7
Аттылар үйдің сыртына келе бергенде алдарында, сол үлкен үй мен
күншығыс жағына тігілген қонақ үйдің екі арасында бұларды күткен бір топ
жан тұр екен. Жаңағы шешелерден басқа: жеңгелер, көрші үйлердің қатындары,
бірен-саран тыста жүрген шал-кемпір, онан соң осы ауылдың барлық үйлерінен
шығып, жүгірісіп келіп жатқан балалар бар.
Бұл топқа қарай ауылдың
үлкендері де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келіп жатыр.
Осы жиынға қараған бетімен, екі жолдасынан озып кеп бұрын түскен
Абайдың атын біреу алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің
шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып:
- Әй, шырағым балам, әуелі аржағыңда әкең тұр... Сәлем бер! - деді.
Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында,
қасында екі-үш үлкен кісі бар - әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен
қысылып қалған бала, шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да,
әкесіне қарай тез бұрылды. Байтас пен жорға Жұмабай да анадайдан аттарынан
түсіп жаяулап жетектеп, Құнанбайға қарай келеді екен. Бірақ өңі сұп-сұр, зор
денелі, бурылсақалды Құнанбайдың жалғыз көзі бұларда емес. Батыс жақтан 4-
5 атты жолаушы келеді екен. Арты Қыдырдан шыққан жолаушылар тәрізді.
Өздері
өңшең толық денелі, үлкендер сияқты. Құнанбайдың бүгін әдейі тосып
отырған адамдары болу керек. Ол соларға қарап тұр.
Байтас пен Жұмабай тақай бергенде Абай да қасына кеп қалып еді. Үшеуі
бірдей жамырай сәлем берді. Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа
ғана амандық сұрады. Тұрған орнынан қозғалған жоқ. Баласын қасына да
шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:
- Балам, бойың өсіп ержетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай
боп білімің де өсті ме? - деді. Кекету ме, жоқ күдік пе? Немесе шынымен жай
білгісі келгені ме?
Бала ес білгеннен бері қарай әкесінің қабағын жұтаң қыста күн райын
баққан
кәрі бақташыдай бағып, танып өскен. Әкесі де бұл баласының сондай
сезгіштігін өзге баларынан артық санаушы еді. Ұялғанды, жауап айтпағанды
кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім. Ол сабырлы, момын пішінмен:
- Шүкірлік, әке, - деп біраз тұрды да: - ат барған соң, дәріс тамам болмаса
да, хазреттің рұқсатын, фатиқасын алып қайттым, - деді.
Тіпті ересек адамша сөйлеп қапты. Баланың бұл ерте әзірлеген жауабы еді.
Әкесінің касында тұрған Майбасар мен соның атшабары екен. Майбасар
Құнанбайдың
тоқал
шешесінен
туған
інісі.
«Төрт
тоқал»
атанған
туысқандарының бір тоқалынан осы Майбасар. Бұны биыл Құнанбай өзі аға
сұлтан болғаннан кейін, осы Тобықтыға болыстық старшын еткен-ді.
Майбасар Абайдың жауабын ұнатып тұрып:
- Өзі, тіпті, көшелі кісі боп қапты! - дей беріп еді,
Құнанбай оның сөзін
аяқтатпастан Абайға:
- Бар, ана шешелерің жаққа бар, амандас, балам! – деді.
Абайдың күткені де сол еді. Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап,
әңгіме етіп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда Абай қайтадан өзінің жасына
лайық қуанышты бала қалпына келе қалды. Арт жағында жорға Жұмабай
Абайдың бүгін оны қорқытқанын әңгіме қып жатты. Бала енді асығып, өз