарды іздеуінен байқалады. Бос уақыттық жұмыстары ретсіз, қауіпті және әлеуметтенуге қарама-қарсы сипатта болады. Оқушыларының бос уақытын ұйымдастырудың мұндай мәселелерін шешу үшін оқушылардың бос уақыт қызметтерін, құрылымын және мазмұнын анықтап алу қажет.