14
Құнанбайға бұлардың ішінен көз алмай, қырандай қарап отырған - дәл
төрдегі Байсал. Қызыл жүзді, жирен сақалды Байсалдың денесі ірі, қапсағай.
Көкшіл түсті үлкен көздері - әрі салқын, әрі сыр берместей сабырлы.
Бұлардан басқа барлық салқын, томсарған жандар ішінде ең жандысы, ең
шапшаң, қағылезі Қаратай мен Абай қасындағы Майбасар.
Үлкендер тобына бір жақтан, әкеден төмен отырып, телміре қараған Абай
болса, дәл осы тәрізденіп, барынша бой салып, карап отырған - ана шеттегі жас
жігіт Жиренше.
Бұл Көтібақ ішінде Байсалдың жақын туысқаны Шоқанның баласы. Байсал
әрдайым қасына ертіп жүреді. Әрі жігіті, әрі сөз ұғып, адам болар деген жасы.
Ол әңгіме атаулыны көп біледі. Қызық қып айтады. Өзі күлдіргі. Абайды
еркелетіп те қоятын кезі бар-ды. Қазіргі осы жиында Абайдың оңаша кездесуді
іздейтін жалғыз ыңғайлы көрер адамы осы.
Бірақ оның шыны ма, иә, әдейі үлкендерге көз қыла ма, әйтеуір, қазір
Құнанбай сөзінен басқа бар дүниені ұмытқан. Сонымен бірге Абайды да былай
қоя тұрған сияқты.
Жиренше қабағын бір шытып, қозғалақтап қалды. Абай енді байқады, әкесі
сөзін аяқтап келеді екен.
- Қодар сұмның қылығы сырт елдің алдында менің бетіме салық болса, осы
елге, өз келеңе келгенде, осы отырған бәрімізге салық. Мынау отырған сендерге
салық! - деп аз тоқтап, Сүйіндікке қадалып отырған жалғыз көзін енді төрдегі
Байсалға аударды. Одан өзінің оң жағында отырған Бөжейге қадалды.
Бірақ Бөжей мен Байсал мызғыған жоқ. Өзге отырғанның барлығы сөздің
салмағымен түйінін өз арқаларынан сезгеңдей боп қозғалақтап, ырғалып
қалысты.
- Ендеше, өлімнен ұят күшті. Ел көрмеген сұмдыққа, ел көрмеген жаза
керек! - деп Құнанбай байлауын айтты. Қайта басар түрі жоқ. Тас түйін боп
бекініп, түйіліп алған көрінді.
Отырғандар осы күйді танып қалды. Құнанбайдың бұлай беттеп алғанда,
қайта оралар қайырымы жоқ, оны бәрі біледі.
Не айтысып-шарпысып кету бар. Немесе іштен қоштамаған уақытта Байсал,
Бөжейдің бір тәсілі: міндет, мысалды Құнанбайдың өзіне бастатып, артын өзіне
тастап кететін әдеті барды.
Жан күйер жер болмағанда, олар осы соңғы мінезді көп қолданатын. Екеуі
де жарытып, тіс жарып сөйлемейтін.
Бірақ Құнанбайдың мына сөзі үндемеске де қоймайды, үндеуге де
жібермейді. Дел-сал етті. Үй іші бірталай уақыт жым-жырт отырды.
Қодарды Абай білмеуші еді. Оған бұл ат әуелі - «Қозы Қөрпеш - Баянның»
Қодарын елестетті. «Сұм» дегеніне қарағанда да, былтыр Байкөкше акын
бұның шешелеріне жырлап берген Қодардың бейнесі сияқты. «Қодар деп соған
ұқсаған біреуді әдейі сол атпен айтып отыр ма» деп ойлады.
Жым-жырт жиынның ішінен алдымен сөйлеген - майысқақ Қаратай. Ол:
- Сұмдық екені рас. Ұлы-қызыңның басына бермесін. Шын болғанда, кәпір
қауымында кететін іс қой бұл, - деп, «Қодардың айыбы шын ба, бекер ме?»
деген өз ойларындағы күдікке ептеп қана бір соғып, қиялап салды. Қодардың
бұл жиындағы аталасы Сүйіндік. Құнанбай бағанадан зіл салғанда, әдейі соған
15
шұқшиған. Оны да жұрттың бәрі біліп отыр. Қодар қылығының орайын
алдымен өз туысына «айыпты», «сорақы» дегізіп өз аузынан айтқызып алу
Құнанбайға да керек.
Ал Сүйіндік сол сөзді оп-оңай, бір айналмай айтып салса ертеңгі тауқымет
бұнда. Және алдымен Қодардың сол Құнанбай айтқандай айыптылығына да
көзі жеткен емес. Ол Қаратайдың шапшаңдығынан бір пайда да тапқандай
болды. Әсіресе, оның «шын болғанда» деген босаң тастаған жерін ұстады да:
- Осы айыбына көз жетсе, тұрғызып қойып бауыздайық. Бірақ сол шынына
жеткен жан бар ма?.. - дей беріп еді. Құнанбай серпіліп, ілгері ұмтыла түсті.
- Ей, Сүйіндік, - деп киіп кетіп ұрыса сөйледі, - албасты да қабаққа қарай
басатын. Қыры жоқ, қасиеті жок басшы болса ыбылыс, жын иектемей нетеді.
Адал десек, аман десек, жан берейік, ақтайық, ақыретте айыбын өз мойнымызға
алайық. Бірақ, менің екі бірдей жаным жоқ. Майысар болсаң, жаныңды да
берерсің. Беремісің, жаныңды?! -деп сарт етіп өзіне жабыса түсті.
Сүйіндік Құнанбайдың бағанадан бергі зіліне енді ызалана бастап еді.
- Е, тастай алмай жүрген жаным жоқ! Терге демесем, жанымды ала ғой деп
кепілге келіп пе екемін, - деп томсарып қалды. Мұның қолынан келген бар
қарсылығы осы еді. Баж еткенмен, ықтап кеткен секілді, Құнанбай сезді де, енді
жүйемен ұтпақ боп, қуғынға салды.
-
Тергесең, Қодар сұмдығын аңыз қып, көпке жайып әкеткен елді
терге. Ел тұрсын, кешегі жиында бетімізге былш еткізіп, жарып айтқан жатты
терге. Соған да жеткен. Бар да «өтірік» деп соны иландырып келші. Ел аузына
қақпақ болып көрші. Бірақ ол қолыңнан келмейді. Ендеше, не ер бол да, ақта!
Немесе илан да жазала! Тек, жарықтығым, дүмбілезіңді көрсетпе, былқыл-
сылқылыңды аулақ әкет! - деді.
Енді Сүйіндік те үндей алмай қалды. Аз бөгелген соң бағанадан
Құнанбайға сыр алдырмай, салқын ғана қарап отырған Байсал:
- Қара деп жазалаған күнде, мұның жазасы не болмақ, - деп еді, Құнанбай:
- Жазасы шариғат жолы. Шариғат не бұйырса, сол болады. Мұндай
сұмдыққа қазақ айтқан жол жоқ. Кесігін де айтпапты, - деді.
Құнанбай бұған шейін ашумен, зілмен кеп, енді осы тұста күйзелгендік күй
көрсетіп, осымен жиынның қабырғасын қайыстырғысы келген.
Бәрі де тіреліп қалды. Ат тұмсығы, бір бітеу, меңреу қабырғаға тірелген
сияқты. Жалтара алмады да, үндеспеді.
Аз ойлағанда Бөжей өз ішінен: «шариғат та жөнге, шынға қарайтын шығар,
ақай жоқ, ноқай жоқ, көрінгенге бұйда бере бермес» дегендей.
Бірақ, бұл ойын айтса, Құнанбай тағы бойлап тартып кетеді. Сондықтан
үндеген жоқ. Тағы да шапшаң Қаратай:
- Ал, шариғат бұл Қодар қылығына не бұйырады екен? - деді.
Құнанбай бағанадан төмен отырған жорға Жұмабайды енді ғана еске
алғандай бұрыла қарады.
- Мына Жұмабай қалаға барып, Ахмет Риза хазіреттен фатуа сұрап келді.
Жазасы дарға асу депті.
- Дарға? - деп Қаратай үркіп қалды.
Бөжей Құнанбайға ажырайып, тіксіне қарап еді, аямас түсі айқын екен.
|