267
Барлық топты шоқтай қып иіріп айдап отырып, Бөкенші асуынан асырды.
Қарашоқыдағы Құнанбай қыстауының тұсымен өтпекші. Сол маңға жақындап
келгенде, Төлепбердіні Құнанбайға жөнелтті. Ұстап әкеле жатқан хабарды
айтумен бірге, Құнанбай қашқындарды көрем дей ме екен? Алатын жауабы бар
ма екен? Соны сұратқан.
Құнанбай Төлепберді хабарын есітті де, қысқа ғана бұйрық берді.
- Мұсақұлға апартыңдар. Тәкежан мен тілмашқа айт, дәл осы бүгінгі
түннен
қалдырмай, Семейге жөнелтсін. Тегіс арбаға мінгізіп, күзетін мықтап
отырып, абақтыға апарып, бір-ақ табыс етсін. Айналсоқтап, жалтақтамасын!
Сыбаға сол! - деді.
Тәкежан Семейге кетпеген-ді. Кешегі жиында Құнанбай жұрт көзінше оған
бұйрық бергенмен, артынан: «Өзің барма, кісі шаптыр» деген.
Кеңсесіне қашқындар келісімен Тәкежан асығыс қимылдады. Құнанбайдың
айтқанын дәл орындап, осы түн ішінде, барлық жігіттерді Семейдің абақтысына
жөнелтті.
Сөйтіп, ел-жұрт Балағаздардың ұсталғаны туралы анық, толық хабар алып
болғанша, тұтқындар ұзап кетті.
Бұл күндерде Құнанбай мен жаңа болыстың мінезі, - тырнағына тышқан
ілінген мысықтай. Гүрілдеп,
айбар шегіп, жота жүні үрпиіп, түстерінен от
шашып тұрған. Сөйлесе, шеттерінен қалшылдап сөйлейді. Жазықсыз тепкі
көрген, ыза шеккен кісі болады. Екі-үш күннен бері айналаның барлығына:
- Почта талапты Әділхан!
- Не деген сұмдық! Неткен қастық!
- Аяспайтын жаулық қой! Қазынаның қағазын жойып, Тәкежан басы бәлеге
ілінсін дегені ғой!
- Шатаққа ұшырап, жоқ болсын дегені! Мұндай сұмдықты көрген бар ма? -
десіп, дабыл қағып жатты.
Бірақ ішкі сырға, шынға келгенде, сол өрекпулер қаншалык бақырауық
даңғаза болса, солғұрлым жалған болатын. Құйындатып, қара борандатып
келгендегі, анық мақсат басқада жатыр. Бұл күнге шейін қаншалық дауласып
жүргенмен, бұл елдің ортасында
біреуге біреу абақтыға салғызу, жер аударту,
каторгіге айдату сияқты істерді істеп көрмеген.
Ертең ес жиғанда, барлық ағайынға сұмдық боп көрінетін іс осы екенін
Құнанбайлар таниды. Сол жат қылықтың бетін бүркеу үшін жаңағы жалған
шуды басымдатып отыр.
Бұрын өз тұсында мұндайлық істі істемеген Құнанбай, Балағаздар
қарсысына келгенде, басқа қырға мінді.
Өйткен себебі, Жігітектің мына
жастары бастаған істің түбінен ол аса қатты сескенген.
Балағаздар ісін Құнанбай өз ішінде ұрлық деп бағалаған жоқ, тамырлы,
түбірлі наразылық, қарсылық деп білді. Анада Базаралы айтып кеткен сөз бен
Балағаздардың қылықтары астыртын астасып жатыр. Көпке тимей жеке
жерлерге тиетіні және, әсіресе, Ырғызбайдай оқшау топтарға соқтығатыны
соны көрсетті. Әлсіз бен көпке тимегендіктен, қалың ел арасында сүйсінушілер
көбейіп барады.
Ашаршылық, жоқшылық қамауында отырған
жұрт енді осыған ден қойып
кетсе, не болмақ? Мұндай ойларға байланған сайын, Құнанбай үрке беретін.