Мазмұны 1 – БӨлім. Криминалистиканың теориялық негіздері


§3. Алғашқы тергеу әрекеттерінің тактикасы



бет207/233
Дата07.02.2022
өлшемі2,49 Mb.
#83762
түріОқулық
1   ...   203   204   205   206   207   208   209   210   ...   233
Байланысты:
окулык АЙШа
1 мамыр 2019
§3. Алғашқы тергеу әрекеттерінің тактикасы.
Жәбірленушіден жауап алу келесідей сұрақтар шеңберінде жүргізіледі: жәбірленуші алаяқпен қайда, қашан, кім арқылы, қандай жағдайда танысты, танысудың мақсаты неде; алаяқ жәбірленушіге қандай уәде берді, жәбірленушіден нені талап етті және одан нені алды, жәбірленушіге не сатты, кездесу қанша рет, қайда, қандай уақытта, қанша уақыт болды; алаяқ жалғыз болды ма, әлде топ құрылымымен жасалынды ма, әрбір алаяқтық қылмысқа қатысушылардың рөлдері қандай; алаяқ өзін қалай таныстырды, қандай-да бір құжаттарды көрсетті ме, жәбірленушіге қандай материалдық зиян келтірілді; жәбірленушінің алаяққа берген заттарының немесе ақшаларының белгілері; алаяқтықтың мән-жайын кім дәлелдеп бере алады.
Қылмыскердің жеке басын анықтау барысында: қылмыскердің сыртқы бейне белгілері мен ерекше белгілеріне, әдет-дағдысына, киім-кию, сөйлеу мәнеріне ерекше көңіл бөлінуі керек. Алаяқ автокөлік қолданған кезде оның маркасына, түріне, нөмеріне, айрықша белгілеріне назар аударылады.
Жәбірленушіден жауап алу кезінде сезіктінің жеке басы, оның ерекше белгілері, оған берілген заттар немесе құндылықтардың тізімі, қылмыстық әрекетті көзімен көрушілердің бар-жоқтығы, алаяқтық қылмысын жасау әдісі және т.б. мәселелер анықталады.
Куәдан жауап алудың мақсаты: алаяқтықтың жағдайы; алаяқтың белгілері, оның жеке басы, немен шұғылданатындығы, өмір сүру жағдайы, жүріс-тұрысы; әрбір қылмыстық топ мүшелері; жәбірленушінің жеке басы; мәмілеге отырудың, алаяққа берілген мүліктің, заттың сипаты; алаяқтық қылмыстарды жасауға мүмкіндік туғызатын жағдайлар мен басқа да мән-жайлар туралы мәліметтерді анықтау болып табылады.
Жылжымайтын мүлікке алаяқтықпен жасалған мәміле немесе жеке инвесторлардың қаражаттарды иелену істері бойынша: менеджерлерден, бугхалтерлерден, хатшылардан, кассирлерден, фирма күзетшілерінен; нотариустар мен коммуналды тұрғын-жай шаруашылығының, көші-қон полициясы және басқа да категориядағы қызметкерлерінен куә ретінде жауап алынады.
Алаяқтық қылмыстарын тергеу кезінде оқиға болған жерді қарау тергеу әрекеті де жүргізіледі. Бұл категориядағы істер бойынша қарау жүргізудің өзіндік ерекшелігін ескеру қажет. Оқиға болған жерге көптеген жергілікті жерлер мен тұрғын жайлар кіреді: алаяқтың жәбірленушімен танысқан және сеніміне кірген жері, құнды заттарды алған және жасырған жері т.б. осы көрсетілген жерлердің қайсысына қарау әрекетін жүргізу қажеттігі іс жағдайларына байланысты шешіледі. Қарау кезінде тергеуші оқиға болған жерді зерттеп, іске маңызы бар мән-жайларды куәландыратын, сондай-ақ қылмыскерд идентификациялауға немесе оның жеке басы туралы мәліметтерді алуға болатын іздерді іздестіреді. Қылмыскердің қол іздері олардың ұстауы мүмкін заттар мен нәрселерден іздестіріледі. Кейбір жағдайларда алаяқтар қылмыс жасаған кезде кепілдік ретінде ақшалай қаражаттар мен заттарды, сонымен қатар, қолхаттарды қалдырады. Аталған обьектілер мұқият қаралып, қылмыстық іске заттай дәлелдеме ретінде тіркеледі. Оқиға болған жерді қарауға жәбірленушіні қатыстырған жөн. Бұл қылмыстың жағдайын, алаяқтың қойған талаптарын қылмыстың болған жеріне байланысты арызданушының берген көрсетпелерінің растығын тексеруге, қылмыскермен қалдырылған жекеленген заттар мен іздерді оңай табуға; куә болатын адамдар шеңберін анықтауға мүмкіндік береді.
Коммерциялық құрылымдарда алаяқтық әрекеті арқылы қылмыс жасалған жағдайда, олардың кеңселері мен өндірістік мекемелерінде, кассалары мен бухгалтерлік құжаттарына қарау әрекеті жүргізіледі.
Алаяқтармен берілген немесе қалдырылған заттарға жедел түрде қарау жүргізіледі. Осындай жағдайда алынған мәліметтер алаяқтарды іздестіруге бағыт ретінде қолданылады.
Алаяқтық әрекеті жасалып біткен соң жәбірленушіде қалған заттар егжей-тегжейлі қаралады. Олар бағалы қағаздар және олардың суррогаттары, жеке меншік жөніндегі куәліктер, келісім-шарттар, мәліметтер, жеке қаржылық шоттар мен үй кітапшаларының көшірмелері, анықтамалар мен қолхаттар болуы мүмкін.
Құжаттарды (жалған накладнойларды, жолдама және несие қағаздарды, чектік құжаттарды, накладнойларды және т.б.) заттай және ақшалай «жалған» заттарды қарау кезінде оларды қолдан жасау әдісін анықтап қана қоймай, сонымен қатар, қатаң есептегі құжат бланктерін алу жолдарын, құжатты толтырған қолжазба мен қолтаңбаны, мәтін басылған машинка мен принтердің түрін, алаяқ қолының іздерін табу және анықтау қажет.
Оқиға болған жердегі қол іздерін, микробөлшектер мен құжаттардың жалғандық белгілерін табу және бекіту үшін тергеу қарауына криминалист-маман қатыстырылады. Сонымен қатар, карауға зергерлер, товароведтер, бухгалтерлер сияқты басқа да мамандар шақырылады.
Алаяқтық қылмыстары бойынша сезіктіні қылмыс үстінде ұстаған тиімді. Бұны анықтама органдары жүргізген жедел-іздестіру шараларының негізінде қылмыстық іс қозғалғанда, алаяққа қатысты жәбірленушінің арызы мен көрсетпелері болған кезде, қылмыскер алаяқтық қылмысымен жүйелі түрде айналысқан жағдайда жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Қылмыскерді ұстауға дайындық кезінде оған қатысушы топ құрамын, алаяқ пен оның көмекшілерінің әрекеттерін бейнетаспаға түсіру және кейінгі жүргізілетін тергеу әрекетінің кезектілігі мен тәртібі шешіледі. Жәбірленушінің мүлкі мен ақшалай қаражаттарын алаяқ иемденгеннен кейін бірден ұстау әрекетін жүргізген дұрыс.
Сезіктіден жауап алу кезінде тактикалық жағынан дұрыс позиция ұстап жүргізілген тергеу әрекеті нәтижесінің іс үшін маңызы ерекше.
Жауап алуға дайындық кезінде қылмыстың жасалу механизмі, қылмыскердің жеке басының ерекшелігі, оның қылмыстық әккілігі, жиналған дәлелдемелердің сипаты, қылмыстық топтағы өзара атқаратын рөлдері мен қызметтері анықталады.
Жауап алу барысында егер сезікті алаяқтық қылмысын мойындаса келесідей мәселелер анықталады: алаяқтық қылмысы қашан, қайда және қандай жағдайда жасалғандығы; қылмыскер жәбірленушінің жеке басы туралы қандай мәліметтерді білетіндігі және онымен қандай жағдайда танысқандығы; қылмысқа қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп, алаяқтық қандай әдіспен жасалғандығы және қылмыстың ізін жасыруға қолданылған шаралары; қылмысқа қатысушыларды және олардың қылмыстық ойды жүзеге асырудағы рөлдері; жәбірленушіден қандай мүліктер мен бағалы заттардың алынғандығы; сезікті мен қылмыстық топтың басқа да жасаған қылмыстарының бар-жоқтығы анықталады.
Алаяқтар өз кінәсін мойындамаған жағдайда, оны жәбірленуші мен куәға тану үшін көрсету мен беттестіру әрекеттері жүргізіліп, сот сараптамасының қорытындылары қылмыскерге көрсетіледі. Тергеу барысында алаяқтық әрекеттерін жасауға қатысқан кәсіпорындарының шоттарына тоқтам (арест) салу қажеттігі туындауы мүмкін. Тергеуші мұндай жағдайда шаруашылық субьектісіне қатысты негізделінген қаулы шығарып, оны коммерциялық банкке жібереді. Банктік есеп шотына арест салынған кәсіпорынның ақшалай қаражаттарымен жүргізілетін барлық қаржылық операцияларды банк тоқтата тұруға міндетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   203   204   205   206   207   208   209   210   ...   233




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет