Жәбірленушіден жауап алу кезінде тонау немесе қарақшылық шабуыл ол үшін әр уақытта кенеттен болған жағдай екенін ескеру керек. Қарсы алдынан қылмыскерді, әсіресе қаруланған қылмыскерді көргенде, жәбірленуші сасқалақтап қалады. Кейбір жәбірленушілер қорқыныш сезімінен белгілі бір уақытқа есінен танып қалады, ал есін жинап бұл жағдайда не істеу керектігін: көмекке шақыру керек пе, қарсылық көрсету керек пе, қылмыскерге затты ешбір қарсылықсыз беру керек пе, әлде қашу керек пе екендігін ойлағанша біраз уақыт өтеді, яғни бұл уақыт қылмыскердің қажетті құндылықтарды алып жасырынуына жеткілікті болып табылады. Жәбірленушінің есінен танып қалуы және өзінің кейінгі әрекетін ойластыруы айналасында болып жатқан оқиғанын мән-жағдайларына көңілін жинақтап қарауға кедергі жасайды. Сол себептен де, жәбірленуші қылмыскермен қатынаста болған уақытында, іс үшін маңызы бар мән-жайларды есінде сақтай алмайды.
Бұл психикалық жағдай жауап алу кезінде міндетті түрде ескеріліп, сәйкесінше бағалануы керек. Жәбірленушінің сасқалақтау нәтижесінде қылмыскердің ерекше белгілерін, қару түрін және өзге де қылмыс оқиғасының мән-жайларын көре алмауы мүмкін. Сондықтан қанша сұрақ қойылса да нәтижесіз болады. Жәбірленуші инсценировкаланған қылмыстың ұйымдастырылуында сезікті болып қалуы да мүмкін. Сондықтан да жәбірленушінің көрсетпелеріне баға беруде ол шын мәнінде болған мән-жайды барлық уақытта қабылдап және оны айтып бере алмайтындығын ескеру керек. Мысалы, шабуыл қылмыстық топпен жасалғанда, жәбірленушіге қылмыскерлер көп болып көрінуі мүмкін. Қылмыс құралдарын сипаттауда қателіктер жиі жіберіледі. Қылмыскердің қолынан көрінген кез-келген жылтыраған затты атыс қаруы немесе пышақ деп қабылдау жағдайлары жиі кездеседі. Қылмыскерлер тапаншаның орнына ағаш макеттерін, ойыншық тапаншаларын немесе өзге де қаруға ұқсайтын заттарды қолданған жағдайларда қателіктер кетуі мүмкін. Мысалы, жәбірленуші қылмыскерлер мылтықпен қаруланған деп хабарлайды, ал шын мәнінде оның қолында шыбық болған.
Мұндай қателіктер тонау және қарақшылық шабуылдардың әдетте кешкі уақытта, нашар жарықтану кезінде немесе басқа да қабылдауға жқолайсыз уақытта жасалатындығымен түсіндіріледі.
Көп жағдайларда жәбірленуші оған шабуыл жасалғандығы туралы бірден хабарлайды. Сондықтан алғашқы жауап алу кезінде жәбірленуші өзіне-өзі келе алмайды: жылайды, қылмыскердің дөрекілігіне ашуланады, қорқыныш сезімінде болады, ұрланған құндылықтардың жоғалғанына көне алмайды, алынған дене жарақаттарынан ауырсынады. Осы психологиялық жағдайды ескере отырып, жәбірленушіні жауап алар алдында жұбату керек, оған қауіптің өткендігін және барлық көңілін болған мән-жайды, әсіресе қылмыскерді іздеу мен әшкерелеуге маңызы бар мән-жайларға баса назар аударып есіне түсіру керектігін түсіндіру керек.
Жәбірленушіден жауап алу барысында келесілер анықталады: тонау немесе қарақшылық шабуыл қай уақытта және қай жерде (қала, ауыл, көше) жасалды; жәбірленуші ол жерде қандай жағдайлармен жүргендігі және қай жерде шабуылға ұшырады; қандай жағдайда ол қылмыскерді көрді, оның артынан біреудің аңдып келе жатқандығын байқамады ма; қылмыскердің іс-әрекеті қандай болды, құнды заттарды беруді талап етті ме, әлде жұлып алды ма, егер қылмыскерлер бірнешеу болса, онда олардың арасында қандай әңгіме болды, олар бір-бірін аты-жөндері бойынша немесе лақап аттарын атаған жоқ па, қандай заттармен қорқытты, бұл заттардың белгілері; қандай заттар тоналды, олардың жекелеген белгілері немесе зауыттық нөмері қандай еді. Жәбірленушіде тоналған заттар заттардың қандай да бір бөлшектері (сағаттың бауы, жұлып алып кеткен сумканың бауы, сыртқы киім матасының бөліктері) сақталынып қалғандығын анықтау маңызды болып табылады. Тоналған заттардың бағасы (құны) анықталады.
Қылмыскердің белгілерін жәбірленушіден мұқият түрде анықтау керек (сыртқы бет-келбетінің ерекшелігі, киімі, жүрісі, жекелеген сөздерді айту ерекшеліктері). Жәбірленуші қарсылық көрсетті ме және ол неден көрінеді, қылмыскердің денесіне немесе киіміне қандай да бір зақымдар келтірілді ме деген сұрақтар іс үшін маңызды болып табылады. Қылмыстық топпен жасалған шабуыл кезінде әрбір қылмыскердің рөлі анықталуы тиіс.
Егер жәбірленуші көрсетілген жәбір нәтижесінде ауруханаға емделуге түссе, жауап алуды дыбыс таспасын қолданып, жәбірленушінің әр сөзін жадыға басып алу арқылы жүргізген жөн. Бұл жәбірленушінің емделуі созылып кетсе немесе жәбірленуші қайтыс болып кетсе, қылмыскерге іздеу салуда маңызды рөл атқарады.
Киімді қарау мен жәбірленушіні куәландыру. Тонау және қарақшылық шабуылдары кезінде жәбірленуші мен қылмыскер арасында төбелес болуы мүмкін. Төбелес нәтижесінде қылмыскер киімінің талшықтары жәбірленушінің киімінде қалуы ықтимал. Олардың табылуы қылмыскерді әшкерелеуде маңызды рөл атқаруы мүмкін, сондықтан жәбірленушінің киімін мүмкіндігінше тезірек қарауға жіберу керек. Қарау өте күшті үлкейткіштер немесе микроскоптың көмегімен жарықтықта жүргізіледі. Қарау кезінде ешнәрсе табылмаса, киімнің сыртқы жағын ішке қаратып, целлофанға салып, сараптамаға жібереді. Сараптамада микроталшықтарды арнайы аппараттарды қолдану арқылы іздеу жұмыстары жүргізіледі.
Киімді қарау кезінде денеге келтірілген жарақат құралдарының түрін анықтау мәселесі де кіреді. Келтірілген жарақаттан қалған іздің формасы арқылы қылмыскердің немен қаруланғанын анықтауға болады (пышақпен, үш жүзді үшкір қайрағышпен, тескішпен және т.б.).
Кейде жәбірленушінің киімін қарау кезінде қылмыскердің төбелес нәтижесінде алған жарақат іздерін, яғни қан іздерін табуға болады. Көрінбейтін қан іздерін табу үшін ультракүлгін жарықтану қолданылады.
Егер жәбірленуші соққыға ұшыраған болса, онда ҚІЖК-ң баптарына сәйкес куәландыру жүргізіледі. Куәландыру кезінде жарақат сипаты міндетті түрде іске тіркеліп, масштабты фотосуретке түсіру ережесі арқылы суретке түсіріледі. Егер куәландыру барысында жәбірленуші денесінен қан іздері немесе өзге де микроіздер табылса, олар тампондардың көмегімен алынып, сараптамаға жіберіледі.
Жәбірленушіден жауап алынғаннан кейін, ал кей жағдайларда оған дейін оқиға болған жерді қарау жүргізіледі. Оны жүргізу тактикасы көбінесе ұрлық істері бойынша жүргізілетін оқиға болған жерді қарау тактикасына ұқсас болып келеді. Ал негізгі ерекшелігіне келсек, тонау және қарақшылық шабуылдарында оқиғаны өз көзімен көруші – жәбірленуші болып келеді және оған орта, ауыр дәрежедегі дене жарақаттары келтірілмесе қарауды оның қатысуымен жүргізген жөн. Жәбірленушінің оқиға болған жерде көрсетпелер беруі іздеу жұмыстарын, яғни оқтарды, гильзаларды, қылмыскердің қолы мен аяқ киімінің іздерін, оның түсіріп алған жеке заттарын (пышақ, қолғап, бас киім), жәбірленушіден ұрлап лақтырылған заттарды (сөмке, әмиян, олардың ішіндегі заттар) табуды жеңілдетеді. Төбелес болған жер аса мұқият қаралуы тиіс. Мұнда көбінесе мойын орағыштар, үзіліп қалған түймелер, бас киімдер, басқа да дәлелдемелік маңызы бар заттар табылуы мүмкін.
Оқиға болған жерді жәбірленушімен бірге қарау кейде негативті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді (мысалы, қол іздерінің немесе аяқ киім іздерінің болуы тиіс жерлерде болмауы), ол тонау және қарақшылық шабуыл қылмыстарының инсценировкаланғандығы туралы болжауға жол береді.
Тәжірибеде осы категориядағы қылмыстар бойынша оқиға болған жерді қарау тергеу әрекетіне аса көңіл бөлінбейді. Бұл оқиға болған жерде қылмыстың іздері қалмайды деген қате пікірмен байланысты болып отыр. Тонау немесе қарақшылық шабуылдары болған жерде, әсіресе ашық орындарда, аяқ іздері, көлік құралдарының іздері, қылмыскерлерден түсіп қалған немесе жоғалтқан заттары және т.б. табылуы мүмкін. Микроіздер мен иіс іздеріне ерекше көңіл бөлінуі қажет. Бұл үшін оқиға болған жерді қарау шегіне тек қана шабуыл болған жерді кіргізбей, қылмыскерлердің қылмысқа дейін және қылмыс жасағаннан кейін тығылған, жасырынған жерлерін, орындарын қоса қамтып кіргізу керек. Қарау тергеу әрекетіне жәбірленушіні, криминалист-маманды, кинологты қызметтік-іздестіру итімен және полицияның жедел-іздестіру қызметкерлерін қатыстыру қажет.
Қылмыстық элементтер бойынша ізге түсу және қылмыскерлер тарапынан қарсылық көрсету мүмкіндігін ескере отырып, қылмыскерлерді іздестіру мен ұстау кезінде көмек көрсететін жедел-тергеу тобын полиция қызметкерлерімен күшейту керек.
Тонау және қарақшылық шабуыл істері бойынша тергеу қарауына жәбірленуші мен өз көзімен көрген куәларды қатыстырған жөн. Бұл тұлғалардың қатысуы тергеу жүргізушіге шабуыл болған жерді дұрыс анықтауда, қылмыс іздерін іздеу жұмыстарын жеңілдетуде, хаттамада немесе өзге де құжаттарда бекітуде көмегін тигізеді. Ал егер де тонау және қарақшылық қылмыстарын инсценировкалаған деген негіздер болса, жәбірленушіні қарау тергеу әрекетіне қатыстырмаған жөн, өйткені ол қараудың мән-жайларымен танысып, оларды өз мүддесіне қарай пайдалануы мүмкін.
Қарау жүргізбес бұрын жәбірленушіден және өз көзімен көрген куәлардан жасалған қылмыс жағдайлары туралы сұрау жүргізу керек. Оқиға болған жерде бұл тұлғалардан сұрау жүргізу арқылы қылмысты ашудағы мәнді детальдарды анықтау, оларды көрсету, қылмыс жағдайларын түсіндірумен қатар, іс бойынша дәлелдеме ретінде қолданылуы мүмкін іздердің сипаты мен орналасу жерлерін анықтауға мүмкіндік береді. Тонау және қарақшылық шабуылдарын инсценировкалаған жағдайларда жәбірленуші мен өз көзімен көрген куәдан сұрау жүргізу арқылы олардың білімсіздігі (белмейтіндігі) көрініп, бүркемеленген қылмысты ашуға өз септігін тигізеді.
Оқиға болған жерді қарау тергеу әрекетін кейінге қалдырылмай, тез арада жүргізу қажеттілігіне қарамастан, оны бастамас бұрын жәбірленушінің денесіне келтірілген жарақаттың сипаты мен төбелес іздері туралы, киімі мен аяқ киімінің жағдайы мен іздері туралы мәліметтер алған жөн болып табылады. Олардың ерекшеліктері қараудың бағытын және іздеуге жататын дәлелдемелердің сипатын анықтауда ескерілуі мүмкін. Сондықтан қарауға дайындық кезінде дене жарақаттары мен киімдегі іздерді, ең болмағанда, жалпы түрде қарап шығу қажет. Бұл объектілерді мұқият тексеру қараумен қатар және қараудан кейін жүргізіледі. Жәбірленушінің денесін қарау куәландыру ережелерін сақтай отырып жүзеге асырылады. Тонау және қарақшылық шабуылдары болған жерді қараудың нәтижелігі жедел-тергеу тобының техникалық жағынан қамтамасыздандырылу дәрежесіне тікелей байланысты. Осы қылмыстарды ашу үшін маңызы бар аяқтың, қолдың, қанның, сілекейдің, микробөлшектердің, иіс және өзге де іздерін анықтауда, бекітуде және алуда қолданылатын құрал-жабдықтар жиынтығымен қатар, тергеу тобы қараңғы кезде қарау жүргізуде қолданылатын жарықтандыру құралдарын, ауа райының қолайсыз жағдайдаларында іздерді сақтап қалуға мүмкіндік беретін жабдықтарды, қозғалыс құралдарын және өзге де техникалық құрал-жабдықтарды қоса пайдаланулары керек.
Басқа да қылмыстардағыдай тонау және қарақшылық шабуылдары бойынша қарау тергеу әрекетін жүргізетін тергеу тобының қызметін тергеуші басқарады. Қараудың алдында ол оқиға болған жердің қауіпсіздігін, бөтен адамдардың жүрмеуін, іздердің өзгеріссіз сақталуын (жаңбыр немесе қар жауып тұрса) қамтамасыз етеді, қылмыс оқиғасын өз көзімен көргендерді және оқиға болған жерге бірінші болып келгендерді анықтайды (өзі немесе полиция қызметкерлерінің көмегімен). Осы тұлғалардан сұрау жүргізу арқылы келесі мәселелерді анықтайды:
қылмыстық іс-әрекеттің болған уақытын, сипатын және жағдайын;
қылмыскерлердің қашып жасырынған бағытын, олардың санын және ерекше белгілерін;
оқиға орнында мүмкін болған өзгерістер және қарауды жүргізуде дұрыс бағыт-бағдар алуға маңызы бар мәселелерді анықтайды.
Егер қылмыскерлерді ізін суытпай тұрып іздестіруге мүмкіндік болса, тергеуші жүргізіліп отырған тергеу қарауының кезеңдеріне байланыссыз, ұйымдастыру шараларын міндетті түрде жүргізуі керек.
Мүлікті иемдену мақсатымен жасалған тонау мен қарақшылық шабуылдары қылмыстары бойынша жүргізілетін қарауға материалды жауапты тұлғалар мен әкімшілік өкілдері қатыстырылуы мүмкін.
Тергеуші қарау барысында қылмыс жағдайларын анықтау үшін маңызы бар іздер мен заттарды бекітеді және алады, жеке өзі немесе мамандардың көмегімен ғылыми-техникалық құрал-жабдықтарды қолданады, қарауға қатысушы тұлғалардың іс-әрекеттерін ұйымдастырады, қарау кезінде табылған іздер мен заттарға куәгерлердің назарын аударады, қылмыскерлерді анықтау мен іздестіру шараларын жүргізу үшін маңызы бар мәліметтерді криминалдық іздестіру қызметкерлеріне хабарлайды.
Криминалдық іздестіру қызметінің қызметкері суымаған іздер бойынша қылмыстық элементтерді іздестіруді жүзеге асырады, тонау немесе қарақшылық шабуылды өз көзімен көргендерді және қылмыстың жасалу жағдайлары туралы білетін куәларды анықтайды. Учаскелік инспектормен бірге қылмысты ашу мақсатында осы ауданда тұратын немесе жұмыс жасайтын полицияның штаттан тыс қызметкерлерінің көмегін қолдану арқылы шараларды қабылдайды. Осы мақсатпен жақын тұрған үйлердің тұрғындарынан және басқа да азаматтардан сұрау жүргізіп, қылмыскерлердің қашуы мүмкін жолдарға кедергілер қою мен ұстау шараларын ұйымдастырады. Қылмыскерлерге іздеу салып, жасырынуы мүмкін жерлерді: үйлердің шатырларын, подвалдарды, қораларды, қоймаларды, ашық жерлерді зерттеп, ұрланған заттарды өткізуі мүмкін жерлерге бақылау қояды.
Криминалдық іздестіру қызметкері жедел-іздестіру тіркеулерінің көмегімен бұрын осыған ұқсас қылмыстарды жасаған тұлғаларды анықтап, олардың осы қылмысқа қатыстылығы бар-жоғын тексереді. Егер ұрланған заттарды тығып қойған жерлер анықталса, осы жерлерге бақылау қойылады. Қарау барысында және ол аяқталысымен жедел-іздестіру қызметкері ішкі істер органдарының кезекші бөлімімен байланысып, олар арқылы патруль және жолға бақылау жүргізетін бекет инспекторларына, жол полиция қызметкерлеріне, тәртіп сақтау пунктеріне қылмыс жасауда сезікті тұлғаларды анықтау және ұстау үшін қарау кезінде алынған мәліметтерді жібереді. Жедел-іздестіру қызметкері өз тарапынан жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде алынған мәліметтерді тергеушіге дер кезінде хабарлауға, оқиға болған жерді қарауда көмек көрсетуге, тергеушінің тапсырмаларын орындауға міндетті.
Қылмыстық оқиға болған жерді қарау кезінде қылмыстың болғанын дәлелдейтін болжауды нақтылайтын іздер ғана табылып бекітілмей, сонымен қатар, инсценировкаланған тонау және қарақшылық шабуылды негіздейтін іздер де зерттелінеді. Көбінесе мұндай жағдайлар айтылған оқиға жайлы мәліметтердің фактілі мән-жайларға сәйкес келмеуінен көрінеді, мысалы, оқиға болған жерде өзін жәбірленушімін деп айтқан тұлғаның аяқ іздерінің табылмауы. Инсценировкаланған тонау және қарақшылық шабуылды ашуға мыналар көмегін тигізеді: қылмыстық оқиға жағдайларына талдау жасау арқылы оның арызданушы көрсетпелеріне сәйкес келмеуін анықтау; тергеу экспериментін жүргізу; аудит пен бухгалтерлік сараптама жүргізу; сот-медициналық сараптаманы тағайындау және жүргізу; жәбірленушіден мұқиятты түрде жауап алғаннан кейін қайта жауап алу; анықтама органдарының жедел-іздестіру мүмкіндіктері.
Тонау және қарақшылық шабуылдары істері бойынша қарау жүргізудің нәтижелілігі қылмыстың іздерін тек қана дұрыс табу мен алудан тұрмай, сонымен қатар, қылмыскерлерді анықтау, іздестіру және әшкерелеу мақсатында дұрыс қолданылуынан көрінеді. Осы мақсатта қол, аяқ, аяқ киім, шабуыл құралдары, қан іздері қолданылуы мүмкін. Осы іздердің ішінде қол іздерінің маңызы зор, өйткені сезіктінің қылмыс болған жерде болғанын және қарау кезінде табылған объектілерді оның қолымен ұстағанын көрсететін күмәнсіз дәлелдеме болып табылады. Сезіктінің күнделікті қолданыстағы заттарда, киімдерде қалдырған қан іздері қарақшылық шабуылды дәлелдеу үшін қолданылуы мүмкін.
Қылмыскерді ұстау және жеке тінту. Тонау және қарақшылық шабуылдарын жасаған тұлғалар анықталса, оларды ұстау тез арада жүзеге асырылады. Мұндай қылмыстарды жасайтын қылмыскерлер көбінесе, қаруланған болып келетінін полиция қызметкерлері ескеру керек. Қаруланған қылмыскерлерді ұстауда кинологтардың қатысуының да маңызы зор.
Ұсталғандарға тез арада жеке тінту жүргізіледі. Тінту кезінде қарулар мен оның макеттері жәбірленушіні қорқыту үшін немесе оны ұрып соғу үшін қолданылуы мүмкін өзге де заттар алынады. Сонымен қатар, тінту кезінде жәбірленушіден ұрланған заттар немесе бағалы заттар (сағат, ақша, құжаттар, ямияндар, қолғаптар, шарфтар және т.б.), шабуыл жасалған немесе жаңа қылмыстың дайындалып жатқанын көрсететін ғимарат, үй-жайдың немесе жолдардың жобалары, жеке құжаттар алынады. Қылмыскерлер жеке басын анықтауды қиындату мақсатында немесе жалған құжаттардан құтылу үшін тінту алдында оларды лақтырып тастауға тырысады.
Жеке тінтуден соң сезіктінің киіміне қарау жүргізіледі. Мұнда жәбірленуші киімінің микроталшықтары ізделініп, төбелестің іздері тіркелінеді: киім бөлшектері мен үзілген түймелер, толығымен немесе жартылай жұлынған қалталар, жағалар. Киімнен оқиға болған жердің топырақ бөлшектері (грунт) немесе жәбірленуші киімінің микроталшықтары табылуы мүмкін.
Егер сезікті қылмыс жасалғаннан кейін ұсталса, киімін қараудан кейін куәландырудан өтуі керек. Куәландыру кезінде тырнақтың астындағы микрозаттарға, денесінде және қолдарындағы тырнақтың, тістің іздеріне көңіл бөлу қажет. Қажетті жағдайларда сезіктіні куәландырудан кейін сот-медицина сараптамасына жібереді.
Сезікті мен айыпталушыдан жауап алу. Қылмыскерлер тонау немесе қарақшылық шабуылын жасамас бұрын алдын ала алибиін дайындайды: кино немесе өзге де көрініс мекемелеріне билет сатып алады немесе жұмыс уақыты кезінде жұмыс орнын қалдырып қылмыс жасаған кездер де кездеседі. Кейде қылмыскерлер туысқандарымен, таныстарымен, басқа қылмысқа бірге қатысушылармен шабуыл жасаған кезде басқа жерде болған деп көрсетпе беру туралы алдын ала келісім жасайды. Осындай қылмыскерлер тарапынан жалған жолға түсіру үшін жасалатын әрекеттері сезіктіні әшкерелеуге қиындық туғызады. Сондықтан жауап алуға дайындықты егжей-тегжейлі дайындауды талап етеді.
Сезіктіден жауап алуды қылмыс жасаған кезде қайда болғанын анықтаудан бастау керек. Егер сезікті өзінің болған жерін, көрген, сол кезде араласқан адамдарын атап көрсетсе, олардың алдын ала келісіп айқындап алулары мүмкін емес детальдарға көңіл бөлу керек. Мысалы, кездесу нақты қай жерде болды, кездесудің қандай себебі болды, тағы да кім болды, кездесу жерінің жағдайы, кім қандай орындықта отырды, не жөнінде әңгіме айтылды және т.б. Сезіктінің көрсетпелері толығымен тексеріледі.
Қылмысқа қатысқандығын мойындамайтын кейбір қылмыскерлердің берген көрсетпелерін тексеру кейде қиындыққа соғады. Мысалы, сезіктінің қылмыс жасалған уақытта далада, саяжайда серуендеген кезде, мұз айдынында немесе басқа жерде шаңғы тепкен кезде өз таныстарынан ешкімді көрмедім, куәларды атап бере алмаймын деп көрсетпе берген жағдайларда. Мұндай жағдайларды оқиға болған жерді қарау және басқа да тергеу әрекеттерін жүзеге асыру кезінде жиналған заттай немесе өзге дәлелдемелер арқылы анықтауға болады.
Көптеген жағдайда жасаған қылмысын мойындауға тура келген айыпталушылар жауап алу кезінде жәбірленушіге қатысты қолданған күштің сипатын, дәрежесін жеңілдетіп көрсетуге, қарудың орнына макет қолданылған немесе тіпті қару қолданылған жоқ деп қылмыстың жағдайын өзгертіп айтып, өздерінің іс-әрекеттерінің жеңілдірек қылмыспен саралануына тырысады.
Қарақшылық шабуылы қылмыстық топпен жасалған болса, алдын ала ақылдасу фактісінің және дайындық шараларының болғанын жасырады. Ал егер айыпталушының бірнеше қарақшылық қылмыстарына қатысы болса, өзінің әрекеттерін бандитизм қылмысы ретінде сараламау үшін жауап алу барысында қылмыстық топтың тұрақтылығын, қаруларды арнайы қылмыстық әрекеттер жасау мақсатымен сатып алу фактісін жоққа шығаруға тырысады. Сондықтан жауап алуға дайындық кезінде барлық қылмыстық іс материалдарына талдау жасап, жиналған дәлелдемелерді ескере отырып, жауап алу тактикасын дұрыс таңдау қажет.
Егер айыпталушы тонау немесе қарақшылық шабуылын жасағанын мойындаса, жауап алу кезінде қылмыстың барлық жағдайлары толығымен, соның ішінде қылмысты алдын алу шараларын ұйымдастыруға қатысты жағдайлар да анықталады.
Кінәсін мойындап отырған сезіктінің (айыпталушының) көрсетпесін оқиға болған жерде тексерген жөн болып табылады. Мұнда көрсетпесі тексерілетін тұлғаның түсініктемесін бейнетаспаға бекіту керек.
Қол іздерін оқиға болған жерден табылған заттардан ғана іздемей, жәбірленушіден тонау және қарақшылық шабуыл нәтижесінде алынған заттардан және сезіктіні, айыпталушыны тінту кезінде табылған заттардан да іздеу қажет.
Қарақшылық шабуылы атыс қаруын қолданып жасалған жағдайда оны қолдану іздерін, гильза мен оқты табу маңызды мәселелердің біріне жатады. Осы арқылы шабуыл кезінде қолданылған қару-жарақтың түрін, жүйесін, калибрін, қандай қарудан ату жүзеге асырылғандығын, қанша рет атқанын, ал гильза мен оқ арқылы сезікті мен айыпталушыдан алынған қару құралынан ату жүзеге асырылған жоқ па екенін анықтауға болады. Осы қылмыстарды ашу кезінде оқиға болған жерден табылған қолдан жасалған тығындардың маңызы зор. Тығын жасауға қолданылған қағаздың бетіндегі мәтіндер қылмыскерлерді табуға, кей жағдайларда оның қылмыс оқиғасына тікелей қатыстылығын, кінәлігін дәлелдеуге көмектеседі. Ал егер тығынды жасауға мәтіні жоқ таза қағаздар қолданылса, қағаз материалдарының өзі де дәлелдемелік мәнге ие бола алады. Оқиға болған жерде табылған және алынған бытыра мен картечьтерге сараптама тағайындау арқылы олардың сезікті немесе айыпталушыдан алынған бытыра мен картечьдермен ұқсастығы анықталады. Егер олар қолдан жасалса, олардан табылған іздер арқылы бытыра мен картечьті дайындауда қолданылған құралдар идентификацияланады. Оқ тиген жерлердің сипаты мен орналасуы, оқтың, гильзаның, бытыраның, тығынның орналасуы арқылы, сонымен қатар, атудың қосымша іздері (күю, ластану, жанбай қалған түйіршіктер) арқылы атудың қашықтығын, қай жерден атылғанын, атқан адамның тұрған жерін анықтауға болады.
Тонау және қарақшылық шабуылдарының жағдайларын, сонымен қатар, қылмыскердің жеке басы анықтауда қылмыскерлердің қылмыс оқиғасы болатын жерге бағытталған жолда, шабуыл жасаған жерде немесе одан кеткен жолда жоғалтқан, қалдырған заттар мен құжаттардың маңызы зор. Мұндай заттардың қатарына қылмыскердің жеке заттары, жазбалары, блокноттары, жол жүру құжаттары немесе жәбірленушіден тартып алынған заттар мен ақшалар жатады. Оқиға болған жерден қылмыскер мен жәбірленушінің төбелесу нәтижесінен киімдерінен үзіліп қалған түймелер, мата бөліктері, талшықтар мен қан іздері табылуы мүмкін. Әсіресе микробөлшектер мен иіс іздерін табу мен алуға көңіл бөлу қажет. Іздерді тауып, дұрыс қолдана білу осы қылмыстарды тергеу мен ашудың бірден-бір кепілдігін көрсетеді. Микробөлшектерге қылмыскерлердің объектілермен жанасу кезінде қалдырылған заттар мен материалдардың ұсақ бөлшектері, киім талшықтары, лай, шаң іздері жатады.
Объектілерден табылған иіс іздерін (қылмыскермен қалдырылған киім, қолданған немесе қолында ұстаған заттар) сақтау үшін оларды арнайы герметикалық жабылатын құбырларға немесе альминий фольгаларға салады. Кейін оларды қылмыскерлерді ізін суытпай тұрып іздестіруде немесе қызметтік-іздеу салу итінің көмегімен анықтауда қолданады.
Осы қылмыстар бойынша заттай дәлелдемелердің көптілігі тағайындалатын сот сараптамалардың ерекшелігін анықтайды.
Криминалистикалық сараптамалардың ішінен көп жүргізілетінтердің қатарына: баллистикалық – қарудың түрін, жүйесін, калибрін анықтау үшін, оның атуға жарамдылығын, жүзеге асырылған атудың бағытын және ара қашықтығын, атыс қаруын идентификациялау үшін; суық қаруына жүргізілетін сараптама; трасологиялық – аяқ киімнің, көліктің іздерін зерттеу үшін, бүтінді бөлшек арқылы анықтау үшін; дактилоскопиялық – қол саусақтарының іздерін зерттеу үшін.
Сот сараптамасының өзге түрлерінің ішінен көбінесе наркологиялық, сот-медициналық – дене жарақатының сипаты мен ауырлығын, оны келтіру уақытын және жарақат салған құралдың түрін, келтірілген жарақаттың кіру және шығу жерлерін, жарақаттың пайда болу механизмін анықтау үшін тағайындалатын сараптамалар жүргізіледі. Сонымен қатар, заттай дәлелдемелердің (қан, шаш, сілекей) сот-медициналық сараптамасы, химиялық, товароведтік және айыпталушының есі дұрыстығы туралы сұрақты шешетін сот-психиатриялық сараптамалар да тағайындалады.