§1. Қорқытып алушылық қылмыстарының криминалистикалық сипаттамасы Қорқытып алушылық, яғни бөтен мүлікті немесе мүлікке құқықты беруді немесе күш қолданумен не бөтен мүлікті жоюмен немесе бүлдірумен қорқыту арқылы мүліктік сипаттағы басқа да іс-әрекеттерді жасауды талап ету, сол сияқты жәбірленушіні немесе оның жақындарын масқаралайтын мәліметтерді таратумен, не жәбірленушінің немесе оның жақындарының мүдделеріне елеулі зиян келтіруі мүмкін өзге де мәліметтерді жариялау. Қорқытып алу кезіндегі қылмыстық қол сұғушылықтың заты болып қолма-қол ақшалар, ал кей жағдайларда басқа да мүліктер немесе оған деген құқықтар жатады. Мемлекеттік мүлікті қорқытып алу жағдайлары тіпті кездеспейді. Көбінде қылмыскерлер азаматтардың жеке мүліктерін немесе коммерциялық құрылымдардың мүліктерін иеленуді көздейді.
Қорқытып алушылық қылмыстарының басты элементтерінің біріне қылмыс жасаудың тәсілдері жатады. Әдетте қорқытып алу қылмыстары - тт қылмысқа дайындалуға, қылмыстық ойды жүзеге асыруға және қылмыстың ізін жасыруға бағытталған іс-әрекеттер жиынтығынан тұрады. Қорқытып алуға дайындық кәсіпорынның қызметі (кооперативтік, арендалық және т.б.) және жоғары табыс табатын адамдар жөнінде мәліметтер алудан көрініс табады. Қорқытып алушыларды бұл тұлғалардың: табыс көлемі, тұрмыс-тіршіліктері, олардың қолма-қол ақшалары мен құнды мүліктері, жеке өмірінің жағдайлары және мінез-құлық ерекшеліктері қызықтырады.
Қылмыскерлер қорқытып алушылық қылмыстарына дайындық кезінде атыс және суық қару-жарақтарын иемденеді, қару макеттерін (үлгілерін) жасайды, көлік құралдарын қарастырады және т.б. Қорқытып алу кезіндегі бір нәрсені талап ету жолдары авторы көрсетілмеген хаттармен, байланыс жүйелерімен, тікелей қатынаспен, сондай-ақ үшінші жақтың (делдалдардың) қатысуымен жүзеге асырылады.
Қорқытушылар келесідей тәсілдер қолдана отырып талап ету хатын орындайды: қол жазуын өзгерту, өзіне тиесілі емес басу машинкасында жазу, керекті әріптер мен сөздерді газет, журналдардан қиып алып құрастыру арқылы. Телефон жүйесімен сөйлесу кезінде дауыс ырғақтарын, интонациясын өзгертіп, сондай-ақ басқа ұлттардың дауысына ұқсастыра акцент келтіру арқылы қорқытып талап етеді.
Көбінесе қылмыскерлер талап еткен затты алудың уақытын, жерін, әдісін өздері белгілейді.
Талап етілген зат қолдан-қолға берілу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда қорқытып алушылар: адамдар аз жүретін жерді, қараңғы уақытты таңдай отырып, көлік құралдарын қолданады. Сонымен қатар, талап етілген затты делдалдардың көмегін қолдану арқылы да алады.
Кейде қылмыскерлер талап етілген заттарды тастап (жасырып) кететін нақты жерлерді көрсетеді. Бұл жерде жасырын бақылау жүргізе отырып, біраз уақыт өткен соң қалдырылған ақшалар мен құнды заттарды қорқытып алушылардың өздері немесе басқа біреулер арқылы алуға әрекет етеді. Қорқытып алу қылмысы жүйелі түрде, көп көріністегі сипаттамада жасалады. Қорқытып алушылық қылмысынан қалатын әртүрлі іздер мен заттай дәлелдемелер қылмыстың жасалу сипатына, тәсіліне және басқа да жағдайларға байланысты. Қылмыстың материалдық іздеріне: қорқытып алушылардың жәбірленушіге өз атын жасырып жазған хаттары; дене жарақаты, қан дақтары, аяқ, қол, көлік құралдарының іздері; қылмыскерді ұстау кезінде лақтырып жіберілген заттар және т.б. жатады. Осы санаттағы қылмыстар бойынша өз көзімен көруші куәлердің болмауы себебінен бұл іздер мен заттай дәлелдемелер аса маңызды мәнге ие болады. Жәбірленушінің есінде қалған қорқытып алушылардың сөз саптаулары мен сөз мәнерлері арқылы қылмыскер жайында басты ақпарат аламыз.
Қорқытып алу кезінде қажетті іздер өте аз қалдырылатындықтан, қылмысты тергеу қиынға түседі. Қылмыскерді қылмыс үстінде қорқытып алу кезінде затымен ұсталудың тәжірибеде маңызы өте зор. Епті жүргізілген ұстау әрекеті көбінде тергеу нәтижелілігін алдын-ала қамтиды.
Қорқытып алушының жеке басы – сараңдық, өзімшілдік, қатыгездік, азғындық пен шектен шығушылық қасиеттерімен сипатталады. Басым көпшілік жағдайда қорқытып алу қылмыстары ер адамдармен жасалады. Ал, әйел адамдары тек топ құрамына кіру арқылы қылмыс жасауға қатысады. Әдетте қорқытып алу қылмысын көбінесе 16-35 жас аралығындағы бұрын сотталған қылмыскерлер жасайды.
Қорқытып алу қылмысын ұйымдасқан қылмыстық топ құру жолдары арқылы жасау жиілеп кетті. Мұндай құрылған топқа қылмыскерлердің өзара атқаратын қызметтері мен міндеттерін бөлу, қылмысқа барынша дайындалу, атыс қаруын, автокөліктерді қолдану және т.б. әрекеттер тән. Ұйымдасқан топ құрып қорқытып алу қылмысын жасау тәсіліне: қылмыскерлердің коммерциялық ұйым басшыларына олардың қауіпсіздігін қорғағаны үшін ақы төлеуін талап ету, кәсіпорын қызметіне қажет емес мүліктерді алу немесе басқа фирманың есеп шотына белгілі бір соммадағы ақшалай қаражаттарды аудару талаптарын нығайта түсуі жатады. Қойылған талаптардан бас тартқан жағдайда қылмыскерлер олардың мүліктерін бүлдіріп немесе жойып жібереміз деп қорқытады.
Қорқытып алу қылмыстарының жәбірленушілері көп жағдайда барынша қамтамасыз етілген; талап етушілердің ойынша, табыстары жоғары (мысалы, коммерсанттар, кәсіпорын басшылары); сондай-ақ заңсыз немесе жартылай заңды қызметпен айналысатын адамдар. Қорқытып талап етушілер жәбірленушінің жеке басының қорқақтық пен еріксіздік қасиеттерін ескере отырып қылмыс құрбандарын таңдайды.
Қылмыс жасау тәсілі мен ұйымдасқан топ құру дәрежесіне байланысты қорқытып алушыларды үш топқа бөліп көрсетуге болады.
Жәй қорқытып алу, қандай-да бір дайындықты қажет етпей жеке ересек адамдармен немесе жасөспірімдермен (жасөспірімдер тобымен) жүзеге асырылады. Қылмыскерлер көбінде кездейсоқ адамдардың мүлкін қорқытып алу үшін қолайлы жағдайды пайдалана отырып талап етеді. Бұл ситуациядағы қылмыстар қорқытудың негізгі түрі денеге жарақат салу мен зорлық-зомбылық жасау қаупін төндіру арқылы жасалады. Егер қылмыс жасөспірімдердің тобымен жасалса, ұйымдасқан топтың белгілі бір элементтері болады.
Қорқытып алу, ұйымдасу деңгейі төмен немесе ұйымдасқан топ құру белгілері жоқ ересек адамдар тобымен жасалатын қылмыстар. Мұндай топтар бір немесе бірнеше қылмыс жасау үшін құрылып, қылмыс соңында тарқап кетеді. Бұл қорқытып талап ету тәсілі дайындық кезеңінен, яғни қол сұғу обьектісімен қолайлы жағдайды таңдаудан тұрады. Мүлікті беруді талап ету кезінде көбінесе өлтіру немесе денеге ауыр жарақат салу қаупін төндіру арқылы қорқытып жасалады. Тәжірибеде құрбанды қинау және азаптау жағдайлары кездеседі. Қорқытып алуда көбінесе көп көлемде ақша соммаларын немесе құнды заттарды, ал кей жағдайда белгілі бір ақша соммасын жүйелі түрде беруді талап етеді.
Қорқытып алу, бірігіп ұйымдасқан топпен жасалып, рэкет атауымен аталатын қылмыс. Бұл қорқытып алу қылмыстарының ішіндегі баю мақсатымен қылмыстық кәсіпшілікті көздейтін ең ауыр түрі. Мұндай топтарға қылмыстың жоғарғы дәрежеде ұйымдасуына: қатысушылардың, ұйымдастырушылардың (басшы), бақылаушылардың, барлаушылардың, орындаушылар мен көмекшілердің атқаратын қызметтерінің қатаң түрде бөлінуі; сондай-ақ топ мүшелерінің бағыныштылығы тән. Олар қылмыстық қызметін жасырын түрде жүзеге асырады. Көптеген мүшелері сырт көзге заңға бағынышты өмір сүріп сауда орындарында, кәсіпорындар мен мекемелерде т.б. жерлерде жұмыс жасайды, ал кейбіреулер мүгедектік туралы жалған анықтамаларды пайдаланады. Топ мүшелері жақсы автокөліктермен, қару-жарақтармен барынша қамтамасыз етіледі.
Бұл топтардың қылмыс жасауы барлық уақытта мұқият дайындық жұмыстарын жүргізумен сипатталады, яғни қорқытып талап ету құрбандарының жеке басы туралы мәліметтерді жинауы, топ құрамдарының атқаратын қызметтерін өзара бөліп алуы, көлік құралдарын дайындау мен кепілдікке алынатын адамдарды жасыру орындарын және т.б. алдын ала іздестіру. Мүлікті заңсыз беруді талап етудің кеңінен таралған түріне- оны иеленушілер мен меншіктеушілерге ауыр дене жарақатын салу немесе өлтіру қаупін төндіру жатады. Рэкеттер меншік иелерінің еркін басу мақсатымен ұрып-соғу, қинау әрекеттерін де қолданады.