Мұхтар әуезов абай роман-эпопея (бірінші кітап)



Pdf көрінісі
бет6/138
Дата14.09.2024
өлшемі2,25 Mb.
#204331
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   138
Байланысты:
Абай жолы.1 кітап

 
12 
- Өй, не дейсің? - дей беріп еді, Оспан атып тұрып, мұны бассалып 
құшақтап: 
- Айтпа, айтпа деймін анаған! Айтушы болма анаған!.. - деп, әкесі жақты 
нұсқап, Абайдың аузын аштырмай, шалқалатып жыға берді. 
Абай бір жағынан еріксіз күліп, екіншіден қысылып, бойын жиып алайын 
деп еді. Денесі кесек, қолы қайратты Оспан түрегеліп алып, шалқалата жығып 
салды. Және соның үстіне, ұртына тығып жүрген бір сілекейлі қатты нәрсені 
әп-сәтте Абайдың көйлегінің омырауын ашып, жалаңаш етіне тигізе тастап 
жіберді. Абай сескеніп, тітіркеніп ырши берген. Үлкен кісі сияқты боп отырған 
шәкіртті, мына бала бір сәтте кішкене балаша алыстырып, арпалыстырып 
жіберді. 
Оспан оның тітіркенгеніне мәз болып, әкесін ұмытып сақылдап күліп: 
- Бақа! Бақа салып жібердім көйлегіңе, - деп, Абайды бұрынғыдан да 
жаман тітіркендірді. 
Құнанбай өзінің арт жағында отырған балаларының не қып жатқанын 
байқамаған. Енді тентек Оспанның дағдылы мінезі қутырып, үдей бастаған соң 
ашуланып, шұғыл бұрылып, жалт қарады. Жаңа байқады. Алпамсадай болған, 
асау қара баласы, Абайдың кеудесіне мініп ап тұрғызбай жатыр екен. 
Құнанбай өз алдындағы мына бейбастыққа қатты ашуланып, Оспанды сол 
қолымен өзіне қарай жұлкып сүйреп алды да, жақтан тартып-тартып қалды. 
Оспан екі беті нарттай жанып, үлкен көздерімен әкесіне шоктай қадалып, 
сазарып тұрып алды. Ұрғанына титтей міз бақкан да, қалт еткен де жоқ. Бұның 
бәрін көріп отырған Сүйіндік Байсалға күбір етіп: 
- Жаным-ау, каскыр бала мынау ғой! - деді. 
- Құж, десеңші. Мынадан ба, мынадан шығар-ау! - деп Байсал да күңк етті. 
Кұнанбай атшабарға қатты әмір етіп: 
- Бар, алып кет қарғыс тигенді! - деп Оспанның бетін бұрды да, итеріп 
қалды. Бала сүрініп құлай берген-де, атшабар да қармап көтере берді. Оспан 
дәл сол әкеден құтыла беруді күткендей атшабар енді көтеріп алғанда
үйдегінің бәріне естірте, арт жағынан жел шығарып, «тырқ» еткізді де кете 
барды. Майбасар Қаратайға көз тастап, бір езуін тартып, басын шайқады. 
- Қап, мына абыройсыз, бар абыройдан бір-ақ айрылды-ау! - деді. 
Қонақтардың кейбірі ақырын күліп қалды. 
Қаратай, Байсалдар Оспанның кетісін өз іштерінде: «қорқып кеткен жоқ, 
егесіп кетті» - деп бағалаған. 
Құнанбайдың бұрыннан да түйіліп, айтар сөзін бастамай ызаланып отырған 
қалпы бар еді. Мынау тұста тағы да суынып, түнере түскендей болды. Үй іші 
бірталай жым-жырт отырып қалды. 
Сонымен, біраз томсарып отырып барып қайта қыбырласқанда Құнанбай 
ойдағы сөзін бастады. 

Қонак үйде, дөңгелек үстел үстінде, қызғылт, күңгірт сәулесі бар тас шам 
жанып тұр. Оқтын-оқтын іргеден соққан жел лебімен әлсіз шам кейде ұйтқып, 


 
13 
шалқи түсіп, кейде лапылдап, жалпылдай жанады. Қырын отырған әкесінің 
үлкен кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді. 
Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз 
өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар. Қейде Абайға қызық 
көрінетін бір мақалдар, мәтелдер айтылып кетеді. 
Абай әкесінің сөз желісін, түп мәнісін түсінген жоқ. Кейбір мақалдарын 
ғана таңдана шешіп отыр. Осы бар үлкеннің мұндай жердегі салты бойынша
әкесі де тұспалдап, орағытып ұқтырмай сөйлейді. Бір сөзімен бір сөзін 
жалғастыруға Абай үлгірмей, адасып қап отыр. Өзіне салса, жаңағы көңілді 
үйге, шешесінің жанына қазір кетер еді. Бірақ, әкесі шақырған соң енді шығып 
болмайды. 
Сондықтан бір уақыт ол, әке сөзінің сыртын, ағымын тыңдайды. Кейбір өзі 
білмейтін қиын, жаңа сөздерін ұстап қалады. Әлдекімге қаптап, зіркілдеп 
сәйлеп отырған әке сөзі кейде бұған бір жортуыл, шабуыл үстіндегі 
шұбырынды, ұзақ сарын сияқтанады. 
Кейде ұғымсыз сөзден іші пысып, әкесінің пішін тұлғасына қарап, қадалып 
қалады. 
Тегінде ертекші, өлеңші, не басқа әңгімеші адамға талай уақыт тапжылмай 
тесіле қарап қалу Абайдың кішкентай күнінен бергі әдеті еді. Адам пішіні 
әрдайым бұған бір тамаша, өзгеше қызық сурет тәрізденетін. Әсіресе, ажымы 
мол үлкендер пішіні бір қызық хикая тәрізді. Ол кей адамның айғыз-айғыз 
ажымынан, салбыраған ұртынан, қыртыстанған маңдайынан, немесе бояуы 
оңған көздерінен, әр алуан сақал-мұртынан - өзінше неше түрлі жанды, сызаты 
көп сипаттарын көргендей болатын. Қына басқан, сызаты көп тас па? Я селдір 
тоғай ма? Не, көде-кекпек пе? Кейде мал мен аң бейнесі ме? Бәріне де ұқсап 
кетіп отыратын адам мүсіндері болады. 
Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз 
жұмыртқасындай көрінеді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне, ұп-ұзын боп дөңгелей 
біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда, Құнанбайдың 
жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, 
қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтана-ды. 
Қоя беріп, салғырттығы жоқ сергек қатал күзетші. 
Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Тесіле, сыздана қарайды. Кірпігін де 
сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқия отырып сөйлеген 
Құнанбай, осы үйде әркімге қарамайды. Қарсысына таман отырған Сүйіндікке 
ғана қадалып сөйлейді.
Сақал-шашы бір реңдес, қара бурыл Сүйіндік оқта-текте бір қарап қойғаны 
болмаса, Құнанбайға тесіле қарамайды. Көзін төмендете береді. Абайға оның 
пішіні – көп кездесетін, әңгімесі аз пішін сияқты. Бежей де оншалық өзгеше 
емес. Түсі ақ сұр келген, өзі қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бежей - осы 
отырғанның бәрінен де сұлу. Бетінде ажымы да аз. Бірақ, Абайдың көзін оған 
көп тартатын бір нәрсе - мұның бітікшелеу, кішкене келген көздері. 
Құнанбай ұзақ сөйлеп отырған кезде Бежей қыбыр етіп қозғалған жоқ. 
Көзін де төмен салған қалпынан бір көтермеді. Сондықтан оның ұйқтап 
отырғаны, я ойланып отырғаны мәлім емес. Қалың етті, салбыраңқы қабағы 
кішкене көзін көрсетпей, тасалап алған сияқты. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет