12-дәріс
тақырыбы: Қазақ поэзиясында М.Хакімжаіюв, Т.Әбдірахманов, М.Айткожина, Ф.Оңгарсынова, лирикаларын Г.Салкынбаева, Б.Бекетова, Т.Ілясова сиякты акын қыздарынын жалғастыруы
13-лекция
тақырыбы: 80-90 жылдардағы қазақ поэзиясындағы бір топ шоғыр жұлдыздай жастар
Жоспар:
80-90 жылдардағы қазақ поэзиясы.
80-90 жылдары қазақ поэзиясына жаңа леп алып келген жас ақындар.
«80-90 жылдардағы қазақ поэзиясы жайлы сөз қозғағанда, осы жылдардағы тарихи жағдайды айтпай кету мүмкін емес. Бұл кезең халқымыздың өмірінде аса үлкен тарихи маңызы бар уақыт болғаны мәлім. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ұлттық сананың ұлы төңкерісі болды. Орыс империясының шырмауындағы қазақ халқы бодандық бұғауын үзіп шықты. Желтоқсан оқиғасы жаңа тарихи кезеңге жол ашты. Қазақ халқы егемендігін жариялап, Ата Заңын қабылдап, өзін әлемге танытты. Тарихымыз бен мәдениетіміздің көлеңкелі жақтарының ашылуының ұлтымыздың рухани өміріндегі маңызы ерекше. Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан шығармаларының жарыққа шығуы поэзиямыздың көркемдік көкжиегінің кеңеюіне, ұлттық бояуының айқындала түсуіне өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Дамыған сайын, ондағы ұлттық белгілер ашық бедерлене түсті. 80-90 жылдардағы қазақ ақындарының өлеңдері осы ойымызды айғақтайды» .
Ең алдымен, ұлттық рух деген не? Соған тоқтала кетсек.
Ұлттық рухқа «Төрт ана» атты кітапта былайша анықтама берілген.
«Ұлттық рух дегеніміз - өте киелі ұғым. Ол өзге халықтан бөлектену, оқшаулану, өз артықшылығыңды көрсету, өзгеге менсінбей қарау дегенді білдірмейді, оның беті аулақ болсын, оны шовинизм дейді. Біздің халық ешқашан да оның дертіне шалдығып көрген емес, алдағы уақытта да сол кесепатты ауруға ұшырамас та. Ұлттық рух дегеніміз - өз ұлтыңның озық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, таңғажайып тілін бала кезіңнен бастап, қашан жер құшағына енгенше төбеңе ту етіп көтеру, тілін, тәрбиесін берген халықтың лайықты азаматы бола білу деген сөз».
80-90 жылдары қазақ поэзиясына жаңа леп алып келген жас ақындар, қазіргі аға буын ақындар Ұ.Есдәулетов, Е.Раушанов, Т.Әбдікәкімов, Н.Мәукенұлы, М.Ақдәулетов еді.
Тыныштықбек Әбдікәкімовтың мына бір сыры мен арм анына құлақ түріп тыңдайықшы:
… Мен бейшара Даламның айтқан сырын,
пенделердің тіліне аударамын!
Ей, Уақыт, сөз берме,
Берсең маған
Ұлып шыққан ойлардың кезегін бер!.
Ақын ұлы Даланың сырын ұғып, тереңнен ой толғап, соны өлең түріне көшіруге өлердей ынтық, құштар. Пайымдауымызша, Тыныштықбек өлеңін өзі жазып отырмағандай, тек Даланың сырлы жырын жүрегімен тыңдап, жанарына көшіріп, қағаз бетіне түсіргендей.
«Жалпы, Т.Әбдікәкімов нені айтып, нені жазса да тыңнан жол салуға шебер. Оған айсыз түнде даласы мен дарыны адастырмайтын, жалғызсыратпайтын жансерік. Ақын арманы – табиғаттың қаз қалпында сақталуын аңсау» .
Көлдерімді, шіркін-ай, сақтап қалсам,
Көдерімнің мөлдірін берсем де мен! .
Көзін берсе көлін сақтап қалуды армандаған ақын сөзінің ақиқаттығына сенесің.
Қайдасың сен, бауырым – қоңыр тауым?!
Қайдасың, самал жел – қарындасым?!
Қайнамайды мендегі қалайша қан:
(Қаңтарда да көрмедім балауса қар!)
Көз алдымда барасың сен үзіліп,
Көде мұртты Далам-ай, селеу сақал!
Түсіндіре алар ма мұны ғалым,
Түйсіктердің сайраған тілі қане?
Көрсетпеші, бұралқы итке айналып,
Ағысы жоқ арнаның ұлығанын!…
Тонауменен, Далам-ай, күн кештің-ау
Тоғайлардан томарлар ғана қалған!…
…Жарасынан жанымның дірдек қағып,
Дірдек қағып, қып-қызыл жыр ағады….
Тоналған табиғат, күйкі тірлік құрбаны болып кеткен адамдарды көрген ақын сан қилы ой жетегіне ілеседі:
Тағдырыңа тақсырет тап болды ма,
Сыртыңда – шөл, жұртым-ай, ішіңде – шер?!
…Неге, неге, мына жұрт салғырт, керең?
Ойлай білер ұлдары мәңгүрттенген… .
Ұлттық намыс, ел болашағы туралы толғаныстан туған мұндай әрі мұңды, әрі жігеріңді қамшылайтын қайсар жырлар Тыныштықбек талантына тәнті етері сөзсіз.
Мысалы, «Қайран» өлеңінде Абайдан мұра болған сыншылдық дәстүрмен қазақ мінезін егжей-тегжейлі сөз етеді. Бұл өлең ұлт мінезінің жағымсыз жақтарын сынаумен ғана емес, олардың ұлы тағдырына тигізген әсерін қоса жырлайды.
Мен – қазақпын,
Зарығымда қан жылап,
Суқанымда сүт күлген!…
Мен – қазақпын,
Делебемнен селебем,
Кезенемнен кебенегім бар!
Мен – қазақпын,
Дәтім кәлимадан да ауыр
Зәрем жаһаннамнан да терең.
Осы жолдардан жұртым деп соққан жүрек, ұлтына деген ақын махаббаты айқын көрінеді.
Даласына сертіне адал, берік,
Намысына жаны құл адамға еріп,
Өткел кешсең,
Өлмейтін рухым менің
Жылынар саған келіп.
Қайсар төзім қайысып босағанда,
Езбен кетсең,
Жаралы рухым менің
Жылайды босанғанда,
- дейді М.Ақдәулетұлы «Жоламан батырдың қоштасуы» өлеңінде.Батырдың жорыққа аттанарда артында қалып бара жатқан жарына айтқан аманатынан оның елінің ертеңін, ұрпағының тексізденбеуін ойлау бар. Біздің пікірімізше, ақын осы батырдың жарына айтқан аманаты арқылы халқына аманатын айтқан сияқты.
Қазақ халқы бодандық шырмауында екі жарым ғасырдан астам уақыт болғанын білеміз. Ұзақ уақыт бойы бодандықта болуымыздың себебі қанымызға сіңген момындығымызда жатқандай. Момындықты әр ақын әр қалай жырлайды. Мәселен, Т.Әбдікәкімов бір өлеңінде:
Жаратқанға сенгендей өздері тым аңғал-ақ,
Мал баққан боп жүр әлі, маңдай тері сорғалап,
-десе, енді мына өлеңінде:
Қоңыр тірлік…
Көншір ме көңіл оған?
Мосы ілінген мойныңа,
Мөрлі маңдай момындығың
Сор болды-ау маңыраған .
Қоңыр тірлік – момын тірлік. «Қойдан қоңыр» деген жуастықты білдіретін халық теңеуі бар. Ақынның бұл тірлікке көңілі толмайды, себебі өз тірлігі емес. Момындықты маңдайына әлдекім «мөр» ғып басқан. Мына өлеңдегі «момын», ойымызша, қазақтың нақ бейнесі.
Кеулемей ме жегідей жанды шүбә?
Өз тірлігі өзіне мәнді шығар…
Өмір бақи келеді мал соңында,
Қаланы да оллаһи көргісі бар!
Кеңесері кемпірі…
Керқасқасы,
Жауыр болған міністен ол да бүгін!
Тағы да сол таныс таң, жолдас іңір
Жалғыз сыйлық ғұмырын қабылдамай,
Қырсығар да тұншығар көңіл талай.
Әлем қанша құбылып үлгерсе де,
Ата жолын тым қуғыш момындар-ай .
Момындық салғырттыққа, мәңгүрттікке апаратын мінез екенін меңзейді.
Н.Мәукенұлы нарық кезінде де қазақтың бейқам қалғаны жайлы былайша жыр етеді:
Шошымайтын нарқыңнан,
Үрікпейтін талқыңнан,
Қорқам осы кейде мен
Қазақ дейтін халқымнан.
Қазақ халқының сөзді құрметтеу, сөзге табыну мінезі туралы қазіргі қазақ ақындарының ішінде барынша мән бере жырлаған ақын – М.Ақдәулетұлы.
Жан берісіп,
Жан алған жалғыз ауыз сөз үшін
Менің дана бабамның басар ма еді көзі шел?!
Сұры қашқан қайсысы
заман ба, әлде адам ба?
Арзандаса анттай сөз,
Азған екен бағаң да…
Жауласқан екі елді бітістірген, араз ағайынды татуластырған, ел дауын, жер дауын, жесір дауын шешкен құдіретті сөзден қалған тек «сөз қауыз». Сөздің бағасымен халқымыздың бүкіл рухани қадір-қасиеті өлшеніп тұр.
Азаттық үшін өз жанын құрбан ететін түркілік тегімізді барынша мол жырлаған ақын М.Жұмабаев еді:
Тұранда түрік ойнаған ұсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көк түрік енші алып тарасқанда
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?
-деп түркілердің бойындағыдай оттай ыстық қуаттың басқада жоқ екенін, түркілердің қара шаңырағы қазақ екенін айтады. Осы қуатты негізімізден үзіліп қалғанымыз жайлы Т.Әбдікәкімов:
Көк бөрі жоқ көкірегін емізетін ,
-деп өтініш білдірсе, Н.Мәукенұлының төмендегі өлеңінен де осы көңіл-күйді байқаймыз.
Тәңірі көкке қараған
Жүрегі түкті ұл едім.
Тегіме тартпай кеттім бе,
Көңілінен шықпай көптің де?
Ұлттық рухтың бір символы қазақ поэзиясында Дала болып келген. Бұған мысал ретінде І.Жансүгіровтің «Дала» поэмасын алуға болады. Қазіргі қазақ ақындарында Дала тақырыбы лепірме шалқулар, пафос арқылы емес, шынайы суреттеу жолымен ашылады.
Достарыңызбен бөлісу: |