Табиғи ресурстар
Аймақтың кен байлықтары толық зерттелмеген. Кен байлықтарынан ас тұзы, сульфат, мирабилит, тенардит тұздарының өнеркәсіптік маңызы зор. Құрылысқа қажетті ұсақ қиыршықтастар, әйнек және шыны бұйымдарын жасайтын кварц құмы, қыш, гипс, алебастр, цемент балшығы, құрылыс тастары, әктас, тақтатас (Майлыбас), қоңыр көмір (Құланды) кен байлықтарының мол қоры бар.
Қызылорда облысы түсті металл кені бойынша Қазақстанда 3-орын алады. Сонымен қатар ас тұзы 60%, мұнай мен газ конденсаты 21,4%, мырыш 15,1%, уран қоры 14%. Оңтүстік Торғай иінінің облысы бөлігінде 350 млн.т мұнай, 100 млрд.м³ газ қоры анықталды. Арал теңізі маңында 73 млн.т мұнай, 2 трлн.30 млрд.м³ газ қоры бар.
Климаты
Климаттың континенталдығы көптеген метеорологиялық элементтердің тәуліктік, айлық және жылдық өзгеруімен байқалады. Жазы ыстық және ұзақ мерзімді. Бұл кезеңде температурадағы күрт өзгеру сипаты байқалмайды. Кейбір жерлерде шілде айының орташа температурасы 36-39 0С. Облыс аумағының басым бөлігінде температураның абсолютты максимумы 44-48 0С құрайды. Қыс мезгілінде облыстың солтүстік және оңтүстік аймақтарынының арасында температурада айтарлықтай айырмашылықтары бар. Мысалы, ең салқын ай - қаңтардағы орташа температура - 35 -360 С градусты құрайды.
Солтүстікке ашықтылық қасиеті облыс аумағына кедергісіз салқын ауа массасыынң енуіне мүмкіндік береді және нәтижесінде қыс айларында күрт салқындайды. Ауа температурасының абсолютты минимумы 420 С градусқа дейін жетеді.
Құрғақшылық – облыс климатының ерекшелектерінің бірі. Жауын-шашын өте аз жауады. Орташа жылдық мөлшері 100-190 мм аспайды және жыл маусымдарында оның түсімі біркелкі емес: барлық жауын-шашынның 60 пайызы көктемгі-қысқы кезеңдерге тиесілі.
Облыс аумағының барлық бөлігінде солтүстік-шығыс бағытындағы күшті және жиі желдер болып тұрады. Оның орташа жылдық жылдамдығы секундына 3,1 метрден 6 метрге дейін ауытқып отырады. Қыс мезгілдеріндегі күшті желдер төменгі температура жағдайында жер бедерлерінің биік беткейлеріндегі қар жамылғыларын ұшырып кетеді, нәтижесінде топырақтың беткі қабаттарының терең қатуына және жарылуына әкеліп соғады. Жазғы уақытта шаңды дауылдар байқалады.
Жауын-шашынның орташа мөлшері 100-115 мм. Арал теңізінің тартылуынан, Байқоңыр ғарыш алаңы тарататын улы заттары және экологиялық ортаның нашарлауына байланысты қышқыл жауын-шашын жауатын болды.
Су қоры
Сырдария өзені, Қызылорда.
Облыс жерімен Сырдария өзенінің 1 мың км-ге жуық төменгі ағысы өтеді. 1956 жылы маусымда Сырдария өзенінде Қызылорда бөгеті іске қосылды. 1958 жылы Сырдарияның ескі арнасы Жаңадарияға өзен суы жіберілді. 1950-1960 жылдары Қызылорда су тораптарының сол жақ және оң жақ каналдары қазылды. 1969 жылы Қазалы су торабы егіс даласы мен жайылымдық жерлерді суғаруға берілді. Өзендер суының теңізге құю мөлшерінің кемуінен Арал теңізі Үлкен және Кіші Арал болып екі көлге бөлінді.
Сырдарья
Арал теңізі
Флора мен фауна
Облыстың едәуір бөлігін құм басып жатыр. Топырағы қоңыр, құмдақ сұр, сортаң болып келеді. Жусан, бетеге, сексеуіл, жыңғыл, тал, тораңғы, қамыс өседі. Ауыл шаруашылығына қолайлы жер аумағының 12%-ы Сырдария өзенінің жайылмасында, 23%-ы шөлейтте, 65%-ы шөл аймағында орналасқан.
Жануарлар дүниесінен ақ бөкен, құлан, қарақұйрық, қасқыр, түлкі, қоян, қарсақ, шибөрі, қосаяқ, күзен, сарышұнақ тіршілік етеді. Құстардан бүркіт, қаршыға, қырғауыл, қаз, үйрек, көлдерде балықтың алабұға, сазан, жайын, бекіре түрлері кездеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |