« Мас» саңырауқұлақпен зақымданған дәнді дақылды азықтармен уланулар. Fusarium тұқымына жататын, көбінесе қара бидай мен бидайды зақымдайтын, F. graminearum саңырауқұлағымен уланулар да кездеседі. Ондай уланулар жылқылардың, ірі қара малдарының, шошқалардың және иттердің араларында байқалады. Адамдар да уланады.
Оның улылық әсер ететін заттары азотты гликозидтердің, холиннің және алкалоидтардың қатарына жатады. 62 сурет «Мас» саңырауқұлақ Негізінен ас қорыту жүйесінің ағзалары мен жүйке жүйесінің қызметтері бұзылады. Мал қатты қозады, бағытты қозғалысы өзгереді, аяқтарының қимылы реттеуге бағынбайды, көру қабілеті нашарлайды. Артынан малдың жалпы күйі нашарлайды, әлсіздік, аяқтарының еттерінің дірілі байқалады.
Жылқыларда дене қызуы төмендейді, жүректің қызметі жоғарылайды. Көбінесе жата береді, құсуға бейімділік білдіреді, суды іше береді, ас қорыту процесі бұзылады, іші өтеді. Мұндай өзгерістер құрамында улы зат бар азықты қабылдағаннан кейін 24-36 сағаттың аралығында байқалады.
Шошқалар жиі құсады. Әлсіз, арық шошқалар өлім-жітімге ұшырайды.
Іру қара малында клиникалық белгілері көмескілеу білінеді. Оларда да қозу, шатқаяқтап қозғалу байқалады.
Емі және сақтандыру шаралары. Құрамында ондай саңырауқұлақтары бар азықтарды өте сақтықпен қолдану керек. Улылығын төмендету үшін дәнді дақылды 2-3 сағаттай 80-90º температурада қыздыру керек. Дәнді дақылды сақтайтын жерде саңырауқұлақтың өсуіне қолайлы жағдайды туғызбауға тырысу керек. Астық өнімін жақсы кептіріп, жауын-шашынға қалдырмай жылдам жинап алуға тырысқан жөн. Зақымданған астық жеке жерде сақталады.
Зең саңырауқұлақтарынан басқа қаштауыш, тотықтырғыш саңырауқұлақтары бар. Олар көбінесе дәнді дақылдарды зақымдайды. Ондай азықпен азықтанған малдар уланады. Уланулардың клиникасы, емі, сақтандыру шаралары зең саңырауқұлақтарына ұқсас болатындықтан оларға жеке тоқталмай, жоғарыда зең саңырауқұлақтары жөніндегі деректерге сілтеме жасағанды жөн көрдік.