ҚЫЗЫЛ ТІЛ
Арман оты сөнер ме,
Асау көңіл көнер ме.
Сөз семсерін суырып,
Атой салар өнерге.
Тіл киесін аңғарған,
Қыран құстай самғар жан.
Танытады қаламның
Өткірлігін қанжардан.
Тіл пұшпағын илейді,
Ар арбасын сүйрейді.
Омырауы оянбас
Ойсыздарды түйрейді.
Батыр бабам сұсындай,.
Найзасының ұшындай.
Қара тасты жібіткен,
Қызыл тілдің күшін-ай!
Аттап тарих белесін,
Тауды тескен жебесің.
Іреп сойып ашкөзді,
Ізгілік дән себесің.
Ұстағым кеп жалыңнан,
Татсам-ау деп балыңнан.
Құдіретті қызыл тіл,
Қара терге малынам!..
АҚЫНДАР
Гүл тікенмен бірге өседі емес пе,
Ақ пен қара қатар жүрер демес пе.
Алмағайып күндер туса халыққа,
Ең алдымен ақын қайғы жемес пе.
Үкілі үміт бұтағына ілінген,
Ақыл жолы ашылады біліммен.
Ой теңізін сүңгіп ғауһар сөз тапса,
Өлең болып төгіледі тілінен.
Жұртқа аян жайып салар сырымен,
Жүректердің жасын сүртер жырымен.
Ақын, бәлкім, ақ қанатты періште,
Тазартатын көңіл кірін нұрымен.
Алақайлап адалдықты мақтаған,
Арды оятып, арамзаны даттаған.
Алдиярлап бас иемін ақынға,
Ащы болсын тек шындықты жақтаған.
Ай сәулесін алақанмен жаппассың,
Ақындардай әділ жанды таппассың.
Көз жұмғанша арыстандай ақырып,
Күзететін ақиқаттың қақпасын.
Ескерткіш қып даңқын туған жеріне,
Тартулаған тәбәрік жыр еліне.
Тайыр, Жұбан, Мұқағали, Сырбайлар
Айналғандай поэзия селіне.
Махамбеттің алмас қылыш өлеңі,
Ашкөздерге аждаһа боп төнеді.
Абай, Жамбыл, Ілиястың ізінен
Әлі талай жауқазын жыр өнеді.
Құдіретті тұғырынан түспеген,
Тіл - оттан да, қылыштан да күшті екен.
Сондықтан да алты алашым ардақтар
Ақындарын аузымен құс тістеген.
Әр жырында күн көзіндей жылылық,
Ақын аты – даналық һәм ұлылық.
Өмір сүрер өнегелі өр басын
Өлең деген патшалықтың құлы ғып...
***
Қалауын тауып қарды да маздап жандырар,
Қара тасқа да жан кіргізіп ән салдырар.
Ақындар дейтін ғажайып халық тегінде,
Өз ескерткіштерін өлеңмен соғып қалдырар.
Тербеліп күнде тал бесігінде таланттың,
Қиялмен ұшар Ай, Жұлдыздарға самғап тым.
Тағдырдың ащы тозағын татып тұрса да,
Үмітін үзбей есігін қағар жәннаттың.
Сәбидей сенгіш, мейірімге толы жүрегі,
Айнымас достық - пәк махаббаттың тірегі.
Алланың ақын пендесі шығар сүйікті,
Мұз жүректерге шуағын шашар жыр елі.
Алтыннан артық көрінсін, мейлі, мырыштай,
Ойлары терең, сөздері алмас қылыштай.
Аждаһа ажал омақа асып бас ұрар,
Өр ақындарға қайраты болат құрыштай.
Көктемді дәйім құстармен бірге тойлайды,
Аспанды тіліп найзағай болып ойнайды.
Ақынның жыры мәңгілік дейміз, өйткені
Сезімнің сұлу әніне ешкім тоймайды!..
ПОЭЗИЯ ПАТШАСЫ
Шықпаса да өлеңнен жақсы атым,
Талабымның тұлпарын қамшыладым.
Жығылсам да күреске тоймас жандай,
Ақ жол тілеп бәйгіде бақ сынадым.
Әдемі өлең - әулием, сырласымдай,
Сұлудың сыңғырлаған сырғасындай.
Абай - өлең селдеткен ой тамшысын,
Ой тамшысы - ақ жауын тұр басылмай.
Құдіретті ұлы Абай - жан аңсарым,
Ақылыңды ойыңнан табар шағым.
Жалының жайлап қонып жүрегіме,
Жанымның түкпірінен жағар шамын.
О пірім, мен қалайша оянбаймын,
Жерігімдей жырыңа тоя алмаймын.
Жырыңның түкпіріне үңіліп кеп,
Өлеңді болмай отыр қояр жайым.
Намыс деп жаратылып нар кескенім,
Сен болмай, қараңғыда қалмас па елің!
Алтынның сынығындай жырым болса,
Аспанда бір жарқ етіп алмас па едім.
Қырық жылғы сынақтың шуылына,
Ілінген қатыгездік құрығына.
Оқ тигендей шыңғырып Шыңғыстау тұр,
Отыз екі омыртқа жұлыныңа.
Құнанбайдай қажының балапаның,
Қыран еткен Зеренің алақаның,
Қайдан іздеп табамын Тоғжан қыздың,
«Топайкөкті» шырқаған мақпал әнін?!
Уайымдап ұрпағын, қазақ қамын,
Армандаған алаштың ғажаптарын.
Ұлы ақынның жан-жары Әйгерімдей,
Шын бақыттың татқам жоқ ләззат дәмін.
Аңсап күткен не айтам жыр тыңдарға,
Ой қозғайтын өлеңде сиқыр бар ма.
Өзің айтқан ғибрат жетер ме екен,
Бас-басына би болған қиқымдарға.
Миым қатып жындана теңселемін,
Еңкеймесе екен деп еңселі елім.
Абай туған топырақ аман болса,
Өнерліге өріс кең тек сенерім!..
ҰЛЫ АБАЙ
Ақ қараны айтуға қалыс тұрған,
Бір ойын бір ойымен жарыстырған,
Қойнауы - құт, суы - сүт кең далама,
Гете, Байрон, Пушкинді таныстырған,
Құдіретті ұлы Абай - жыр тәңірім,
Сияр емес өлеңге ғарыш тұлғаң.
Торғай басты, тор көзді кер заманда,
Тарлық жасар қызғаншаққ кей жаманға.
Тағылым айтқан кемеңгер көсем едің,
Кеудесінде сәуле жоқ надандарға.
Мыңмен жалғыз алысқан қайран бабам,
Мейір, шафқат тіледің тек адамға.
Қазынаңды тұяғын бағалар ма,
Шырағыңды өшірмей жаға алар ма.
Жер шарында бар ақын жырласа да,
Саған лайық теңеуді таба алар ма.
Талғамы кемеңгердін таудан асып,
Арманы асқақ ойдың ағады алға.
Қойыны кең қоңыр дала сияқтанып,
Өтті Абай жыр мүсіндеп, күй ақтарып.
Өмір деп өксігенде өлеңімен
Ол өзін жырыменен жұбатты анық.
Еренім еңіреген ел алдында,
Сияқты келе жатқан шырақты алып.
Құдіретті данагөй - жыр тәңірім,
Тәңір - жырдың мен де бір ұрпағымын.
Түсініктің білемін ең биігін,
Кісіліктін білемін тұлпары кім.
Ұрпағыңа нұсқай бер тура жолды,
Уланбасын, солмасын гүл-тамырым!...
ЖЫР АБЫЗЫ ЖАМБЫЛҒА
Аспандап арман Құсым самғар жерім,
Армысың Алатаудай заңғар елім.
Қолдаса ұлы Жамбыл әруағы,
Тамылжып тұла бойым, тарҚар шерім.
Асаңды ұстар тұяғың болсам деп ем,
Жаңа туған айға ұқсап толсам деп ем.
Үзеңгісі үзбе алтын пырағыңның,
Үстіне бір сәт, шіркін, қонсам деп ем.
Жырыңа арттағы ұрпақ әлі де таң,
Әлдилеп келеді елді әрі батаң.
Жебей гөр өнер қуған перзентіңді,
Абызы айтыс - жырдың, әулие атам!
Үлгісі өнегелі өсиеттің,
Қадірлі ләйлі түндей қасиеттім.
Ақиық Алатаудың айбаттысы,
Алдында қазақ-қырғыз бас иетін.
Соғатын cap даладан бір қоңыр леп,
Қаққанда ой қоңырау - ол ірі деп.
Қазақтың қара шалын атады жұрт,
Жиырмасыншы ғасырдың Гомері деп.
Шабыттың ертіп тарлан, жолбарысын,
Мәңгілік ұлы жырау толғары шын.
Миллион ақының да аздық етер,
Ғажайып феноменді сомдау үшін.
Тарихтың бесігінде тербетіле,
Нұр шашып келешектің елбетіне.
Жасайды жыр абызы ұлы Жамбыл,
Қалғанша жалғыз қазақ жер бетінде!..
***
Өнерде өршеленген өмірімен,
Көмейдің от үрлеген көрігімен,
Қазақтың қара шанақ әуенімен,
Қамшыдай қайран жырдың өрімімен,
Сен не деген ғажапсың, Әулие атам,
Айтыс туын қазақтың төріне ілген.
Қара сөз қақса қанат кім ұқпаған,
Қол соққан дүр сілкініп тұрып ғалам.
Аттың жалы, түйенін қомында өсіп,
Халқының азап-шерін ұмытпаған.
Түсімде ұлы Бабам тауда тұрып,
Бетіңді тұр екенсің бұрып маған.
Ниетің ақ! - дедің сен, - Дұрыс мұның,
Көкірегіңнен кетірме Күн ыстығын.
Бірлігіңді іздесін, білек қосып,
Бір-біріне ден қойып, ұғыс бүгін.
Тәңірідей тәуелсіз күндеріңнің
Бұзып алып жүрмеңдер, тыныштығын!
БҰҚАР ЖЫРАУ
Бөбектей жұпар иіс жөргектегі,
Балауса жырларыңды тербеткелі.
Жас шақтан арман қуып кеттің бе екен,
Сиынып ақындарға жер-көктегі.
Арыған арғымақтай болма деген,
Қуарып бәйшешектей солма деген.
Есімде Бұқар жырау өлеңдері,
Түсерсің ажал жетсе орға деген.
Артында қалған мұра - қазынадан,
Естілер даналықтың сазы маған.
Зерттесе Мәшһүр Жүсіп, Мұхтар, Сәбит,
Жырыңды жатқа оқитын Қажым ағам.
Жебесі тастан өтер батыр елдің,
Ай нұрын ұстап мінген ақыны едің.
Алаштың қамын ойлап отқа түскен,
Ұлтымның қамқоршысы, жақыны едің.
Кәпірлер қала салып құрықтауда,
Қазағым, бермеші, - деп, - ырық жауға!
Араша сұрағансың шыр-шыр етіп,
Көкшетау, Есіл, Нұра, Ұлытауға.
Құлпырып гүлдеуі үшін пүліш өңір,
Қажет деп бейбітшілік, тыныш өмір.
Қантөгіс жасатпаған Абылайға,
Табанды төбе би ең құрыш көңіл.
«Сый-сипат бақшасында сайраңдаған,
Бірліктің жүзі жарқын жайраңдаған.
Бірін - жең, бірің - етек болғын!» - деген
Өсиет сөз қалдырған қайран бабам!
Бөлінсең бөрі жейтін сорың бар деп,
Ынтымақ ауылына қоныңдар деп.
Жар салып тұрғандайсың әлі күнге:
«Туғандай бір анадан болыңдар!» - деп...
ҰЛБИКЕ ТУРАЛЫ ЖЫР
Басатын атақ-даңқтың мөрін анық,
Деуші едім шын өнердің жолы жарық.
Қаскүнем күйеуіңді - ай!
Ән аққуын
Қалайша қиды ажалға қолы барып?!
Қыршыннан қияр деуге ауыз бармай,
Тұрса да сен кезіктің жауыз жарға - ай.
Халқының қарғысына ұшырапты ол,
Қызғалдақ үзілген соң қауыз жармай.
Атойлап зұлымдықтың азабына,
Көне алмай сұм тағдырдың мазағына.
Биіктен қарап бүгін тұрсың ба екен,
Өнердің жұлдызы боп қазағыма.
Наданнан қалай нұрлы сөз тарасын,
Өлең боп өрілді кіл көзқарасың.
Қиямет күн туғызды-ау қас талантқа,
Қызғаныш ушықтырып өз жарасын.
Өтті деп талай өрім тар кезеңде,
Аңыздар айтылып жүр әр кез елде.
Ағызды асау толқын қанша арманды,
Үркектеп қарап жүрмін мен де өзенге.
Әуелеп әсем әнің үдер еді,
Әзәзіл қол-аяқты шідерледі.
Асылды ардақтайтын елің болса,
Атыңды бүкіл әлем білер еді.
Есерлер қазір де жүр ісінгендей,
Шамасы жоқ болса да құс ілгендей.
Өзіңді ойыма алсам, Ұлбике ақын,
Боламын ащы өмірді түсінгендей...
ЖЫРДЫҢ ПІРІ – МАХАМБЕТ
Жырдың пірі - Махамбет,
Исатайды ағам деп,
Ақ кіреуке жағам деп,
Қозы жауырын, оқ сөзбен
Сұлтандарды шенедің,
Қараны ханға теңедің.
Тебіңгі теуіп келгенде,
Теңдік алам деп едің.
Сертіне берік тарланым,
Дана ойлы заңғарым.
Асыл бір туған тектім-ай,
Ақ Жайықтай арманың.
Оза шапқан өренім,
Бұрала біткен еменім,
Жез бұйдалы нар едің,
Теңдік сұрап зар едің
Семсер жырдың тойы едің,
Ақ сұңқар құстың сойы едің.
Нағыз намыс, шын арым,
Жайқала ұшқан қыраным,
Кіреуке киген киелім,
Көбе бұзған жыр-әнің.
Ұрпақтарыңөзіңе
Ұқсаса деп тұрамын!..
КЕНЕН АҚЫН РУХЫНА
Арттырып аққу жырмен салтанатын,
Қағатын періштедей ақ қанатын.
Ту қадап атақ-даңқтың асқарына,
Көтерген шырқау шыңға ақын атын.
Дат, Ата, алдиярлап жалынайын,
Жеп жатыр жүрегімді сары уайым.
Жеңілдеп қалар ма екем, құлақ түрші,
Армансыз ақ борандай аңырайын.
Қаланың шуын мен де сүймеп едім,
Киелі қамзолдағы түймең едім.
Лақтырды қатал тағдыр шыңырауға,
Өлеңнің арқасында күйремедім.
Өртеніп қара орманым - шаңырағым,
Айрылып бір жалғыздан аңырадым.
Құлаған бәйтеректің бүршіктері
Әулеттің көтере ме әруағын.
Жібек жал, қос құлыншақ құшағымда,
Білмеймін, құлаймын ба, ұшамын ба.
Қайғының тау толқыны соққылап тұр,
Қайратым жетер емес күш-ағынға.
Күндіз-түн көлегейлеп бұлт мұнары,
Көгімнің жанарына шық тұнады.
Көк кептер көкірегімнен қалай ұшпақ,
Қанбаған кәусар жырға бір құмары.
Орақ тіл сенде болды от қазатын,
Кеудеңде әнге толы жатты азат үн.
Шарама түсер ме екем, шерім тарқап,
Шабыттың сәл мінгізші ақ боз атын.
Барында бал немерем - өз ұраным,
Кетпейді кеудемдегі тозып әнім.
Кенеатам, рухыңмен желеп-жебеп,
Сүйегін қатайта гөр қозылардың.
Даламның сүріндірме тұлпарларын,
Құлатпа құрыш қанат сұңқарларын.
Туған жер төскейінде тауқыметсіз,
Көруге жазсын тәңір нұр таңдарын!..
МҰҚАҒАЛИ АҚЫНҒА
Аз болса да күндері күлімдеген,
Шымылдығы сенімнің түрілмеген.
Аяғынан шалса да қатал тағдыр,
Мұқағали жырлары сүрінбеген.
Туған жерін, Отаның сүйіп өткен,
Алатауға өр басын иіп өткен.
Хантәңірі шыңындай көкке өрлетіп,
Қара өлеңін қазақтың биіктеткен.
Ұлтымыздың өтсе де бағын тілеп,
Әділетсіз жандардан налып, жүдеп.
Қапияда мертіккен Құлагердей,
Тоқтап қалды-ау мезгілсіз жалын жүрек.
Қапаланып ұқпайтын надандарға,
Қайғы өртесе өзегін амал бар ма.
Қадіріне жетпеген тірісінде,
Қалай өкпе артпайын адамдарға.
Жасырмаймын сырым жоқ елден бүгер,
Жабырқасам алушы ем сенен жігер.
Талантыңа табынып тағы келдім,
Қасиетті рухыңмен жебеп жібер!..
ФАРИЗАНЫҢ ЖЫРЛАРЫ
Қазағымның бақ, дәулеті, ырысы,
Балдай жырдан қанар құлақ құрышы.
Үш жүз алпыс тамырыңды идірген,
Өнер алды - қызыл тіл ғой дұрысы.
Айтпаңыздар асырды деп аса тым,
Адалдықтың нұр шапағын шашатын.
Ақындар бар мың батпан жүк көтеріп,
Жүрек құлпын жыр кілтімен ашатын.
Тәңірінің нығыметіне сиынған,
Таңдайына киелі сөз жиылған.
Таңғажайып Фаризаның жырлары,
Терең ойды қиыстырар қиыннан.
Мойындатқан кәріні де, жасты да,
Мойындатқан досы түгіл қасты да.
Фаризаның шуағы мол жырлары
Жібітіп жүр қамшы үйірген тасты да.
Босағадан төрге оздырып өлеңді,
Елдің ыстық ықыласына бөленді.
Абай, Жамбыл жолын кқуып жыр жазған,
Ащы тердің қарымтасы төленді.
Атты арбап, атан жұтып тасқандар,
Арын сатып арнасынан асқандар.
Алдаспандай өткір жырмен түйрелді,
Ала қолдан алданып шоқ басқандар.
Шыншыл адам ешқашан да кішірмес,
Рухы мықты ұнжырғасын түсірмес.
Фаризаның жалын атқан жырлары
Қарлы аяздың бораныңда үсірмес.
Сал сезімнің сан алуан қырлары,
Мөлдіреген махаббаттың сырлары.
Туған жерді, тіл мен дінді сүюге
Баулып жатыр Фаризаның жырлары.
Майыспаған мұқатса да шерлі күн,
Махамбеттің жалғастырған ерлігін.
Жырларында сұр жебенің сұсы бар,
Жұрт мақтайды Фаризаның өрлігін.
Бүгіндері алты алашқа аты аңыз,
Мұңын шаққан Мұқағали ағамыз.
Жаның жеген сан сұрақтың жауабын
Фаризаның жырларынан табамыз.
Берілмеген қасіретке, күйікке,
О Жаратқан! Қайсар қызды иілтпе.
Фаризаның парасатты жырлары
Жас ұрпақты жетелесін биікке!..
ЖАЗУШЫ
(Н.Дәутаевқа)
Жас буынға өмір сырын үйретер,
Желбуаз бен желөкпеден жирентер.
Жазушы деп аталатын халық бар,
Жалғандықтың тас қамалын күйретер.
Өрге жүзіп өнерімен танылар,
Азбас ақыл шуағына малынар.
Ана тілдің мәртебесін өсір деп,
Субхана Алла, Жаратқанға жалынар.
Жинап-тернеп маржан сөздің сұлуын,
Жұпар шашқан суреттейтін қыр гүлін.
Жазушыдай дарқан жанды көрмедім,
Жұртқа берер жүрегінің жылуын.
Ұшқыр қалам жазбай қалай тоқтасын,
Ұмытады шабыт келсе отбасын.
Дос-жараннан, той-думаннан алыстап,
Киіп өтер жалғыздықтың ноқтасын.
Бұл фәнидің жалғандығын ән қылып,
Мезгіл - өзен аққанымен жаңғырып.
Хайдар Дулат, Абай, Жамбыл сияқты
Ұлылардың сөзі жасар мәңгілік!
Ей, оқушым! Дарын даңқсыз жүрмек пе,
Қызғаныштың қызыл шоғын үрлетпе.
Білім - алтын қазынаңды молайтар,
Таланттарды тірісінде құрметте!..
ШЫН ДОС
Іңкәр болып көсем сөзге
Ақындықпен түскен көзге.
Қызғалдақтай қатар өскен,
Құрбым бар ма сенен өзге.
Құттың қайда қонатының,
Туған айдай толатының.
Сен үйреттің жарға ұнайтын
Әйел қандай болатының.
Бұлақ даусы күлкісінде,
Періштедей нұр пішінде.
Сен көрсеттің жаны нәзік
Ана болу үлгісін де.
Тіршіліктің құбылмалы
Қатал заңын ұғынғалы.
Құшағыңнан қуаттапты,
Қайратымның тұғырлы әні.
Тайсам қисық бұралаңда,
Сүйеп жүрсің құлағанда.
Самал жел боп жасым сүрттің,
Қайғы жұтып жылағанда.
Жырдан тіккен қосым бар ма,
Шабыт маздар мосым бар ма.
Әлсіз өлең жазу-күнә,
Күләштай шын досым барда!..
ҚАЙЫРБЕККЕ
Артта қалды жастықтың бал айлары,
Егделікті байқатар самайлары.
Адал, аңғал балаша ақ көңілмен,
Болашаққа Қайырбек қарайды әлі.
Біледі жұрт, ағайын қадіріңді,
Төгіп жүрсің мейірім - жарығыңды.
Өлең туын көтеріп көш бастаған,
Күләшіндей сенің де жаның үлгі.
Ұлағатты отбасы бір өзінде,
Ұлылық бар момақан мінезіңде.
Жан-жарыңның ұсынған сұлу жыры,
Жүрегіңді бөлейді гүл сезімге.
Қарсы алдында қарттықтың құба белі,
Енді соқпас көктемнің жұпар желі.
Алпыс жастан асқан соң төрге озасың,
Аталардың атанып мұрагері.
Өрмелеткен кәрілік жартасына,
Шал болудан, Қайырбек, қорқасың ба?!
Қорықпашы...
Ертең-ақ жасарасың,
Шөберең мен шөпшектің ортасында!..
СЕНЕМ САҒАН
Хадишатай, хош келдің, қарлығашым,
Қуанышың жүзіңнен арылмасын.
Қайырбек пен Күләш тұр мәз-мейрам боп,
Қалай ғана жүрегім жарылмасын.
Алып ұшқан көңілі басылғанда,
Ақтаңдақ күн ұйқысын қашырғанда.
Шаршағаның ұмыттыр, Хадишажан,
Мойыныңа Күләштің асылғанда.
Тәтті сөздер төгіліп таңдайымнан,
Іңгәлаған үніңе жалғайын ән.
Тілеуінді тілеген бір әжең ем,
Сүйейінші иіскеп мандайыңнан.
Шаттық нұрын сепсе деп жүректерге,
Күттік сені күдікті ой жүдеткенде.
«Құт» сыйлаған халқына Күләшұа ұқсап,
«Күшті ақын бол!» жалғыз-ақ тілек менде!
Қызылорда, Таластың елі аңсаған,
Қалаулы қыз болар деп сенем саған.
Бәйдібектей бабаңның рухы қолдап,
Жеңіп шыққын кездессе белес алдан!..
ҚУАНТА БЕР, МАҚҰЛБЕК ТУҒАН ЕЛДІ
Ғазет деген жаңалық жанартауы,
Тіршіліктің жат оған самарқауы.
Аласарған арманды асқақтатып,
Үмітінді үздірмес жан арқауы.
Ғазет деген халықтың ар-намысы,
Ақиқаттың күресі, арпалысы.
Өмір бойы тілшіге табылмайды,
Сайрандауға уақыттың қалтарысы.
Қызыметі қашан да жолға ұласқан,
Оған қуә кең дала, мөлдір аспан.
Арып-ашып барғанда диқандардың
Ақ пейілі түнерген көңілді ашқан.
Жұрттан бұрын қарсы алып таңғы нұрды,
Тыным таппай өткізер сан дүбірді.
Табаныңан таусылып тізе бүкпес,
Тың хабарды ел білсін деп дәл бүгінгі.
Тебіренткен өлкені ән самалы,
Тұрған күтіп жұмыстар қаншама әлі.
Талай мәрте бәрі шын тау мен құмда,
Дәметкеннің дәмді асын аңсағаны.
Асау тағдыр еркіңе бағынған ба,
Атақоныс қызғалдақ тағынғанда.
Жан жүрегі еріксіз елжірейді,
Жуалының жуасын сағынғанда.
Алғыр ойдың домалар өрге тасы,
Алпыс деген жігіттің аға жасы.
Алтын айды адамға алып берер,
Даналықтың, ақылдың баламасы.
Қиындықтың қиратып теперішін,
Шарықтатып шабыттың көгершінін.
Қуанта бер, Мақұлбек, туған елді
Бағындырып өрелі өнер - шыңын!..
КЕУДЕМНЕН ҰШҚАН БОЗТОРҒАЙ
Балауса балғын шағымнан,
Халқымның қамын жеуші едім.
Өскенде туған еліме,
Боламын қамқор деуші едім.
Ақын боп тұлпар мінсем де,
Артымда құйрық, жалым жоқ.
Пердесін бұзар қылмыстың,
Шындыққа шашар малым жоқ.
Жолсыздық пенен жөнсіздік
Маңайды тегіс жайлады.
Күресер менде дәрмен жоқ,
Зығырым әбден қайнады.
Адасқандарды, Жаратқан,
Алып шық қырсық жолынан.
Алласыз шыбық сынбайды,
Айыңды туғыз оңынан.
Не үшін келдім өмірге,
Тауымды биік таппасам.
Несіне ақын атандым,
Дария судай ақпасам.
Киелі дарқан өлкенің
Көркейтсін өнер өңірін.
Кеудемнен ұшқан бозторғай
Көтерсін жұрттың көңілін!..
ТОЛҒАНЫС
Баяғыдан музаға сыр ашқан ем,
Өз әлімше жырыммен нұр шашқан ем.
Поэзия көгінің қос жұлдызы
Мен Фариза емеспін, Күләш та емен.
Соларға ұқсап отты өлең төге алмадым,
Және өнер күмбезін соға алмадым.
Қайдан табам...
Инемен құдық қазар
Қайран алтын уақыттың жоғалғаның?!
Қайдан табам күндерді қайырымсыз,
Қара жартас секілді дәйім үнсіз.
О тағдырым, оралтып берші маған,
Жас күнімді арманшыл, айы мұңсыз.
Жел өкпелі жылдарды жағалайын,
Текке өткен мезгілден ақы алайын.
Қадіріне өмірдің жету үшін,
Қас қағымдай сәтін де бағалайын.
Кімге қажет тірліктің бұлыңғыры,
Ақтарылсын ақынның шырын жыры.
Жұмыр жердін үстінде жүрген жандар,
Құрметтесін, сыйласын бірін бірі...
ӨЛЕҢ
Жатпаса да таңдайымнан бал тамып,
Жүрген жоқпын бос қиялға малданып.
Жыр - тұлпардың тізгініне жармастым,
Ақындықтың ауылына жалданып.
Қайнап тұрған ыстық қанды суытар,
Сиқырлы сөз ішінде бал, уы бар.
Сегіз қырлы, сексен сырлы сұлу жыр,
Тоқсан тоғыз толғатқанда туылар.
Тізе бүгіп, қол қусырып тұрмайтын,
Жалғандыққа әсте мойның бұрмайтын.
Бір ғажайып өлең жазсам деуші едім,
Озбырларды тұзақ құрып шырмайтын.
Жемқорлардың қабырғасын күйретер,
Өсекшіні көкпар етіп сүйретер.
Бір ғажайып өлең жазу - арманым,
Парақорға әділетті үйретер.
Сол сәт туса айтқызбаймын жайдақ ән,
Араздарды тату етем қайтадан.
Достығына сызат түскен бейбаққа,
Ынтымақтың қадір-күшін байқатам.
Бет-пердесін жұлып тастап аярдың,
Пасықтығын жер-жаһанға жаярмын.
Салтанатын асқақтатып шындықтың,
Содан кейін жыр жазуды қоярмын...
ӘЛІБЕК ӘМЗЕЕВКЕ
Қауырсының қатайтқан сан қанаттың,
Шапса қылыш, атса оғысың таланттың.
Ту тіксін деп туған жерге жарыста,
Тұлпарларды танып, баптап, жараттың.
Адалдықтың қуып арман елесін,
Дүниеге бой алдырмай келесің.
Бейнетіңнің зейнеті бар дегенге,
Білем,білем, жас балаша сенесің.
Қас батырдай бойың тіп-тік, сымбатты,
Құшағың құт достарыңа қымбатты.
Көкірегің нұрға толы болған соң,
Сандуғаш та саған әнін тыңдатты.
Балдағы алтын ақ берені өнердің,
Бос өтті деп жастық шағың сөгер кім.
Еткен еңбек желге зая кеткен жоқ,
Ел ағасы болып бүгін көгердің.
Жібітердей көн көңілдің берішін,
Жұлдызы ыстық сегіз қырлы серісің.
Қабағыңды шытпай жүрші, Әлібек,
Қаңтар мұзы шуағыңнан ерісін!..
АУЫЛ ТІЛШІСІ
(М. Исатайқызына)
Бағындырар белес көп қаншама әлі,
Бәйек болар ауылдың жанса бағы.
Мадақтайды ерлігін шопандардың,
Маңдай терін сүртетін таң шапағы.
Мінгеннен соң арғымақ от тұяқты,
Мәрт тұлғаның қайғысы жоқ сияқты.
Мағлұматтар жинаса сұхбаттасып,
Мұң-мұқтажы малшының көп сияқты.
Ақ бидаймен аймақты құндақтаған,
Адамдардың игі ісі қымбат саған.
Қиянат та шегесің кей сәттері,
Қорғаймын деп диқанды күн қақтаған.
Туған жердің қол бұлғар атырабы,
Жаңалықтар жазуға шақырады.
Содан ба екен Мейрамгүл ауыл жайлы,
Сүбелі ойдың қымызын сапырады.
Ұйқышылдың өресі өспейтінін,
Ұқыптыдан ырыс-құт көшпейтінін.
Ұтқыр сөзбен көкейге қондырады,
Ұны бардың ошағы өшпейтінін.
Сақтағандай көзінің карашығын,
Екпіндетсе эфирден дала жырын.
Ел алғысы бөлеп жүр абыройға,
Алтын бесік ауылдың жанашырын!
ЕЗУ ТАРТАР ЕЛУ ЖАСТА СЕЗІМ ГҮЛ
Өткен күнге ой жүгіртсек пайымдап,
Келмес көктен тер төгілмей дайын бақ.
Ерте түсті шаштары да Еленнің,
Туған жердің болашағын уайымдап.
Жан әлемі от пен судай көрікті,
Сендей болса, шіркін, барлық бөрікті.
Адалдықты бөлген кезде Жаратқан,
Үйіп-төгіп жалғыз саған беріпті.
Іштарлық қып біреулерді даттамай,
Ғұмыр кешкен ала жіпті аттамай.
Ай маңдайлы азаматсың нар тұлға,
Айтшы, Елен, қалай тұрам мақтамай.
Аласарып ұсақ-түйек сөзге ермей,
Қаламыңды қару еттің өзгермей.
Жанар таудай от шабытпен жүзге жет,
Кәрілікке тізгініңді тез бермей.
Бұлт басса да жолдарыңды жосылған,
Сен емессің қиындықтан тосылған.
Қызығамын сүйген жарың Зинаға,
Жігіттердің сұлтаныңа қосылған.
Езу тартар елу жаста сезім гүл,
Жұлдызынды жарқыратар кезің бұл.
Жаратқаннан тағы 50 жас сұраймыз,
Одан арғы жағын, Елен, өзің біл!..
КӨСЕМӘЛІ
Алты алашты ардақтап «пірім» дейсің,
Аман болсын киелі тілім дейсің.
«Батыр бала туғызған әке» десем,
Сәл жымиып сыпайы күлімдейсің.
Жарқыратып сезімнің таңғы нұрын,
Жан әлемі жеткізіп жаңғырығын.
Жазушы да атандың, Көсемәлі,
Туған елдің әспеттеп ән ғұмырын.
Қазақтардың танытып тектілігін,
Біз жетпеген биікке жетті ұлың.
Қаламын мен Олжасты көкке өрлетіп,
Бау-бақшаңа елу жас екті гүлін.
Ұлылардың ілесіп дүрмегіне,
Шын таланттар шат ғұмыр сүрмеді ме.
Жамбыл бабаң секілді жүзге жетіп,
Бөлене бер халықтың құрметіне!
ЖАНАШЫР
Халқым десе айдарынан жел есер,
Қайсарлығы Алатаумен теңесер.
Қоғалы көл құрағындай жайдары
Қарапайым, жұртпен жылы кеңесер.
Қажыр-қайрат бұрым болып өрілген,
Сөздің құны сүбелі іспен көрінген.
Ұлттық өнер жанашыры Күлімхан,
Орын алды өлеңімнің төрінен.
Бармағынан бал тамғанды демеген,
Қара бастың қамын мүлде жемеген.
Пәк жүрегін желкен етіп келеді,
Мәдени мол жиһаз артқан кемемен.
Жүк көтерген арқасына мың батпан,
Жолаушыдай шаршап кейде түн қатқан.
Жазираны етемін деп гүлстан,
Жастық шақтың бал дәуренің ұрлатқан.
Әйелдерді құрмет тұтпау - бүгін сын,
Паң дүние аяғыңа жығылсын.
Атан жілік, арқар мүйіз жігіттер,
Аналардың ұлылығын ұғынсын!
АЙША АҚЫН
Бір қолында - қаламы, бір қолында - қазаны,
Оңай емес білемін ақын әйел азабы.
Оқушысын қуантар табу үшін тың теңеу,
Ертелі-кеш инемен жыр құдығын қазады.
Бір қолында - қаламы, бір қолында - қазаны,
Оңай емес білемін ақын әйел азабы.
«Түн ұйқыңды төрт бөліп, бесігімді тербет», - деп,
Жыр перзенті шырқырап күнде алады мазаны.
Шабыттанған шағында өлең билеп санасын,
Ұмытады жан-жарын, әлдилеген баласын.
Падишадай әлемге ақыл көзбен қараса,
Әулиеге ұқсатып кейде тіпті қаласың.
Жазбай жүрсе қиналар айыпкердей жазалы,
Бір қолында - қаламы, бір қолында - қазаны,
Мың - миллион ойланып, толғатқанда оңаша,
Шапағатты, шуақты жыр туады ғажабы.
Аңсағанда кеудеден әдемі өлең ағылар,
Аптап ыстық сезіммен сүйіктісін сағынар.
Ақындарға ғашық боп мұңаю да ғанибет,
Махаббаттың маздаған шам-шырағы жағылар.
Алай-түлей боран боп буырқанар шағы бар,
Аласарса жабырқап күміс моншақ тағынар.
Айналайын, адамдар, мейіріммен қараңдар,
Өлең жазған әйелдің мандайының бағы бар!..
ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ҒАЛИЯ
Ойыңды шарықтатар әр қияға,
Осындай қыз тілеймін бар ұяға.
Меркінің ең таңдаулы аруы ғой,
Бір өлең арнайыншы Ғалияға.
Жақсының нұры тасысын мақтамақпыз,
Қалайша ішке бүгіп сақтамақпыз.
Мейірім шуағына бөлеп жұртты,
Қарайды ақыл көзбен ақ тамақ қыз.
Биікке таласпайды жүрер төмен,
Еңбексіз бақытты өмір сүрер демен.
Мөлдіреп моп-момақан тұрса дағы,
Зердемен жан дүниеңді білер терең.
Тәңірден бұл жалғанда бар ма күшті,
Жасынан жек көреді жалған істі.
Қазақтың таңғажайып бір қызы ғой,
Алтыннан артық көрер ар-намысты.
Top тоқып, кесте тігіп отырады,
Дәмді аспен дастарханың толтырады.
Бір сырлы, сегіз қырлы жан бар десе.
Басқа емес көкейімде ол тұрады.
Бесіктен ұлттық салтты көргенімен,
Бекзаттық уыз сүттен, жөргегінен.
Ибалы, инабатты бал мінезің,
Жүректің орын алды ең төрінен...
ҚУАНДЫҚҚА
Балдай сөзді балқытып,
Көк сағымдай ойнатар.
Жүрегіңді шалқытып,
Сезіміңді тойлатар.
Шабыт құсы шарықтап,
Шыңырауға бойлатар.
Асыл таспен сапталған,
Алдаспан жыр қолында.
Арғымақтай бапталған,
Қас өнердің жолында.
Өлеңді ту ғып келесің,
Бағың әлде сорың ба?!
Бел ортадан асқан соң,
Би билеуден қаларсың.
Қарттықтың үзеңгісіне
Аяғыңды саларсың.
Өкінішпен өткенді
Есіңе тек аларсың.
Бірақ, бірақ ақынға
Жолай алмас кәрілік.
Айналар ол жалынға,
Жыр жазғанда сарылып.
Паң дүние бас иер,
Шаң-тозаңнан арылып...
ӘРІПТЕС ІНІМ
Қасиетті Құлан жері ғажап-ақ,
Қайғы - мұңнан жібереді тазалап.
Құшағынан шипа табар дертіне,
Қабырғасы қайысқан әр азамат.
Сейсен інім, ет жақының - елің бар,
Сондықтан да қаламыңның желі бар.
Отпен кіріп күлімен бір шыққан соң,
Омырауын ашып Отан сені ұғар.
Ауылдағы өнер қуған жігітсің,
Көп сырыңды сақтап ішке бүгіпсің.
Оңашада жанды тербер жыр жазып,
Өлеңнің де шыңына көз тігіпсің.
Аталы сөз татиды атан түйеге,
Қаламгерді халқы бекер сүйе ме.
Оқырманға тұщымды ойың жетпесе,
Құрметтей ме, арзанға бас ие ме?!
Өмір - өзен ақпай, сірә, тұрар ма,
Асуларға жетелейді ұлы арна.
Жазушы інім, мәртебеңді көтерсін
Қаламыңнан туған әрбір шығарма!
Достарыңызбен бөлісу: |